Сенбі, 21 желтоқсан, 21:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қыс еркелікті көтермейді

21.12.2024

81 0

«Қар жауды деп қуанба, артынан келер ызғары» деген қазақ таяқтың екі ұшы барын айқын аңғартқан. Көктен төмен құлайтын ақ ұлпасы сағындырып барып бірақ келетін Ақмешіт төрінде қар жауған сайын бөркімізді аспанға атқанмен, оның қатерін де көріп жүрміз. Әлбетте, сақтанғанды ғана сақтайтыны санада сақталмаса, қиыны сол. Сол жағалау көпірінің үстінде 10-15 көлік бір мезетте соқтығысқанын көз көрді. Жаға ұстасақ та, жанымызды шүберекке түйіп, шетелдік көліктің тізгінін еркіне жіберген кездер де жоқ емес.

Тізгіндегі минивэнді ақырын-ақырын жолға салдым. Кешегі жылы күн райынан еріген қар суға айналып, түнгі суықпен қатып үлгерген. Артынша сол қатқан мұздың үстіне жаңадан жауған қар түсті. Міне, ең қиыны – осы. Көлік шіркін, шанадай сырғанай жөнелді. Қыстық доңғалаққа қарап тұрған жоқ. Дереу жолдың жиегіне түстім де, Құдай сақтап төрт дөңгелектің күшімен қайта шықтым. Бұл жерде негізі тәжірибе керек екені айқын аңғарылды.

Облыс орталығындағы Бейбарыс сұлтан көшесінде орналасқан желімдеу орталы­ғында Бауыржан Қабылов есімді азамат бар. Ол жеті жылдан бері автокөліктердің доңғалағын бүтіндеп берумен айналысады. Ол «Қыс қамын жаз ойлайтын қазақты көрмедім» дейді қынжылып әңгіме арасында. Қар түсіп, «Ассалаумағалейкум» деп қыр басынан қыс келсе де, міз бақпаған талайлар көлік тайып, жолдан шыққанда ғана орталыққа келіп жатады екен.

– Көп адам басына таяқ тигенде ғана келеді. Желтоқсанға дейін ісін бітіріп алуды ойламайтындар көп. Біріншіден, қыс түскенде бұл жерде ұзынсонар кезек пайда болады. Екіншіден, өзіне төнер қауіп те көбейеді. Қар жауғанға дейін 5 машина келетін болса, қазір олардың саны 10-15-ке жетті. Ойлап қара­сам, жеті жыл бұрынғы жағдаймен салыс­тырғанда көп ілгері шықтық. Ол уақыт­тары кейбіреулер тіпті қысқы доңғалақ салмайтын. Қазір біреуге соғып 300 мың теңге шығынға батқанша, 100 мың теңгеге төрт доңға­лағын реттеп алғанды жақсы көреді. Біздің қазекем, басқа тимесе, қадам жасай қоймайды ғой, – дейді Бауыржан Қабылов.

Бауыржанның бізбен әңгіме­лесуге де шамасы әзер тиді. Бі­рінен соң бірі келіп жатқан көлік иесінің бәрі шаруасының біт­кенін қалайды. Тіпті, кейбіреуі жақтырмай қараған сыңай та­нытты.

– Мәселені бір жақты қа­рау­ға болмайды, – деді ескі фольксваген айдаған жүргізу­ші. – Менің атымды қайтесің, әуелі халықтың жағдайына мән бер. Астымыздағы көлікке отыз жылдан асқан. Амал жоқ, басқасына шамамыз келмейді. Такси боламыз. Бір мезгілде төрт доңғалақты 100 мың теңгеге сатып аласың. Ал оны күнделікті үйге бір бөлке нан артық апарсақ деп жүріп, бала-шағаңның аузынан қалай жырасың?! Екін­шіден, оны алмасаң, тағы бол­майды. Біреуге соқсаң, қып-қызыл шығын. Не болса да, екі оттың ортасында жүрміз, – деп аяқтады әңгімесін ескі көлікке қарап тұрып.

Осы жерде айта кетейік, Ұлт­тық статистика бюросының мәлі­метіне сүйенсек, елімізде 5 652 355 автокөлік бар екен. Ал оның 2,5 миллионы – осыдан 20 жыл бұрын шығарылғандар. Отыз жыл бұрын шығарылғандарды қоссақ, бұл сан тіпті ұлғаяды. Ал еліміздегі жаңа машиналардың саны небәрі 350 мың дана екен.

Қауіпсіздік шарасы туралы айтып өттік қой. Негізі жүргізу­шілерге 1 желтоқсаннан бастап қыстық доңғалақтар салу мін­деттелген. Егер салмаған жағ­дайда әкімшілік шара көріледі.

– ҚР Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексінің 590-бабы 5-бөлігінде техникалық регламенттердің, ұлттық стан­дарттардың талаптарына сай келмейтін, сондай-ақ көлік құ­ралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағ­дайлар бар көлік құралдарын басқару бес айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл ар­қалауға әкеп соқтырады. Көлік құралдарына орнатылған қыстық доңғалақтарда қырау суреті бар, үш шыңды тау түріндегі белгісі бар, сонымен қатар «M+S», «M S» белгілерімен таңбалануы тиіс, – дейді Қызылорда об­лысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұркен Бақтияров.

Жолдың тайғанақ мұзға айналуы – табиғи процесс. Бәлкім, «Қызылорда тазалығы» неге реттемейді деген сауал қоятындар да табылар. Бүгінде қаланың коммуналдық сала қызметкерлері қол қусырып бос отырған жоқ. Олар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қала ішіндегі жаяу жүргінші жолдарын тазартып жүрген адам­дарды жиі кезіктіресіз. Ал арнайы техникалар жолға құм аралас тұз сеуіп, қырып, сыпыру жұмыстарымен айналысуда.

– Біз мұндай уақытта дема­лысты ұмытамыз. Ауысыммен жұмыс істеп, қашан тірлік бірың­ғай­ланғанша табан ет, маңдай терімізді саламыз. Осы жерде айта кетейін, дүкендер мен супер­маркеттер тәрізді халыққа қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлік иелері тым құрыса елдің кіріп-шығатын жерін қардан күреуі керек қой. Олар мұны істемейді. Ал кү­регендерінің өзі жолдың орта­сына үйіп тастайды. Сондықтан бұл маусымда барлық сақтық шараларын сақтап, қауіпсіздікті бірінші орынға қою керек. Менің ойымша, жүргізушілер мұндай уақытта ара қашықтық сақтап жүрген дұрыс. Сосын қыстық доңғалақтарды міндетті түрде салған жөн. Әйтпесе, өзінен бөлек, өзгенің де өмірін қатерге тігеді ғой. Мекемелерге келсек, әрбір мекеме өз ауласын реттеп, тазартуға болады. Тазалық – әр­біріміздің міндетіміз, – дейді «Қызылорда тазалығы» мекеме­сінің сектор меңгерушісі Гүлзинат Жұмабекова.

Қалай десек те, «Сақтансаң, сақтайды» деген ұстаным алда тұрғаны жөн. Қазіргі таңда Қызылорданың оңтүстік аудан­дарына қарай жол жабылып, қозғалыс уақытша тоқтатылды. Сол тыйымға қарамай, басын қауіпке саналы түрде тігетіндер де бар. Демек, кінәні өзгеден емес, өзімізден іздеп үйренген жөн. Біреудің әрекетіне екінші біреу жауап бермейді.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: