Сенбі, 08 ақпан, 04:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10,2123
08.02.2025
PDF мұрағаты

Қазіргі қазақ киносына көңіліңіз тола ма?

08.02.2025

11 0

Қазақ киносы десе көз алдымызға Қожаның сотқарлығы, Алпамыстың алғырлығы келеді. Қанша қарасаң да жалықпайтын «Тақиялы періште» көркем фильмі көпшіліктің әлі есінде. Заман ауысып, қазір сан түрлі фильм көрерменге жол тартуда. Оның ішінде кәрістің, түріктің, еуропаның фильмдері тағы бар. Индустрияның бұл бағытын басқа елдер идеология ретінде пайдалануға болатынын баяғыда түсінгендей.

Кино саласында 25-інші кадр дейтін термин бар. Кадрдағы әрбір детальдар санаға әсер етіп, романтика туғызады. Мәселен, мықты жігіттердің шылым шегуі, қалталы жігіттің қымбат ішімдік ішуі. Әсіресе, Еуропаның картиналарында көп байқалатын үрдіс. Не көрсең соған ұқсайсың дегендей, кәріс киносына қызығатын көрермен қауымның соларға еліктейтінін көріп жүрміз. Сонау 90-жылдары Қазақстанда «Голливуд» фильмдері кең таралған уақытта жастар батыстық сөйлеу мәдениеті мен киіну стиліне қызыға бастады. Қазіргі «Марвел», «Дисней» сияқты компаниялар да мәдениет алмасуда үлкен рөл атқарады.

Қош, енді қайтпек керек? Қазақ тілінде түсірілген отандық фильмдердің сапасы туралы аз-кем әңгіме қозғасақ. Ел арасында отандық кинолар туралы сыни ойлар айтылып жатады. Бірақ кейінгі уақытта ол сындардың бәрі стереотип болып қалғандай. Себебі бұрын тек халықты комедиямен таңқалдырамыз деген кино түсірушілер қазір ерекше бағытқа назар аударып келеді.  Мәселен, кейінгі шыққан «Қазақ әлемі» картинасы тың бағытымен және сәтті сценариймен көрерменді тарта білді. Кинода айтылған ойлар мен әзілдер қазір халықтың аузында жүр. Мәселен, жастар қазақтың тарихын емес, Кореядағы Когуре елінің тарихын жақсырақ білетінін сынап өткен еді. Телеарналардан кәрістің тарихи кинолары түспегені белгілі. Соның әсерінен бе, кезінде алақандай ғана жерді алып жатқан тайпаның тарихын жатқа білеміз. Ал елдің тарихи кинолары түсіріліп жатыр дегенмен оның жарнамасы жетіспей жатқандай. Себебі бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржының да ақталмағаны да әмбеге мәлім.

Режиссер әрі сценарист Қанағат Мұстафин «Ұлт» ақпараттық порталына берген сұхбатында, комедиялық фильмдерді түсіру арзан екенін айтады. 

– «Комедия жанрында фильм түсіру үшін бар болғаны бір не екі локация және бір не екі үй ғана керек. Ал тарихи киноға келсек, костюм тігу, реквизит табу дейтін тұстары көп. Оның бәрін жалға алу қымбат. Одан да режиссерлерге комедияны 50 немесе 70 миллион теңге­ге түсірген оңай. Ол өз қаражатын ақтайды», – деді Қанағат Мұстафин.

АҚШ-тың «Нью-Йорк» кино академиясында білім алған Ата­мұра қазір елге келіп, қызмет істеуде. Айтуынша бізде киноны өнер ретінде көріп, актерлердің жанкүйеріне айналуы сынды мәдениет енді қалыптасып келеді.

– Мойындау керек, халықтың жағдайына біздегі кинолардың бір сеанс бағасы қымбат. Сол себепті ме, көрермен пиратты сайттар арқылы көре береді. Мұндай сайттар біздің елде бұғатталмаған, ал шетелде халық әрбір киноны сатып алып көреді. Ерекше жанрда кино түсірілсе, оның жарнамасы сапалы жасалса халықтың назарынан тыс қалмайды. Мәселен, хорор жанрында түсірілген «Дәстүр» киносын алсақ. Біріншіден, жанры ерекше, содан соң насихаты да аз болмады. Фильмге арнайы подкаст ұйымдастырылды. Ал мемлекет қаржысына түсірілген кар­тинаның жарнамасы кем түсіп тұр, — дейді Атамұра.

Ал көрермен көзқарасы тым бөлек. Олар кино басталғаннан әрі қарайғы оқиғаны біліп оты­ратынын айтады. Өйткені сценарий жаттанды.

– Шынын айтсақ, біздегі отандық кинолар бір жанрда. Әзілдері де бір-біріне ұқсайды. Мәселен, драма жанрында түсірілсе халықтың да, кино түсірушілердің де талғамы өсетін еді, – деді қала тұрғыны Салтанат.

Кино – тек ойын сауық емес, сананы өзгертетін құрал. Қоғамның көзқарасын, халықтың пікірін бір арнаға бағыттау үлкен күш. Осыны түсінген Корея үкіметі «экран квотасын» ойлап тапты. Бұл – кинотеатрларда жылына кемінде 73 отандық фильмді көрсетуді міндеттейін қаулы. Осының әсерінен жергілікті киноиндустрия жандана бастады. Қазір корей халқының дорамасына қызыққан көрермен сол елдің музыкасын, тілін үйреніп, тіпті тағамдарынан да дәм татқысы келеді. Қызығы сол кәрістің жігіттері де кей қазақ қыздары арасында культке айналды. Олардың кинодағы нәзік, қамқор, мейірімді бейнесіне қызығып, оларды шынайы өмірден көргісі келеді. Сол сияқты біз де өзіміздің бай мәдениетімізді көрсету арқылы турист тартуымызға әбден болатындай. Сондай-ақ халық та отандық киноларға қолдау көрсетуді міндетіндей көрсе дейміз.

Думан Кеңшілік

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: