Осыдан біраз жыл бұрын «жаһандану» деген сөз жиі айтылып, батыс әлемінің құндылықтарына қалқан қойғандай әр түрлі іс-шаралар өтіп жататын. Ол үрдіс қазіргі кезде өз құндылығымыз, өз дәстүріміз, ата дініміз дегендей өзегімізді іздеуге жалғасқандай. Құндылықтарымызды дәріптеп, оқушылардың бойына сіңіруде мектептердің де үлес салмағы басым. Осы орайда ұйымдастырылған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №211 орта мектептегі семинарға қатыстық.
Көркем еңбек пәні арқылы ұлттық құндылықты бала бойына дарытуды мақсат еткен семинардан қазақылықтың иісі аңқиды. Табалдырықтан аттай сала оқушылар салған суреттер мен киізге басылған ою өрнектер көздің жауын алады. Оның бәрі заманауи дизайнда жасалған екен. Әлгінде айтқан ұлттық құндылығымыз мектепке кіре берістен-ақ сезілгендей әсер алдық. Бабалардан қалған ою-өрнектер, халқымыздың дүниетанымына бойлап бір сапар жасатқандай, сірә. Мұның бәрі біздің мәдени ерекшелігіміз. Осы арқылы ұлттық рухты сақтаудың маңызы зор екенін түсінген мектеп директоры Айжан Алимова да қонақтарды мектеп ішіндегі үйірмелермен таныстыруға бет алды. Алдымен бірінші қабатты араладық. Бір-біріне қабырғалас тұрған екі кабинет. Құдды бір шеберхана дерсің, бірінде құрақ тігіп, енді бірінде аспаз қыздар бармағынан бал тамып дәмі тіл үйірер тағамдар дайындауда. Еңбек пәнінің мұғалімі Жанар Тұяқбаева оқушыларға дастарханды әсемдеп жаюды үйретіп, білгенімен бөлісуде.

– Қыздарымыз төртінші тоқсаннан бастап ұннан жасалатын бәліш пен самса жасауды үйренеді. Сонымен бірге оларға тамақты пісіруді үйретеміз. Дастархан үстіндегі әрбір ыдыстың қойылу реті яғни дастархан әдебі де тыс қалмайды, – деді еңбек пәнінің мұғалімі.

Құрақ көрпе құраған, шашылғанды жинаған қыздардың өнерін оған қарсы тұрған есіктен көрдік. Кабинет тігін машинасымен жабдықталап, қауіпсіздік ережелері сақталған.
– Оқушылардың жасаған жұмыстары «Іскер ана» жобасына арналған кабинетте тұр. Кітап бағдарламасымен 1-2 тоқсанда сурет салуды үйренсе, 3-тоқсанда қыздар тігіншілікпен айналысады. Ал 4-тоқсанда асхана мәдениетін үйренеді. Онда әр түрлі тағамдар дайындау мен дастархан әзірлеу талабы қойылады, – деді көркем еңбек пәні мұғалімі Ұлдана Мәлікқызы.
Одан соң семинарға келген қонақтармен бірге мектептің екінші қабатындағы үйірмелерді қызықтауға көтерілдік. Байқағанымыздай каратэ-до, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. 4000 жылдық тарихы бар бұл спорт түрін Алтынай Жайшылыққызы қолға алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғауға үлес қосып жүр.
Бұл шараның негізгі бөлімінде қала мектептерінен үздік суретші балалар жиналған байқау ұйымдастырылған. Бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімі Әзиз Ботабаев байқауды ұлы Абайдың 180 жылдығына арнаған екен. Жарыс шарттары бойынша Абай Құнанбайұлының төрт мезгілді жырлаған өлеңін балалар қылқаламмен қағаз бетіне түсіруі тиіс.

Мұнда өнерді жаны сүйген оқушылар үшін де домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Оқу ордасының ұзын дәлізінде домбырашыларды көрдік. Қазақтың қоңыр үнді домбырасынан төгілген күй құйқаңды шымырлатады. Бұл мектеп оқушыларынан құралған «Сарыжайлау» ансамблі. Тәлімгері Жарқынкүл Ешниязова 25 жылдан бері осы мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Үздік домбырашылары талай жарысқа барып, жүлделі орындарды қанжығаға байлап жүр. Алматыда өткен республикалық байқауда №211 орта мектептің намысын қорғаған «Киелі саз» ансамбльі I дәрежелі лауреат атағын иеленген.
– Еңбек жолымды осы мектептен бастадым. Оқушыларға домбыра үйретіп жүрмін. Қазіргі таңда домбыра үйірмесіне бастауыш және жоғары сыныптан барлығы 60 бала қатысады. Сабақ арнайы кабинетте өтеді. Оқушыларға домбыраны нота арқылы үйрету жолға қойылған, – дейді Жарқынкүл Ешниязова
Сонымен қатар мектепте ерекше білім алуды қажет ететін оқушыларды қолдау орталығы ашылған. Онда мектеп логопеді «Ақылды айна» интерактивті үстелі көмегі арқылы өмірге бейімдеуге атсалысады.
Мектепте биыл «Іскер ана» жобасы басталды. Жоба аясында қыздарға тоқыма тоқу, оюдың қыр сырын меңгерумен қатар, сыпайылыққа, әдептілікке, ұқыптылыққа үйренуге мүмкіндік беріледі. Жобаны құрушы, әрі жетекшісі Дәрігүл Таңатарованың айтуынша, бұрымдыларымызға қазақ халқының салт-дәстүр, әдет ғұрыпын бойына сіңіріп тәрбиелеу қазіргі таңда маңызды іс.

– Өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды бере отырып, тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыр. Ал тәрбиенің тамыры ұлттық құндылықты бала бойына сіңіруден тұрмаса, тәрбиесіздікке алып келуі мүмкін. Сондықтан біз әрбір пәнге өз мәдениетімізді байланыстыра отырып сабақ беруді жолға қойдық. Сонымен бірге ата-аналар да апта сайын келіп балалармен жұмыс істеуге көмектеседі, – деді мектеп директоры Айжан Алимова.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!