Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық киімге
сұраныс артып келеді

09.11.2024

475 0

Кейіпкеріміз Гүлзира Омарова қолөнер саласын дамытуға үлес қосып келеді. Ол «Айша» қазақ бренд шеберханасының негізін қалады. Тігіншілікті тіршілігінің тұтқасына айналдыра білген қолөнер шебері ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған қазақы нақыштағы киім және көрпе-төсек секілді көптеген бұйым тігумен айналысады.

– Гүлзира, әңгімемізді алдымен өзіңізден бастасақ…
– Өзім Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде дүниеге келдім. Отбасында алты ағайындымыз. Әкем көлік жөндейтін шебер кісі еді. Анам үй шаруашылығымен айналысып қана қоймай, су шаруашылығы мекемесінде көп жылдар еңбек етті. Көз ашқалы ата-анамыздың еткен бейнетін, еңбексүйгіштігін көріп өстік.
Бізге әрдайым ақылын айтып, жаманнан жиренуге үндейтін. Адал жолмен нан табуға, өзгенің ақысын жемеуге үйретті. Обал-сауапты ажырата білуге шақыратын. Осындай тәрбиенің арқасында бауырларымның барлығы қазіргі күні бір-бір шаңырақ иесі атанып, өздерінің еңбектерімен тіршілігін жасап жатыр. Мен де тұрмыс құрып, ұл-қыздарымды тәрбиелеп, адал жолмен еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда бес баланың анасымын.
– Қолөнермен айналысқаныңызға сегіз жыл болған екен. Осы жолды таңдауыңызға кім себеп болды? Сонымен қатар бір істі бастау қашанда қиын болатыны сөзсіз. Ал сіз қалай бастап кеттіңіз?
– Балалық шақта арман көп болады ғой. Мен де кішкентай кезімде тігінші болуды армандадым. «Талаптыға нұр жауар» деген қазақтың сөзі бар. Тәуекелге бел байлап, бала күнгі арманыма қол жеткізу үшін тігіншілік саласына түбегейлі ден қойдым. Тұрмыс құрып, дүниеге үш баламды әкелдім. Соның арасында жүріп, осы салада білім жетілдіргенді жөн санадым. Ол уақытта отбасымызбен Астана қаласында тұратынбыз. Отбасындағы бала тәрбиесімен қатар, тігін саласына деген қызығушылығым арта түсті. Сөйтіп «Аякен» тігін орталығының шеберлерінен тәлім алып бастадым. Ол жерде киім пішуді, тігуді үйреніп шықтым. Үйренгенімді іс жүзінде қолдану үшін ательеде жұмыс істедім. Әрине, тігін саласы да тоқтаусыз ізденуді, еңбек етуді талап етеді.
Содан Астана қаласынан отбасымызбен қызмет бабына орай туған жеріміз Сыр өңіріне қоныс аудардық. Өмірлік серігім – қызметте. Мен балаларға қарап, үй шаруасымен айналыстым. Құр отырмайын деген ниетпен қолыма ине-жібімді алып, оқыған-тоқығанымды іске асырайын деп шештім. Үйде отырып, тігін тіктім. Тапсырыс алдым. Бесік жасауы, қыз жасауы, перде, әйелдердің киімі, қыз балалардың көйлегін тіктім. Нәтижесінде тапсырыс көп түсе бастады. Уақыт өте еңбегім бағалана бастады. Тұрақты тұтынушылардың қатары арта түсті.
Осылайша, тігін саласын кәсіп көзіне айналдыра бастадым. Кәсіп бастау оңай емес. Табандылықты, шыдамдылықты, көз майыңды тауысарлықтай еңбекті қажет етеді. 2019 жылы әлемді алаңдатқан індет кез келген кәсіп иесіне оңай тиген жоқ. Осы кезеңде де қол қусырып отырмай, үйде отырып, тапсырыстар алып, жұмыс істей бердім. Осыған дейінгі жұмыстарымды әлеуметтік желі арқылы ақпараттандырып отырдым. Бір қызығы, осы жұмыстарымды желідегі парақшамнан көріп, «Жетісу» телеарнасынан Айгерім деген тілші қыз хабарласты. Телеарнаға тікелей эфир арқылы сұхбат беруге ұсыныс жасады. Ол кез нағыз карантин уақыты болатын. Үйде отырып, онлайн арқылы Талдықорған қаласындағы «Жетісу» телеарнасына таңмен тұрып, сұхбат беріп, осыған дейін жасаған еңбектерімді көрсеттім. Бұл да сол кезде еңбегім еленіп, елге таныла бастаған алғашқы қадамдарымның бірі болатын.
Осындай еңбектің нәтижесінде «Айша» қазақ бренд шеберханасын ашып, бүгінде екі тігінішіні жұмыспен қамтып отырмын.
– Осы кезде қандай киімдер тігесіз? Қандай киімге сұраныс көп? Тапсырыс берушілер көп болар…
– Қазір халықтың ұлттық киімге деген қызығушылығы артып келеді. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық киімдерді жаңаша түрде, заманға лайықтап, күнделікті қолданыстағы киімге айналдырып тігіп жатырмыз. Ұлттық құндылығымызға үлесімізді қоссақ деген мақсат бізді осыған жетеледі. Қазіргі таңда үлкендерге және балаларға арналған ұлттық нақыштағы шапандар тігудеміз. Тапсырыс берушілер бесік той, сүндет той, қыз ұзату, құдалық тойларына арнайы алып жатыр. Сұраныс өте жақсы. Тапсырыс берушілер қатары артып келеді. Тіпті еліміздің әр өңірінен тапсырыстар да түсіп жатыр. Оларға да сапалы өнім ұсынудамыз.
– Бізде отандық өнімдердің бағасы өте қымбат. Ал сіздегі баға қандай?
– Қол еңбегі қашанда жоғары бағаланады. Тұтынушылар еңбекті елейді, түсінеді. Десе де халыққа тиімді бағаны ұсынудамыз. Өнімдеріміздің сапасы да, бағасы да халықтың көңілінен шығып жатыр.
– Тігіншілерге қандай талап қоясыз?
– Тігіншінің басты ұстанымы – әрбір қолөнер бұйымының сапалы болуы, әр матаға үйлесім таба білу. Уақытылы тапсырысты орындау. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмау.
– Қолөнер саласындағы мақсатыңыз?
– Мақсатым – тігін саласын мұнан әрі дамытып, қазақ елінің өркендеуіне үлес қосып, осы жолда аянбай еңбек етіп, үлкен тігін фабрикасын ашып, адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету. Жалпы осы қолөнерді дамыта беруді мақсат етіп отырмын.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: