Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Серікбай Қосанов, түркітанушы ғалым: Жалаңтөс Баһадүр – екі халыққа да ортақ тұлға

02.04.2024

1423 0

Сурет:аqtobegazeti.kz

Жуырда Өзбекстан тарапы Самарқан билеушісі Жалаңтөс баһадүр туралы фильм түсіргені белгілі. Кино әлі жарыққа шықпаса да ай басында фильм трейлері интернет ресурстарды шарлады. Сол-ақ екен, отандық тарихшылар мен белсенділер ондағы көркем шындыққа келіспейтінін жеткізіп, әлеуметтік желіде талас басталған-ды. Басты сын – тұлғаның ұлтына қатысты мәлімет. Желі қолданушылары Өзбекстан батыр бабаны қазақтан алшақтату арқылы тек өзінің тұлғасы етіп көрсетуге тырысқан деген өкпе айтуда. Осы орайда белгілі түркітанушы ғалым Серікбай Қосановпен сұхбаттасып, Жалаңтөс баһадүр туралы тарихи шындық, өзбектердің саяси көзқарасы, қазақ қоғамының реакциясы төңірегінде сауал қоюдың сәті түсті.

 – Серікбай Қылышбайұлы, желіден байқаған боларсыз, Жалаңтөс батыр туралы түсірілген көркем фильм қызу талас тудырды. Тарихшы ретінде ала шапанды ағайынның Жалаңтөсті меншіктеуі қаншалықты әділ деп санайсыз? Қазақ қоғамының өкпесі орынды ма?

 – Әлбетте, өзбек киногерлері «Эмир Ялангтуш бахадур» көркем фильмін түсіргенінен хабардармын. Осыған байланысты әдеттегідей әлеуметтік желі беттерінде түрлі пікір жарияланып жатқанын білемін. Пікірталас барысында оқығандар ғана емес, қарапайым қазақ оқырмандары да көзқарастарын білдіруде белсенділік танытуда. Бұл жағдайға түсіністікпен қараймын.

 Сауалға жауапты әріден бастаған жөн. Себебі Орталық Азияда көшбасшы саналатын екі халықтың тілі мен діні ғана емес, ежелгі тарихы да біте қайнасқан. Түркі қағанатын айтпағанда, орта ғасырлардан бергі замандарда бір аймақта – Сыр мен Әму арасын қыстап, Арал мен Каспий теңізі төңірегінен Арқа даласына дейін қиыр көшіп ен жайлаған қарлұқ, оғыз, қыпшақ, алшын ұлыстарының өткен дәуірдегі тарихында енші алыспаған тұстары көп. Қазақ халқының «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» дейтін мәтелінің астарында терең мән бар сияқты.

Мәселен, ХҮІ ғасырда Алтын Орда мемлекетін билеген Өзбек хан кезінде де, ХV ғасырдағы көшпелі Өзбек ұлысын меңгерген ДәштіҚыпшақтың тақ иесі Әбілхайыр хан тұсында да әлі ұлт ретінде ұйыса қоймаған түркі тайпаларын көреміз. Сол дәуірде жоғарыда аталған мемлекет құрамындағы әр алуан ру-тайпалар өздерін билеген хандықтардың атауын қанағат тұтты. Кейін, Әбілхайыр хан құзырынан бас тартып, бөліне көшкен ұлыс өкілдері Керей немесе Жәнібек қазақтары деп аталып жүрді. Кейбір көне тарихи кітапта оларды «өзбек-қазақтар» деп те жазғаны мәлім. Осы дүрбелең кезеңде екіге бөлінген халықтың қоныстары да қоңсы болды. Қазақтар басында Моғолстан төңірегіне Орда тіккенімен, көп ұзамай атамекен жерлеріне оралып, үйреншікті Сыр бойы қалаларын астана ретінде таңдады. Жеңілген шәйбан әулетінің хандарына ерген рулар Мәуренаһрға бет алып, ондағы Ақсақ Темір билігін күшпен ығыстырды да, Самарқан тағын иеленді.

Хандары ауысқан, кейбіреулері Шыңғыс әулетінен өрген әртүрлі билікқұмар сұлтандардың құзырына өткен кешегі қандас тайпалар бірде тату, бірде қату болса да, кейінгі кезге дейін аралас-құраласып, қатарласа, қоңсыласа ғұмыр кешті.

Арада тағы бірер ғасыр өткенде Бұқара маңындағы Нұрата тауының етегінде дүниеге келген алшын Жалаңтөс бидің атасы Сейтқұл әулие де бұл аймақты өз атақонысым деп санайтын. Ол заманда қазіргідей мемлекеттік шекара да жоқ. Самарқанның саудагер сарты болмаса, басқа жұртты бөліп-жаратындай себеп жоқ – Қосөзен арасы мен Көкше теңіз аралығын жайлап, қыстаған көшпелі халықтар бір-бірін қапысыз түсінетін…

Содан болар, Жалаңтөстің арғы атасы Ораз да, өз әкесі Сейтқұл мен ағасы Ақша би де Бұхара хандарының сарайында би, аталық қызметтерін атқарған деседі. Соңыра Жалаңтөстің өзі де сол дәстүрдің ізімен аштарханидтер әулетінің бірнеше хандарының тұсында Самарқан, Кабул, т.б. қалалардың әмірі атанып, хан аталығы және би лауазымдарын иеленген. Асылында, Жалаңтөс бидің сол дәуірдегі Бұхара хандығының өсіпөркендеуіне, әскери-саяси һәм мәдени-әлеуметтік жағынан дамуына 40 жыл бойы өлшеусіз еңбек сіңіргенінің өзі даңқты тұлғаның өмірбаянын Өзбек елімен тығыз байланыстыратыны даусыз. Бұл тұрғыдан алғанда Жалаңтөс баһадүр – өзбек халқының өкілі. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Ал екінші жағынан алғанда Жалаңтөс бидің қазақтық тегін де ұмытуға болмас. Бұл тарапта алда зерттелетін, жазылатын еңбектер болады деген үміттемін.

– Тарих таразысында тұспалдан гөрі жазылған жазба деректің салмағы басым екені анық. Батырдың тегіне қатысты болжам мен алып-қашпа әңгімеге нүкте қоятын жазба мәлімет пен дереккөзге сілтеме бере аласыз ба?

– Сол замандағы оқиғаларды көзімен көрген Қожамқұли бек Балхидің «Тарих-и қыпшақи» деген көлемді еңбегіндегі деректер батырдың тегін алшын-қазақтардан шығаруға қайшы келмейді. ХVІІ ғасырдың 40-жылдарындағы Бұхара хандары аштарханид Нәдірмұхамед пен Әбділәзиз хандардың таққа таласы кезінде кейінгісін қолдаған Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің қатарында қазақтардың үлесі басым болған көрінеді. Әрине, қарақалпақ, өзбек қосындары да аз емес. Оның үстіне ханға көмекке келген қазақ сұлтандарының әскері де Жалаңтөс бидің беделімен жиылған-ау деген ойға келесіз.

Тарихшының: «Жалаңтөс аталық пен Өзбекие патшалары Мәуренаһрдың әмірі Әбділәзиз ханның алдына барды. Кеңестен кейін қазақ пен қарақалпақ сұлтандарының қатысуынсыз бұл мәселенің шешілмейтіндігі аңғарылды. Әбділәзиз хан Өзбекиенің барлық сардарымен Ташкентке барып, бір жарым жыл сонда тұрды.

Әбділәзиз ханмен бірге қазақтың 300 төрезадасы 2 ләк атты әскерімен Балхқа жол тартты», – деген мәліметтері де осы пікірімізді айғақтай түседі.

Тарихи еңбектерде Жалаңтөс бидің жоңғар қоршауында қалған қазақ билеушісі Есім хан ұлы Жәңгір ханға 20 мың әскерімен көмекке келетіні туралы жиі жазылып жүр. Бұл орайда жоңғарлар шабуыл жасаған аймақта Жалаңтөске қарасты қазақтардың аймағы болғандығы да еске салынады. Тағы бір тарихи деректе: «1647 жылы моғолдар Әбділәзиз хан, Жалаңтөс би және қазақ ханы Жәңгірдің бірлескен әскерінен жеңіліс тапты», – делінеді. Олай болса, Жалаңтөс баһадүр мен қазақ хандығының арасындағы тығыз достық қатынасы да, бидің қарамағында Әлім руының төртқара руының бір бөлегі болғандығы да ақиқаттан алыс емес. Бұхара хандарының қызметінде болған Самарқан әмірі көршілес Қазақ хандығымен бірде тату, бірде қату жағдайда көрінгенімен, оның Алшын-қазақтармен қалайда туыстығына шүбә келтіруге негіз жоқ.

– Жалаңтөс баһадүрдің тұлғасын зерттеу бағытында ағартушы Халел Досмұхамедұлының есімін ұшыратамыз. Әсіресе оның жалаңтөстану ісіне қосқан үлесі ескерусіз қалып жатқандай…

– Жалаңтөс баһадүр туралы алғаш рет тұшымды дерек жазған белгілі алаш қайраткері әрі ағартушы ғалым Халел Досмұхамедұлы да оның «қазақтығына» еш шүбә келтірмеген. ХХ ғасырдың 20-жылдары өзге де қазақ оқығандарымен бірге Ташкент шаһарында тұрып, зерттеушілікпен шұғылданған ғалымның «Родословная Жалантус батыра (ЯлантушБаһадура) строителя медресе Тилля-кари и Ширдар в гор. Самарканде» атты мақаласында Жалаңтөс бидің өмірі мен шыққан тегі жөнінде бірқатар мәлімет кездеседі. Ғұлама сол замандағы орыс тілінде ғана шыққан тарихи кітаптарда Жалаңтөс бидің Самарқан қаласындағы Регистан алаңында «Тіллә-қари» (Алтынмен апталған) және «Ширдар» (Арыстанды) медреселерін салдырғаны жайында ғана айтылып, батырдың өмірбаяны атүсті жазылғанына өкініш білдіреді. Әмбебап зерттеуші Масалький, Левшин еңбектеріндегі Жалаңтөс баһадүр туралы бәрімізге белгілі деректермен шектеліп қалмай, өз бетінше ізденіп, кітапхана сөрелеріндегі Вамбери сынды түркітанушының жазбаларын қарайды. Тарихи тұлға хақында Самарқан шаһарының көнекөз тұрғындарынан сұрастырып көреді. Экспедиция барысында ғалым Жалаңтөс бидің қазақ отбасынан – Алшын ішіндегі Әлім тайпасының Төртқара руынан шыққандығын біледі және сол жақтағы жергілікті қариялардан оның бірнеше әулеттік ру шежіресін жазып алады.

– Халел Досмұхамедұлынан жеткен шежіреде тұлға тегі қазақпен қабыса ма?

– Әрине. Әлім бұтағына жататын қазақтар қазіргі кезде Темір, Ырғыз, Қазалы уездері мен Қарақалпақ облысында тұрады. Біздің қолымызда Әлімді тарататын шежіре-жазбалар бар, олардың бәрінде Жалаңтөс батырдың шежіресі бірыңғай таратылады. Бұл шежірелердің бірі 1920 жылы білгір шежіреші Молдиман ақсақал Шонтаевтың аузынан жазылып алынған. Осы шежіреде Жалаңтөс батырдың ата-бабалары мен үрімбұтақтары былайша таратылады:

Әлімнен – Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық, Тегінболат; Қарамашақтан – Оразгелді, Ораз, Жаншүкір, Қараш; Ораздан – Ақпан, Тоқпан; Тоқпаннан – Тоғамыс, Шобан, Сейтқұл; Сейтқұлдың Сары бәйбіше атты әйелінен – Сейтімбет, Төлес, Ақша би; Ақша биден – Байбек, Шалым; Байбектен – Әйтеке би; Қаракемпір атты әйелінен – Қожағұл, Жалаңтөс, Қалматай, Түрікпен, Дүйсеней, Кенже Семетей; Жалаңтөстен – Сатыбалды, Раңбай, Наурыз; Сатыбалдыдан – Тілеу; Тілеуден – Қара Абыз батыр; Қара Абыз батырдан – Дауыл би, Бәймен; Дауыл биден – Айтмағамбет; Бәйменнен – Бұсырман қожа; Жалаңтөстің екінші баласы Раңбайдан – Құдайназар, Дәулет, Сейтек, Өтеген; Дәулеттен – Алтай, Қармыс, Ақбота; Ақботадан – Мұнарбай; Өтегеннен – Құдайберген; Құдайбергеннен – Шонтығұл, Айтқұл, Қойбақ; Шонтығұлдан – Кіребай; Айтқұлдан – Өтетілеу; Қойбақтан – Кәрібоз.

Бұдан әрі автор Алшын-төртқара руының қазақ ішіндегі беделді рулардың бірі екендігін, олардан даңқты тұлғалардың көптеп шыққандығын, жалпы Кіші жүз арасында маңызды орын иеленетінін айта келіп, Ақша би, Әйтеке би, Қара Абыз батыр сияқты Жалаңтөс би туыстары мен ұрпақтарының тарихтағы еңбектеріне тоқталып өтеді. Алаш қайраткерінің жазуынша, «Жалаңтөс батырдың ұрпақтары қазіргі кезде Сырдария губерниясының Қазалы уезі, Сарытоғай болысында мекен етеді. Олардың арасында Жалаңтөс батырдың Самарқанда әмір болғандығы туралы аңыз әңгімелер бүгінге дейін сақталған».

– Ғалымның кейінгі зерттеулерінде де бұл тақырып қалыс қалмаған секілді. Тұлғаның саяси салмағы, өзбек-қазақ саяси элитасына ықпалы көп қаузалады.

– Дұрыс айтасыз. 1923 жылы күзде Бұхарада өткен ғылыми съезге қатысып, бірқатар ғалымдармен пікірлескен Х.Досмұхамедұлы өлке тарихындағы қазақтардың рөліне байланысты деректерді жинау және талдау жұмыстарын жалғастыра түседі. Өзінің зерттеу еңбегінде ол Вамбери, М.Тынышбаев еңбектеріне сүйене отырып, аштарханилер әулетін таққа отырғызу барысында Абдул Уәси, Жалаңтөс би секілді ықпалды қазақтардың елеулі үлесі болғандығына назар аударады. Тіпті одан әріректе Ақсақ Темірдің таққа отыруына жәрдемдесіп, хандық тізгінін алып берген де бұрынғы Алтын Ордадан шыққан түркі тайпалары болатын. Ал сол замандағы Түркістанның жергілікті жұрты оларды бірде қазақ, бірде өзбек деп атағанын жазады.

Сондай-ақ ғалым ХҮІ – ХҮІІ ғасырларда шәйбанилық, аштархандық көшпелі өзбектер мен Жәнібек қазақтары арасында айтарлықтай этнографиялық айырмашылық жоқтығын, олардың қай-қайсысының құрамында да бұрынғы Алтын Орда рулары болғандығын айта келе былайша тұжырым жасайды: «Бұхара хандығында Жалаңтөс батырдың аса үлкен лауазым, салмағы болғанына қарап, Түркістанды жаулап алушылардың ішінде Кіші жүздің (алшынның) де, тіпті жоқ дегенде Жалаңтөс батыр жататын Әлім руының қазақтары болды деп айтуға әбден болады».

Кімге де болса, алаш қайраткерінің тарихи деректерге сүйенген пікіріне назар аударғаны абзал. Асылы, ХХ ғасыр басындағы өзбекқазақ зиялылары Жалаңтөс батырдың тегіне таласпаған. Жергілікті қазақ ақсақалдары Алшын биінің түп аталарын аяқастынан құрастырып, шежіреге қоса қойды деуге де негіз жоқ. Оның үстіне Халел жазғандай, оның қолына Әлім-төртқара руының бірнеше адамнан жазылған шежіре нұсқалары түскен және соның қай-қайсысында да Жалаңтөс бидің жеті атасы, жақын туыстары таратылып жазылғаны айтылады. Демек, біздің тарихшыларымыз бен этнограф ғалымдарымыз бұл мәселені де зерттей түссе деген тілек бар. –

Түсінікті-ақ. Деседе өзбек пен қазақ тарихшылары арасында тұлғаның тегіне қатысты деректердің өзара сәйкес келмеуіне не себеп? Әйтпесе, Қазалы өңірінде баһадүрдің ұрпақтары өмір сүруінің өзі біршама сұраққа жауап емес пе…

– Бидің әкесі Сейтқұлдың есімі өзбек деректерінде Бойходжа (Байқожа) болса, баласының аты – Бойбек (Байбек). Тарихшы Ж.Сәбитов мұның себебін Байқожаның сопылық жолдағы пірлерімен байланыстырады. Оның пікірінше, «Байқожа есімі болуы мүмкін, ал Сейтқұл (Сәийд –арабша мәртебелі, қасиетті қожайын, яғни, Сейтқұл – Мұхаммед пайғамбар әулетінен өрген мәртебелі кісінің қызметкері деген ұғымды білдіреді.) әулиенің Махдұм Ағзам хазіреттің ұрпағы Хожа Хашим Дағбедиге жасаған қызметі үшін берілген қарапайым лақап ат» секілді. Автор С.Саттаровтың аузынан жазып алған шежіре дерегі бойынша Махдұм Ағзам Сейіт қожаларға жататын Қылышты қожа аталығынан шыққан деседі. Бұл тұрғыдан алғанда, Жалаңтөс баһадүрдің әкесі Байқожаның Сейтқұл би атанып кетуі шындыққа жақын келеді.

Расында, тарихшы жазғандай, Жалаңтөстің баласы Бойбек (қазақша –Байбек) жас кезінде ағасы Ақша биден жетім қалып, батырдың тәрбиесінде өсуі ғажап емес. Кейін, одан Әйтеке би туып, қазақ ханы Тәукенің сенімді билерінің бірі болады. Салыстыра қарасаңыз, Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс бидің, Тәуке хан мен Әйтеке бидің достық қатынастары арғы дәуірден жалғасып келе жатқан дәстүрдің шынайы көрінісі екендігі күмәнсіз. Сонымен бірге бұл айтылғанның бәрі көне тарихи кітаптар мен шежірелік мәліметтерге тонның ішкі бауындай үйлесіп тұр. Сірә, қазақтың Алшын, Әлім-төртқара шежіресі бойынша Жалаңтөстен тараған басқа ұрпақтарының өзбек тарихында белгісіз болу себебін батыр сарай қызметінен кеткеннен кейін-ақ ағайын-туыстарының шаһар тіршілігінен алыс Сырдың төменгі атырабына – Қазалы аумағына көшуімен байланыстырған абзал шығар. Жалаңтөс бидің немересі Дәулет бақсы Раңбайұлы қазіргі Қазалы ауданындағы Қосым қожа қорымында жатқандығы соның дәлелі дер едік. Өзі бұрынғы Бұхара облысына қарайтын Нұрата жерінен дамыл тапқан атақты Әйтекенің ұлы Өтебас би де қазақ жерінде – аталған Қосым қожа пірінің сол жағына жерленуі бұл пікірімізді бекіте түседі.

– Орталық Азия тарихында Жалаңтөс есімімен белгілі бірнеше тұлғаның болуы нақты шешім шығаруға кедергі келтіруде деген пікір бар. Бұл деректе салмақ бар ма?

– ХVІ-ХҮІІ ғасырдағы өзбек жерінде, дәлірек айтқанда, Бұхара хандығына қарасты Нұрата өңірінде бір мезгілде екі бірдей алшын Жалаңтөс би ғұмыр кешті деген болжам ақылға сыймайды. Шынында, бір рудан екі бірдей атақты адамның қатар өмір сүруі өз алдына, Жалаңтөс сияқты сирек есімді иеленуі тіпті мүмкін емес.

– Тақырыптың идеологиялық қырына ойыссақ. Жақында жарыққа шығатын көркем фильмді түсіруге Өзбекстан президентінің өзі пәрмен берген екен. Мұндай ишара өзбек ағайынның рухани индигенизация жасауға, яғни ұлттық бірегейлікке қайшы келетін сырт­қы тарихи факторларды жою жолындағы әрекеті емес пе? Егер расымен Жалаңтөс қазақ болса, бізге қарымта есебінде қандай амал тиімді?

– Мәселе мынада. Жалаңтөс баһадүр Имамқұлы, Нәдір Мұхаммед, Абдул-әзиз хандардың тұсында 40 жыл бойы Самарханд әмірі лауазымын атқарған. Хан аталығы қызметінде, Балх аймағының әмірі болғандығы тағы бар. Оның Орталық Азиядағы беделі де аса күшті болғаны мәлім. Жан-жақтағы көрші хандықтардың тарту-таралғысынан Самарқан әмірінің жеке қазынасына түскен байлық Бұхара хандығының қазынасынан да асып түскен екен. Жалаңтөс би өзіне тиесілі мол қазынаны ел мүддесіне – мемлекеттің мәдениеті мен ғылымын дамытуға жұмсаған. Самарқан шаһарының шырайын кіргізіп тұрған Регистан алаңын безендіріп, қос қапталына Тіллә-қары және Ширдар медреселерін салдыруы алшын батырының даңқын одан әрі асқақтатады. Олай болса, Жалаңтөс секілді біртуар тарихи тұлғадан өзбек халқы ешқашан бас тартпайтыны анық. Керісінше, Өзбекстан үкіметі алшын биінің есімін алдағы уақытта да ұлықтай береді деген сөз.

Әрине, өзбек президентінің өз тарихшыларының ғылыми көзқарасын қолдай отырып, кинофильм түсіруге бастамашылық жасауы – түсінікті жайт. Бұл орайда ұлттық бағытта дамып келе жатқан өзбек елі басшысы туған халқының көңіліндегіні дөп басып, отандастарының патриоттық сезімін де ескеріп отыр деп ойлаймын.

Бұл орайда Жалаңтөс баһадүрдің жөні бөлек екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Ол – екі халыққа да ортақ тұлға! Қазіргі тілмен айтқанда Жалаңтөс батыр – өзбекстандық қандасымыз деп есептесек, қателеспейтін сияқтымыз. Оны өзбек жұрты ғана емес, қазақ ұлты да өздерінің батыр ұлына балап, Жалаңтөс бидің өнегелі өмірі мен ұлағатты істерін ұрпақтарға үлгі етіп, ұлықтай бергенінен ешқайсысы да ұтылмасы анық. Қайта керісінше, мұндай тарихи тұлғалардың өмірбаяндық шежіресі қос халықтың ежелгі туысқандық сезімдерін оятып, өзара бауырмалдыққа, екі ел арасындағы сыйластыққа жол ашатынына баса назар аударғанымыз жөн. Демек, өзбек киногерлерінің Жалаңтөс би жайында түсірген көркем фильміне құтты болсын дей отырып, қазақ режиссерлері де қарап отырмағаны дұрыс. Бәлкім, дарынды жастарымыз да атақты қандасымыз хақында өздерінше кино түсірсін, пьеса немесе музыкалық шығармалар жазсын, оған кім қой дейді?

Әзірге Жалаңтөс баһадүрдің тегіне қатысты тарихшылардың пікірі әрқилы болуы заңдылық. Ол үшін сайыпқыран сардар, айбынды аталық, біртуар би әрі батыр бабамыз туралы ғылыми зерттеулер жан-жақты жүргізіліп, көрші Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің мұрағат қорларына арнайы ғылыми экспедициялар ұйымдастыру қажеттігі – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Егер алдағы уақытта облыс әкімдігіне қарасты жауапты ғылыми, мәдени және оқуағарту мекемелері ұсынымызды қолдап жатса, бұл тақырыптағы мәселелерге өзім де атсалысар едім.

 – Өзбекстанда жерленген қазақтың тарихи тұлғалары жетерлік. Мысалы, атақты Әйтеке би де сол елден мәңгілік жай тапқан. Қазіргі шекаралық бөлініспен қарағанда Ташкент те Өзбекстанның құрамында. Ал Ташкентте Төле бидің жатқаны белгілі. Жалпы, мұндай оқиға ұлттық санаға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айтқанымыздай, орта ғасыр тарихындағы түркілерден шыққан белгілі тарихи қайраткерлердің көпшілігі бірнеше ұлтқа ортақ тұлға екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Рас, өзбек халқының ежелгі заманға қатысты генеалогиялық жазбаларында алшын тайпасы атала бермейді. Негізінен алғанда өзбектер байырғы қарлұқтар мен қыпшақ, найман, арғын, қоңырат, йүз, маңғыт, барлас т.б. рулардан құралады. Сондай-ақ олардың арасында ұйғыр, түркімен, қарақалпақ рулары да ұшырасуы – қалыпты жағдай. Мәселен, Андижан, Ферғана жағында ұйғырлармен, Хорезм елатында түркімен, қарақалпақ ұлыстарымен қан араласуы байқалады.

Ал көшпелі алшын-қазақтардың жөні басқа. Кіші жүз тайпалары Мәуренаһр жеріне кейінірек келіп, Қызылқұм төңірегіндегі Нұрата, Боқан, Ерлер тауының маңайын топтаса жайлағанын көреміз. Бір жағынан, бұл жерлердің едәуір бөлігі күні кешеге дейін Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы аудандарына қарағаны тарихтан мәлім. Яғни Кеңес үкіметі басшыларының шешімі бойынша 1936 жылы аталған аймақ Қарақалпақ облысымен бірге сол кезде жаңадан құрылған Өзбек ССР-інің құрамына өткен болатын. Кіші жүз қазақтары бұрынғы Бұхара, кейінгі Науаи облысына қараған Зарафшан, Тамды, Үшқұдық аудандарында әлі күнге дейін тіршілік етіп жатыр. Бұл өңірлерде Сейтқұл әулие мен Әйтеке би ғана емес, атақты Балқы Базар, Нартайдың ағасы Мәнсұр Бекежанұлы сынды Сыр сүлейлері де мәңгілік тыным тапқан. Өзбек жерінде қазақтың басқа да ақындары, батырлары мен би-шешендері жерленгенін білеміз. Мысалы, Ташкент төрінде – үйсін Төле бидің, Жизақта – Шәді төре Жәңгірұлының зираты бар.

 – Толымды жауап пен пайымды пікіріңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: