Орысы да кәрісі де қазақша сөйлейтін Қызылорда өңірін жұртшылық қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір деп таниды. Қызылорда ел астанасы болғанына және қазақ атауының қайтарылғанына, міне, ғасыр толып отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін көшелерге тарихи маңызы бар атау беру де қолға алына бастады. Қызылорда қаласының аумағына қарайтын 14 шағын аудан бар, солардың арасында әлі күнге дейін кеңестік кезеңдегі атауымен қалған көшелер де кездеседі. Кезінде қала аумағы батысынан Целлюлоза картон зауыты салынған. Зауытты салуға Советтік Социалистік республикалар Одағының түкпір-түкпірінен әр түрлі ұлт өкілдері келген екен. Сол аралықта Герман Титов есімімен аталатын шағын аудан пайда болған. Кейін ол атау құжатқа еніп ресми түрде Титов шағын ауданы деп аталып кеткен.
Көшелерге атау беру немесе қайта атау кезінде республикалық ономастика мақұлдаған сонымен бірге Президент әкімшілігімен келісілген тарихи тұлғалар тізімін басшылыққа ала отырып жүзеге асырылады. Көше немесе ауданның атын ауыстыруда ономастика жұмысшы тобы күн тәртібіне енгізеді. Қызылорда қаласы әкімдігінің жанынан құрылған қалалық ономастика жұмысшы тобы осы қызметті үйлестіреді. Бүгінде қала аумағында комиссия шешімімен нақтыланған 1279 көше бар. Оның ішінде, 830 көше қалада болса, ауылдық округтерде 449 көше бар.
– Биыл ҰОС-ның 80 жылдығына орай, ҰОС ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында Облыстық онмастика комиссиясына 53 адам, тарихи тұлға тізіміне 33 адам жолданды. Сондай-ақ «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген Сұлтанбек Қожановтың есімін лайықты көшеге ауыстыру мақсатында қалалық ономастика жұмысшы тобының отырысында қарау жоспарлануда, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің басшысы Жағыппар Тажмаханов.
Айта кетсек 2025 жылы 3 көше идеологиялық тұрғыдан ескіріп, Белкөл кентіндегі Зеленая-Жасыбай, Путейцев-Сауран, Путейцев-Теректі көшесі қалалық ономастика жұмысшы топта қаралып, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы шықты.
– Тәуелсіздік алған жылдары көптеген көшеге тарихи атаулар беруге мән берілді. Ол кезде де кемшіліксіз болған емес. Халыққа еңбегі сіңбеген адамдарға көше атауы берілген уақыт болды. Соңғы кездері мұндай үрдіске Президент тоқтау салып жатыр. Қызылорда аумағы ол кезде үлкен емес еді. Ал сол Титов аумағында тұрған жерде бұрын қоныс болса. сол атаумен де атауға болады, – дейді Сағат Тайман.
Кеңестік кезеңде берілген атауы өзгерген қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округі бар. 1934 жылы іргесі қаланып екі жыл өткен соң Ленин атындағы және Тентекөзен артельдері бірігіп, «Комсомол» ұжымшарын құрған. Тәуелсіздік алған соң 1992 жылы Қызылжарма атауы берілді. Мұндай мысалдарды Байқоңыр қаласынан да көруге болады. Жақында Байқоңыр қаласының мэрі Константин Бусыгин қала көшелеріне Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметованың есімін беруге қол қойды.
Қызылорда ел астанасы болып, қазақ атауы қайтарылғанына ғасыр толды. Мұндай елеулі шақта, келелі істерге бастама болу әрбір азаматтың парызы іспеттес. Қаладағы кеңестік кезеңнен қалған атауларды өзгерту күн тәртібіндегі мәселе. Өйткені бұл тек атау ғана емес, ұрпаққа берілетін үнсіз тәрбие.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!