Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Салаға серпін беретін тұжырымдама

15.06.2024

364 0

Елімізде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
Жаңа құжат салаға қандай өзгеріс әкеледі?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланған тұжырымдама ел денсаулығын жақсартуда денсаулық саласының инфрақұрылымын дамыту
маңызды екені атап айтылды.
Мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда елімізде 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, медициналық жабдықтар сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Дегенмен инфрақұрылымның тозу деңгейі 50 пайызды құрап отыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәлімдеуінше, елде медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан асса, қызмет көрсету сапасы техниканың тозу салдарынан төмендеген.
– Жалпы 102000 төсек-орын қорындағы ересектерге арналған 11000 төсек-орынның тиімсіз пайдаланылуы анықталып отыр. Нәтижесінде өңірлер арасында төсек-орынмен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша айырмашылық байқалуда. Сонымен қатар 6 аймақта педиатриялық керуеттер шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Нәтижесінде 1200 төсек-орындарының, соның ішінде жүкті және босанған әйелдерге арналған төсек-орын тапшылығы байқалады, – деді денсаулық сақтау министрі
Алдағы уақытта денсаулық сақтау инфрақұрылымы нормативтерге сәйкестендіріліп, төсек-орын қоры қайта қаралмақ. Министрлік тарапынан 10000 адамға шаққандағы есеппен халықтың сұранысына сай өңірлер бойынша «стационарлық көмек көрсету бойынша қажеттілік нормативі» бекітілді
Сондай-ақ салада кадр тапшылығы да өзекті мәселе. Бүгінде денсаулық саласында 270 мыңнан астам медицина қызметкерінің 80 мыңнан астамы дәрігер болса да, кадр тапшылығы сезілуде. Әсіресе анестизиолог-реаниматолог, терапевт, акушер-гинеколог дәрігерлерлеріне сұраныс көп.
– Инфрақұрылымды жоспарлау процесі демографиялық және халықтың аурушаңдық көрсеткішінің ұзақ мерзімді болжамдарына негізделеді. Осы іс-шараларды тиімді іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданып, қолданыстағы ақпараттық жүйе базасында денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленеді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды оңтайлы жоспарлауды, мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі денсаулық сақтау нысандары құрылысын кезең-кезеңімен жүргізуді көздейді. Бұл ретте 11440 төсек-орынды құрайтын 34 негізгі жоба қарастырылған, –дейді министр А.Әлназарова.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов саланың инфрақұрылымын дамытуға жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Жаңа тұжырымдама аясында медициналық мекемелердің құрылысына арналған орындарды анықтау процесі мерзімді болжамдар мен халықтың әртүрлі көмек түрлеріне қажеттіліктерін ескере отырып, қайта қаралмақ. Үкімет басшысы жобаларды іске асыру барысында құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды отандық өндірушілерді барынша тарту маңызды екенін атап өтті, бұл өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізбек. Сондай-ақ халықаралық сапа стандарттары сақталуы керек.
– JCI (Joint Commіssion International) халықаралық стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді, олардың қатарында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық орталығы және басқалары бар. Осы стандарттар бойынша аккредиттелу денсаулық сақтау сапасының жоғары деңгейін көрсетеді. Барлық денсаулық сақтау мекемесі осындай деңгейге ұмтылу керек. Сондықтан негізгі нысандарды жоблау кезеңінен бастап JCI халықаралық стандартының талаптары ескеріліп, көзделуі тиіс, – дейді Үкімет басшысы.
Тұжырымдаманы іске асыру арқылы денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін 30 пайызға дейін төмендету, жарақтандыруды 88 пайызға дейін жеткізу және кадрлармен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Бұл тапсырма өңірде қалай орындалатынына тоқталсақ. Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жоспарланған жұмыстарды атап айтты.
– Қазір аймақта тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, сала инфрақұрылымын жетілдіру кешенді жүргізілуде. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне табысталады. Жақын күндері ұлттық жоба аясында Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік алынуда. Осы кезге дейін облыстық қан орталығының жеке ғимараты болмаған, – деді аймақ басшысы.
Аймақ басшысы жауапты мекеме басшыларына құрылысы қолға алынған, қайта жаңғыртудан, күрделі жөндеуден өтетін нысандардағы жұмыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Нысандар ең алдымен халыққа ыңғайлы, жайлы болуы тиіс. Мұнан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жаңадан пайдалануға берілетін мекемелерді заманауи, қажетті құрылғылармен толық қамтамасыз ету тапсырылды.
Осы орайда айта кетерлігі, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Досан ауылында жаңа медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Биыл 3 млрд 800 млн теңгеге 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесін газға ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ өткен жылы облыстың денсаулық сақтау ұйымдарына 513 млн теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік берілген. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында жүзеге асып жатқаны белгілі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: