Қаладағы ескі базарға барғанда «Аль-Асад» деген дүкенге соқпай кететіндер аз. Алайда сол халық «Аль-Асад» дүкенінің ғасырдан астам тарихи ғимарат екенін біле ме екен? Қалың көпшілік бұл ғимаратты тек сауда орталығы деп таниды. Бір жарым ғасырдан астам тарихы бар ғимарат кезінде баспахана болған. Қызылорданың Астана болғанына 100 жыл қарсаңында тарихи ғимараттардың тарихын білуге қызығушылығымыз арта түсті. Қаламыздағы санаулы тарихи ғимараттардың бірі – бүгінгі «Аль-Асад» сауда орталығы. Еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласында тарихтан сыр шертетін ғимараттардың көпшілігі кезінде жаңа қала жасау жоспарымен бұзылып кеткен. Бүгінде қаламызда тарихи ғимараттар санаулы-ақ. Сондықтан жас буын тарихи ғимараттар жөнінде біле жүргені де жөн.
1925-1929 жылдары ел астанасы болған Ақмешітте тарихи орындар көп. Бүгінде «Аль-Асад» атауымен дүкен қызметін атқарып тұрған ғимарат 1878 жылы салынып, Қызылордадағы бұрынғы қыздар приход училищесі, кейіннен Перовск училищесі болған. Ал Сыр журналистикасының тарихы кітабының 3-томында «1925-1929 жылдары Қызылорда астана болған аралықта ең алғаш республикадағы баспахана осы ғимаратта орналасты. Мұнда «Еңбекші Қазақ» (Егемен Қазақстан) және «Советская степь» (Казахстанская правда) газеттері басылды. Кейін бұл ғимаратқа аяқ киім фабрикасы көшіп келіп, тоқсаныншы жылдары жекешелендіру уақытында жекеге өтіп, «Аль-асад» дүкеніне айналды» деп жазылған. Қазақ мемлекеттік баспасы ел астанасы Қызылордаға көшкенінде баспа ісінің дамуына, ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген ұлт зиялысы Міржақып Дулатовтың есімі құрметпен аталады. Демек, бұл ғимаратта Міржақып Дулатовтың да ізі қалған деуге болады.

«Қызылорда ел астанасы болған уақытта қазақ зиялылары Орынбордан осында қоныс аударғаны белгілі. Сол уақытта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов ағарту ісіндегі әліпбиін қазіргі «Аль-Асад» сауда үйі ғимаратында, яғни ғимарат баспахана болған уақытта басып шығарған деген дерек те бар.
Сонымен басылым беттерінде жарияланған деректерге сүйенсек, бұл ғимарат төрт класты қазақ жастарын аудармашылыққа дайындайтын түземдік мектеп болған. Қазан төңкерісінен кейін, 1925-29 жылдары республикадық баспахана (типография) қызметін атқарды. Осы баспаханадан республикалық «Еңбекші Қазақ» (кейіннен «Социалистік Қазақстан», бүгінде «Егемен Қазақстан») және «Советская степь» (кейіннен «Казахстанская правда») газеттері басып шығарылған. 1929-1973 жылдары облыстық кітапхана, кейін тігін-тоқыма фабрикасының үйі орналасты.
Журналист Мұрат Жетпісбайдың «Egemen qazaqstan» газетінің 2021 жылы 1 ақпанында жарық көрген ««Еңбекші қазақ» басылған баспахана» атты мақаласында ғимарат 1878 жылы күйдірілген кірпіштен салынғаны жөнінде жазылған. Ғимарат инженер, генерал Брюноның жобасы бойынша негізі қаланып, қыздар приход училищесі болып ашылды. Іргетасы бетон. Төбесі шатырланған. Ғимараттың қасбеті ою-өрнектеліп өрілген. Алдыңғы қасбетінің орталық бөлігінде «1878 г» деген жазу бар. Ғимарат бір қабатты, күйдірілген кірпіштен салынған. Жоспары бойынша формасы «Г» пішінде. Едені бетоннан және плитадан. Жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Сондай-ақ бұл ғимаратта аяқ киім фабрикасы орналасып, тоқсаныншы жылдары жекешелендіру уақытында жекеменшік қолға өткен.
Ғимарат қабырғасына 2017 жылы «Мұстафа Шоқай 1899-1902 жылдары аралығында осы Перовск училищесі ғимаратында оқыды» деген жазуы бар.тақта орнатылған.
Жалпы, елдің алғаш астанасы атанған Қызылорда қаласының әр бұрышы тарихтан сыр шертеді. Өйткені мұнда қазақ халқының ел болып қалыптасуының бір кезеңі жатыр. Сондықтан ескі ғимараттарды ұмытпай, тарихпен таныс болу бізге міндет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!