Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Путин сұхбаты: Ақталу, айбат, кінә

17.02.2024

634 0

Украинадағы әскери қақтығысы басталғалы Ресейдің соғыс қимылында ілгері қадам бол­ған шығар, алайда ақпарат майданында ойсырай жіңілгені сөзсіз. Анығы, халықаралық ақпарат кеңістігінде ғана есе жіберді. Әйтпесе, елішілік насихатқа келгенде Кеңестік идео­логия сарқыншағын сарқа пайдаланатын көршіміздің ұпайы түгел. Содан болар, жаһан Ресейді агрессор деп таныса, өз халқының дені Кремль саясатын ақтауға жақын. Осы баланс екі жылға жуық бұзылмай келген. Тек 9 ақпанда жағдай өзгергендей. Оған себеп – Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен журналист Такер Карлсонның сұхбаты.

Ресей басшысы көп сұхбат беруге құлықты емес еді. Оның үстіне «әскери операция» бас­талғалы жағдай ушыға түскен. Сұхбат тұрмақ, ғаламторда РФ-ға тиесілі арналар бұғатталды. Саяси жүйемен бірлескен блогерлердің аккаунты жабылып, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілер ресейліктерге жабық еді. Жалғыз «есік» әрі әлем саңылауына айналған VPN-ді де қос тарап қыспаққа алып, ақыры сапасын түсіріп тынды.

Міне, осы орайда Fox News-тің экс-жүргізушісі Такер Карлсон Путинмен сұхбаттасу арқылы жаңа ақпар жүйесін қалыптастырғысы келді. Бұл ой қаншалықты жүзеге асқанын дөп басу қиын, де­генмен екеуара диалогтан алдағы геосаяси ахуал туралы аз-маз ақпар алуға болатындай. 2 сағатқа созылған интервьюде Украина тағдыры, НАТО-мен байланыс, демократия бағдарына басымдық берілген.

Тарих сабағы

Путин көп сауалға жанама жауап бергенімен, Украинаға қатысты сұраққа толық сөз дайындапты. Карлсон қақтығысқа қатысты өткір сауал қойса, Путин өз ыңғайына салып сытылған. «Аңшы қанша айла білсе, аю сонша жол білер» дегеннің кері, ол оқиғаның бүгінін емес, себебі мен тарихи бастау көзіне сілтеумен болды. Тіпті осы мақсатта сұхбаттың үштен бірін тарихты талдауға арнағаны да қызық. Сөз өтімі үшін «Біз шоуға емес, ашық әңгімеге келдік деп ойлаймын» деп, қоғам псисхологиясымен ойнайтын ескі тәсілді де қалыс қалдырмаған екен. Жағдайға батыс елдерін кінәләй:

«Төңерістің не қажеті бар еді? (2014 жылғы Украинадағы төңкеріс. -ауд.) Қанша адам қазасы, Қырымға қауіптің мәні неде? Донбасста операция жасап несі бар? Соны түсінбеймін», – дейді РФ президенті.

Кәсібилік деген де қиын. Такер Карлсон ток-шоуқұмар тілші деуге болады. Мұны Путин тиімді пайдаланып, пайдасына жаратқан. Мысалы, тілші Екінші дүниежүзілік соғыста Германияның шабулына Польша өзі кінәлі деген ой айтқан сәтте респондент іліп әкетіп:

«Біз әлі мақсатымызға жеткен жоқпыз. Дена­цификация орнатпай тынбаймыз. Бұл неонацистік бағыттың барлық түріне қарсы тұруға көмектеседі. Сіз Гитлерді 80 жыл бұрын өлді дейсіз, алайда оның идеясы әлі жүзеге асып жатыр. Еврей, орыс, поляктарды қырғандар әлі тірі. Украинаның бүгінгі президенті Канада парламентінде соларға тікесінен тұрып қол соғып жүр», – дейді Путин.

Сонымен қатар журналист 2022 жылы «әскери операция» бастаудың не қажеті бар деген сыңайда сауал қояды. Оған да жауап – өзгені кінәлау, АҚШ-ты жауапқа тарту.

«Біз емес, 2014 жылы олар (Украина мен батыс елдері. – ауд.) бастаған. Біздің мақсат – соғысты тоқ­тату. 2022 жылы да біз бастаған жоқпыз. Украина – орыс халқының бөлшегі. Ал украиналықтар өз­дерін бөлек халықпыз деп санайды. Жарайды, олай ойлауға құқылы. Бірақ солай екен деп нацистік идеологияны таратудың қажеті жоқ. Біз осы нацистік концепция жақтаушыларын жоямыз. Денацификация дегеніміз – осы», – дейді Путин.

Бәріне ортақ тақырып ынтымақ екені анық. Путин сөзін байқасақ, Зеленскиймен мәмілеге келуден қашпайтындай. Қолын созса, ұмсынатын сыңайын танытқан. Саяси ұпай орайы ма, әлде шынайы көңіл ме, білгісіз. Алайда келіссөз үстелінде кездесу мүмкін екені белгілі болды.

«Операцияның әдепкі уақытында Киевтен әскерді әрі әкету, келісімге келу туралы уағда бар-тын. Дегенмен ел астанасынан әскерді шығарғасын қарсы тарап сөзінде тұрмады. Украина батыс елдері мен АҚШ-тың соңына дейін шайқасу керек деген талабын орындап келеді.

Біз ешқашан келіссөзден қашпадық. Әркез тыңдауға бейілміз. Ресей келіссізге дайын ба? Дайын. Керісінше, олар ресми түрде мәміледен бас тартқан. Ол (Зеленский, -ауд.) жарлығын өзгертсін, келіссөзге жол ашық», – дейді Путин.

Дегенмен Ресей президенті НАТО алға жылжымаса, ол да Еуропаға аяқ баспайтынын білдіруде. Әсіресе, журналистің «Ресей Польша мен Латвияға басып кіруі мүмкін бе?» деген сауалына тың жауап болды. Ол сұраққа «Егер Польша Ресейге шабуылдаса, мүмкін. Басқалай емес. Неліктен? Себебі бізді Польша, Латвия немесе басқа аймақ қызықтырмайды. Не керегі бар?» деп құтылды.

НАТО неге бас тартты?

Интервьюдің басым дені естелікке толы. Мәселен, Путин НАТО-ны әскери экспансия жасады деп айыптайтын бөлігінде қызық дерек келтіреді. Оның сөзінше, АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонмен болған әңгімеде Ресей тарапы НАТО құрамына қосылуды ұсынған. Алайда қарсы тарап алғашында келіскен сыңай танытқанымен, кейін мұндай жағдай мүмкін емесін жеткізіпті. Әңгіме әсері үшін бе, әлде тарихи дерек солай ма, кім білсін, әйтеуір Путин сұхбат барысында арқа тұсындағы бөлмені меңзеп, оқиға сол жерде болғанын қоса кеткен.

«Дәл осы жапсарлас бөлмеде Билл Клинтонмен кездесу өтті. Сол кезде одан: «Билл, қалай ойлайсың, егер Ресей НАТО-ға қосылуды сұраса, қалай болады?» – дедім. Сонда ол: «Шынымен, қызық екен. Орайы келетін сияқты» – деп жауап айтты. Бірақ сол күні кешкі кездесуде құбылып: «Сіздің ойыңызды командама жеткіздім. Байқасақ, бұл мүмкін емес» – деген жауап айтты», – дейді РФ басшысы.

Осы орайда басы ашық сауалды Карлсон да іркімей, Биллдің неліктен бас тартқанын, неге НАТО құрамына Ресей кіргізілмегенін сұрады. Путин «мұны Биллдің өзінен сұраңыз» деп келте қайырды.

Эван Гершкович бостандыққа шыға ма?

Екі сағаттық сұхбатта саяси тұтқынға айналған Эван Гершковичтің жайы да айтылды. Путин тұтқынға алынған тілшіні қайтару мүмкін екенін, бірақ оның ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін ақпаратты алуға тырысқанын айыптаған. Эванның бостандыққа шығуы мүмкін екенін айып, тек кәсіби дипломатиялық қатынас қажетін жеткізіпті.

«Мәселені ушықтырып отырғанымыз жоқ. Шиеленісті шешуге дайынбыз. Тек екі елдің арнайы қызметі арасында белгілі бір талаптар, әріптестік тексерістер жүргізілуі шарт. Ойымша, бұл тұрғыда келісімге келуге болатындай. Тек бәрін кәсіби деңгейде, ың-шыңсыз өткізу керек. Барлық байланыс бар, жұмыс істесе болғаны» – дейді Путин.

Сондай-ақ әңгіме барысында алдағы сайлау жайы, журналистерге қысым, халықаралық қарым-қатынастар секілді тақырып та қозғалған. РФ басшысы бәріне қысқа жауап қайтаруға тырысқан секілді. Себебі бар назар тарихи деректі келтіруге бағытталып, алдын ала дайындалған тақырыптың ғана ауқымы кеңейген.

Таңқаларлығы, бетін ашып көрсетпегенімен, Путин сұхбатқа бір бума құжат ала келіпті. Онда тарихи құжаттардың көшірмесі жинақталғанын айтқан. Тілшінің келтірілген деректерге күмәні болса, танысу үшін әкеліпті-міс. Әрине, қалың қағаздың ақ-қарасын көру, құжат дереккөзін білу сұхбат барысында мүмкін болмады. Ол тілшімен бірге мұхит асты. Сөзсіз, ол құжат көшірмелері шоуды жаны сүйетін Карлсонға тыным бере қоймас…

P.S. Владимир Путин соңғы 10 жылда жеті мәрте шетелдік журналистке сұхбат берген. Украина дағдарысы басталғалы алғаш 2015 жылы тілшімен тілдессе, соңғы әңгіме-дүкен Карлсонмен өтті. Соңғы сұхбат Такер Карлсонның Youtube арнасына жарияланып, 17 млн қаралым жинаған.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: