Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бабамның биік болмысы

04.05.2024

124 0

Туған жердің сай-саласы, құм басқан төбелері, сулары мен таулары – ата-бабамыздың бізге қалдырған баға жетпес байлығы, аманат ескерткіші. Көптен көрмей, қайта қауышсаң, өмірден өткен әке-шешең, туыстарың еске түсіп, көзіңе жас үйіріледі. Топырағын сүйіп, көгіне аунағың келеді. Кіндік қаның тамған қасиетті топырақ осылай қанша сырды ішке бүгіп, үнсіз ғана жатыр ғой. Тіл бітсе, талай тарихты айтып-айтып тастар еді…

Кең далаға қарап, сүйсініп тұрып, қалың ойға шомдым…

Қазіргі Жұлдыз елді мекенінің теріскейін Тайлақөлген өзегі қиып өтеді. Бөрітескен бекеті тұсындағы Назарқұм атты жерден бастау алып, ескі қала Сығанақты орай Шиелі ауданы жеріндегі жазық ойпатқа ұласады. Осы өзекті ескі замандарда Сырдарияның арна­сы болған деушілер де бар. Шындығында, Тайлақөлген арнасының толып аққанын бала күнде көзімізбен көрдік.

…1948 жылдың қысындағы қар сәуір-мамыр айларында күрт еріп, Жиделі, Түлкілі тау өзен­де­рі мен Тайлақөлгенге құйылып, жойқын су он бес-жиырма тәуліктей күркіреп ақты. 1953 жыл­дың наурызында және 1957 жылдың ақпанында Сыр өзенін мұз буып, өзара жалғасқан Алакөл, Бозкөл, Нарсоққанға құйылған дария суы көл арна­ларынан асып, Тайлақөлген өзегімен Шиелі жазығына қарай жөңкіп, бірнеше тәулік аққанын білеміз.

Сырдария өзенінің Жайылма темір жол бекеті тұсындағы арнасы өтетін жер бедерлі, бірыңғай кеңіс. Оның ықылым заманнан бері осылай қалыптасқаны да анық. Сондықтан да Сыр арнасы ескі замандарда отыз градустай солтүстік батысқа бұрылып деңгейлес ендіктегі қазіргі арнасынан кемінде екі-үш метрдей биік­тен бастау алған Тайлақөлген өзегімен ақ­қаны нанымсыз сияқты…

Осы өзек Тайлақөлген деп қалай аталды? Жергілікті қарт кісілер де өзекке байланысты сырды толық біле бермейді. Сонда түйе тайла­ғының өлуі үлкен өзектің атауына арқау болған ба?! ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен, елі мен жерін қорғап, жоңғарлармен соғысқан Мәмектің, осы өзектің бойында қайтыс болған баласы Тайлақ батыр жайлы мүлде білмейтінбіз.

«Боралдайдың бойында,

Қазы, Мәмек шабылды.

Қалмақтардың зұлматын

Арқада естіп Бөгенбай,

Қарт бурадай шабынды».

Халық арасында аңыз-жырларға қарағанда Арыс өзенінің оң саласын жайлаған Қазы, Мәмек батыр, олардың әкесі Нияздың 1723 жыл­ғы көктемде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде Сауран жерінде болған.

Қараша бабамыздың үшінші ұрпағы Нияз батырдың Мәмек, Қазы, Әлшен, Сырғақ атты балалары болған. Мәмек пен Сырғақ бір рулы елдің батырлары екен. Олардың батырлығы елге жайылып, ел шетіне сырттан ешкім басып кіре алмаған. Бес қаруын асынған Мәмек батыр ерен күшімен, батырлығымен құмырсқадай қаптаған жоңғар-қалмақтарға тойтарыс жасап отырған. Мәмек батырдың дене бітімі орасан зор болған. Қырынан жатқанда шөгіп жатқан нардай көрі­неді екен. Мәмектің бел баласы Тайлақ та батыр тұлғалы болыпты. Ол – Бөгенбай, Саурық және Кенже батырлармен тізе қосып елін, жерін және халқын қорғаған хас батырлардың бірі.

Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның қалмақтарға қарсы соғысында көзге түскен батырлардың қатарында Мәмек пен Тайлақ ерекше орынға ие болған. Тайлақ батыр «Жаушы» романында және сол роман желісінде түсірілген кинода атап айтылған.

Бірде Мәмек батыр киіз үйде демалып жат­қанда ел шетіне жау шауып, қырғидай тиеді. Асы­ғыс атқа қонған батыр қазандағы қайнап тұрған быламықты ат үстінен бірден көтеріп ішіп жіберген. Ыстық тамақ асқазанға батпай қайтарып тастағанда аттың жалынын, мойнын жидітіп, күйдіріп жібергені ел аузында тарап кетеді. Осындай ерен, көзсіз батырлықтың арқасында Мәмек батырдың жайлауы, жайы­лымы көп болған. Оның атақ-даңқына қызыққан қырғыз елі батырдың ұрпағын қолға түсіруге әрекет жасапты. Мәмек батыр ауылда болмай қалғанын пайдаланып, қырғыз жауынгерлері оның ауылына тұтқиылдан тиісіп, Сара атты жүкті әйелін және мыңғырған малын айдап әкетеді. Елге оралған Мәмек бұл жағдайды көріп, қаһарына мінеді. Жасының ұл­ғайғаны әсер етсе керек, ол қанша әрекет жаса­ғанымен әйелін қайтарып ала алмаған. Бүгінде қырғыз елінде сол Сара әжеміздің ішінде кеткен баласынан өсіп-өніп, бір қауым ел болып отырған мәмек руы бар екен.

Ілгеріде Иманбек Кембілбекұлы: «Мәмек батыр бір үлкен жойқын соғыста жарақатта­нып, жау жерінде қайтыс болды» деп айтып жүре­тін. Сол уақыттарда оның денесін алып келуге мүмкіндік болмай, тек басын ғана Түркістандағы Ахмет Яссауи мешітіне әкеліп, жерлеген екен. Сондай-ақ әрбір ру батырларының өзіне тән белгі-мөрі болған. Сол мөр таңбасы осы күнге дейін атадан-балаға мирас болып, сақталып келеді. Бүгінде сол мөр Серікбай Сұлтанұлында сақтаулы.

Осыдан 60-65 жыл бұрын Мәмек батырдың көк байрағы және қайқы қылышы болған. Ел басына күн туған 1937-1938 жылдары қазіргі Жаңақорған ауданының №26 разъезі жанындағы Тайпақкөл көлінің жағалауында жайғасқан Мәмек батыр ұрпақтары Жолдыбайұлы Сұлтан, Бүркітбай баласы Мақан және Берістем әке жер кепенің бір қабырғасын ойып, үлкен сандыққа көк байрақты, қылышты және көптеген Құран кітаптарды орап салып, сандықты құрым киізбен орап көмген екен. Отыз жылдан соң, яғни 1967-68 жылдар шамасында жобамен осы жер-ау деп қаздырыпты. Ол жер егістікке айналған, қанша әрекеттенсе де таба алмаған. Осы жұмыстың бел ортасында Сұлтан Жолдыбайұлы мен Мәжит қожа еңбек етті.

Осындай тарих беттерінде алтын әріптермен жазылар оқиғаларды көріп отырып, көңілге талай ой түйеміз. Сөз басында айтып өткен Мәмек батырға қайта оралсақ… Шиелі ауда­нында Жөлек елді мекенінен 6-7 шақырым жерде Мәмек батырдың қыстауы бар. Ыбырай Жақаев ауылында бір үлкен жиында Жөлектен келген қариядан Мәмек қыстауы жайында, оның қалай аталғаны туралы сұрадым. Ол «Мен болыстың атқосшысы болып барған едім. Жас кезім. Мәмек ауылы үлкен екен. Халық көп, болыстар жиыны болғалы жатыр екен. Кішігірім базары да болған. Мәмек ауылы жөнінде мұнан тереңге барып, сұрап көрмеппін», – деп қысқа қайырды.

Мәмек қыстауы жайында Жөлек ауылының тұрғыны, соғыс ардагері 89 жастағы Алиакбар Әбдірейімовтен сұраған едік. Ол кісі Жөлек ауылының байырғы тұрғыны екен. Әйтсе де Мәмектің кім екенін анық айтып бере алмады. Үлкен ауыл болып, баз болған, соңында тұрғындар Жөлекке қоныс аударып, мал фер­масы болып ұйымдасқан. Қазіргі кезде ол жер – көшкен елдің жұртындай.

Ал 93 жастағы еңбек ардагері Жаппар Пірмановтың да бұл тұрғыда өзінің айтар пікірі бар екен. Қария үлкендерден естігенін шамасы жеткенше айтып берді. Қатты науқастанып жатыр екен. Бір нүктеге қадалып, ұзақ ойланды да:

– Мен осы Мәмек қыстауында өсіп-өнгенмін, – деп бастады әңгімесін қария. – Үлкендердің айтуынша, Мәмек – қоңырат руынан. Қол бастап қалмақтармен соғысып, осы жерде бір жаз болып, жаудың бетін қайтарған деседі. Сол жерде өте биік Ақтөбе деген төбе болатын. Ол қазір де бар. Ақтөбенің батыс жағында қалмақтардың қорғаны болыпты. Ондағы қалмақтың қолы қалың болған екен. Ал Мәмектің қарауында аз ғана әскер. Қорғанның қалыңдығы үстінен арба өтетіндей деңгейде. Мәмек Ақтөбенің басынан 30 шақты сарбазын олай бір, бұлай бір жүргізіп, қалмақтарға көз қылыпты. Ақырында, қалмақтар қазақтардың әскерінің қатары көбейіп кетті деп, қорғанын тастап, табанын жалтыратыпты. Әрине, бұл жерде батырға күштен бөлек, айлакерлік те керек екенін ұғамыз. Сол қалмақтар қашып кеткен Ақтөбе қорғанының белгілері әлі де бар.

Батыр бабаң жайында осындай аңыз әңгімелер естіп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді екен. Әзірше Мәмек батыр жөнінде көнекөз қариялардан естіп, білгеніміз осы. Әлі де болса іздестіріп, тарихи шежірелерге ден қоя бермекпіз. Айтпақшы, Мәмек батыр жайында Қазақ ғылым академиясының кітапханасындағы «Тарихи батырлар жыры» және «Жорық» өлеңінде айтылып, жазылған.

<strong>Бабамның биік болмысы</strong>

Айшагүл СҰЛТАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: