Сенбі, 19 сәуiр, 19:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Тарихқа таңбалаған қала атауын

19.04.2025

111 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай жиын өтті. Қазақ тарихын зерттеп, тың деректерді жинақтап жүрген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері осы жиында бас қосты.

Алғаш боп сөз алған қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев 15 сәуір қазақ тарихындағы елеулі күн екенін атап өтті. Осыдан тұп-тура жүз жыл бұрын, 1925 жылы Ақмешіт қаласында Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі басталды. Алашқа сауын айтылған осы жиында ұлтымыздың қазақ деген ұлық атын қайтару мен Ақмешіттің атын өзгерту мәселесі тұрды.

– Қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда мемлекеттік мекемелерге, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын бір ай көлемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді. Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан жерлесіміз Қоңырқожа Қожықов деген деректер кездеседі. Тапқырлықпен табылған қала атауы әліге күнге дейін өзінің биігін аласартпай, жарқын жолынан жаңылған емес, – деді Айдын Қайруллаев.

Түркітілдес халықтарда «қызыл» сөзінің түп төркіні алтын сөзімен мәндес. Ал орда – қазақ сөзі. Империя үшін қызылдардың ордасы болса, сөздің байыбына барып, астарын ұғынғандар үшін алтын орда деген сөзбен мағыналас. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман осы атауға ерекше тоқталды.

– Ұлт зиялылары қазақ халқының, түбі ортақ түркі тарихын жақсы білді. Съезде қылышынан қан тамып тұрған большевиктер мұның арғы мәніне бас ауыртпай, ұсынысты бірден қабылдады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тарихи «Ақмешіт» атауын қайтару туралы пікірлер болды. Дегенмен, «Қызылорда» атауы тарихпен біте қайнасып, ұлт жадында астана ретіндегі бейнесімен сақталғанын, мемлекеттік құрылым, ұлттық идея, тарихи сабақтастық ұғымдарымен де тығыз байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Қызылорда – қазақтардың өзі салған жалғыз қаласы, әрі астанасы, – деді ол.

Тарихқа таңбалаған қала атауын

Қызылорда астана болған уақытта мұнда Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі жұмыс істеді. Тіпті 1919 жылы Орынборда ашылған Қазақ халық ағарту институтының өзі 1925 жылы Қызылордаға көшірілген. Сол уақытта елді ағарту ісіне атсалысқан белгілі ғалымдар да оқу орнымен бірге Қызылордаға келді. Ал институттың ректоры Сәкен Сейфуллин болған.

– Тәжірибелі педагог, ағарту жұмысын ұйымдастырушы Сейітқали Меңдешев, Құдайберген Жұбанов институтта сабақ берді. Зиялылар Қызылорда қаласында тұр­­ған кезін жазба етіп қалдырған. Мысалы, «Өмір мектебі» кітабында жазушы Сәбит Мұқанов: «Маған ерекше әсер еткен көріністің бі­­реуі – Сырдария өзені. Атағы жер жаратын бұл өзенді бірінші рет көруім. Оның суы Есіл өзеніндей мөп-мөлдір емес, сап-сары қоймалжың боп ағады екен. Төңірегін­дегі жарқабақтары аласа, кей тұста жазық жермен тұтасқан жайпақ» деп суреттеген. Жағыпар Лапин, Қоңырқожа Қожықұлы, Серікбай Ақайұлы, Әлмағанбет Құрымшин, Сұлтанбек Қожанұлының Қазақ көшесінде қызыл кірпіштен салынған біркелкі үйі болған, – деді ғалым Ғабит Тұяқбаев.

Көп деректерде Әлихан Бөкейханов­тың көшбасшылық қабілетінен сескенген қызыл империя оның маңызды жиындарға қатысуына кедергі келтірген. Қызылордада­ғы жиындарда оның болғанын анықтау қиын. Бірақ ғалымдар бейнежазбада оның отырғанын жазбай таныпты.

– Алаш көсемінің Қызылордамен бай­ланысы ұзаққа созылған жоқ. Тарихи мәлі­метке қарасақ, Әлихан Бөкейханов мұнда екі рет – 1925 және 1926 жылдары келген. Конференцияға қатысқаны туралы ешқандай ресми дерек жоқ. Есесіне сол жиыннан бейнежазба сақталыпты. Онда қазақ зиялы­сының конференция президиумының қақ алдында жеке орындықта отырғанын көре­міз, – деді Ә.Тәжібаев атындағы облыс­тық әмбебап ғылыми кітапхананың кітап­ханашысы Ақмарал Серікбаева.

«Көне ғимараттар – тарих куәгері» деп мінберде өңірдегі тарихи ғимараттар жайын айтқан облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ерғазы Алданазаров аймақтағы тарихи маңызы бар нысандар туралы айтты. Олардың қатарында бүгінде қолданыста кеңсе, сауда үйі, монша, мешіт болып тұрғандары да бар. Өкінішке қарай, әйнегі сынып, ауласы қоқысқа толған көлік прокуратурасы, жеке үйлерге айналып, ұсқыны қашқан, қараусыз қалған нысандар да бар. Ал өңірдегі теміржол вокзалымен дәуірлес салынған «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ «Қызылорда магистралдық желі бөлімшесі» филиалы Қызылорда электр­мен жабдықтау дистанциясы Қызылорда электрмен жаб­дықтау ауданының ғимараты әлі күнге дейін мемлекет қорғауына алынбаған. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев тұрған үйлердің орнында тіпті тақтайша да жоқ. Десе де, орталық директоры қалалар тарихына тоқталып, Қызылорда астана болғанда маңызды жиындар өткенінен хабардар екен.

– Сыр бойында астана мәртебесіне ие болған төрт қаланы атап өткім келеді. Олар – Арал маңын мекендеген сақтардың астанасы Шірік-Рабат, ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Қыпшақ хандығының, сонымен қатар Ақ Орда, Әбілқайыр ханды­ғы мен Қазақ хандығының астанасы бол­ған Сығанақ, 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы қызметін атқарған Ақмешіт (Қызылорда) қалалары. Қызылорда астана болған кезеңде қалада маңызды мем­лекеттік және қоғамдық шаралар өтті. Бірақ экономикалық және саяси қиындықтар астананы Алматыға көшіру туралы шешім қабылдауға себеп болды. Қызылорда қаласы республиканың саяси өмірінде маңызды рөл атқарды. Ол жаңа республиканың қалыптасу кезеңінде көптеген маңызды оқиғаның куәсі болды, – деді ол.

Қызылорда қаласының тарихы музейі­нің ғылыми қызметкері Гүлзира Әубәкір Қызылорда астана болған уақытта жарық көрген кітаптарға тоқталды. Жиынға қатысу­шылар Қызылорда қаласының астана бол­ғанына 100 жыл толуына арналған кітап көрме­сін тамашалады.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: