Сейсенбі, 31 наурыз, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23 (2235)
31.03.2026
PDF мұрағаты

Сағыныш Қадрияқызы, №267 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі, қолөнер шебері: Айналаға әсемдік сыйлағым келеді

31.03.2026

39 0

Бүгінде табиғи өнімдерге деген сұраныс артып, келеді. Кәсіптің көзін тауып, айналасына қуаныш сыйлап жүргендер көп. Солардың бірішығармашылық пен ұстаздықты қатар алып жүрген Сағыныш Қадрияқызы. Ол №267 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі, қолөнер шебері. Сабын жасауды хоббиден кәсіпке айналдырған шебермен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Сабын жасауды қалай бастадыңыз?

– Бұл істі шығармашылыққа деген қызығушылы­ғымның арқасында бастадым. Соңғы жылдары табиғи өнімдерге сұраныс артып, химиялық қоспасыз, пайдалы заттардан жасалған бұйымдарға сұраныс артуда.  Алғашында жай ғана хобби ретінде бастап, сабыннан түрлі пішіндер мен иістерді тәжірибе жүзінде жасап көрдім. Уақыт өте келе бұл мені шабыттандыра түсті.

– Ұстаздық пен шы­ғармашылықты қалай ұштастырып жүр­сіз?

– Ұстаздық пен шығар­машылық – бір-бірін то­лықтыратын бағыт. Сабақ барысында оқушылардың шығарма­шылық қабілетін дамы­туға мән беремін. Қолөнер элементтерін ен­гізіп, өз жұ­мысымды үлгі ретінде көр­сетемін. Мұғалім – өз саласының шебері болуы керек. Сабақ өтумен, бір күндік жоспар­мен ғана шектелмеуі керек. Қазіргі таңда балалар алғыр. Мен бұл кәсібімді оқушыларыма көрсету арқылы олардың қызығушылығын арт­тырып, жаңа нәрсе үйренуіне ықпал еткім келеді.

– Сабыннан түрлі компози­ция жасауға идея мен шабытты қайдан аласыз?

– Шабытты көбіне табиғаттан аламын. Гүлдердің нәзіктігі, та­биғат­тың алуан түрлі бояуы мен пішіні әрбір туындыма әсер етеді. Кейде оқу­шыларымның тың идеялары да жаңа дүниелер жасауға жетелейді. Жай ғана пікір алмасудың өзі маған ерекше серпін береді.

– Бір сабын композициясын жасауға қанша уақыт кетеді?

– Бұл оның күрделілігіне байланысты. Қарапайым түрі 1-2 сағатта дайындалса, бірнеше элементтен тұратын күрделі жұмыстарға 3-5 сағат, кейде одан да көп уақыт қажет болады.

– Сабын жасауда қандай материалдар қолданасыз? Олар қаншалықты қауіпсіз?

– Негізінен арнайы сабынды, табиғи және эфир майларын, сапалы бояғыштарды қолданамын. Хош иіс беру үшін табиғи хош иістердіргіш пен шөп қоспаларын пайдаланамын. Барлық материалдар теріге зиянсыз.  Қолдан жасалған сабындардың ерекшелігі табиғилығы мен бірегейлігі. Әр сабын қолдан жасалғандықтан, оның пішіні, түсі, иісі қайталанбайды. Сонымен қатар тұтынушының талғамына сай жеке тапсырыспен дайындауға мүмкіндік бар.

– Оқушылардың қызығушылығы қалай?

– Оқушылар өз қолымен әдемі әрі пайдалы бұйымды ынтамен  жасайды. Кейбір оқушылар ғылыми жобаларда, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

– Бұл істі табыс кө­зіне айналдыра ал­дыңыз ба?

– Ең алдымен тәжі­рибе жинап, өнім сапасын артты­руға көңіл бөл­дім. Кейін тұты­ну­шыларға таныс­тырып, сенім қалыптастырдым. Қазір тұрақты тапсы­рыс берушілер бар. Бұл хоббиім қосымша табыс кө­зіне айналды.

– Тұтынушылар көбі­не қандай өнімге тапсырыс береді?

– Көбіне сыйлық­қа арналған әсем композициялар сұ­ра­нысқа ие. Гүл, жүрек пішін­ді және мерекелік тақы­рыптағы са­бындар, сондай-ақ бала­ларға арнал­ған жануар­лар бейнесіндегі өнімдерге жиі тапсырыс түседі.

– Қолөнермен айналысқысы келетін жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы, қызығушылық пен шыдамдылық. Қателіктен қорықпай, үнемі ізденіп, тәжі­рибе жасап көру қажет. Кез келген істі сүйіспеншілікпен атқарса, нәтиже болады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: