Әлемде Олимпиада ойындары бүгінде қызу талқылануда. Спортшылардың Олимпиада ойындарындағы жетістігі – бала кезден дайындығының нәтижесі. Қай спорт түрі болсын, жеңіске жету көп жылғы қажырлы еңбекті, күнделікті жаттығуларды орындап, үзбей дайындалуды талап етеді. Бүгінде балалар мен жасөспірімдерге түрлі спорт секциялары және әр баланың қызығушылығы мен қабілетіне сай таңдауға мүмкіндік мол. Жекпе-жек үйірмесінің жаттықтырушысы Бейбітжан Қобланов талапты жастарды спортқа тәрбиелеп келеді.
– Спортта жетістікке жету еңбек пен табандылықты қажет етеді. Мен жетекшілік ететін үйірмеде балалар мен жасөспірімдер спортқа, әсіресе аралас жекпе-жекке ерекше қызығушылық танытады. Оқушыларыма үйірмеде панкратион, ММА, аралас жекпе-жек, ұлттық жекпе-жек жалпы барлығы қамтылып үйретіледі. Бұл тек дене күшін ғана емес, сонымен қатар тактикалық ойлауды, реакция жылдамдығын дамытады. Менің шәкірттерім осы спорт түрлерінің барлығына қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Олардың арасында Қазақстан чемпиондары бар. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы жүлдегерлер, 12 жасқа дейінгі балалардың арасындағы өткізілген додаларда қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп, республикалық деңгейде чемпиондық атағын жеңіп алған оқушыларым бар. Жасөспірімдер де өз кезегінде ересек спортшылармен бір деңгейге қатысып, жарыстарда жоғары дайындығын танытып, қалыспайды. Жасөспірімдер арасындағы ең айтулы жетістіктердің бірі – оқушымның Әлем чемпионатының қола жүлдегері атануы, – дейді Ұлттық жекпе-жектен ҚР, Әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейбітжан Қобланов.
Жаттықтырушы чемпиондық рухты ояту үшін тек жүйелі түрде жаттығу ғана емес, қиындықтарды жеңе білу, қателіктерінен сабақ алу маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, ұлттық және аралас жекпе-жек тек спорт ғана емес, мінез-құлықты қалыптастыруға көмектеседі. Жаттығу кезінде балалар кез келген спорттың, әсіресе жекпе-жек өнерінің ажырамас бөлігі – тез шешім қабылдау және түрлі жағдайға бейімделуді үйренеді.
– Тәрбие – тал бесіктен. Спортқа баулу үйден басталу керек. Баланы жастайынан онлайн ойындарға, гаджеттерге емес, салауатты өмір салтына үйрету керек. Отбасымен жаяу жүріп, серуенге шығып, ата-анасымен жаттығулар орындап, спортқа дағдылану қажет. Сол кезде спортқа қызығушылық артады. Спортқа баулу үшін бала кезінен спорттық жарыстарға, мысалы футбол, бокстан, күрестен жалпы қай бағытта баланы дамытқысы келсе, сол спорт түрі барынша ақпарат беріп, қызықтырып отыру керек. Жетістік тек медаль мен атақ емес. Ол әрбір жаттығуына, әр жекпе-жекке, спорттық сапарының әрбір сәтіне жұмсаған қажырлы еңбегінің, мызғымас ерік-жігерінің және шексіз еңбегінің көрінісі. Табысты спортшы болу үшін жауапкершілік керек. Бұл қасиет болса, жаттығуға үзбей қатысады, салмағын бақылайды. Спортшы болған соң жаман әдеттерден аулақ болу керек, өзін жағымсыз әрекеттерден сақтауы да маңызды. Бала отбасының қолдауын, бапкерінің артқан үмітін, күнделікті беріп жатқан жаттығуларының қаншалықты маңызды екенін сезіне алған кезде ғана табысты спортшы бола алады. Тек жеңіске жетуді ғана емес, сонымен бірге жеңуді, әрбір сайыстан тәжірибе алуға үйрену керек. Спорт жолында жеңіс те, жеңілістің ащы дәмі де болады, бірақ бұл сәттердің әрқайсысы жеңіске деген рух пен ерік-жігерді шыңдайды. Менің шәкірттерім жай ғана спортшылар емес, олар шабыт, үлгі-өнеге, ерік-жігер мен еңбектің кез келген кедергіні жеңе алатынын біледі. Шәкірттеріме спорт залда өткізген әрбір күн, әрбір тамшы тер, әрбір соққы және әр қимыл – болашақтағы жетістіктерінің негізі екенін айтамын, – дейді Бейбітжан Әмірханұлы.
Жаттықтырушы спорттағы жетістік балалық шақтан, спорттық ойындарға қызығушылық пен жеңіске деген ұмтылыстан басталатынын айтады.
– Балаларды спорт үйірмесіне сегіз жастан бастап қабылдайды, бірақ спортқа ерекше қызығушылық танытып, спортпен айналысам деген балаларды алты жастан бастап қабылдауға дайынмын. Спорттық үйірмеге ерте жастан қатысқысы келетін балалар көбінесе ерекше қызығушылығы, жеңіске деген ұмтылысы байқалады, бұл олардың болашақ жетістігінің кепілі. Ата-анасының талабы бойынша спорттық үйірмеге келетін балалар да бар. Өкінішке қарай, мұндай балалар спортқа қызығушылық танытпай, жаттығуларды тез ұмытып қалады. Бүгін жаңа жаттығуларды өтсе де, есте қалмайды. Жаттықтырушы ретінде міндетіміз тек білім беру ғана емес, сонымен қатар әр баланың спортқа деген талпынысы мен қызығушылығын оятуға көмектесу. Спорт залға ата-ананың жетектеуімен емес, өзі қызығып, көзі жайнап келетін бала жетістікке жететіні белгілі. Сондықтан біз әр баланың назарын аударып, оның бойында спортқа деген қызығушылығын оятып, өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысын қолдау үшін үнемі жаңа әдістерді іздестіремін. Үйірмеге қатысатын әрбір бала өзі жақсы көретін спортта өсіп, дамып, жаңа белестерді бағындыратындай жағдай жасауға тырысамын, – дейді ол.
Жаттықтырушының айтуынша, үйірмеге қатысушы балалар арасынан болашақ чемпионды байқау қиын емес. Мұндай балалар жаттығуларға үзбей қатысып, ата-ананың да, жаттықтырушының да айтқанын тура орындайды.
– Бірнеше айдың ішінде баланың спортқа қызығушылық танытып, жарыстарға қатысу дайындығын байқаймын. Бала өзінің спорттық дайындығын белгілі бір уақыт аралығында көрсетеді. Әдетте, үш айдан алты айға дейін баланың бәсекеге қаншалықты дайын екендігі және оның қандай мықты және күшті жақтары бар екені белгілі болады. Дегенмен жаттығуға тұрақты келмейтін балалар да бар. Өкінішке қарай, бұл балалар жарыстарға қатысуға қажетті дайындығы болмады.Әр бала табандылық танытса, жеңіске ұмтылса жетістікке жете алады деп есептеймін, – дейді Бейбітжан Әмірханұлы.
Табан ет, маңдай терін төгіп,шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкердің мақсаты айқын. Қазақтың даңқын асырып, абыройын асқақтатудағы жоспары да мол.
– 2022 жылы облыстық жастар орталығында жаттықтырушы болдым. Бапкер болсам да, өзім әлі де спорттық жарыстарға, түрлі чемпионаттар мен лигаларға қатысып, әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрмін. Жаттықтырушы жолын таңдаған себебім өз білімім мен тәжірибемді өскелең ұрпаққа үйретіп, өзім сияқты спортта үлкен жетістікке жететін шәкірттерді тәрбиелегім келді. Қаламызда қазірдің өзінде үш жаттығу залы бар, спортпен айналысам деген жастарға есігіміз әрдайым ашық. Жастардың салауатты өмір салтын ұстану мен спортпен айналысу мүмкіндігін арттыру үшін тағы бір жаттығу залын ашуды жоспарлап отырмыз. Біз болашақ чемпиондарды ғана емес, дені сау ұрпақ та тәрбиелейміз деп сенемін. Шәкірттерімнің физикалық ғана емес, рухани жағынан да шыңдалып жатқанын, қиындықтарды жеңіп, мақсатқа жеткенін көру – мен үшін баға жетпес бақыт, – дейді Ұлттық жекпе-жектен ҚР, Әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!