Сенбі, 07 желтоқсан, 22:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Владивосток-Тайвань: мұхиттағы тапсырма

23.02.2024

768 0

Сурет: planetofhotels.com

Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асқан Қазақстанның өз құпиясы өзіне жетіп артылады. Сол себепті де келмеске кеткен Кеңес үкіметіндегі құпияларды сақтаудың маңыздылығы азая түскен. Қазір тіпті құпия деуге де келмейді. Сол кезде ешкімге айтуға болмайды деген әскери тапсырмаларды орындағандар қазір арамызда жүр. Соның бірі – Шиелі ауданының тумасы Бекембаев Ізтай Әбдіғаппарұлы. Ол – әскерде жүргенде ерекше тапсырма орындаған қазақтың бірі.

Тайваньда жоғалған кеме

Кеңес үкіметінің тұсында талай құпия әскери тапсырма орындалғаны белгілі. Оның басым бөлігі әлі күнге дейін құпия күйінде сақталған. Ашығын айтқанда, «жабулы қазан жабулы күйінде тұр». Әйтсе де сол «жабық қазанның» қақпағынан саңылау табылып, құпия деген кейбір ақпардың шеті ашыла бастағаны жасырын емес.

Мақаламыздың әлқиссасында Ізтай Әбдіғаппарұлын ерекше тапсырма орындаған аз қазақтың бірі екенін атап өткенбіз. 1957 жылдың 10 қыркүйегінде өмірге келген кейіпкеріміз 1975-1978 жылдары Кеңес әскерінің құрамындағы Тынық мұхиты флотында Отан алдындағы борышын өтеген. Ізтай ағамыздың өзі әскердегі шағын ерекше шабытпен әңгімелеп берді.

– Мен 1975-1978 жылдары Тынық мұхиты флотында әскери борышымды өтедім. Бақандай үш жыл мұхитта жүрдік. Әскери тапсырмалардан бөлек судағы дауыл мен құйынды еңсеру де оңай емес екен. Әсіресе ашық мұхитта тайфунға төтеп беру қиын. Әскерге енді келгендердің кейбірі шыдай алмай суға секіріп жатады. Сондайда оларды құтқарамын деп жүргенде өзіңнің де аман қалуың неғайбыл. Өйткені тайфунның жолындағысының бәрін жапырып өтетін жойқын күші бар. Офицерлер есік біткеннің барлығын арқан жіппен байлап тастайды. Сыртқа шығу мүмкін болмай қалады. Тайфунның соққысынан кеме шайқалғанда ішіндегі адамдар қоса шайқалады. Ары-бері тоқтаусыз теңселе берген соң мазаң да кетеді, күшің де қалмайды. Әскери тапсырмамен Тайваньға бара жатқанда тайфунға тап болып, дәл осындай жағдайды бастан өткергенбіз, – деді кейіпкеріміз.

Ізтай Әбдіғаппарұлының айтуынша, 1976 жылы Тайвань аралының тұсында Тавричанка танкері жоғалып кеткен. Ол кезде теңіз қарақшыларының болатын кезі. Кеме жоғалды деген хабар келгенде іздеу үшін эскадрили жіберген. Олар құтқару флотының үстінен төрт ер мен бір әйелдің мәйітін тапқан. Жоғалған кеме табылмаған соң 1977 жылдың көктемінде іздеу үшін арнайы топты аттандырады. Ішінде Қызылорданың тумасы Ізтай Бекембаев та бар.

– Жоғалған танкерді іздеу үшін Владивостоктан Тайвань­ға үш кемені аттандырды. Толық жарақтандырылған су көлігін­де радист болдым. Үш жарым айдай іздеп, батып кеткен кемені таптық. Әскердегі сарбаз болғандықтан оқиғаның мән-жайына толық қаныға бермейміз. Флагман кемеде адмиралдан бастап сүңгуірге дейін арнайы мамандар болады. Әркім өз жұмысын істейді. Артық мәлімет айтылмайды. Біз тапқан кеме суға батып кеткен екен. Су түбіндегі орны нақтыланған соң, сүңгуірлер іске кіріседі. Есте қалған әскери тапсырманың бірі – осы, – деді Ізтай Әбдіғаппарұлы.

Су түбіндегі ядролық жарылғыш

Кейіпкеріміз әскерде жүргенде үш бірдей жауынгерлік тапсырма орындаған. Соның бірі деп Камчаткаға сапарын айтып берді. Тайваньнан келісімен бұларды шұғыл түрде Камчаткаға аттандырған көрінеді.

– Тайваньнан келгенімізге төрт-ақ күн болған. Камчаткада атомдық сүңгуір кеме оқу-жаттығу кезінде ядролық жарылғышы бар ракетасын түсіріп алыпты. Су түбіне кеткен зат оңай табыла қойсын ба? Құрал-жабдығымызды асындырып, бізді шұғыл сонда аттандырды. Ядролық жарылғыштың жоғалғанын басқалар білсе, бізден бұрын тауып алуға тырысады. Кеңес үкіметі держава болған соң бәсекелес ел аз емес. Ол кезде Америкамен, Қытаймен ара-қатынас анау айтқандай мәз емес еді. Оның үстіне теңіз қарақшыларының қолына тисе сойқанды салды дей бер. Бізге Тайваньнан келісімен екінші тапсырманы берудің себебі де осы болса керек. Бұл тапсырманы да айрықша ұқыптылықпен орындап, атомдық сүңгуір кеменің ядролық жарылғышын таптық, – деді І.Бекембаев.

Ленинградқа сапар

Ізтай Әбдіғаппарұлы айтқан жауынгерлік тапсырманың бірі Ленинградқа сапар болатын. Оларға зауыттан жаңа кемені әкелу тапсырылған. Кемені әкелу үшін арнайы жасақ құрылған. Өйткені кемені су жолы арқылы әкеліп, сынақтан өткізу керек еді.

– Қыста Фин шығанағы қатады екен. Содан Эстониядағы Таллин шығанағына баруға тура келді. Әскери кемені сынақтан өткізіп жүргенде Балтық жағалауында он бір ай болдық. Содан Жерорта теңізі арқылы Владивостокқа дейін су жолымен жүріп, әскери кемені жан-жақты сынақтан өткіздік. Осы тапсырманы орындап біткен соң мерзімім аяқталып, ауылға қайттым, – деді кейіпкеріміз.

Ізтай ағамыз Степанов, Кайков, Сәрсенбеков деген командирлерінің болғанын да айтты. Осылардың ішіндегі Сәрсенбеков қазақ екен. Толық аты-жөнін Сәрсенбеков Виктор Әшімбекұлы деп айтқан кейіпкеріміз Ленинград сапарындағы командирінің осы кісі болғанын жеткізді.

Р.S. Кейде айналамыздағы адамдарға мән бере бермейміз. Олардың ішіндегі сыры мен мұңын да тыңдап әуре болмаймыз. Өйткені олар қарапайымдылығымен ерекшеленіп, елеусіз қалып жатады. Мақаламызға арқау болған Ізтай Бекембаев та қарапайымдылығымен елге танылған азамат. Бүгінде өмірлік жары Ләйлә апай екеуі екі ұл, екі қыз өсіріп, солардан өрбіген немерелерді бағып отырған жайы бар. Біздікі оқырман қауым әскерде жүріп, арнайы тапсырмалар орындаған жанның жауынгерлік жолымен таныссын деген ой ғана. Сол себепті де жеке өміріне, ғұмырлық жолына үңілген жоқпыз. Әйтпесе басқалар секілді бұл кісінің де тағдыры бір кітапқа жүк болатындай салмағы бар.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: