Бейсенбі, 02 мамыр, 09:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Мәртебең биіктей берсін, «Ақмешіт апталығы!»

16.04.2024

273 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Биыл Қызылордадағы қалалық статусы бар жалғыз басылым – «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көріп келе жатқанына 30 жыл толып отыр. Бұл газетте бізге дейін де талай мықты жұмыс істеген, бізден кейін де оқырман сұранысына сай еңбек ететін небір дарындар басылым айналасына топтасады деген үміттеміз. Мерекелік санға жүрек түкпіріндегі естеліктерді жазып отырмыз.

Дәулет, қысқа айтшы…

Әңгімені газеттің бүгінгі редакторы Гүлмира Ділдәбековадан бастайық. Гүлекеңнің аз сөйлеп, көп жұмыс істегенді ұнататынын оны танитындар жақсы біледі. Онымен сөйлескенде басшысы болсам да өзім де анық, нық әрі қысқа сөйлеуге тырысатынмын. Дәулет Қырданның қалалық газетке енді ауысып жатқан уағы еді.

Кабинетімнің есігін қағып, кіруге рұқсат сұрады. Ол кірген бойдан:

– Ассалаумағалейкум, ағасы,

Алтын тонның жағасы.

Саған сәлем беріп тұр,

 Қоғалыкөлдің баласы, – деп өлеңдете жөнелді.

Екеуіміз осылайша арқа-жарқа болып амандасып, үстел басына жайғастық.

– Басқа әріптестеріңмен амандастың ба, – дедім орындыққа отырар-отырмастан.

 – Иә, – деп жауап қатқан ол маған дейін Гүлмира Ділдәбековаға соққанын айтты.

– Гүлекең қатал екен ғой, әңгімені енді бастап жатыр едім, «Дәулет, қысқа айтшы…» демесі барма, не дерімді білмей қалдым. Тіпті не айтқаным да есімде қалмады, – деді кібіртіктеп.

 – Гүлмира – істің адамы. Менімен амандасқаның сияқты өлеңдетіп бармаған боларсың? – дедім селкілдей күліп.

 – Жоға, сонда да көп сөйлеп кеттім-ау деймін, – деді Дәулет те күлкісін тыя алмай.

Апам өлеңге сусап қапты ғой…

Биыл 8 наурыз мерекесіне орай Тасбөгеттегі «Карамель» дәмханасына ұжымның қыздары үшін арнайы дастарқан жайдық. Редакцияда еркек кіндіктіден Дәулет екеуіміз ғана. Қыздар жағы баршылық.

Дастарқан басында әдемі тілектер мен естеліктер айтылды. Газеттің 30 жылдығына байланысты ұйымдастырылатын шаралар да әңгіменің арқауына айналды.

Бұл уақытта Гауһар Қожахметова апайымыз еңбек демалысында болатын. Мерекелік дастарқанға көтеріңкі көңіл-күймен келген ақын апамыз отырысымыз аяқталғанша өлең оқыды. Сондай сәттің бірінде «апам өлеңге сусап қапты ғой» дедім, әңгімеге қалжыңды араластыра. Содан бәріміз қыран-топан күлкіге қарық болдық та қалдық.

Иә, орайын тауып айтқан сөздің еш сөкеттігі жоқ. Тек дер шағында, керек жерінде айтылса болғаны. Әйтпесе, Гауһар Қожахметовадай қарымды қаламгерге мұндай сөзді айту қайда-а-а…

Осы күнгі отырысымыз өте керемет өтті. Арасында Дәулет те өлең оқып, қыздарға арнау шығарып үлгерді.

 Өз газетім өзіме ұнайды

«Ақмешіт апталығының» беттеушісі, дизайнер Мира Рахметованың да талай жерде тауып айтқан сөзі бар.

Бірде газеттің дизайнына байланысты өзгеріс енгізуді ұсындым. Қалалық газеттің тізгінін енді ұстап жатқан шағым ғой. Бойда энергия деген тасып тұр. «Ақылым басыма сыймай тұрған» сондай бір шақта басылымның қаріптеріне дейін өзгерту туралы тапсырма бердім. Мира апай жай ғана жымиды да: «Өз газетім өзіме ұнайды» деді сабырлы кейіппен. Қалалық газеттің оқырманға жақсы таныс, өзгертуге болмайтын тұстары бар екенін сонда түсіндім.

Ақтолқыннан таң атпай хат келді

Ақтолқын Нұрлыбайды Сыр өңірінде бірталай кісі таниды. Ол – газет арқылы танылып, белгілі болған журналистің бірі. Газетке мақаласы шығатын болса, соның суретіне дейін өзі дайындап, қатесін қайта-қайта тексеріп оқиды. Мұндайға қалай сүйсінбейсің.

Ақтолқынның өзінен бұрын мақаласы келеді. Өзі үйінен шықпай тұрып, электронды поштасы арқылы мақаланы жөнелтеді де, әріптестеріне шығарып, маған болмаса орынбасарыма беруді мықтап тапсырады. Ерте келген адам Ақтолқынның материалын шығарып, редакциялық жұмыс үшін өткізе береді. Сондайда Гүлмира Ділдәбекованың «Ақтолқыннан таң атпай хат келді» дейтіні бар.

100 мыңға жеткенде торт әкелесіздер

«Ақмешіт апталығында» Айдана Сейіл мен Нәзира Мұқатаева есімді қыздар бар. Екеуі қазір сайттың жұмысын жандандырып, әлеуметтік желідегі парақшаларды дамытып отыр.

Бірде алдағы жұмысты жоспарлау мақсатында жиналыс жасап жатқан едік. Ондай сәтте осал тұсымыз бен нәтижелі жұмысымыз міндетті түрде айтылады. Содан Айдана мен Нәзираның жұмысын мақтап, инстаграмдағы оқырман саны 50 мыңнан асқанын жеткіздім. Сол-ақ екен: «100 мыңға жеткенде торт әкелесіздер», – деді Айдана бәрімізді күлкіге бөлеп.

Қазір қалалық газеттің инстаграмдағы парақшасы 100 мыңнан асып кетті. Ол межеге жеткенше менің де қызметім ауысты. Өздері айтқан әлгі тортты алды ма, алмады ма білмеймін, бірақ үздіктер ретінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының алғыс хатына ие болды.

Сайттың қаралымы «Егеменнен» асып кетті

«Ақмешіт апталығында» жұмыс істеген Жарасхан Қуанышбайұлы Қызылордадағы журналистік ортаға жақсы таныс. Бүгінде қалалық білім бөлімінің белді маманына айналған Жарасхан біздің басылымда жұмыс істеп жүргенде сайтқа жауапты болды.

«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты газеттердің арасында өзара бәсеке бар. Газетке жазылған мақалалардың мазмұны, көтеретін жүгі сынды сайттың қаралымын арттыру да үлкен жарыс еді. Бір күн дұрыс жұмыс істемесең, сол аптадағы көрсеткішің күрт төмендеп кетеді. Мұны ақпараттық агенттіктерде жұмыс істейтін республикадағы басқа да әріптестер жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Сайттың қаралымы төмендеп кетпес үшін жауапты маман ретінде бекіген Жарасханның жұмысын күнде қадағалап отырамыз. Бір сәт болса да босаңсуға болмайды. Көрсеткіш төмендеп кетсе Жарасханның да қабағы түнеріп тұрады, ал жұмысы жақсы жүрсе одан ақкөңіл, одан мейірімді жан жоқ. Сондай сәттің бірінде: «бүгін сайттың қаралымы «Егеменнен асып кетті» дегені бар.

Ағылшыншамыз ақсамайтын болды

 «Ақмешіт апталығында» ағылшынтілді басылымдардан тікелей аударма жасап, оқырманға әлемде көп оқылған, көп талқыланған материалдарды ұсынатын «Әбігер әлем» деген айдар бар.

Өзі бұл айдардың ашылуы да қызық. 2020 жылы редакторлық қызметке тағайындалған соң кімнің қолынан не келетінін зерттедім. Сөйтсем, Ерсін Шамшадин мен Аслан Нұразғали деген жап-жас жігіттердің аудармаға әжептеуір еп-себі бар екен. Ерсін төтемен жазылған дүниелерді де тәржімалап жүрді сонда. Орысшадан да тәуір аударма жасайды.

Бұл екеуінің мұндай қабілеттерін білген соң, шақырып алып сөйлестім. Содан «Ағылшыншаларың қалай?» деймін ғой екі жігітке. Жауаптарына қарасам, деңгейлері толық 5 болмаса да 3 пен 4-тің арасы сияқты. Жаңа айдар ашатынымызды, оның тізгінін екеуіне беретінімізді айттым. Жүздеріне қарасам не қуанып отырғандары, не мұңайып отырғандары білінбейді. Іштей не ойлап отырғандарын білу үшін «не дейсіңдер?» дедім қатқыл үнмен. «Қайта жақсы болды. Ағылшыншамыз ақсамайтын болды», – деді Ерсін.

Осылайша «Ақмешіт апталығының» тілшілері қалалық, аудандық газеттердің арасында бірінші болып, ағылшынтілді басылымдардан аударма жасауға кірісті.

Жазуды ұялғаннан үйрендім

Аслан Нұразғали қалалық газетке «Қармақшы таңынан» ауысып келді. Шынын айту керек, кейін ғой төселіп, неше түрлі сараптамалық мақалалар мен журналистік зерттеулерді дайындай бастайды.

Алғашқыда «осы баланың ертеңі қалай болады екен» деп жүрдім. Жаза алмаса жұмыстан босату керек шығар деп ойлаған кезім де болды. Сөйткен Асланым бір ай өтер-өтпестен бұрқыратып жаза бастады. Алғашқыдай емес, мақалалары кәдімгідей салмақты. Оның үстіне анау-мынау журналист бара алмайтын аналитикаға бейімделіп алды.

Жұмысқа қабылданғанына бір ай болған соң Асланды шақырып алып: «Сен балаға біреу жазып беріп жүрген жоқ па?» дедім қабағымды түйіп. «Жоқ, ағай, қасымдағылардан ұялғанымнан жазып кеттім» демесі бар ма. Сөйтсем, кабинетте бірге отыратын Тұрар Бекмырзаев, Ақмарал Олжабаева, Айтолқын Айтжанова, Айдана Сейілдей тілшілер таңнан кешке дейін пернетақтаны тырсылдатып, тоқтамай материал жазады екен. Кәдімгі машинка басып отырған адам іспетті. Сырттай қарағанда сүйсінесің. Аслан да алдыңғы аға-әпкелері ұқсап пернетақтаны жиірек тырсылдата бастаған ғой. Содан жазғыш боп кетті өзі. Қазір Оралдың газетінде тілші.

Құдай бұйыртып, өмірімнің 4 жылға жуық уақыты осы газеттің басшылығына арналды. Иә, күні кеше ғана қалалық газеттің бас редакторы едік. Басқа редакцияның тізгінін ұстағанымызға да бір айдан енді асты. Тірліктің бәрін төңкеріп тастамасақ та ел қатарлы атқарған азды-көпті жұмысымыз бар. Санамалап «мен ананы істедім», «менің кезімде газет былай шықты», иә болмаса «бәрі керемет еді» деуден аулақпыз. Жұмысымыздың қаншалықты нәтижелі болғанын аса мәртебелі оқырман қауым айта жатар. Әйтсе де мерекелік санға арнайылап естелік жазғанды жөн көрдік. Ең бастысы, «Ақмешіт апталығының» мәртебесі биіктей берсін!

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

газеттің 2020-2024 жылдардағы

бас редакторы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: