Жексенбі, 13 сәуiр, 01:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26,2139
12.04.2025
PDF мұрағаты

Шолпан БИМБЕТОВА, жырау, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі: Ұлттың рухты өнерін дәріптеп келемін

12.04.2025

247 0

Ел арасында:

«Арқаға барып, әншімін деме,

Сырға барып, жыршымын деме,

Батысқа барып, күйшімін деме» деген сөз бар. Қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үніне үн қо­сып, Сырдың мақамын алты Алашқа танытып жүрген таланттар жетер­лік. Жаһандану зама­ны­на жұтылып кет­пеу үшін біз ұлттық құн­­­дылықтарымызды ұлық­­тап, насихаттай бе­руіміз қажет.

Қазақта «құймақұлақ» деген сөз бар. Қазір бұл сөз де ұмытылып бара жатқандай. Жас буын­ның жыр тыңдап, кітап оқудан алыстап бара жатқаны алаңдатады. Әлемді алақанға сый­дырып, ұялы телефонға телміртіп қойған дәуірде бір уақыт жыр тыңдап, ұлт өнеріне құлақ түрсек, қанеки! «Ақмешіт апталығы» газеті Жыраулар үйімен бірлесіп, «Жыр-күмбез» айдарының тұсауын кесті. Облыстық фи­лар­мония жанынан ашылған Жыраулар үйі­нің дәстүрлі орын­даушыларынан алынған сұхбат соңында қойыл­ған QR код арқылы ұялы телефоннан терме тыңдай аласыз!

Дәстүрлі өнердің дүлдүлі, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі  Шолпан Бимбетовамен өнер, мәдениет тақырыбында сұхбаттасудың сәті түсті. Айтулы өнер иесі ширек ғасырдан астам Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұстаздық етіп келеді. Ол қазақ өнерін жаһан жұртына насихаттап, 20-дан астам мемлекетте жеке концертін беріп, рухани құндылығымызды танытуда ерен еңбек етіп келеді.

– Атақты Нұртуған ақын жыр мектебінің шәкіртісіз. Өмірлік мұратыңызды  өнермен ұштастыруыңыздың сыры неде? Жыраулық өнер сізге кімнен дарыған? Жалпы отбасыңыз,  өскен ортаңыз жайлы  айта кетсеңіз…

–       Үйде он үшінші баламын. Әжемнің тәрбиесінде еркін өскен қызбын. Жыраулық өнер кез келген адамға бұйырмайды. Бұл әкенің қанымен, ананың сүтімен берілетін  тектілік, мәрттік, жомарттық қасиетпен қоса келетін рухы мықты   бекзада өнер  дер едім. Ата-анам қолына домбыра ұстап жыр жырлаған емес. Нағашы жұртымда үлкен жыраулар бар. Сол жақтан  дарыған болу керек. Оның үстіне әжем түйенің үстіне мініп, жаз жайлаудан, қыс қыстаудан қайтқанда  қазақтың қара өлеңдерін шырқайтын болған. Марқұм анам жоқтау немесе теріс өлеңді орындаушы еді. Ағайын арасында өмірден өткен кісіні теріс өлеңмен шығарып салып жүретін. Дауысы зор еді. Дауыс тембріміздің қалыптасуы анамнан да, әжемнен де даруы мүмкін деп ойлаймын. Өзім 13 жасымнан домбыраға әуес болдым.  Үйдегі бір бөлменің есігін жауып алып, домбыраны сабалап отырушы едім.  Арал ауданы Сексеуіл кентінде туып-өстім. Біздің ауыл теміржол бекеті еді. Депода «қызыл бұрыш» болды. Онда теміржолшылардың, жұмысшылардың іс-шара өткізетін шағын бөлмесі бар. Сол жерде Болатбек Кенжалиев деген ағай жұмыс істеді. Өте сауатты музыкант еді.  Сол кісі домбырадан үйірме ашты.   Үйірме ақылы, бағасы 10 сом болды. Әкем бойымдағы талантымды байқаған болу керек ақысын төлеп, үйірмеге берді. Үйірмеге 12 қыз қатыстық. Солардың ішінде өнер саласына бет бұрғаны мен ғана. Сол кездегі сахна саңлағы Қаламқас Орашева, Набат Айдәулетоваларға  еліктеп, солардай болсам деп армандадым. Сол арман жетегінде ұлттың рухты өнерін дәріптеп келемін.

Сыр сүлейі Нұртуған ақын қолына домбыра ұстап, жыр жырламаған кісі. Бірақ артында қаншама өсиетті жырлары қалған. Ертеден жеткен есті дүниелерді жадыма түйіп, оның ішінде Сыр бойы ақын, шайырларының шығармаларына айрықша ден қоятынмын. Осынау құштарлығым жыр әлеміне жетелегені сөзсіз.

Осылайша Нұртуған ақын мектебін бітірдім. Мұнан соң Жезқазғандағы мәдени-ағарту училищесінде 3 жыл оқып, 1 жыл жұмыс істеп, Арқа әндеріне қанығып келдім. Қызылордаға келген соң Қорқыт ата университетіне оқуға түскен­де Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі әнші Әскербек Еңкебаев деген ұстаздың ән класынан батыс өңірінің, Мұхит әндерінің құ­рылымымен та­ныстым.  

– Батыс пен Шығыстың, Арқа мен Жетісу аймағының ән-жырларын да нақы­шына келтіре орын­дайсыз.  Десе де сіз үшін Сыр бойы дәстүрлі өнерінің сипаты бөлек болар…

– Жетісу әндеріне де қызығушылық танытып, орындап жүрмін. Өнер адамы болған соң шартарапқа өнер сапарына аттанамыз. «Мен Аралдан Нұртуғанның шығармасын орындаймын» деп тоқтап қалмаймыз ғой, өнердегі өрісімізді кеңейтуге тырыстық. Ол кезде қазіргідей телефон, диктофон болмады. Пластинкадан магнитофонға көшіріп, магнитофонды құшақтап жүріп жаттадық. Оны тыңдайтын құлаққап та жоқ. Үйде дарылдатып қоямыз. Біреу жақтырады, біреу жақтырмайды. Осылайша үлкен өнердің көшіне ілесіп, шетелдерге бардық. Өнерде тоқырау деген болмайды. Әлі де даму үстіндеміз. Үнемі ізденіс керек. Себебі ізденісті тоқтатсаң, өзің де, өнерің де  тоқтағаны.

– Өнерге баулыған ұстаздарыңыз жайлы да айта кетсеңіз..

– Ұстазым Алмас Алматов  «Жырау ұлғайған сайын кемелденеді» дейді. Сол ұстанымды бағдар етіп келемін. Өнер жолы дегенде жырау Демеу Жолымбетов ойыма түседі. Ол шешеме туған бөле еді.  Ақбастының тумасы. Ол кезде Ақбастыдан жол жоқ. Ұшқан құстың қанатымен жеткендей анда-санда бір көреміз. Үйде бала жұбатар  домбыра болады. Сол домбыраны алып, дастанын айтып отырады. Бір келгенінде үйірмеден үйренген Әбділда Тәжібаевтың «Ел мен жер» деген термесін орындадым. Менің дауыс диапазонымның кеңдігін, мүмкіндігін көріп  Демеу аға «Шолпан, мен саған келесі келгенде Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай» дастанын әкеп беремін» соны жатта, сосын Нұртуғанның «Ән туралы» деген шығармасы бар соны орында,  дауысың сол кезде ашылады», – деді. Сол шығармаларды іздестірдім. Көп ұзамай өзі қолмен жазылған «Сартай» дастанының мәтінін әкеп берді. Сол менің өміріме азық болып келе жатыр деп айта аламын. Алмас Алматов ұстазымыз Дастан деген оңға қисайсаң да азығың, солға қисайсаң да азығың дейтін. Үйірмеде Болатбек Кенжалиев деген ағамыздан тәлім алдық. Қорқыт ата  университетінде жыраулық дәстүрде де, ғылыми бағытта да, өмірде де, өнерде де тәлім-тәрбиесімен, өзінің педагогикалық тәжірибесінің тереңдігінің арқасында бізді өзіне әріптес етіп тәрбиелеген ұстазымыз Алмас Алматов. Ол кісімен біз  әлі күнге дейін ақылдасып, хабарласып тұрамыз. Алмас ағайдың тәлім-тәрбиесінен шыққан жыраулардың ұстанымы, парасаты, өнерге деген құрметі мен жанашырлығы бөлек.

– Киелі сахнада дәстүрлі ән орындаудан  талай жеңіске жетіп, жыр өнерін үлкен сахналарда асқақтатып, қазақтың қасиетті өнерін шырқау биікке көтеріп жүргеніңізден хабардармыз.  Сара жолыңызды жалғап жүрген  шәкірттеріңіз де бар болар?

– Жыраулық дәстүрде маман жетіспеушілігіне байланысты бізді жоғары курстарға келгеннен бастап Алмас Алматов жоғарғы оқу орны қабырғасында ұстаз етіп алып қалуға бейімдеді. Сол мұратымызға жеттік. Ұстаз болған соң миссиямыз шәкірт дайындау болды.  Аллаға шүкір, шәкірттеріміз біраз жетістіктерге жетуде. Күнсұлу Түрікпен, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәлі Бекпейісов, Марат Сүгірбай, Айдар Үсенов, Жарасхан Төлебай, Зағипа Иманғазиева, Зәуре Ізекешова, Арал, Қазалы өңіріне тиесілі және де басқадай көптеген шәкірттерім бар. Шәкірттеріммен  мақтанамын.  Шәкірт даярлаудың да түрі көп. Бір ұстаз  қасына ертіп жүріп баулиды. Кейбірі  ғылыми тұрғыда даярласа, келесі бірі жаттауға үйретеді. Мұнан бөлек, өнерге ынтасы, ықыласы бар шәкірттер болады. Шын таланттар ішіңдегі бар асыл дүниеңізді өзіне дарытып, сіңіре білетін қасиетімен ерекшеленеді. Жүзден жүйрік танылғандары үлкен додаларда топ жарып жүр.

Жыраулық дәстүрге әрдайым қолдау қажет. Ұлттық идеология өркендемей, төл өнеріміз шарықтау шегіне жетеді деп ойламаймын. Бізге жылда жоғары оқу орнына бөлінетін мемлекеттік гранттың өзі шектеулі. Сахнада да уақытымыз өлшеулі. Той-томалақ, мейрамханаға жолатпайды. Тек арнайылап үйдің иелері отбасына шақырып, жырлатады. Сахнада бір жарым, екі минут қана ән орындаймыз. Дәстүрлі өнерде кадр мәселесі шешіліп деңгейіне келіп тұр. Жыраудың көпшілігі аудандардағы жыраулар үйінде отыр. Шиелі ауданындағы Нартай жыраулар үйінің директоры – Мұхамедәлі Бекпейісов. Ол  – Нартай мектебінің өз өкілі атақты Құрманбек Бекпейісовтің перзенті. Қармақшыдағы Жиенбай жыраулар мектебінің директоры Айгерім Ешпаева – жыраулардың жеделдетілген мамандығының түлегі. Осылайша біздің түлектер қанатын кеңге жайды.

– Шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Алла қаласа, кең жанрда концерт өткізгім келеді.  Тек тиісті қолдау болса, елдің алдына шығуға дайынмын. 

– Сұхбатыңызға рахмет

Сұхбаттасқан

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: