Жұма, 27 желтоқсан, 04:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Шағын және орта кәсіпкерлік: қолдау мен қолбайлау

13.08.2024

365 0

Мемлекет тарапынан кәсіпке қолдау бар-ау, алайда басы артық тексеріс те тыйылмай тұр. Әсіресе құқықтық талаптан зардап шегіп, залалын көріп отырған – шағын және орта кәсіпкерлік. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керегін айтқан болатын. Арада жылға жуық уақыт өткенімен айтарлықтай өзгеріс болды дей алмаймыз. Дем берген мораторийді алып тастау, декларация тапсыру, жұмыс барысын бақылау мәселені одан әрі ушықтырғандай.

Жалпы елде экономикалық дамудың жаңа үлгісіне көшуге басымдық берілуде. Жоспар бойынша, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделген. Сондықтан бұл ауқымды әрі күрделі міндетті іске асыру үшін шағын және орта бизнесті дамыту аса маңызды.

Өсім аз, нәтиже мардымсыз

Бұл бағытта біздің бағдарымыз белгілі. Ол – экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткіші. Бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін аталған елдердің деңгейіне дейін жеткізу, яғни 40-50 пайызға дейін көтеру мақсаты бар. Бұл мәселені шешу үшін шағын және орта бизнестің өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Әзірге өңдеу секторындағы кәсіпорындар саны тиісті деңгейде өсіп отырған жоқ. Тиімді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ұлғайту жұмысы тиянақсыз, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға талап көп.

– Үкіметке және «Атамекен» палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын. Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң сең жүргендей болғаны рас. Сенатта аталған бағытта Үкімет сағаты өтіп, кәсіпкерлікті дамыту және қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен құқықтық құжаттарды талқылау басталды. Алайда бизнесін бастаған кәсіпкерлерді ынталандыру жолдары қарастырылмаған еді. Президент тап басып, тиісті қорытынды шығаруды меңзеген тұс та осы болатын. Өйткені нарық айдынына тез бейімделе алатын – орта кәсіпкерлік. Мұны ресми дерек көзі де растайды. Мәселен, соңғы 7-8 жылда жалпы ішкі өнім аясында шағын және орта кәсіпкерлік үлесі артқаны аңғарылады. Кезекті отырыста Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев та мәселені шешу жолын көрсеткендей болды.

«Елімізде бизнесті дамыту бағытында арнайы ұлттық жоба қабылданғаны белгілі. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлерге жан-жақты және кешенді қолдау көрсетіліп отыр. Шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий жарияланғаны да белгілі. Ол осы жылдың соңына дейін қолданыста болады. Әкімшілік жүктемені азайту бағытында да біраз іс-шара жүзеге асырылды. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта жаңа қарқынмен жүргізуіміз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекеттік қолдау болатыны түсінікті. Алайда Үкімет ол қолдаулар нақты нәтижеге жеткізбей тұрғанын мойындар емес. Мысалы, статистикалық дерекке сенсек, бүгінге дейін орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 6,2 пайызды құрайды. Енді жоғарыда айтып өткен экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі статистикаға  назар аударсақ, оларда орта кәсіпкерліктің үлесі 18 пайызға тең. Тіпті кей мемлекетте 26 пайызға дейін жетіп жатқаны бар. Біздегі дерекпен салыстыруға ауыз бармайды.

Ол аздай, кәсіп бастауға қолдаудан бөлек, жұмыс істеп тұрғанын сақтап қалу да мұңға айналды. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, ел нарығынан сауда-саттықпен айналысатын – 4,4 мың ірілі-ұсақты компания, құрылыс жұмыстарын жүргізіп келген – 1,5 мың кәсіпорын, ғылыми зерттеу ісімен тиянақты шұғылданып жүрген – 789 бірлестік, әкімшілік қызмет көрсету саласының – 648 заңды нысаны мен 597 қайта өңдеу өнеркәсібі жабылған.

Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы 27 027 заңды тұлға, яғни шағын және орта кәсіп иесі өз жұмысын тоқтатқан. Өткен жылдың тек қана төртінші тоқсанында 13 000 компания біржола жабылған. Олардың 15-і ірі кәсіпорын болса, 38-і орта деңгейлі бизнес құрылым, ал қалғандары шағын кәсіппен айналысатын заңды тұлғалар.

Салықтағы салғырттық

Кез келген кәсіпкер салыққа салмақты қарайды. Мейлі, жауапкершіліктен қо­рықсын, мейлі, азаматтық ұстанымы болсын, салыққа келгенде саннан жаңы­лыспауға, дұрыс ақпарат беруге ты­рысады. Алайда кәсіпкерлікті кейін тар­тып отырған мәселе де жоқ емес. Ол – са­лықтан жалтару. Жолы көп, жазасы мүлт кетпейді. Келіс-келіспе, бүгінде сала көрсеткішіне әсер етіп отырған фактордың бірі осы.

Бір мысал. Биыл 183 компания салық төлемес үшін өзін «банкрот» деп жарияламақ болған. Кәсіпорын иелерінің жымысқы әрекетін ішкі істер органдары әшкерелеп, Мемлекеттік кі­ріс­тер комитетіне хабарлаған. Нәтиже­сінде 183 кәсіпорынның 50-нің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 30-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың мемлекетке келтірген шығыны 120 млн теңгеден асады. Дегенмен талап күшейсе керек, салық төлеуден жалтарған кәсіп­орындар саны жылдан-жылға азайып келеді. Осыдан 2 жыл бұрын 580 ком­пания жалған құжатпен өзін банкрот деп жарияламақ болғаны есімізде.

Заңсыздық әр елде бар, алайда «Не­ліктен кәсіпкерлер мұндай қадамға барады?», «Салықта салғырттық бар ма?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Осы орайда сенатор Ләззат Рысбекова­ның БАҚ-қа жарияланған пікірін бағам­дау шағын және орта бизнес саласында салық саясатына үңілуге мүмкіндік береді.

«Жүйелік проблема шағын және орта бизнес саласында салық саясатының жетілдірілмеуіне байланысты. Қазір дәл осы мәселе бойынша кәсіпкерлер біраз наразылық айтып жатыр. Бірінші кезекте бұл қосылған құн салығына қатысты, яғни оның мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру ескерілген. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі жан-жақты зерделеуді және отандық кәсіпкерлермен талқылауды қажет етеді деп санаймыз. Сонымен қатар Үкімет бизнеске салық ауыртпалығын ұлғайтпайтын балама нұсқаларды қа­растыруы керек. Мұнымен қоса, ҚҚС-ты қайтару проблемасы шешуді талап етеді», – деді Л. Рысбекова.

Мемлекет

талабы

Биыл қаңтардан бастап бизнесті тек­серуге 4 жылдық мораторий аяқталды. Бұдан былай шағын және орта кәсіп иелеріне тексеру де қатаңдайды. 3 жыл бойы салықтан босаған, соңғы 4 жылда олардың жұмысын мүлдем тексеруге де тыйым салған кеңдік уақыт кетті. Барлық бизнес иелері заң бойын­ша салығын төлеп, тексеріс жасатуға міндетті. Кәсіпкерлердің ендігі алаңы «шағын және орта бизнесті тексеру көбейе ме?» деген сұрақ. Оның үстіне сәл де болса еркіндік алған кәсіпкерлерге ісін алаңсыз дөңгелетуге мүмкіндік болды. Талап күшейсе, кәсіпкер саны тағы азаймай ма?

Тағы бір маңызды мәселе – отандық тауар өндірушілер үшін әкімшілік ке­дергілердің болуы. Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, сауда желілері мен базарлар сөрелерінің кемінде 30 пайызы отандық азық-түлік тауарларына бөлінуі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл талап тек еліміздегі ірі өнді­рушілер мен көршілес елдердің үлестес компанияларының тауарларын көрсету арқылы орындалатыны белгілі болды.

«Ал шағын кәсіпкерлердің тауарла­рын көрсетуге келісім жасалған жағ­дайда, оларға қалтасы көтермейтін соманы төлеуге тура келеді. Қалып­тасқан жағдай қазақстандық тауар өндірушілердің дамуын тежеп қана қоймай, импорттық тауарлардың үс­темдігінің артуына алып келеді. Сон­дықтан қолданыстағы қағидалардың сақталуына бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ өңірлердің ұсыныстарын ескере отырып, ішкі сауда субъектілерін отандық тауарлармен толтыру үшін белгіленген шекті мәнді 50 пайызға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз», – деді сенатор Ләззат Рысбекова.

Шешім

Шағын және орта бизнесті жедел дамытудың жолы – жүйелі қолдау. Бастысы, мемлекет тарапынан, әрине. Мысалы, өткен жылы 10 мыңға жуық жобаға 700 млрд теңге шамасында несие берілсе, «кепілдік беру» құралы бойынша 270 млрд теңге сомасына 7 мың жоба қамтылған екен.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы­ның мәліметінше, 2023 жылы аймақта шағын және орта кәсіпкерліктің 4716 жобасына 68 млрд теңге сомасында қаржылай қолдау көрсетілген. Атап айтар болсақ, «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында жалпы несие портфелі 31 млрд теңгені құрайтын 837 жоба субсидияланған. Оның ішінде, жалпы несие портфелі 6,1 млрд теңгені құрайтын 235 жоба жас кәсіпкерлердің үлесінде.

Биыл да өзгеріс бар. Бүгінде кәсіп­керлікті қаржылай қолдауға бюджеттен 19 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға және ішінара кепілдік беруге 2 млрд теңге, жастардың кәсіпкерлік бастамасына 2,5 пайызбен несие беруге 2 млрд теңге, «Ауыл аманаты» аясында 5,7 млрд теңге, жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамасына қайтарымсыз гранттар беруге 2,3 млрд теңге қарастырылған.

Жалпы мемлекет негізгі қолдау ретінде несие саясатын оңтайландыруды көздеуде. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің аяққа тұруын жеделдетіп, кәсіпті ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Таяуда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов кәсіпкерлерге несие беруге байланысты бірқатар өзгерісті мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, қор базасын әртараптандыруға, синдикатталған кредит беру, қаржыландыруды кеңейту, тәуекелді бағалау рәсімін одан әрі цифрландыру қолға алынады.

«2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ШОБ субъектілерінің қарызы бойынша тәуекел саралау коэффициенттері 75%-дан 50%-ға дейін, синдикатталған қарыз бойынша 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді. Бұл бизнеске кредит беруге 127 млрд теңгеге дейін қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Банктер қалыптастыратын провизиялар деңгейін төмендету үшін мәжбүрлеп қайта құрылымдау өлшем-шарттарын қайта қарау арқылы оларды есептеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді. Енді мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жеңілдікті кезеңді беру не ұзарту, кредит бойынша бір немесе бірнеше төлемді 60 күннен астам мерзімге кейінге қалдыру осы қайта құрылымдау нәтижесінде NPV-ның 10%-дан астам төмен­деуіне әкеп соқтыратын қарыздар жатады. Мұндай шара банктерге клиенттердің кредитіне қатысты неғұрлым икемді болуға мүмкіндік береді және кредит берудің ұлғаюына ықпал етеді», – деді Нұрлан Әбдірахманов.

P.S. Қарапайым халықтың экономикалық әлеуетіне әсер ететін негізгі күш – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл бағытта тиімді қағидаттарды әзірлеп, қаржыландыру тетігін дамытса, елдің әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік болады. Басты мақсат та сол емес пе?!

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: