Интернет тұрмысты жеңілдеткенімен, одан келетін қауіп-қатер де артып отыр. Соның ішінде қаржы пирамидаларының жарнамасы ғаламторда ашықтанашық жарияланып, мыңдаған адам сан соғуда. Көбі қарызға белшеден батып, ағайын-туысын да күмәнді қадамға апарған. Алаяқтардың арманы бір – табыс табу, оңай олжа іздеу. Кесірі өзіне ғана емес, өзгеге де тиіп, қанша шаңырақ шайқалды. Статистикаға сүйенсек, былтыр облыста аталған мәселе бойынша 157 іс қозғалған. Алаяқтардың заңсыз әрекетінен аймаққа 8 млрд теңгеден астам шығын келтірілген, алайда сотқа дейінгі тергеу барысында 4,8 миллиард теңгенің мүлкі өтеліпті. Мәселе тым өзекті.
Биылғы көрсеткіш те көңіл көншітіп тұрған жоқ. Жуырда Қаржы мониторингі агенттігі 20-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді. Айтуларынша, басым дені – интернет жарнама арқылы құрыққа түскен азаматтардың кейсі.
«Азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудан қорғау мақсатында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 22 тергеу басталды. Құқыққа қарсы мазмұндағы 14 мың сілтеме алдын ала бұғатталып, 100-ден астам құқыққа қарсы чаттар мен аккаунттар жойылды», – деді агенттік төрағасы Дмитрий Малахов.
Арбаудың әдісі көп
Кейде қазақ қоғамы «аузы күйсе де үрлеп ішуді» білмейтіндей көрінеді. Олай деуге себеп жоқ емес. Ұмытпасақ, 2-3 жыл бұрын QNet компаниясына алданып, пирамиданың тұзағына түскен азаматтар шу шығарды. Миллиондар желге ұшқан, алаяқ ізтүссіз. Мәселені БАҚ жазды, желі шулады. Тіпті жауапты сала мамандары қылмыстың қалай жүзеге асатынын, қайтып тұзақ құралатынына дейін егжей-тегжей елге айтып, сақтандырды. Оқиғаның резонанс тудырғаны сонша, секемі бар, күдігі ояу адам қайтып бұл қақпанға түспес деген едік. Алайда қанша уақыт өтсе де қаржы пирамидасының пайдасына жұмыс істеп, сенделгендер азаймай тұр.
Негізі елді бүлдіріп отырған қаржы пирамидасының дені шетелдік компаниялар. Айналдырған жеті-сегіз мекеме 100 мыңға жуық адамды арбап келген. Қазірдің өзінде шетелдік Eolus, Nisa, GPIBS, Dari Receive, Charoit, Carhomi, Beefre; Eolus қаржылық пирамидасына қатысты сот үкімі шыққан. Демек, біздегі алаяқтардың өзі өзге елге «жем» болған.
Жеті ірі компания басты «ойыншылар» екені түсінікті. Бұлардан өзге аймақтарда жұмыс істейтін «шағын ұйымдар» жетерлік. Олардың қатарында «QI Trade Kazakhstan», «Лидер Капитал 168» МҚҰ ЖШС, «Finiko», Sincere Systems Group, «Business Game» интернет жобалары, «Не работа», «Котел» жобалары, «Тендер», Bay Life, «Millioner777», Life is Good, «Луч света», The Great Tower, «Рассвет и Миллионеры», «Люкс», «Өзіміз ғой, Арай», «Faberlic», «Доверие», «Amanat Home», «Елім-ай 2019», «GAP», «Табыс» сияқты ұйымдар бар. Бұл – Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі. Егер осы компанияларға қатысы бар іс болса, құқық қорғау органына жүгінген жөн.
Ескеретін жайт, тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталған. Жауапты департамент WhatsApp, Telegram және Instagram әлеуметтік желілерінде 200 чат тексеріп, оның 182-сін бұғаттаған. Осылайша, 126 мың азаматтың қаржысы сақталыпты.
Аталған алаяқтықтың қылмыс жүйесін заңгерлерден артық ешкім білмес. Сондықтан елордалық заңгер Қанат Мақсұтпен байланысып, тақырыпқа қатысты пікір білген едік.
«Қаржы пирамидасы – тиімді инвестицияларды имитациялайтын алаяқтық жоба. Қаражат ақша салып қана қоймай, өзімен бірге басқа адамдарды да тартатындардың есебінен түсіп тұрады. Бұл ретте пирамиданың жоғарғы жағындағылар шынымен табыс таба алады. Ал соңынан келгендер аңғалдықпен ақшаларын салып, алданып қала береді. Мәселе мынада, қаржы пирамидасының өкілдері азаматтардан ақша алады. Әдетте, бұл қаражат әртүрлі жобаларға, стартаптарды дамытуға немесе бағалы қағаздарды сатып алуға инвестиция салу сылтауымен тартылуы мүмкін. Ұйымдастырушылар қатысушылар енгізген жарналардан кіріс алады. Схемаға неғұрлым көп адам кірсе, ұйымдастырушының кірісі соғұрлым жоғары болады. Алайда пирамиданың негізін қалаушы кез келген уақытта жұмысты тоқтатып, кірістерді төлеуден бас тарта алады. Өкінішке қарай, жарналарды қайтару мүмкін емес, – дейді ол.
Қызығы, жауапты мамандар талдау жүргізіп, қаржылық пирамидалардағы инвесторлардың психологиялық портретін құрған екен. Нәтижесі назар аударуға тұрарлық. Қаржылық пирамидалар «құрбандық» ретінде кәмелетке толған, жоғары білімі және қаржылық сауатсыз, жалақысы төмен лауазымдарда жұмыс істейтін адамды таңдайды екен. Сондай-ақ зейнеткер және жұмыссыздар да тұзаққа түсетін көрінеді. Өкініштісі, қаржылық пирамидаларға жұмысқа қабылдау көбінесе туыстары немесе жақын достары арқылы жүзеге асады екен.
Бір мысал, сөз арасында айтқан QNet пирамидасының өкілдері аймақта да белсенді жұмыс жүргізген болатын. Өткен жылы сол ұйымдағы екі азаматқа қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасады деген айып тағылған еді. Ағайынды жігіттер 2020-2021 жылдар аралығында облыс аумағында «Qnet» құрылымдық бөлімшесін құрған. Олар желілік маркетинг өнімдерін тарату бойынша ізін жасырып, нарықты толық зерттепті. «Еліміздің аумағында тыйым салынған қаржылық пирамида бойынша заңсыз қызмет пен ұйым туралы анық, дәйекті түрде білгенімен аса ірі көлемде азаматтардың ақшалай қаражатын тартуға бағытталған әрекеттер жасаған. Осы активтерді қайта бөлу және басқа қатысушылардың жарнасы есебінен кейбір қатысушыларды байыту жолымен ұйымдастырып отырған. Аталған қаржы пирамидасынан 40 салымшы зардап шеккен. Шығын көлемі – 53 млн теңге. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген шығын салымшыларға толық қайтарылды», – делінген еді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінде.
Қаржы пирамидасын құрушылар үлкен қалаларда немесе облыс орталығында ғана деген де жаңсақ түсінік. Ол үшін смартфон мен интернет болса болды.
Блогерлер бәлені бастап отыр
Жалпы, ел бойынша жұмыс жүргізген қаржы пирамидаларының атауы жеті қат жер астына жасырынған құпия емес. Агенттік пен департамент сайтында сайрап тұр әрі дүркін-дүркін хабар да жариялануда. Халық оңай жолмен ақша табамын деп ашкөздікке салынбас бұрын, әуелі бірер минут уақыт қиып, қызыққан компанияның тарихына көз жүгіртсе, өкінішке ұрынбас еді. Солай дейміз-ау, алайда…
Кейде сенім мен үміт ақылға бағынбайды. Әсіресе, күнін әзер көріп жүрген жандар мен қаржыға мұқтаж топ қисын дегенді қолдай бермейтіні бар. Үміт деп отырғанымыз, қаржы пирамидасының арбауына түскендер жылдам ақша тауып, қарыздан құтылсам, саусақ қимылдатпай қаражат түссе деп үміттенеді. Бұл, мүмкін, шарасыздықтан туған ой, әлде аңғалдық болар. Әйтеуір қаржы пирамидасын соңғы үміті көріп, ескертуді елемейтіндер де табылады. Сұраныс болған соң, алданатын адамдар барда, қаскөйлік тыйылсын ба.
Сенім турасындағы ұстанымға сыртқы күштің әсері бар. Нақтысы, блогерлер мен танымал адамдар. Кейінгі кезде күмәнді қаржылық жобаларға адам тарту үшін алаяқтар БАҚ өкілдері, танымал блогерлер мен вайнерлердің көмегімен жаппай жарнама жүргізуде. Олардың аузынан шыққан әр сөзіне сенетін жұрт ақ-қараны айырмай, жылтыр сөзге алданып қалады. Ал жарнама жасағандар қаламақысын алғанымен, жауапкершілікті алмайды. Өкініштісі, салымшылар бармақ тістеп, арыз жазғанда ғана жарнамалаған жандарға жаза қарастырылған. Ол кезде қаражат шетел асып, қатысы бар қылмыскерлер ізін суытып үлгереді.
Мәселен, бірнеше жыл бұрын белгілі блогерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Азим Саидбаев қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілініп, сотталды. Олар атышулы «Mudarabah Capital» компаниясының ісі бойынша жауапқа тартылды. Күдіктілер әдепкіде айыбын мойындамай, ескі нұсқа бойынша жауап берген – «Кінәміз жоқ, тек жарнама жасадық». Кейіннен әділ жазасын алды.
Мұндай қадам өзге блогерлерге сабақ болу керек еді. Дегенмен қаржылық кіріс-шығысы күмәнді компанияларға жарнама жасайтын «жұлдыздар» азаймай тұр.
– Ел алдындағы әнші, актер, блогерлердің қаржы пирамидасын жарнамалануына қарсымын. Өйткені олардың сөзіне сеніп ақша салып, несие алып алданғандар көп. Өз-өзіне қол жұмасағандарды да естідік. Көп отбасы ажырасты. Мысалы, жиенімнің ажырасуына QNet пирамидасына қосылып, несие алғаны себеп болды. Сондықтан құқық қорғаушылар алаяқтарды тоқтатуы керек, – дейді қала тұрғыны Клара Мыңбаева.
Айта кетейік, биыл QNet және ChiaThai пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істі аяқтаған, сотқа дейінгі тергеу барысында инвесторларға келтірілген 53 миллион теңге залал толық өтелген.
Аймақтағы бақылауда ма?
Аталған мәселеде әр аймақ аянып қалмауда. Жауапты мамандар статистика «тазалығы» мен азаматтардың құқығын қорғау үшін барын салуда. Мысалы, екі жыл бұрын Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидалары мен алаяқтық жасайтын сайттардыы анықтау бойынша әлеуметтік желіге мониторинг жүргізуді қолға алды. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржы пирамидасы белгісі бар сайттар мен сілтемелерді бұғаттау үшін ҚР цифрландыру және аэроғарыш министрлігі жанынан арнайы эксперттер тобы құрылып, нәтижелі жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде қызылордалық мамандар заңсыздық жасаған 263 сілтемені тауып, оның 251-ін бұғаттаған.
Таяуда БАҚ-қа берген мәліметінде департаменттің талдау әзірлемелер тобының басшысы Нұрбол Әлкебайұлы өзге де өзгерісті айтқан еді. Әсіресе, түсіндірме жұмысының күшейгенін байқадық.
– Бұдан өзге «Қабылданған шаралар нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жазылушысы қаржы пирамидасының белгілері бар 5 шот жабылды. Жастарды қаржылық алаяқтықтан сақтандыру мақсатында, Қызылорда қаласындағы мектептер мен колледждерде өткен жылдан бері «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбында семинарсабақтар өткізу қолға алынды», – деді ол.
Облыстағы мамандары өзге жүйелерді де іске жаратуда. Айтар болсақ, бүгінде Cybernadzor жүйесі арқылы 460 сілтеме бұғатталып, 3 аккаунт жойылған. Агенттік мамандары «Baiqapiramida» Telegramботын әзірлеп, жылдам ақпарат алуға мүмкіндік қарастырған. Нәтижесінде, Telegram-ботқа 3500- ден астам шағым түскен. Сарапшылар сөзінше, «AFM-Insider» Telegram-боты арқылы да кез келген азамат күмәнді компаниялар туралы мәлімет бере алады. Ыңғайлысы, сала қызметкерлері барлық хабар анонимді әрі құпиялылық сақталатынына кепіл беріп отыр.
– QNet және «Атамекен 2021» пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс жүргізілді және сотқа жіберілді. 302 млн теңгеден астам сомадағы мүлікке тыйым салынды. Сонымен қатар «Чиа-Тай» қаржы пирамидасы бойынша қылмыстық іс аяқталды. Аталған қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті бойынша сот үкімі шығып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек адамдардың сеніміне кіріп, қасақана ниетпен пара алу арқылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған ерлі зайыптылар 7 жыл бас бостандығынан айырылды, – деді департаменттің тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы.
Сақтық жолы қайсы?
Қаржы пирамидасы туралы айтылып та, жазылып та жүргенімен, атаулары әр түрлі компания өз жұмыстарын жалғастыруда. Сарапшылардың пікірінше, қаржы пирамидасынан зардап шеккендер қаржылық сауаты төмен, саналы түрде тәуекелге баратын топ екен. Қымбатшылық бір жағынан қысса, несие екінші жағынан қысқан халықтың ұрынып жатқаны да осы пирамида. Себебі, аз уақытта несиелері мен қарыздарынан құтыламын деген мақсатпен барып, қолындағы барын беріп, ақырында сан соғып қалып жатады.
Қазір қаржы пирамидаларының түрі көп. Бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса, заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендері де жетерлік.
Қазір алаяқтар айласын асырып, шынайы бейнесін жасыруға тырысады. Мысалы, кейбір қаржылық пирамида құрған адам өз ісін инвестициялық қызмет деп көрсетуі ықтимал. Әрине, негізгі табыс жаңа мүшелердің ақшалай салымдары болады. Қатысушылар саны көбейген сайын жоғарыдағылардың табысы еселене түседі. Осылай көбейту үшін қатысушыларға өзінің соңынан адам тарту керегін шарт етіп бекітеді.
Құқық қорғау мамандарының сөзінше, осы мәндес әрекетті көргенде бойды аулақ ұстап, күдікті ұйымдарға жоламаған абзал. Күдікті сейілту үшін бірнеше сұраққа жауап іздеуге де кеңес береді.
– Ашықтық керек деп қайта-қайта айтатынымыз бекер емес. Себебі ақша қайдан келіп жатқанын түсіне алмасаңыз, демек, бұл жерде бірдеңе дұрыс емес. Бұл нағыз қаржы пирамидасы болып шығуы ықтимал. Мұндағы шикіліктің исін сезу үшін сұмдық заңгер не қаржыгер болудың керегі шамалы. Осындай алаяқтықпен бетпе-бет келмес үшін осындай материалдарды жиі шолып жүріңіз. Хабардар болып отырыңыз. Сонымен бірге сізге жұмыс ұсынып отырған компанияның басшысы кім, арнайы жарғысы бар, ресми тіркелген ұйым ба, салым қайда жатады, инвесторлар ақшасы қайда кетеді, бұған дейінгі жобалары сәтті іске асты ма — жан-жақты сұрастырыңыз. Осы сынды қарапайым қадамдар қалтаңыздағы не картаңыздағы бар тапқан-таянғаныңызды жоғалтудан сақтауы мүмкін,– дейді заңгер Қанат Мақсұт.
P.S. Қаржы пирамидасы – сан рет айтылған алдамшы жүйе, арбайтын жол. Тиісті қаржысын алған топ бір-ақ мезетте ізім-қайым жоқ болып, сенген жұрт сан соғып қалуы бұрыннан айтылатын болжам. Сондықтан алаяққа алданбау үшін қаржылық сауатты арттырып, сақтық таныту ғана қауіптен құтқармақ. Алайда елдің бәрі бір емес…
Ерсін Шамшадин
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!