Биылғы маусым теңге тағдыры үшін мазасыз болды. Доллар қымбаттап, теңге бағамының әлсіреуі маусым айынан белгі беріп, шілде де теңселіп тұр. Теңге тағы әлсіреп, құнсыздана ма деген сұрақ та жоқ емес.
Жыл басынан бері нығая түскен теңге бағамы маусым айында құлдырай бастады. Бұған бірден-бір себеп – ұлттық қордан аударымдар айтарлықтай өсе түскені. Маусымдағы теңгенің құнсыздануына орай түсініктеме берген Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов осылай деген еді.
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша экономика 5,1%-ға өсті. Оның жағымды нәтижелерінің бірі теңгенің 1,7%-ға нығаюы болды. Одан кейін 2024 жылдың басынан теңге 1,7% нығайды. Жалпы нығаю 3,5%-ды құрады. Егер 2023 жылы фактор экономикалық өсім мен күшті төлем балансы болса, биыл оған ықпал еткен факторлар негізінен Ұлттық қордан қосымша трансферттер болды, – деген Ұлттық банк басшысы жыл басынан бері ел бюджетіндегі қиындықтар теңге бағамына әсер етіп отырғанын атап айтқан еді.
– Салық жинау аз болды, сәйкесінше Ұлттық қордан аударымдар көлемі де айтарлықтай өсті. Трансферттерді сату деген нені білдіреді? Бұл валюталық активтерден алу деген сөз, өйткені Ұлттық қор доллармен сақталады. Оны биржаға әкеліп, сатып, теңгеге айырбастап, қаржы министрлігіне береді. Биржаға қосымша доллар әкелгенде, бұл нені білдіреді? Ұсыныс өседі, яғни баға төмендейді. Валюта нарығындағы қатысуымыз екі есе қысқарды. Тиісінше, теңгенің қалыпты деңгейіне қайта ораламыз», – деді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.
Айта кетелік, маусымда1 доллар бағамы 465 теңгеден сатыла бастады. Маусымдағы мазасыздық шіліңгір шілдеде да жалғасып, теңге бағамы тағы да сыр берді. 9 шілдеде ұлттық валюта құнсызданып, доллар бағамы 480,77 теңгені құрады. 10 шілдеде орташа сараланған бағам 1 долларға 478,48 теңге болды. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 11 шілдедегі сауда-саттықта теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа сараланған бағамы 10 шілдемен салыстырғанда 0,9%-ға (4,22 теңгеге) нығайды. Осылайша 1 доллар 474,26 теңгені құрады.
Сарапшылар пікіріне сүйенсек, теңге жайына алаңдайтындай мәселе жоқ. Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан қаржы нарығының сарапшылары теңгенің одан әрі құнсыздануына еш себеп жоқ екенін алға тартады.
Олар тауар нарығының қолайлы конъюнктурасы, ағымдағы операциялар шотының профициті, сауда балансының жақсаруы, елдегі жоғары пайыздық мөлшерлеме және әлемдік капитал нарығындағы жағдайдың аясында теңгенің одан әрі әлсіреуіне негіз жоқ деп есептейді.
Ұлттық валютаның әлсіреуімен экономикадағы инфляцияға қарсы қысым күшеюі ықтимал. Десе де базалық мөлшерлемені сақтықпен төмендету циклі шілдеде жалғасуы мүмкін.
Сауалнамаға қатысқандардың 71%-ы базалық мөлшерлеме жылдық 14,0-14,25%-ға дейін төмендейді (қазіргі 14,5%) десе, ал қалғаны өзгеріссіз қалады деген пікірде. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің пікірінше, теңге бағамы «негізгі көрсеткіштерге» оралып жатыр. Оның пікірінше, соңғы айларда байқалған өзгеріс Ұлттық қор қаржысын көптеп сатумен байланысты болған. Ал шілде айында қорда сатылатын қаржы көлемі екі есе қысқарған.
«Tengenomika» сараптама порталы ұлттық валюта бағамының 1 АҚШ доллары үшін 480 теңгеден асуы психологиялық шекті көрсеткіш деп мәлімдеді. Валюта нарығындағы бұл межеге теңге өткен жылдың қыркүйек-қазан айында және 2022 жылдың қыркүйегінде жеткен еді. «Былтырғы жылдың аяғында және биылғы жылы бағамды нығайту үшін Ұлттық қордағы мұнайдан түскен АҚШ долларларын сату қатты әсер еткені анық. Соңғы айда курстың күрт әлсіреуі осынау теңсіздіктің салдары», – дейді мамандар.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!