Қосшыңыраудағы қос ауылда талай уақыттан бері қордаланған түйткілдер бар еді… Жыл санап жаңарып келе жатқан аймақтың іргесіндегі елді мекендегі бүгінгі ахуал қандай? Қазақтың маңдайы жарқыраған Иран-Ғайыптай ақынның туған жерінде қандай өзгерістер болды? Алты айда ауыз толтырып айтар жетістікке жете алдық па? «Уәде» айдарының мінберінде бүгін Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуали Әбдіқадыров сауалдарымызға жауап берді.
– Сейдуали Әлайдарұлы, ауыл халқы өзіңізді ә дегенде қабылдай қоймағанын білеміз. Қазір халық қаншалықты қолдайды?
– Ауыл халқының жаңадан келген басшыға сын көзбен қарауы – заңды құбылыс. Мұнда әкім болып келгеніме де 3 жылға жуықтады. Осы аралықта үнемі ауыл ақсақалдарымен, аға буын және жастармен бірлесіп, ұсыныстарын талқылап, елдегі мәселелердің шешімін табуға нақты шаралар қабылдап жүрміз. Аймақ басшысының қолдауымен көптен күткен «көгілдір отын» да ауылымызға жетіп, бүгінде халық игілігіне пайдалануда.
Бұдан бөлек, ауыл көшелері жөнделіп, көше жарықтары да орнатылды, жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Ауылдық округке қарасты Досан ауылына медициналық бекет пайдалануға берілді. Абай ауылындағы саябақ абаттандырылып, көпшілік демалатын орынға айналды. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл халқы тарапынан мәселе ретінде көтеріліп, бүгінде жүзеге асқан жобалар.
Әрине, біздің негізгі міндетіміз – халыққа адал қызмет ету. Осы ретте елді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарымызға ауыл халқының көзқарасы жақсы деп ойлаймын.
– «Көгілдір отынды» айтып қалдыңыз. Қазір ауылда табиғи газға қосылмаған үйлер де бар екен. Не себеп?
– Ауылдық округке «көгілдір отын» 2023 жылдың аяғында, қыс мезгілінде қолданысқа берілді. Бұл уақытта ауыл тұрғындарының басым бөлігі отын-көмірін түсіріп алған, яғни қыста сатып алған отынды қажетіне жаратқандары бар. Ал қазіргі таңда ауылдың 70 пайызға жуығы «көгілдір отынды» пайдаланса, қалған тұрғындар жыл соңына дейін қосылады деп жоспарлап отырмыз.
– Алты айда ауыз толтырып айтарлық іс атқардым деп ойлайсыз ба?
– Биыл ауыл әкімшілігінің жұмыс жоспарына сәйкес жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатыр. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары аясында Абай және Досан ауылындағы ойын алаңдарына жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар ауылішілік көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл басынан жаңадан 15 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 27 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Ең өзекті мәселенің бірі – Досан ауылын талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету және №2, 7, 12 көшелерге тас төсеуге қаржы бөлдіруге бюджеттік өтінім өткізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы күтілуде. Қаржы бөлінген жағдайда жыл соңына дейін тиісті жұмыстар жүргізіледі.
– Қай ісіңізге елден мақтау алдыңыз?
– Ауылдағы ең өзекті мәселе «кө¬гілдір отынмен» қамтамасыз ету еді. Аймақ басшысының қолдауымен ауыл тұрғындарының көптен күткен табиғи газға қолы жетті.
– Халық сізге қай мәселемен сын айтады?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, ауыл тұрғындары тарапынан айтылған сын-ескерт¬пелерді орындап келеміз. Қазіргі таңда Досан ауылын талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі көп айтылады. Бұл бағытта жоғарыда атап өткенімдей, жобаны қаржыландыруды күтіп отырмыз.
– Елмен бірге бір жерден ауа жұтып, бір құдықтан су ішіп жүрсіз бе? Әкім болғаннан кейін де біршама уақыт қаладан қатынап жүргеніңізді ел біледі. Қазір бұл жағдай қалыпқа келді ме?
– Әрине, елмен біргеміз. Ауылға басшы болып келгенімде, ауыл тұрғыны қолдау білдіріп, Абай ауылының Жамбыл көшесіндегі бос тұрған үйін пайдалануға берді. Сол үйге орналасып, қоныстандым. Қазір денсаулығыма байланысты қаладан қатынап жүрген жағдайым бар. Енді алдағы күні ауылда тұруды жалғастырамыз.
– Елге берген уәдеңізді орындап жүрсіз бе?
– Қазақта «Уәде – Құдай аты, уәдесіз Құдай шет» деген сөз бар. Уәде бердік пе, оны орындау – міндетім.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!