Сейсенбі, 31 наурыз, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23 (2235)
31.03.2026
PDF мұрағаты

Құстар азайып барады

31.03.2026

37 0

Сәуір айының алғашқы күні күнтізбеде халықаралық құстар күні ретінде белгіленген. Бұл жай ғана мерекелік сипаттан әлдеқайда терең мағынаға ие. Бүгінде қанатты достарымыздың ахуалы тек мамандарды ғана емес, бүкіл қоғамды толғандыруы тиіс өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі құстардың азаюы – қоршаған ортаның тозуын, су айдындарының тартылуы мен ауыл шаруашылығы алқаптарының құнарсыздануын айғақтайтын табиғаттың басты индикаторы. Осы орайда бұл айтулы күн биологиялық қауіпсіздік пен азық-түлік тұрақтылығына төнген қатерлерді саралап, ұлттық табиғи байлығымызды қорғауға шақыратын маңызды дабыл ретінде қабылдануы тиіс. Халықаралық құстар күні адамзат баласына табиғатпен арадағы нәзік тепе-теңдікті сақтаудың өміршеңдігін тағы бір мәрте еске салып, экологиялық жауапкершіліктің жүгін аңғартады.

Құстар әлеміндегі жасырын дағдарыс

Бүгінгі таңда құстардың жай-күйіне жаһандық деңгейде үңілген сарапшылар құстар популяциясына қатысты дабыл қағуда. «BirdLife International» халықаралық ұйымы 2025 жылы ресми түрде 11 185 құс түрін тіркеп, олардың әлемдік санағын жасады. Оған қоса, PNAS ғылыми журналында жарық көрген зерттеу нәтижелері жер бетіндегі құстардың жалпы санын 50 миллиардқа жуық деп бағалап, бұл көрсеткіштің жан басына шаққанда орта есеппен алты құстан келетінін дәлелдеп отыр. Алайда сырт көзге ауқымды көрінетін бұл сан табиғаттың қауіпсіздігін білдірмейді, өйткені негізгі мәселе түрлердің көптігінде емес, бірегей популяциялардың жойылу қатерінде болып тұр. Экожүйедегі жағдайдың тұрақсыздығы ғалымдар мен экологтарды қатты алаңдатуда. «BirdLife International» ұйымының 2025 жылғы есебіне сәйкес, әлемдегі құс түрлерінің 11,5 пайызы, нақтырақ айтқанда 1256 түрі бүгінде жер бетінен біржола жоғалып кету қаупі жоғары топқа енген. Ең қауіптісі, жалпы құс атаулының 61 пайызы жыл сайын азайып барады. Бұл кұс түрлерінің жүйелі дағдарысқа ұшырағанын айғақтайтын биоалуантүрлілік дағдарысының басты белгісі ретінде қарастырылуда. Аймақтық деңгейдегі деректер де көңіл көншітпейді. Мәселен, Солтүстік Америка 1970 жылдан бері 2,9 миллиард құстан айырылса, Еуропалық Одақ елдерінде 1980 жылдан бері құстар саны 600 миллионға азайған. Бұл ретте тек сирек кездесетін экзотикалық құстар ғана емес, адамдар күнделікті көріп үйренген қарапайым түрлердің де сиреп бара жатқаны байқалады. Демек, бүгінгі таңдағы басты түйткіл – тек «бірен-саран сирек құсты» сақтау емес, тұтас экожүйелік тепе-теңдіктің бұзылуын тоқтату.

Сандарды сөйлетсек…

«BirdLife International» ұйымының 2025 жылғы есебіне көз жүгіртсек, Халықаралық табиғатты қор­ғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміндегі ең қатерлі санат – «Critically Endangered» немесе жойылу алдын­да тұрған құстардың саны 223-ке жеткен. Бұл тек сан емес, жер бетіндегі тағдыры қыл үстінде тұрған тіршілік иелерінің тізімі. Олардың басым бөлігіне қазірдің өзінде «табиғатта жойылып кетуі мүмкін» деген белгі қойылған. Яғни, адамзат құстардың қағаз жүзінде әлі жоғалтпағанымен, іс жүзінде оларды аман сақтап қалуға мүмкіндігі аз. Мәселен, Үндістанның мақтанышы саналатын жорға дуадағының саны бүгінде 300-ден азайған. Сол сияқты, қалақтұмсық балшықшының саны небәрі 250-ге де жетпейді деп бағалануда. Ал Бразилия ормандарын мекендейтін Стреземанн қылшықтұмсығының жер бетінде он шақтысы қалуы мүмкін деген болжам нағыз биологиялық апаттың көрінісі. Бұл мысалдар жойылу қаупінің теориялық ұғымнан нақты трагедияға айналғанын айғақтайды.

Ерекше назар аударатын тағы бір жайт – қауіп тек алыс аралдардағы оқшауланған құстарға ғана тән емес. 2025 жылғы зерттеулер миграциялық жолдармен ұшатын су құстары мен жағалау құстарының арасында да жағдайдың күрт нашарлағанын көрсетіп отыр. Олардың ішінде біздің өңірге жақсы таныс безгелдек тектестер де бар. Демек, құс дағдарысы тек алыстағы тропикалық ормандардың проблемасы емес, ол Еуразияның кең даласы мен сулы-батпақты алқаптарына да тікелей төніп тұрған қатер.

Дала қыранының тағдыры

BirdLife халықаралық ұйымы қыран құстың жойы­лып кету қаупі жоғары деп санаса, 2023 жылы Алматыда өткен «Палеарктика қырандары» конференциясында сарапшылар бұдан да өзекті деректі жария етті. Дала қырандарының 75 пайызы Қазақстан аумағында салады. Алайда 2018 жылдан бері еліміздегі популяция 15 пайызға, яғни 4 мың жұпқа азайған. Бұл жай ғана статистика емес, жаһандық деңгейдегі бір құстың тағдыры табиғат қорғау шараларымызға тікелей тәуелді екенінің дәлелі. Қырандарға төнген басты қатер – тың жерлердің ауыл шаруашылығына аяусыз берілуі, жемтік қорының азаюы және қауіпті электр желілері. Бұл мәселе тек қырандарға ғана емес, ақсұңқар секілді өзге де сирек құстарға тән. «BRCC» мәліметінше, ақсұңқар популяциясы соңғы ширек ғасырда 80 пайызға қысқарып, қазір небары 1000-1500 жұп шамасында ғана қалған. Демек, қыранның мекен ету ортасының тарылуы мен заңсыз аулау құстардың басты жауына айналып отыр.

Табиғатқа қысым

BirdLife 2025 жылғы жаһандық талдауы құстардың азаюына әсер ететін бес негізгі факторды айқындады. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы (73%), орман ағашын кесу (50%), инвазиялық түрлер (43%), заңсыз аулау (41%) және климаттың өзгеруі (37%). Қазақстан үшін бұл тізімнің әрбір тармағы таныс. Әсіресе, сулы-батпақты алқаптардағы су режимінің өзгеруі мен инфрақұрылымдық нысандардың ретсіз салынуы құстардың тіршілік кеңістігін тарылтуда. Көші-қон жолдарындағы қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Оқшауланбаған электр сымдары жыл сайын миллиондаған құстың, соның ішінде дегелек, құзғын және лашынның азаюына себепкер болуда. Сарапшылардың пікірінше, мәселе тек жаңа қорықтар ашуда емес, қолданыстағы энергетикалық және көлік инфрақұрылымын құстар үшін қауіпсіз ету.

Болашаққа болжам

Құстардың тағдыры бүгінде адамзаттың экологиялық ар-ожданы мен жауапкершілігінің таразысына түсіп тұр. Егерде күні даламызда қыран қалықтап, көлімізде аққу мамырламаса, бұл бір түрдің жойылғаны емес, тұтас экожүйенің күйрегенінің белгісі болмақ. Сондықтан Халықаралық құстар күні жай ғана күнтізбедегі айтулы күн емес, әрбір азаматтың табиғат алдындағы парызын өтейтін, келешек ұрпаққа аманатты тапсыруды көздейтін нақты істердің бастауына айналуы тиіс. Қанатты достарымызды қорғау арқылы біз өзіміздің өмір сүру ортамызды сақтап қалатынымызды ұмытпаған абзал. Көгімізден құс үні үзілмесін десек, бүгіннен бастап табиғатпен үндестікте өмір сүру мәдениетін қалыптастыру  – басты міндетіміз.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: