Бейсенбі, 13 маусым, 10:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Субұрқақтар саясы мен гүлзарлар алаңы

14.05.2024

344 0

Кез келген қаланың көшесіне сән беретін, көрген жанды таңдай қақтыратын кереметі болады. Солардың бірі – субұрқақ. Біздің шаһарда олардың түр-түрі бар. Айталық, «ән салатын», «билейтін», «түрлі-түсті» субұрқақтар.
Қала көшелеріне сән беріп, тұрғындарға жайлылық сыйлайтын субұрқақтардың дені саябақтар мен көрнекі орындарда орналасқан. Жаздың жаймашуақ күндерінде қызылордалықтар мен қала қонақтары субұрқақ жанында демалады.
Шаһардың шырайын келтіріп, әсем көрініс сыйлайтын субұрқақтар алдағы аптап ыстықта тұрғындарға сая болатыны рас. Сонымен, қаланың әр жерінде орналасқан бірнеше субұрқақтар бар. Атап айтқанда, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде, сол жағалауда, орталың алаңда, отбасы орталығының алдында, Сыр ана монументінің айналасында, теміржол вокзалында және тағы да басқа жерлерде орналасқан субұрқақтар ерекше көрік беріп тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевтың айтуынша, бұл субұрқақтардың қосылатын өз уақыты бар.
– Қаладағы субұрқақтар таңертеңнен бастап түске дейін қосылады. Ал түстен кейін үзіліс уақыты беріледі. Кешкі мезгілде қайта қосылып, түнгі 23.00-ге дейін халыққа кешкі демалыс, жақсы көңіл-күй сыйлап тұрады, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінде оның бірқатары іске қосылды. Сондай игілікті істердің бірі – Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы Абылай хан даңғылын абаттандыру жұмыстары барысында салынған түймедақ бейнелі субұрқақ ел игілігіне берілді. Субұрқақ түрлі-түстермен жарықтандырылған. Осындай игі іс қала тұрғындарын қуантуда.
Жалпы қаланы абаттандыру әрі ауаны ылғалдандыру мақсатында субұрқақтың адамға пайдасы зор. Салқын сүбұрқақ саясында сейіл құрудың өзі қандай ғанибет!
– Сыр ана монументіне күнде кешкілік серуенге шығамын. Бұл жақтың ауасы таза. Сосын субұрқақ қосылғаннан бері жанға жайлылық сыйлайды. Балаларыма да осы жерге келіп, демалған ұнайды, – дейді қала тұрғыны Гүлбаршын Кентауқызы.
Келесі тұрғын көпбалалы ана Айнұр Меңлібаева қалада субұрқақтар көбейгеніне қуанады.
– Биыл қалада субұрқақтар саны көбейіп жатқанын байқадым. Негізі субұрқақтың саясында балалар демалғанды, ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан балғындарымыз үшін осындай субұрқақтардың көбейгені дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне біздегі жаздың ыстығы ерекше. Сондай сәтте нағыз керегі – субұрқақтың көп болғаны, – дейді Айнұр.
Сонымен қатар қаланың әр жеріне орналасқан субұрқақтар өзгеше сән берсе, көше бойындағы гүлзарлар көзге бірден түседі. Түрлі-түсті кілемдей жайқалған гүлдер көшеге де, қалаға да әсемдігін сыйлап тұр. Осыған орай қаладағы көше бойын саябақтар мен скверлерді гүлмен көмкеру жұмыстары жүргізілуде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: