Жексенбі, 29 желтоқсан, 17:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сағыныш пернесі

28.09.2024

200 0


Мен ұстаздар отбасында өмірге келдім. Біздің бала кезі¬міздегі ең бірінші талап – тәр¬бие, екіншісі, білім алу еді. Ес жиып, етек жинағалы шаңырағымызда тек қана әдебиет жайлы, ар жайлы әңгімелер қауза¬латын. Үнсіз ұғынысып, сөзсіз түсінісетін әкеміз бен анамыз үйде де педагог секілді еді. Ерке¬летулерінің де, маңдайдан өбулерінің де өзіндік өлшемі болатын. Өбектеуден, емірену¬ден туындайтын сезімдердің қадірі кетпесе дей ме, әйтеуір, біз әке-шешеміздің «айналайын» деген бір ауыз жылы сөзін есту үшін тәрбие шеңберінен шық¬пайтынбыз, «алтыным» деген бір ауыз лебізін тыңдау үшін үздік оқуға тырысатынбыз. Есей¬дік, отбасын құрдық, аз-көп шәй¬үсті кикілжіңдерге кезіктік… Шынымды айтсам, өмірде ондай кикілжің болып тұратынын білмей келіппін. Себебі, ата-ана¬мыз балаларының көзінше ешқашан «шәй» деспейтін.
Иә, оқырман, мен әкем мен анам жайлы сөз бастадым. Әкем Қуаныш Нысанұлы 1944 жылдың 13 сәуірінде Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Аққұм совхозында дү¬ниег¬е келген.
1965 жылы Қызылорда қала¬сындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының жа¬ратылыстану факультетіне тү¬сіп, 1970 жылы химия-биология пәні мұғалімі мамандығы бойын¬¬ша бітіріп шығып, үлкен өмір¬ге қанат қаққан. 1970 жылы Жалағаш аудандық білім бөлі¬мінің жолдамасымен Аққыр сов¬хозындағы №188 орта мек¬тебі¬не анамыз Илья Махадин¬қызымен қатар келіп, бірі мате¬матика, бірі биология пәні¬нің мұғалімі болып, ұстаздық жолын бастаған.
Біздің ауыл өзіне ғана жара¬сымды қоңырқай тіршілігі бар, мамыражай қалыпты кеңшар еді. Адамдары әндетіп жүретін. Ұстаз сыйлай білетін. Сонан ба, ұстаздарды хан көтеретін ауыл¬да біз ханзада-ханшайымдардай ғұ¬мыр кештік. Ауылдастар өте ең¬бекқор еді. Дәл қазіргідей тап¬қа бөліну, бейнетті біреу жа¬сап, зейнетін бөтен көру деген жоқ, бәрі тең еді. Аналарымыз көріспесе сағынысып тұратын, жүздеспесе жабығысып қалатын. Оларға ортақ ұқсастық – бәрі отағасын құдайындай көретін. Әкелерімізді Алатаудан биік етіп көрсететін. Әкелердің қаһарлы мінезіне міз бақпай ғұмыр кешетін. Қазіргідей әйелдердің зәрлі дауы¬сын мүлдем естімейтінбіз. Сон¬дай сұлу көріністердің қабыр¬ғасын кім қалайды? Әрине, ауыл ұс¬таздары мен олардың бір сөзін жерге тастамайтын таза қоғам. Міне, менің әкем мен шешем сондай қайраткер жандар болды. Мамыр сайын әр жыл¬дардағы шәкірттері қияға қанат қомдайтын да, жылдар өткесін әкеміз бен шешемізге алысқа білім сапарына кеткен ұл-қыздарындай жапырлап ке¬ліп, алғыс жаудырып жататын. Сондай сәттерге сүйсініп өскен мен әр күн сайын ұстаз болсам деген арманмен оянушы едім.
Біз – педагогпыз. Алдымызға мыңдаған тағдыр, мыңдаған тап-таза жүрек келеді. Сия тимеген парақтай аппақ кеуілдерге не жазсаң, шәкірт соны оқып, соны тоқып өмірін өткізеді. Менің кеуілімдегі ұстаз әке-ше¬шемнің қолтаңбасы да мені өз маман¬дығынан ешқашан жері¬ніп көр¬меген адамға айнал¬дыр¬ғандай.
Жасымыз қазір елуге жақын¬дады. Кейінгі толқын өздеріне үлгілеп жатады, кейде ата-ана¬лар, әріптестер майталман ма¬ман¬ға теңейді. Мен бұған қалай қол жет¬кіздім, әрине, «күпі киген қа¬зақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын!..» – деген Мұқағали жырындағыдай әке-шешемнің ұстаз тағдырын қайталауға тыры¬сып күн кештім. «Әке-шешенің тағылымы балаға мың жылдық азық» деген сөз рас екен.
Білім саласында еңбек етемін дедім ғой. Біраз жыл мектеп басшысының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары да бол¬дым. Баламен басталып, ата-ана¬мен һәм қоғаммен аяқталатын ағарту ісінің қалтарыс-бұлта¬рысын көп көрдік. Жалғыз баласына жанұшырғандай боп ата-ана келеді. Көбі өткен дәуір¬дің тәрбиесін көргендер, кей¬біреуіне мораль жетіспейді, мораль болғанда, әкеге қарап өспеген ұлдар мен анаға қарап өспеген қыздардың дайындық¬сыз күйде ата-ана болуы бала болашағына зор зақым келтіріп жатады. Сонда, «алты ағаң қо¬сылып әкең, жеті жеңгең қо¬сылып шешең бола алмайды» деген қазақ сөзіндегідей жанып тұрған балалардың ата-анасы бола алмайтынымыз еске түсіп, бармақ тістейміз. Барлық әке-шеше біздің ата-аналардай бол¬ғанда ғой дейсің осындайда.
Жақында анам өмірден өтті. Ұрпағы үшін дұға етуден тал¬маған анамның аялы алақаны соңғы сәтіне дейін жып-жылы болып тұрды. Қабіріне кеткенше жүзінен нұры таймады. Бауырларым «өмірден анам кетті» деп босап жатса, мен «өмір¬ден мықты ұстаз кетті» деп те жыладым. Себебі, анам – менің педагогикадағы идеялым еді…
Бұл ұстаз жанымның күн¬де¬лігіне түскен сағыныш жазу¬¬лары. Ал, кеудемдегі күрсі¬ніс – анама деген мәңгілік сағы-ныштың сазы. Бақұл бол, ұстаз-ана! Мен ұстаздар мереке¬сін алғаш рет анамсыз қарсы алғалы тұрмын!

Нұргүл НЫСАНОВА,
Мұстафа Шоқай атындағы мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: