Тағдыр маған бұл азаматпен бірге қызмет жасауды, өмір тәжірибесін үйрену мүмкіндігін сыйлапты. Арал ауданын он жылдай басқарғанында, соның сегіз жылдай уақытында бірге болдық. Жаманды-жақсылы қосшылығында жүріп, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлістік. Мемлекеттік қызметте басшы әрі ұстаз бола білген, өзім аға тұтқан азамат туралы, оның өнегелі жолдарында көрген-білгендерім мен ойға түйгендерімді жазғанды жөн көрдім.
2006 жылдың 9 маусымында Аманөткел ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалған сәттен бастап, зейнеткерлікке шыққанша, 2013 жылдың ақпан айына дейін қызметтес болдық. Әлі күнге дейін ол кісімен сәлеміміз үзілген жоқ. Кейде үлкен басымен өзі телефон соғып, қуанышты сәттерімізді жібермей құттықтап жататыны да бар.
Нәжмәдин Түрікпенұлы туралы естелік жазу оңай да, әрі қиын. Оңай болатыны атқарған қызметтері ел жадында сайрап тұр. Онысын ешбір тарих елдің санасынан шығарып тастай алмайды. Қиын болатын себебі бірде дана, бірде баладай елпілдеп алдымызға түсіп кетеді. Даналығы өзіне дейінгі ел басқарған ағалары мен әріптестері, абыздар туралы, олардың өмір жолдары, тағылым-тәрбиелерін ортаға салып, суырыла сөйлейтін, ділмар, шешендік қасиеті бар. Реті келсе, қарапайым адам ретінде, шүйіркелесе сөйлесіп, сырларын бөлісіп, қамқор бола білетін қасиеті кез келгеннің бойына табыла бермейді.
Бірге қызметтес болған жылдарда бір байқағаным – ол кісі өзі тағайындаған кадрларды қызғыштай қорып, қолынан келгенше қорғап бағатын еді. Себебі қай округ, қала болсын, ел ішінде алуан-түрлі пікірлердің болатыны белгілі. Қай жерде қандай пікірлер мен мәселелердің барын алдын-ала зерттеп, соған сәйкес жауабын дайындап жүруге машықтанған жан. Ең бастысы, адамның жан дүниесі мен ниетін аяқасты туындаған жағдайдың өзінде зердесінен тез өткізіп үйренген және үйлестіре білетін психолог бола білді. Ауылдық округ әкімдеріне сын садағы бағытталған сәттерде кәдімгі «майдан қыл суырғандай» тігісін жатқызып, азаматтарды үстіне су тигізбей алып шығатын. Мұндай сәттерде мәселе көтерген адамның өзі ойынан жаңылып қалатын-ды. Мұндайда: «ағалар мен жаңадан қызметке кіріскен сарыауыз балапан әкім емеспін. Өзім қойған басшыны қашан өзінің іс-әрекеттерінен өзі зардап шегетін жағдайға жеткенінше қорғау міндетім. Сондықтан маған ретсіз әңгіме айтпай-ақ қойсаңыздар» деген сөздерінің куәсімін. Нәкеңнің бойындағы осындай қасиетіне өзгелер қызыға қарап, құрметтейтін еді.
Ұзақ жылдар Жақсықылыш кентінің әкімі болып қызмет атқарған Нағашыбай Әуесханов ағамыз 2007 жылы аяқастынан қызметінен босатылатын болды. Себебі жыл аяқталар тұста СТК-ға бөлінген қаржыны игеру керек деген желеумен жұмсалған қаражаттың әлегі. Жұмсалды деген аты болмаса кент әкімінің ешқандай кінәсі де жоқ. Тәртіптік кеңестің шешімі келген сәтте, аудан әкімі Н. Мұсабаев әріптесі Н.Әуесхановқа: «мен тәртіптің кеңестің шешімін орындауға міндеттімін, амалым жоқ. Саған беретін кеңесім ізден, арыздан. Менің саған көмегім өз аузыңнан «мен болдым» деген сөз шықпайынша, орныңа адам тағайындамаймын», – дейді. Мәселе жеті айға созылды, Жоғарғы соттың шешімі шығып, ағамыз ақталды. Жеті айға дейін бос тұрған лауазымға Н.Әуесханов қайта тағайындалды. Бұдан кейін бірнеше жыл қызметін жалғастырып, зейнет жасына жетіп абыроймен құрметті еңбек демалысына шығып көңілі жайланды. «Жақсыдан шарапат» деген осы болар.
Нәкең өзінің сеніп тағайындаған кадрларды сынақтан өткізіп тәрбиелейтін басшы болды. «Мұхтар келешек әкім болады», – деп оған сенім артатынын талай көрдік те. Мұхтар Әуесұлы сол кезде аппарат басшысы болатын, соған сай үлкен жауапкершілік жүктеп, жұмыстың ауыр салмағын да артып отыратын. Бір сөзбен айтқанда, ол Нәжмадин Мұсабаевтың мектебінде он жылға жақын шыңдалып, әкімшілік басқару саласында пісіп жетілді. Нәтижесі белгілі, Мұхтар Әуесұлы ұстазының сенімін ақтап Арал, Қазалы аудандарын сегіз жыл абыроймен басқарып, бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты бір департаментті басқарып отыр. Сенімге ие болу ауыр жүк болумен қатар, оны алып жүрудің салмағы тіпті де зіл батпан. Ең бастысы, сенімнің ақталғаны, ықылас-пейілдің ортаймағандығы дер едім. Бұл мысал тек Арал ауданындағы кадрлық мәселе ғана. Қазалы мен Жаңақорғанды немесе Қызылорда қаласы және облыс әкімінің бірінші орынбасары кезінде тәрбиелеген шәкірттері қаншама. Осының бәріне қажыр мен қайрат, төзім мен сабыр қажет екені белгілі.
Нәжмәдин Түрікпенұлына тән қасиеттердің бірі, өзі тағайындаған кадрларды мүмкіндігінше орнынан қозғамай, жасы келгенде зейнеткерлікке абыроймен шығарып салып, олардың өмірлік тәжірибелерін одан кейін де пайдалануға тырысатын еді.
2012 жылы Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына байланысты үлкен мәселе пайда болды.Тозығы жеткен су құбырлары кез келген жерден жарылып, Арал мен Қазалыға шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында ауызсу жетпей жатты. Облыстан келетін көмек те дер кезінде бола қоймай, аудан бюджетінің шамасы болмады. Сол бір қиын сәтте жағдайды тиісті жеріне жеткізіп, қаржысын да, мердігерді де бір мезгілде шешуге барын салған қажырды еңбегінің арқасында екі аудан халқын ауызсу қиындығынан құтқарды.
Сол тұста су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішов Аралға келіп, Қосамандағы жағдайды көзімен көріп, тиісті көмегін жасады. Осының негізінде Арал мен Қазалы ауданында ауызсу мәселесі шешімін тапты. Жұмысты ұйымдастыра біліп, дер кезінде берілген көмектерді тиімді пайдалана білу Нәжмадин Түрікпенұлының іскерлігі еді.
Сол кезеңдерде Арал қаласының абаттандырылуына байланысты көптеген жұмыс атқарылды. Қаланың шағын аудандарында демалыс орындары салынып, гүлзарлар жасалды, қаншама құрылыс жұмысы жүргізілді. Мұның бәрі айтуға оңай. Сол біткен жұмыстарды аралап көруге күндіз уақыты болмаса, кешкі, түнгі мезгілдерде барып көретін. Көңілінен шықса, қуанып, келесі жұмысқа құлшына кірісетін.
Тыным таппайтын ағамыз зейнет демалысына шықса да, аудан мен облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне үн қосып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып келеді. Ұстазы, марқұм Сейілбек Шаухамановтың қиын-қыстау уақытта ел тізгінін ұстағанын, ұйымдастырушылық қабылеті мен іскерлігін, кадрлардың тепе-теңдігін сақтаудағы ұстанымдарын кездескен сәттерінде біздерге айтып отырудан жалығып көрген емес. Ең бастысы, елдің ауызбіршілігін сақтай біліп, халықты нарықтық экономика талаптарына бейімдей алғандығын, осының нәтижесінде тұрмыс-тіршіліктерінің бірте-бірте дұрыс жолға қойылғанын, бір сөзбен айтқанда, ұстазының елге еткен еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізуді парыз санайды.
Кейінгі жылдары бүгінгі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың жастық жігері мен қабылет-қарымы, атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып отыруды үлкендік парызы, аға буын өкілі ретіндегі міндеті екендігін айтып келеді.
Осындай тағылымды тірліктерімен қатар Жалаңтөс баһадүр қорын басқарып ізгілікті, имандылық жұмыстарын дәріптеумен қатар, өнер иелерін де құрмет тұтып келеді. Оның айғағы есімі елге танымал әнші, сазгер Үкітай Ерниязовты Жалаңтөс баһадүр атындағы қор медалімен, белгілі жыршы Марат Сүгірбаевты Құрмет грамотасымен марапаттап, Сыр топырағынан шыққан таланттыларға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде Нәжмадин ағамыз 75 жасқа толып отыр. Елге сыйлы азаматтың тағылымға толы жылдары, жүріп өткен жолы кейінгі буынға үлгі боларлықтай.
Тәңірберген Дәрменов, өлкетанушы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!