Дүйсенбі, 20 мамыр, 02:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Ерекше жандардың мүмкіндігі

27.01.2024

397 0

Қызылорда қаласының  әкімі серік қожаниязов мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын біріктіріп отырған бірлестік жұмыстарымен танысты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын, әлеуметік мәселелерін тыңдап, қаланың тұрмыс-тіршілігімен танысқан шаһар басшысы алдымен «қазақ саңыраулар қоғамының»  облыстық филиалына барды. Айта кетейік, саңыраулар қоғамы естуі бойынша мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу арқылы олардың өтінішін тыңдап, заңды құқығын қорғауды және әлеуметтік оңалтуды жүзеге асырады.  Мүгедектігі бар жандарды қоғамдық өмірге бейімдейді.

«Қазақ саңыраулар қоғамының» облыстық филиалына қарасты 187 мүгедек болса, оған ымдау тілінің 17 маманы қызмет көрсетеді. Биыл  қоғамдық бірлестік 10 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтыған. Қоғамдық бірлестік төрайымы алтынкүл аяпова басқа ортадан келген адамдар есту қабілеті нашар адамдармен жұмыс істей алмайтынын айтады. Бүгінде мемлекеттен әр есту қабілеті нашар жанға 220 000 теңге жәрдемақы беріледі. Өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандар қала әкіміне өздерінің мұң-мұқтажын жеткізді.

– Бізге құрылыс заттарын алып берсеңіздер екен. Өз күшімізбен ғимарат саламыз. Қолымыздан жиһаз жасау да, жер тегістеу де, үй салу да келеді. Тек барлығы қаржыға келіп тіреледі,– деген  мүгедек жандардың өтініш-сауалын сурдоаудармашы  қала әкіміне жеткізді.  Шаһар басшысы бұл мәселенің  заң шеңберінде шешілетінін  айтты.

Мұнан соң шаһар басшысы «қазақ соқырлар қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің  облыстық филиалына барды. Мемлекет тапсырмасымен бүгінде көзі нашар көретін азаматтарға  әлеуметтік оңалту жүзеге асы­рылып келеді.  Биыл қоғамдық бірлестік 20 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтыған.

Айта кетейік, қазақ соқырлар қоғамының оқу өндірістік кәсіпорны 1941 жылы ашылған. Кеңес одағы кезінде түйреуіш, әскери киімге ілгек, қағаз қалта, қойын дәптер және мақтадан төсеніш матрас тігілген. Арал тұз комбинаты мен облыс орталығындағы аяқ киім фабрикасында қатырма қағаздан қалта мен қорапша жасалған. Сонымен қатар үй әктейтін  щетка мен аяқ киім щеткасы, шыны құтының қақпағы өндірілген. 

Қазіргі кезде бұл өндірістен тек қана тігін цехы жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында көзі нашар көретін мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейді . Биыл қоғамдық жұмысқа 24 адам қабылданса,  оның 15-і ерекше жандар. Бұл кәсіпте көз майын тамызып құрақ құрап, тігін тігіп отырған жандардың бір қалауы – қаламыздағы аурухана, бала-бақшалар  өздеріне  тапсырыс беріп,  кәсіптерін жүргізсе дейді. Қала басшысы бұл мәселенің шешілу жолын қарастыратынын айтты. Қала басшысының келесі бағыты  «зейнеткерлерге жартылай стоционарлық жағдайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болды. Әуелгіде  10 орындық болып ашылған мекеме қазіргі кезде 50 орынға дейін кеңейтілген. Орталық  күндізгі жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық, медициналық, мәдени, еңбек, экономикалық және құқықтық мақсатта қызмет көрсетіледі. Ардагерлер орталықтың жұмысына  дән риза екендіктерін айтты.

Қала әкімінің келесі аялдаған нысаны – «қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі болды.   Бұл қоғамдық бірлестік қала аумағында тұратын мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіруді жүзеге асырады. Сонымен қатар құқығын қорғап, мәселесін шешуге көмектеседі. Мәселен, 14 мүгедектігі бар адам қоғамдық жұмысқа қабылданған.

Бұл ғимарат тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығының қарамағында. Бірақ ешқандай қолдау көрмей отырмыз. Дәрет­ханасы сыртта орналасқан. Барлығы мүгедек жандар. Бірі балдақпен жүрсе, бірі, тіпті арбаға таңылған. Мекемеге су жүргізіп бергенімен кәріз құбыры жүргізілмеген,– деді қоғамдық бірлестік төрағасы айдар садретов.

Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жан­дар –  шексіз мүмкіндіктерін қолдануда. Зағип жандар құрақ құрап, матрас тігіп жатса, есту қабілеті нашар жандар құрылысқа бейім.  Армандары қоғамға пайдамыз тисе дейді. Мүмкіндігі шектеулі болса да өз мүмкін­дігін барынша көрсетіп отырған жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Марина Сағидатбек

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: