Залда отырған көрермен түрегеп тұрып қол соқты. Сахнадағы әртістердің образға кіргені соншалық, мұндағылар олардың қазақи бейнесін де ұмытып қалғандай. Құдды бір ХІХ ғасырдың басындағы әлем әдебиетін оқыған жұрт сол әлемнің төрінде жүргендей сезінді. Ал Алаш арыстары жайлы қойылымда Шоқайдың ұлы Мұстафа мен замандастары Әлихан мен Міржақып, Ахаңдар ортадан атып шығып, «Ассалаумағалейкүм» деп кіріп келіп, қасыңда отырғандай күй кешесің. Жиылған жұрттың көкейіндегісін дөп басып, көңілінің тетігін таба білген әртістер егерде күнделікті киімімен жай ғана ортада дәл осы сөзді айтқанда қаншалықты әсер алар едіңіз?! Әрине, «Адам көркі – шүберек» деген сөз жайдан-жай айтылмаса керек. Біз театр майталмандарының үстіндегі сахналық киімді өз заманына сай етіп тігіп, бір киім арқылы бір дәуірді көз алдыңызға әкелер тігіншілермен тілдескенде осы нәрсеге былайғы өмірде мән бере бермейтінімізді ұқтық.
Ырысты Есқалиқызы мен Гүлжапран Таярқызы он жылдан бері осы салада тер төгіп келеді. Олар бұған дейін жеке ательеде де еңбек еткен. Бірақ театрдағы жұмыс жай ғана тігіншілік емес екен. Әрбір киім, тіпті әрбір детальдан өз дәуірінің лебі сезілу керек.
– Суретші киімнің эскизін әкеледі. Соған қарап, киім тіге бастаймыз. Ондағы әрбір түйменің өзі суретші мен режиссердің ойындағысын дөп басып табуы керек. Жұмыстың ең маңызды механизмі де сонда жатыр. Ал ең бір кереметі – біз осы жұмыстан ләззат аламыз, – дейді тігінші апайлар күліп.
Театрдың астыңғы бөлігіндегі аядай ғана бөлме өзінің жұмысын сүйіп, беріле атқарып отырған қос тігіншінің жайдары жүзіндей жарық екен. Бір жіптің бойымен сурет салып отырғандай кейіпте. Олардың қолынан шыққан әрбір киім өнер туындысындай. Қыздың жиған жүгіндей болған бөлмеде кейде таңды көзбен атырып, түні бойы шұғыл жұмыстарды орындайтын кездері де көп.
– Біз уақытпен санаспаймыз. Шығармашылық жұмыс қой. Кеше ғана қойылған «Өз аға» қойылымында ерлердің костюм-шалбарын тіктік. Кәдімгі костюм-шалбар ғой деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ біз тіккен әрбір киім сол дәуірді қаз-қалпында көз алдыңызға әкелуі керек. Негізгі мақсатымыз да сол, – дейді он саусағынан өнер тамған ісмерлер.
Биыл Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының құрылғанына – 70 жыл. Ырысты Есқалиқызы мен Гүлжапран Таярқызы осы жұмысқа кіріскендегі ең бірінші жұмысы да Нартай Бекежановтың шапаны еді… Бүгінде сол шапан әлі күнге қолданыста. Ал естен кетпейтіні – «Ант» қойылымына дайындық. Ондағы киімдердің көптігі бір сәт айналаға көз тартарға мұрша бермеді. Оның үстіне, сол қойылымда Тұңғышбай Жаманқұлов ойнады. Алашқа белгілі азаматқа киім тігу де үлкен жауапкершілік болғанын айтады ісмерлер.
– «Найзағай» спектаклі Бакуде қойылды. Оның уақыты өте тығыз болатын. Атымызды ұмытып қала жаздадық. Әрбір көзге ілінбес кішкентай деталіне дейін маңызды еді. «Ақбаян» спектаклі Лондонда қойылды. Міне, біз тіккен киімдер әртістеріміз қайда барса, сонда болады. Әлемдік деңгейде қойылған қойылымға баға берген сыншылардың «киімдерін дәл, әсерлі дайындапты» дегенін естігенде біз құдды бір «Нобель» сыйлығын алғандай қуандық. Еңбегің еленіп, көз майыңды тауысқан жұмысың бағаланып жатса, қалай қуанбайсың?! – дейді Ырысты Мақұлбаева.
Сахна төріндегі қойылым тұтас театр ұжымының біртұтас еңбегі. Соның нәтижесінде дайын өнім көрермендерге ұсынылады. Ырысты Есқалиқызы мен Гүлжапран Таярқызы киімдер дайын болғанда көрермен ретінде алдын ала қарап алады. Сондайда қайтадан өзгеріске ұшырайтын да жағдайлар болады. Мұның барлығы тәжірибемен келетіні сөзсіз.
– Кейде біз суретшінің әкелген эскизін өзгертетін де кездер болады. Бұл ұжымдық еңбек болғандықтан, жан-жақты толығады. Бірде суретші бізге тауықтың эскизін әкелді. Оны біз әдепкіде суреттегідей келтіргенбіз, әдемі шықпады. Ойлана келе қамажай көйлектен тауықтың киімін жасадық. Қазақы тауық болды да шыға келді. Тауық жылында дайындаған еңбегіміз еді, – дейді өнерлі жандар.
Ал енді киім тігудегі ең қиыны – киім образды толығымен ашатын элемент екенін ұмытпау. Сан түрлі мінез, сан түрлы болмыс, соның барлығын бір киім арқылы байқатып, көрсете білу – үлкен өнер. Ол – шығармашылықтың шыңы. Киім арқылы эмоцияны да танытып отырады.
– Театр ұжымын моншақ деп алсақ, біз бәріміз сол моншақты құраймыз. Еңбек осылай жинала келе бір қойылымға айналады. Жұмысымды жақсы көремін, сол арқылы ләззат аламын. Әрине, көздің майын тауыса еңбек ету үшін сабыр мен төзім керек, – дейді Ырысты Есқалиқызы.
Ол орындығына жайғасты да, тігін машинасын тырсылдатып, іске кірісіп кетті. Ара-тұра «Сұрағыңды қоя бер, мен жұмысымды істей беремін», – деп көзілдірігінің астымен қарап қояды. Шіркін, жұмысына берілген әрбір жанның әрекеті осылай болса, қандай керемет!
Қойылымға неше адам қатысқаны маңызды емес. Тіпті, бір адам сахнаға шығып монолог оқыса да, ісмер жандардың еңбегі сол жерде көрініс тауып тұр…
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!