Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қуат Шарабидинов, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы: Ұлт болашағы үшін атқарылар іске үн қоса береміз

29.06.2024

487 0

28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиал төрағасы Қуат Шарабидинов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапаттады. Мемлекет басшысы марапаттау сәтінде журналистердің ұлт мүддесі жолындағы еңбегіне ерекше тоқталды.

«Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биыл 95 жылдығын тойлағалы отырған «Сыр бойы» газетінің қазақ журналистикасында алар орны бөлек. Мерейтой қарсаңында ата басылымның бас редакторы Қуат Әбішұлымен бүгінгі журналистика, ғасырға жуық тарихы бар басылымның көтерер жүгі турасында сұхбаттастық.

Аға, ең әуелі кәсіби мереке және басылымның мерейтойы құтты болсын. Оқырманды қандай жаңалықтармен қуантасыздар?
– Әрине, қалам ұстаған журналистер қауымының дәстүрлі мерекесі құтты болсын! Жаздың ортасында келетін осы мерекенің өзіндік реті мен орны бар. Бұған дейін мәдениет және өнер, содан кейін медицина қызметкерлерінің төл мерекесі жоғары деңгейде салтанатты түрде аталып өтті. Осы салалармен қатар, журналистика да қоғам дамуына қомақты үлес қосып келеді. Ең бірінші, тілдің, ойдың, мәдениеттің, дәстүрдің, бәрінің төрт тағанындай руханияттың маңызды мерекесі деп қабылдау керек.
«Сыр бойы» газетінің 95 жылдығына орай бірқатар қаламгерлер атындағы дәстүрлі турнирді өткіздік. Жуырда облыстық деңгейде Оразбек Мақсұт атындағы билярдтан дәстүрлі турнир өтті. Сәтін салса, күзге қарай Қалқабай Әбенов атындағы шығармашылық байқаудың қорытындысын жариялаймыз. Кәсіби мерекеден кейін газетіміздің 95 жылдығына орай аудандарда оқырмандармен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз.
Алла бұйыртса, ғасырға бір қадам қалды. Қалай елестетесіз?
– Мереке қарсаңында облыстық «Сыр бойы» газеті өзінің 95 жылдығын атап өткелі отыр. 1929 жылдың 1 шілдесінен бері шығып келе жатқан басылымның осы кезге дейінгі тарихы, жүріп өткен жолы, басылымда қызмет еткен аға буынның шығармашылығы қай кезде де биік мәртебесін, лайықты бағасын алды. 95 жыл адам үшін қарттық кезең шығар, бірақ газет үшін нағыз жаңару мен жасарудың, қоғаммен бірге тыныстау, жаңа буынның алмасуымен өзінің жолын ары қарай жалғастырып, сол жолда өзінің жеткен бір белесі деп қабылдау керек. Жүз жылға бір қадам қалды, енді бес жылдан кейін «Сыр бойы» газеті ғасырлық тойын тойлайды деп бек сеніммен айта аламыз. Өздеріңізге мәлім, биыл республикада бірқатар аймақтық басылымдар ғасырлық мерекесін атап өтті. Сол басылымдардың өмір тарихында қандай жаңалықтар болса, облыстық «Сыр бойы» газетінің жүріп өткен жолында дәл сондай жаңалықтар болды. Кеңестік жүйеде қызмет етті, тәуелсіздік алғаннан кейін елдің руханиятын көтеруге, еңбекші қауымның, ауыл халқының мүддесін қорғап, солардың үнін жеткізуге, өзге де ел оқиғаларын айтып, жылт еткен жаңалықтармен хабардар етуде, ел ішіндегі авторлардың ой еңбегін танытуда – осылардың барлығын елге насихаттауда өз ұстанымын, өз жолын жалғастырып келді. Ғасырлық мерейтойға басылым өзінің салған сара жолымен, қоғамға, уақытқа сай жаңарып, жасарып жететініне сенемін.
Ұжымда қазақтың талай марғасқасы еңбек етті. Қазақ журналистикасының тарихында алтын әріптермен жазылған тұлғалардың қолтаңбасы қалған басылым. Оларға құрмет ретінде қандай іс атқарылуда?
– Ғасырға жуық тарихы бар газет редакциясында талай марғасқа азаматтар мен азаматшалардың еңбек еткенін тарихтан жақсы білеміз. Көзіміз де көрді. Осы газет ісіне араласқан 23 жылдың көлемінде аға буын өкілдерінің бірқатарымен араластық. Қызметтес болдық, сыйластық. Әрбірден соң іссапарларға бірге шығып, олардың мол тәжірибелерін алдық. Тәжірибенің аты – тәжірибе. Бұған дейінгі «Сыр бойының» ақпараттық кеңістіктегі беделі өте зор болды. Қазір де сол үлкендер салған салған сара жолды жалғастыруға тырысып, қал-қадірімізше жұмыс істеп келеміз. Әрине, сырғыған уақытпен бірге түрлі өзгерістердің болуы заңдылық. Тәуелсіз елімізде де көптеген өзгеріс болып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кейінгі жылдардағы үлкен саясаты, үкіметтің ұстанып отырған бағыты, облыс басшылығының бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасы – осының барлығы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудегі үлкен дәнекерлік. Біз әрі қарай да әділетті Қазақстан, әділетті қоғам, адал адам, адалдық принциптерін ұстанған қоғамда болашақ үшін өскелең ұрпақтың ендігі жақсы жолы, жақсы өмірі үшін атқарылар іске әлде де үн қоса береміз.
Газеттің тарихына байланысты осы арада айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық жинағы жарық көрді. Бұл үлкен еңбек деп бағаланып, жер-жерден мықты журналистер мен жазушылар, шығармашылық өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысып, мұндай еңбектің басқа өңірлерге үлгі болу керегін айтты. Міне, «Сыр бойы» газеті облыстың ата басылымы ретінде осы бес томдықтың алғашқы томының жүгін көтерді. Кітапқа енгізу үшін біз бұған дейін екұшты айтылып келген ең алғашқы редактор, ең алғашқы жарыққа шыққан нөмірі туралы біраз іздендік. Қазақстанның архивінен табылмаған дүниелер Ресейдің архивінен шықты. Ресейдің ұлттық кітапханасынан біз «Сыр бойы» газетінің латын қарпінде жазылған ең бірінші нөмірінің түпнұсқасын таптық. Сол нөмірде шығарушы редакторы ретінде Батырғали Халықұлы деген азаматтың қол қойғаны жөнінде деректерге қанықтық. Одан кейін Катаулин, Сағатов, Сүйінов деген кісілер газетке қол қойған. Қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов, Жиенғали Тілепбергенов те басшылық еткен. Әлі күнге оқырмандар арасында ең алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов деген пікір бар. Бұл қалай өзгерді деген сияқты сұрақтар туды. Біз Ресейдің ұлттық кітапханасынан алған дерекке сүйендік. Екіншіден, бұл туралы Әбу-Сәлім Жаманқұловтың «Халық» газетінде жариялаған деректері негіз болды. Жиенғали Тілепбергенов туралы айтатын болсақ, ол – Ақтөбенің тумасы. Ақтөбенің архивіне де хат жібердік. Бірақ ол жақтан мардымды дерек ала алмадық. Осы жерде айта кету керек, шын мәнінде басылымның тарихына байланысты архивтің өз жерімізде, өз елімізде әлі де дұрыс сақталмағаны. Мұның өзі алдағы уақытта бізге тарихта өткен күндердің бағасын лайықты беру үшін ойландыратын мәселе ретінде қарау керек.
Бүгінгі шығармашылық топ та осал емес. Редакция ұжымы оқырман алдындағы жауапкершілік үдесінен шығып жүргенін білеміз. Оның үстіне, жаңа заманауи қадамдар жасалып жатқаны қуантады. Бұл ретте газеттің электронды нұсқасы, сайты қандай деңгейге жетті?
– Оқырманның алдындағы жауапкершілік үдесінен шығу деген өте үлкен әрі терең дүние. Бұл – ең алдымен, оқырманға дұрыс, нақты, түсінікті ақпарат жеткізу. Қазіргі электронды ақпарат құралдары қабаттасып, газеттің қызметін бірге атқарып келе жатқанда, олар қоғамға енгеннен-ақ газеттің рөлі қаншалықты бағалы екенін айқындап келе жатыр. Қазір дәурені өтті, газетке жазылудың қажеті жоқ деген пікірлер бар. Бірақ бірді-екілі адамның ой сарабы тұтас оқырманның қалауы емес. Кешегі пандемия кезінде байқағанымыз, газетті 2-3 күннің, әрі кетсе бір аптаның ішінде таратуға мүмкіндік болмай қалған кезде, оқырмандар іздеп, қоңырау шалды. Менің өзіме Жаңақорған, Арал, Жалағаш аудандарынан оқырмандар хабарласты. Олар «Біз елдегі болып жатқан жағдайдан нақты мәліметті, жаңалықты газеттен білеміз. Неге уақытылы келмей жатыр» деген сияқты пікірлер айтылды. Сондықтан дәл қазір газеттің, баспа құралына қатысты пікір айтқанда салмақты, мәдениетті, әрі парасатты түрде ойланып, жүйелі сөз айтылса екен деймін.
Электрондық нұсқаға байланысты айтсақ, 2014 жылы газеттің сайттары ашылды. Сол уақыттан бері әлсін-әлсін мамандарды іріктеп, оларды оқуға жіберіп, мамандармен пікірлесіп, жан-жақты ізденіп, тәжірибе алмасқанның нәтижесінде газеттің сайты өз деңгейіне келіп қалды. Әрине, бұл деңгей әлі де төмен. Күн сайын жаңалықтарды беруде әлі де кемшіліктеріміз бар. Бірақ газеттің де, сайттың да ұстанатын ең басты ұстанымы – жауапкершілік. Өйткені біз кез келгеннің жеке пікірін жариялай бермейміз.
Ата басылымның бас редакторы ретінде бүгінгі оқырманның талабы мен сұранысын қалай бағалар едіңіз? Осы күні оқырманға қандай тақырыптар өтімді?
– Оқырман талғамынан шығу, әрине оңай емес. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Бірақ әр оқырманның жүрегіне жақын тақырыптар болады. Сондықтан газет беттерінде біз мүмкіндігінше түрлі мазмұндағы, түрлі айдардағы материалдарды қамтуға тырысамыз. Сол дүниелерді беруде журналистикадағы жанрлық ерекшеліктерге байланысты ашық айту керек, алдыңғы толқынның, тәжірибелі журналистердің «бұрынғы жанрларды қайтып енгізу керек, ой-пікірі шашыраңқы дүниелерді азайтып, нақты жанрлық мазмұнға көшу керек» деген пікірлерін өзім дұрыс қабылдаймын. Жасыратыны жоқ, қазір интернет желісінде кез келген тақырыпқа кез келген жерде отырып, деректер табуға болады. Бірақ жолсапар очерктер, әңгімелер, репортаждар, басқа да дүниелерді жазу үшін ең бастысы оқиға орнында болып, кейіпкермен бетпе-бет тілдесіп, маманмен көзбе-көз отырып, жағдайдың мән-жайын сұрап, сол арқылы нақты дерекке қол жеткізген жағдайға жетпейді. Әлеуметтік желі шынайы ақпарат көзі емес. Онда да түрлі жалған ақпараттар бар. Сондықтан журналистика, оның ішінде газеттің жаны – елмен етене араласу, оқиғаның ортасында болу, сапарларға шығу. Бір ғана табиғаттың өзін көзбен көріп отырып, оны суреттеп, қағазға түсіру тәрізді шеберлік оқырманға нағыз керек дүние. Біз осы бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата береміз. Қазір облыстық газеттің тілшілері кемінде айына бір рет аудандарға сапарларға шығып жүр. Олардың қаламынан туған дүниелер елге өтімдірек.
Біздің ең үлкен тірегіміз – оқырман, оның ішінде тұрақты авторларымыз. Газет өмірге келгелі бері авторлардың еңбегі бір жақ бұрышын алып, басылымның қазанында қайнап жатқан дүниелерге ортақтасып келеді. Қазірдің өзінде сала-сала бойынша өзіндік көзқарасы бар азаматтар мен кешегі қиын өмірді көрген аға буын авторлар газет бетінде тарихты қалыптастырып жатыр. Олардың қатарында Сайлаубай Жұбатырұлы, Жаңабай Кемал, Жұмабай Жақып, Оразбай Қосанов, Темірбек Есжанов, Рысбай Кәрімов тәрізді ағаларымыз бар.
– «Үркерге» үміттілер көп. Бұл сыйлықтың қолға оңай тимейтіні де анық. Маңдай тер, табанды еңбек жемісі…
– «Үркер» – ел бойынша берілетін ұлттық сыйлық. Өткен жылы біз осы «Үркерге» қатысу үшін тиісті құжаттарды санаулы күн қалғанда өткіздік. Бірақ сарапшылар үздік аймақтық басылым ретінде «Сыр бойы» газетін таңдады. Біз оған қуаныштымыз. Сарапшылар республикадағы мықты-мықты тұлғалар болды. Басқа өңірлік басылымдар арасынан топ жарып, 2023 жылы «Үркерді» иелену үлкен қуаныш болды. Тарихта қалатын оқиға. Кеңестік кезеңде басылым «Құрмет белгісі» орденімен, мәртебелі грамоталарымен марапатталып келсе, тәуелсіздік жылдары «Алтын жұлдызды» алды. Бұл да ұлттық сыйлықтан кем емес. Президенттің арнайы сыйлығын алды. Міне, осы марапаттар мен газетке деген құрмет өткен жылы «Үркермен» толығып, үмітіміз ұшталып, 95 жылдыққа жақсы бір жетістікпен қадам басқанымызды мақтан етеміз.
Бүгінде медиа тренерлер жетерлік. Олардан алған білім журналистердің біліктілігін арттыруға ықпал ете ме?
– Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде пандемияға дейін осындай үрдіс пайда болды. Сөзінің сәл желі бар, қағілез мінезді, бірақ қоғамда атқарған қызметі елге беймәлім адамдарға дейін тренинг өткізіп, ел жағалап, қаншама адамның уақытын алып, қаншама қаржыны желге шашып кеткенін де жұрт жақсы біледі. Бұл, біріншіден, нағыз майталман мамандардың өткізетін дүниесі болу керек, екіншіден, журналиске, шығармашылық өкіліне әуелі Алла берген дарыны, қабілеті, екінші білімі, көзқарасы, үшінші қоғамда болып жатқан оқиғаларға ой-сарабы ғана көмектеседі. Сондықтан медиа саласындағы тренерге байланысты сарапталған нақты шешімдер болу керек. Мен Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы тәрізді журналистиканың қазанында қайнап, аға буынның мектебінен өтіп, бүгінгі қоғамның тамыр бүлкілін баса алатын адамдардың тренер болып, дәріс өткізгенін қалар едім. Ал жалпылама тренинг өткізу көп жағдайда қисынға келе бермейді. Бұған бір дұрыс көзқарас керек деп ойлаймын.
Телеарнада да, газетте де өзіңіздің білікті маман екеніңізді көрсеттіңіз. Әрбір жазған мақалаңыздан ұлттық рухты көруге болады. Бұл жерде кейінгі толқынға қандай кеңес айтар едіңіз…
– Кейінгі толқынға кеңес айтудан аулақпын. Шығармашылық – деген өте нәзік те күрделі нәрсе. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанның әлеуметтік желіде жақсы ой-танымы жарияланды. Барлық оқырман танысты деп ойлаймын. Соның ішінде журналистердің жағдайына байланысты дәл қазіргі әлеуметтік өткір мәселені көтерді. Шын мәнінде бүгінгі қоғамда сананы билеген тұрмыс жайы қиындатып тұр. Әсіресе, журналистердің, шығармашылық өкілдерінің, баспа БАҚ-та қызмет етіп жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін көтергені көптің көңілінен шықты. Көңілі тоқ адамнан жақсы дүние шығады. Оны шығармашылық өкілдері жақсы түсінеміз. Басқа салалардан біздің мамандығымыздың ерекшелігінің көрінетін жері осы.
– Сұхбатыңызға рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Қуат Шарабидинов, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы: Ұлт болашағы үшін атқарылар іске үн қоса береміз

Сұхбаттасқан Дәулет Қырдан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: