Таңның атысы, күннің батысы демей, олар бір жылда қаншама нысанда қолтаңбасын қалдырып жүр. Әлі толық бітпеген үйлердің жанындағы көрініске сән беріп жүрген қызғалдақтар дерсің… Жұмыстағы қызықтарын айтқанда бірінің сөзін бірі іліп алып, жалғай кетеді. Маржандай тісі жарқырай күліп, «біздің әрбір күніміз осындай көңілді өтеді» деді. Күннің салқыны да, жұмыстың ауыры да олардың көңіл-күйіне әсер етпейтін тәрізді.
Әйгерім Қызбалаева өңірдегі құрылыста өзіндік орны бар «Интегрострой» мекемесінде жұмыс істейді. Қолын құрышқа айналдырып, білегін қатайтқалы жиырма жылға жақындады. Бірақ жұмысты жынысқа бөлмейтін дағдысымен еңбектің ауыры, жеңілі деп қараған жоқ. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің көпшілігінде қолтаңбасы бар. Тіпті Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың да құрылыс жұмыстарына атсалысқан. Одан бері де бірнеше мектеп, спорт мектептерін салуға қатысты.
– «Оңай жерде нан жоқ» дейді дана халқымыз. Адал еңбек етіп, өзіңнің орныңмен жүрсең, жетістікке жетесің. Маған жұмыстың ауырлығы жаныма батпайды, кейде үйді пайдалануға бергеннен кейін сатып алған тұрғындардың «тырнақ астынан кір іздегені» болмаса, басқасының бәрі керемет. Мекеме барлық жағдайымызды жасап келеді. Қызметтік көлік табанымызды жерге тигізбей үй мен нысан арасында тасиды. Қарап отырсаңыз, бір тұрғын үйдің өзінде іргетасынан бастап бірнеше жүздеген адамның еңбегі бар. Елге жайлы жағдай жасауда өзімнің де үлесім бар екеніне мақтанамын. Қоғамға керек екеніңді сезіну – бір бақыт. Құрылысшы болғаныма өкінбеймін, – дейді құрылысшы Әйгерім Қызбалаева.
Шеберлігімен көзге түсіп жүрген білікті маман кейінгі жастардың шыдамсыздығын айтты. Қиындыққа шыдамай, оңай жұмыс іздеп кететін көрінеді. Әйтсе де 2009 жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп жүрген оның жұмысына деген жауапкершілігі ерекше.
– Маңдай терің қаншалықты төгілсе, еңбегің соншалықты жемісті болады. Құрылысшы болу оңай емес, ерлермен иық теңестіре еңбек етесің. Тез жанған оттың тез өшетіні секілді, жеңіл жұмыс іздемеу керек. Ел Президенті биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – еңбекті бағалау, – дейді ол.
Үш қыздан құралған үздік құрылысшылардың екіншісі – Салтанат Нұрғалиева. Ол мекемеде 7 жылдан бері еңбек етуде. Осы жылдар ішінде көптеген нысанда жұмыс істеді.
– Шынымды айтсам, өміріміздің басым бөлігі жұмыста өтеді. Күндіз ояу жүретін уақытыңызды есептеп көріңіз. Сондықтан адамның өзінің көңіл-күйі мен өмір сүру дағдысына ұжымның ықпалы зор. Біз бір үйдің баласындаймыз. Бір-бірімізден сыр жасырмаймыз. Бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Бұл жұмыстың ең бір керемет жері – өз қолыңмен құрылысына атсалысқан нысанның жанынан өтіп бара жатып, ғаламат күй кешесің. Мәселен, қаладағы бірнеше мектептің қосымша құрылыстарын салдық. Қазір сол жердегі балалардың ішінде болашақ ғалым, футболшы, әкім, тіпті Президент те болуы мүмкін. Солардың сапалы білім алуына үлес қосқаным әркез ойымда жүреді. Бұл – тек менің жұмысым ғана емес, өмірім, – дейді құрылысшы Салтанат.
Мархабат Қанымкенқызы да – осы саланың өкілі. Оның құрылысқа келгеніне небәрі үш ай ғана болған. Бірақ мықты ұстаздардың арқасында ол біраз нәрсені үйреніп алды.
– Үш ай аз уақыт шығар, бірақ адамның үйреніп алуына ең бірінші ынтасы мен ықыласы ықпал етеді. Мен көп нәрсені үйрендім, бұрын-соңды аздап хабарым бар еді, бірақ жаңа салаға келіп, өмірді жаңадан бастауға, жаңа парақ ашуға ешқашан кеш емес екенін білдім. Қазір аймақта салынып жатқан тұрғын үйлерде еңбек етіп жатқаныма қуанамын. Сол біз салған әрбір баспана шаттықтың шаңырағы, бақыттың ұясы болсын, – дейді Мархабат өзінің қызметін мақтан етіп.
Сырттай қарап, жұмыстарына біраз сүйсініп тұрдық. Қазақ «қыздың жиған жүгіндей» деп, осындай жинақы жұмыстарды айтса керек. Құрылысшы қыздардың жүріп өткен әрбір жолында керемет өрнек қалып отырғандай. Мұндағы құрылыс шебері Еркебұлан Омаров біздің бұл сөзімізді қуаттай түсті.
– Менің мамандығым – құрылысшы. Осында шеберге дейінгі барлық қызмет сатысынан өттік. Біз қатарымыздағы құрылысшы қыздарға ерекше құрмет көрсетеміз. Олардың әрқайсысы – өз жұмысының шебері. Берілген жұмысты мүлтіксіз орындайды. Әлбетте, ер азамат болған соң қолдау көрсетесің, – дейді ол.
«Ұрыста тұрыс жоқ», – деп білегін сыбанды Әйгерім. Біз де қайтуға ыңғайланғанда олардың алтын уақытын алғанымызды түсіндік. Бәрін де ел игілігіне ыңғайлап жасап, өздерінің бойындағы еңбекқорлығымен тәнті етуге тағы да кірісіп кетті.
Осы салынып жатқан жаңа үйлердің әрбірінде өзіңнің қолтаңбаң қалып жатса, қандай бақыт, иә…
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!