Сейсенбі, 31 наурыз, 01:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23 (2235)
31.03.2026
PDF мұрағаты

Ұлттық киім бір күндік емес

31.03.2026

33 0

Бүгінде ұлттық құндылықтарды жаңғырту – ұлттық болмысымызды сақтап қалудың басты шарты. Осы жолда тер төгіп, қазақтың бай мұрасын заманауи сән үлгілерімен ұштастырып жүрген қолөнер шеберлердің бірі – Жазира Үргенішбаева. «Zhazira Ramazan Qoloner» брендінің негізін қалаушы Жазира Рамазанқызымен қазақ қолөнерінің бүгіні мен ертеңі, ұлттық стильге деген сұраныс пен кәсіптің қыр-сыры туралы әңгімелескен едік.

– Жазира ханым, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Қолөнерге қызығушылық қалай басталды?

– Өзім ІТ маманымын. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығында бакалавр және магистратураны оқыдым. Екі оқуымды да қызыл дипломмен тәмамдадым. Бірақ жүрек қалауым қолөнерде еді. Қолөнермен айналысып келе жатқаныма 13 жылдай уақыт болды. Негізі бала күнімнен тігін тігуге қызығатынмын. Әжем тігінші болған, өз киімдерін өзі тігетін. Мүмкін, сол кісіден дарыған қасиет шығар. Тұрмысқа шыққаннан кейін, бала күтімімен үйде отырғанда бұл іске білек түре кірістім. Басында хобби ретінде басталып, кейін сұранысқа қарай кәсіпке бет бұрдым.

– Сіздің туын­дыңызда ұлт­тық нақыш ерекше байқалады. Ұлттық ою-өр­нектерді заманауи стильмен ұштастыру идеясы қалай пайда болды?

– Кәсібімді бастаған кезде қолөнер бұйымдарымен түрлі шаш қыстырғыш, тәж, қалыңдық гүл­дері сияқты дүниелердің барлығын жасадым. Әрі қарай киімге, әсіресе ұлттық киімдерге деген қызығушылығым оянды. Содан зерттеп, үйрене бастадым, киімдерді де дизайнымен қоса тігуді қолға алдым. Мақсатым – тек мерекелік кештердегі киімдер ғана емес, сонымен қатар күнделікті қазақы стильде киіну мәдениетін қалыптастыру. Яғни за­манға сай етіп, мысалы, костюмдер, жейде болсын, соған қазақы ою-өрнек элементтерін қосу, соны халыққа ұсыну. Қаламызда өткен ауқымды іс-шарада ою-өрнек зерттеу­шілерімен кездесіп, этнограф ғалымдардың еңбектері мен энциклопедияларын зерделей бастадым. Қазіргі таңда сол көне жәдігерлердегі өрнектердің терең ма­ғына­сын заманауи костюмдер мен жейделердің ди­зайнына үйлестіріп, халыққа ұсынып келемін.

– Бүгінде ұлттық стильдегі бұйым­дарға сұраныс қалай? Жастардың қызы­ғушылығы байқала ма?

– Қазіргі таңда сұраныс өте жоғары. Жастардың да қызығушылығы өте жақсы. Бұл уақытқа дейін де киімдерге түрлі сұраныс бар. Яғни қазір джинсы матасы болсын, кез келген костюмдік мата болсын, бір элементті қосып шығарсаң, жастар­дың қызығушы­лығы өте жоғары. Сонымен қатар мек­тептерден де сұраныс бар. Мектеп­те оқу­­шыларға қаза­қы оюы жи­лет-камзолдар дайын­даймыз. Біз қыркүйек айы­нан бастап, қала­мыздағы мектеп­терге форма  тігіп келеміз. Қаламыз­дағы ең үздік мектеп­термен жұмыс істейміз. Бұл – жас ұрпақтың бойында ұлттық кодты қалыптастыруға үлкен қадам.

– Шеберханаңыздан шыққан бұйым­дардың ерекшелігі неде?

– Біздің шеберхананың қолтаңба­сы – мінсіз сапа мен шынайы жауап­кершіліктің ұштасуында. Әрбір бұйым­ды дайындау барысында біз ең алдымен жұмысқа деген ұқыптылық пен адалдық қағи­дасын ұстанамыз. Менің түсінігімде, қолөнер бұл жай ғана кәсіп емес, бұл жаныңды салып атқаратын шығармашылық процесс. Сондық­тан әрбір тігістің тиянақтылығына, матаның жоғары сұрыпты сапасына ерекше мән береміз. Біздің басты ерекшелігіміз – авторлық көзқарас пен технологиялық мінсіздіктің үйлесімі. Біз қолданатын маталар тек төзімділігімен ғана емес, эстетикалық тартымдылығымен де ерекшеленеді. Тұтынушы алған бұйым тек бір маусымдық емес, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатындай деңгейде жасалады. Әрбір өрнектің орналасуы, түстердің үйле­сімі мен пішілуі үлкен ізденістің же­місі. Сон­дықтан сапа біз үшін жай ғана сөз емес, бұл брендіміздің абыройы мен халықтың бізге деген сенімі.

– Ұлттық бренд қалыптастыру жолында қандай қиындықтар мен қызықты сәттер болды?

– Ұлттық бренд қалыптастыру бұл бизнес емес, бұл үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін жол. Әрине, кез келген істің басында қиындықтардың болуы заңдылық. Бірақ менің ұстанымым – кедергілерге мойымау. Алдыңда айқын мақсат пен үлкен арман болғанда, өтпелі қиындықтардың бәрі артта қалады. Тек жан-жағыңдағы кедергілерге алаңдамай, табандылықпен алға жылжысаң ғана, көздеген биігіңе жетесің. Бүгінде біздің шеберханамыз тек жеке тапсырыстармен шектелмей, ауқымды жобаларды қолға алып жатыр. Қаламызда өтетін ірі мәдени іс-шараларға арналған үлкен тапсырыстарды орындау біз үшін үлкен мәртебе әрі үлкен сынақ. Бұл жұмыстар тек кәсібімізді танытып қана қоймай, жергілікті тігіншілер мен қолөнершілерді жұмыспен қамтуға, олардың әлеуетін ашуға зор септігін тигізуде. Біздің жетістігіміз – ұлттық өнерді насихаттай отырып, қоғамға пайдамызды тигізу деп бі­лемін. Қы­зықты сәттерде осы қажыр­лы ең­бектің нәтиже­сін көріп, халықтың ықыла­сына бө­ленген сәтте барлық шаршаға­ның ұмытылып, жаңа серпін пайда болады.

– Қолөнер арқылы ұлттық мә­дениетті насихаттаудың қоғам үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Бұл – біздің тарихымыз. Қолөнер арқылы біз әлемге өзімізді танытамыз. Қоғамда ұлттық киім кию мәдениеті қалыптасса, бұл патриотизмнің ең жоғарғы көрінісі болар еді.

– Алдағы уақытта кәсібіңізді дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Мақсат – «Zhazira Ramazan Qoloner» брендін жаңа белеске шығару. Біз тек жекелеген тапсырыстарды орындаумен шектелмей, нарыққа өзіміздің бірегей қолтаңбамызды қалыптастыруды көздейміз. Жуырда заманауи сән трендтері мен дәстүрлі ұлттық нақышты шебер ұштастыратын авторлық киімдер топтамасын көпшілік назарына ұсынбақпыз. Басты ұстаным – қазақы киімді тек сахналық немесе мерекелік атрибут емес, күнделікті өмірде сұранысқа ие, ыңғайлы әрі стильді ету. Бұл ұлттық брендтің халықаралық деңгейге шығуына жасалған маңызды қадамдардың бірі

– Қолөнерге қызығатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – табандылық. Қандай қиындық болса да, алған бетіңнен қайтпау керек. Сапалы дүние жасауға ұмтылу қажет. Сонда ғана еңбегің жанады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: