Ақ маржаны жайқалған Сырда еңбеккерлердің ала жаздай маңдайы күнге күйіп, табаны тілім–тілім болып, Жер–Анаға төккен тері нәтиже беретін уақыт келді. Алдыңғы қатар егінге орақ салып, қызу тірлікке кіріскен. Кейінгілері сайманын сайлап, дақылдың дер кезін күтіп отыр. Бұл ретте қалаға қарасты ауылдардағы жағдайды саралап, қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратовпен сұхбаттасқан едік…
– Пакуатдин Сыражадинұлы, «көктемнің бір күні – жылға азық» деп, еңбек еттік. Енді «балапанды күзде санайды» деп, егінді жинаймыз. Қазіргі дайындығымыз қалай? Сақадай саймыз ба?
– Биыл 8257 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын ектік. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 3856 га, бидай – 368 га, қант құмайы – 40 га, жаздық арпа – 2 га, жаңа жоңышқа – 224 га, ескі жоңышқа – 1317 га, картоп – 130 га, көкөніс – 1330 га, бақша – 990 га. Биылғы егіске 903,5 тонна күріш тұқымы құйылды. Құйылған тұқымының 4,4 пайызын отандық сорттар, 95,6 пайызын ресейлік сорттар құрап отыр.
Атап айтқанда, отандық сорттар бойынша 20 тонна «Сыр сұлуы» және 20 тонна «Маржан», ресейлік сорттар бойынша 730 тонна «Лидер», 133,5 тонна «Янтарь» сорттары бар. Қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 3010 тоннаны құрап, толығымен сатып алынды. Сонымен қатар арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің қажетті көлемі 2863 литр толығымен сатып алынды.
Қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша ішкі су жолдарының 54300 текшеметр (100%) топырақ шығарылып, 4 дана гидробекеттер (100,0%), 2 дана су құрылыстары (100%)жөндеуден өткізілді.
Егіннің бітік шығуына барлық жағдай жасалды. Оның жемісін көретін де кез алыс емес. Диқандардың еңбегі ерен.
– Әлбетте, адамның дегені болмайды. Дей тұрғанмен, сала мамандарының болжамы қандай? Биылғы егіннен жақсы нәтиже күте аламыз ба?
– Қазір тек күрішті ғана күтіп отырмыз. Жиналған өнімдер де бар. Мәселен, егілген 368 гектар бидайдан 379 тонна өнім жиналып, орта өнім 10,3 центнерден келді. Өткен жылы бұл көрсеткіш гектарына 10 центнер болған. Ал 2 гектар арпа дақылынан 3 тонна өнім жиналып, орта өнім 15 центнерден келді. Шаруашылық құрылымдар бойынша мал азықтық жоңышқа шөбінен 7603 тонна жоңышқа шөп дайындалды. Орташа көрсеткіш 20 центнерге жетті.
Сонымен қатар көкөніс, бақша дақылдарын жинау да қарқынды жүруде. Көкөністің 1230 гектарынан (92,5%) 135 центнер, бақшаның 880 гектарынан (88,9%) 136 центнерден өнім жиналуда. Күріш дақылын күтіп-баптау бойынша 1600 гектар үстеп қоректендірілсе, 1850 гектар гербицидпен өңделді. Биылғы егілген 3856 гектар күріш егістігінің шығымдылығын сала мамандарының зерделеу барысында 2892 гектары (75,0 %) «жақсы», 771 гектары (20,0%) «орташа», 193 гектары (5,0%)«қанағаттанарлық» деп бағаланып отыр.
– «Қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды» деген бар. Үлкен алқаптан бөлек, ауласындағы шағын алаңқайдың өзін көгертіп отырғандардың ісі көңіл марқайтады. Десек те, сол жылыжайдың көлемі аз тәрізді. Насихат керек шығар?! Өйткені өнім көбейсе, бағаның да халықтың қалтасына қонымды болатын реті бар…
– Оныңыз рас. Мемлекеттік бағдарламалар аясында есік алдына жылыжай кешенін дамытуға өткен жылы 33 млн теңгені құрайтын 5 жоба мақұлданды. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23,5 млн теңгеге 920 шаршы метрді құрайтын 3 дана жылыжайдың құрылысы аяқталып, егін егу жұмыстары жұмыстары жүргізілуде. Оның екеуі Ақсуат ауылдық округінде болса, біреуі Қарауылтөбеде.
Сонымен қатар «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» арқылы Талсуат ауылдық округінен 9,5 млн теңгеге 457 шаршы метрді құрайтын 2 дана жылыжайдың құрылысы аяқталып, іске қосылды. Бұл жылыжайларда қияр егілуде.
– Күріш, бақша дақылдарын егу жұмыстары жылдағыдан қалай орындалды? Өйткені қазіргі таңда су жетіспеушілігі көп шаруаның қолын байлағаны өтірік емес. Үнемдеп пайдалану, әртараптандыру тәрізді бастамалар кеңінен қолға алынған шығар…
– Облыс әкімінің су тапшылығын ескере отырып күріш көлемін азайту бойынша хаттамалық тапсырмасына сәйкес, күріш дақылы 3856 гектарға егілді. Осыған байланысты, қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарына инженерлік жүйеге келтірілмеген деңгейі биік жерлерге күріш дақылын екпеу, ауыспалы егіс көлемін сақтау, суды аз қажет ететін дақылдарды егу туралы ескертпе хаттары таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда күріштің көлемі 280 гектарға кем егілді. Өткен жылы бұл дақыл 4136 гектарға егілген болатын.
Биыл күріштің орнына суды аз қажет ететін бидай 368 гектарға, арпа 2 гектарға, қант құмайы 40 гектарға, 224 гектарға мал азықтық жоңышқа, 990 гектарға бақша дақылдары егілді. Әрине, мұның барлығы ауыспалы егістіктің ережесін сақтай отырып, орындалған жұмыс.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту мақсатында су үнемдеу технологияларымен 6 гектарға тамшылатып суару әдісі арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты осы әдіспен 0,5 гектарға көкөніс, 3 гектарға бақша өнімдерін екті. Ал «Іскер М» ЖШС бастамасымен 2,5 гектарға жүгері егілді.
Су жетіспеушілігі мәселесін жоюға арналған бастамалар жетерлік. Өйткені егіс алқабын күтіп-баптап, реттеп отырмаса, жердің де тозып кету қаупі болады. Сондықтан осындай мәселелердің алдын алуда біз жоспарлы әрекет етудеміз. Биыл 350 гектарға лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізу жоспарланып, 650 гектар тегістелді. Яғни, жоспардан 186 пайызға артық орындадық. Осылай реттеле берсе, көп жердегі егіннің өнімділігін артыруға мүмкіндік бар. Мәселен, тегіс жерге егілген күріштің өнімділігі жоғары болады. Себебі су егінді тегіс басады. Дер кезінде күріш те бас алады. Бұл – тәжірибеде бар нәрсе.
– Қазір шаруаларға техника паркін жаңалауға мүмкіндік мол. Бұрынғы кұр сүлдерін сүйреткен ескі тракторлармен жүргендер некен-саяқ. Әлемдік деңгейдегі мойындалған мықтылардың комбайн, жаткалары да еңбек өнімділігін арттырып жүргенін жиі байқаймыз. Биылғы егін жинау науқанында осы техника мәселесі мен жанар-жағар май жағы қалай болып жатыр екен?
– Күзгі егін жинау науқанына 20 дана жатка, 29 дана комбайн, 83 дана трактор, 21 дана трактор тіркемесі мен 5 дана жүк көлігі егін жинау жұмыстарына қатысуға дайын.
Күзгі егін жинау жұмыстарына 188 тонна дизель отыны қажет. Қажетті дизель отынынын жеткізуші оператор ретінде «РК Мұнай» және «Жибек Жолы ЛТД» ЖШС мекемелері белгіленіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қажеттіліктеріне сәйкес босатылуда. Нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағада, бір литрі 250 теңгеден берілуде. Бұл – қарапайым шаруа үшін көп жеңілдік.
– Облысқа қарасты бірнеше аудан күрішке орақ салып, іске қызу кірісіп кетті. Үш ай жаз суда жататын дақылдың суын тарттырғалы да біраз уақыт болып қалды. Алдағы жауын-шашын маусымына қалдырмай, ертерек бітіргеніміз де өзімізге жақсы. Күріш оруды қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?
– Бүгінгі күнге 3171 гектар күріштің суы байланды. Бұл – жалпы көлемнің 82 пайызы. Сол жаға магистраль каналынан 1377 га, оң жаға магистраль каналы 1794 га алқап су ішеді. Қазіргі есеп бойынша «Қызылода құрылыс НК», «Мағжан и К» ЖШС мекемелері күні кеше іске кірісіп, алғашқы орақты салды. Әзірге бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ. Шаруалар ала жаздай төгілген тердің өтеуін күтіп жүр. Білек сыбана іске кірісті. Бұйыртса, нәтиже жаман болмайтын тәрізді.
– Бүгінгі нарық заманының «Өзің оз, озбасаң, жол бер!» деген қағидасы бар. Даму тұрғысында сәл аялдасаңыз, сізден кейінгі ілгері басып, алға шығып кетеді. Бұл үрдіс ауыл шаруашылығында да үлкен бәсекелестік ортаны қалыптастырған. Алдағы уақытта біз агросаладағы өнімділікті арттыруда қандай нәтижелі жұмыстар күте аламыз?
– Нарық заңы солай. Оған дауым жоқ. Алдағы уақытта күріштің көлемін тұрақтандыра отырып, әртараптандыру бағытында мал азықтық, майлы және әлеуметтік маңызға ие көкөніс, картоп, бақша дақылдарының көлемін арттыру, су үнемдеу технологиясын өндіріске енгізуді жандандыру, ауыл шаруашылығы техникаларының машина-трактор паркінің жаңаруын 5 пайызға дейін жеткізу, жылыжай шаруашылығын және қарқынды алма бақтарын дамыту, өңдеу кәсіпорындарын, оның ішінде майлы дақылдарды өңдеу,мал шаруашылығы өнімін өндіру мақсатында жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың қуаттылықтарын арттыру және дамыту мен жақсарту бағытындағы жұмыстар жүргізілмек. Әрине, мұнан бөлек те байыпты бастамалар қолға алына береді. Бастысы, қандай бастама болса да, өнімді арттыруға негізделеді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!