Бейсенбі, 09 мамыр, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Қазақтың «миы» қайда көшіп барады?

02.03.2024

492 0

Сурет: bondik-kids.ru:

Кейінгі жылдары білімді, білікті мамандардың шетелге кетуі үрдіс алды. Бұл – көптеген ел үшін өзекті мәселе. Сондай-ақ біздің ел үшін де.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек,  өткен жылы Қазақстаннан 12732 адам көшкен. Оның ішінде 9948-і ТМД елдеріне, қалған 2784-і өзге елге кетіпті. Бұл жағдай өткен жылмен салыстырғанда 37,4 пайызға өскен.

Елден жыраққа кеткендердің ішінде техникалық, экономикалық, педагогикалық, заң мамандығын игер­гендер басым екен. Сондай-ақ өзге елден Қазақстанға келушілер де баршылық. Мәселен,  өткен жылы Қазақстанға түрлі елдерден 19136 адам келген. Бұл соңғы 9 жылдағы ең үлкен көрсеткіш екен. Өткен жылы Қазақстанға қоныс аударған әрбір үшінші адам Ресей мен Өзбекстаннан келген.

Қазақстандықтар шетелге көбіне білім алуға баратыны белгілі. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жүрген жастар қаншама. Биылғы оқу жылы­ның өзінде «Болашақ» бағдарламасымен 1171 студент шетелде білім алуға кетсе, оның ішінде 132-і докторантура оқуға, 633-і магистратура, 118-і тағылымдамадан өтуге, 286-ы ғылыми тағылымдамадан өтуге кеткен. Шетелде магистратура оқып жатқан студенттердің басым көпшілігі ақпараттық технология, инновациялық менеджмент, мемлекеттік саясат, жобаларды басқару мамандығы бойынша білім алса, докторантурада білім саласы мамандықтары бойынша білім алуда. «Болашақ» бағдарламасымен білім алушылар негізінінен АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Ұлыбританияда, сондай-ақ Канада, Ресей, ТМД елдерінде білім алуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазақстандық азаматтар үшін Германия, АҚШ, Польша мемлекеті көшуге қөолайлы елдердің қатарында. Туған жерден жыраққа кетуге бел байлаған білікті мамандардың бұл таңдауына бірінші себеп – жақсы өмір сүруге жайлы жағдай және жоғары табыс. Қазақтың білімді азаматтары бұл елді бекерге таңдамаса керек. Бұл мәселе туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің пікірі «Тенгриньюс» ақпарат агентігінде жарияланды. Министрдің пікірінше білікті мамандар бұл елдерді бекерге таңдамайды. «Германияда, скандинавиялық елдерде, Солтүстік Еуропада жоғары білім, оның ішінші кәсіби техникалық жоғары білімді тегін береді. Бір сөзбен айтқанда, білім алғаның үшін сен емес, мемлекет төлейді. Әрине, жеке университеттер бар, бірақ студенттердің басым бөлігі мемлекеттен субсидия алатын ашық университеттерде білім алады», – дейді ол.

Сондай-ақ көпшілігі бұл университеттерге білім сапасының жоғары екеніне қызығады. Сонымен қатар оқу орындарының жұмыс берушілермен тығыз байланыста болуы да көп мәселені шешетін тәрізді. Яғни оқу бағдарламасының сапасын жұмыс берушілер де талап ете алады. «Германияда дуальды оқыту жүйесі жақсы дамыған. Бұл елде 3-4-ші курс студенттері өндірісте жұмыс істей бастайды. Ал қолына диплом алған кезде өзі жұмыс істеген компанияның бір мүшесіне айналады», – дейді министр Саясат Нұрбек.

Депутат Асхат Аймағамбетов қазақтың білімді жастарының шетелге кетуін өзекті мәселе санайды. «Бұл – өте күрделі мәселе. Тіпті бұл мәселе туралы ғылыми зерттеулер бар. Мәселен, шетелге көшкендердің біріне елдегі білім сапасы, енді біріне денсаулық саласындағы қызмет ұнамауы мүмкін. Бұл мәселені кешенді түрде қарастыру керек», – дейді депутат.

Дарынды жастардың елде қалуына жағдай жасау мақсатында ғылым және жоғары білім министрлігі бірқатар тиімді жоба жасауда. Мәселен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру ұйымдарына қабылдау тетігін жетілдіру, жоғары білім алуды тиімді ету, гранттар санын жыл сайын арттыру, ҰБТ-ны бір емес, бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік жасау жастарға елде білім алуға жағдай жасаудың алғашқы қадамдары екені даусыз. Сондай-ақ елде шетелдік белгілі университеттердің филиалдары ашылуда. Мәселен, 2022-2023-оқу жылында 8 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылған.

Жастардың шетелге кетуінің бір себебі –  елден лайықты жұмыс таба алмауы. Яғни жалақысы жоғары жұмыс табу кез келгенге бұйыры бермейтін бақыт десек те болады. Ғылым және жоғары білім министрінің пікірінше, елде жоғары білім беру мен еңбек нарығы талабының алшақтауы да білімді жастардың шетелден жұмыс іздеп кетуіне себеп болып отыр. Министрдің келтірген мәлеметінше, АҚШ-та университтеттердің жұмысы түлектерінің диплом алғаннан кейінгі алғашқы жылындағы жалақысымен бағаланады екен. Яғни университет түлегіне нарық жоғары жалақы төлеуге дайын болса, демек оқу орнының бағдарламасы еңбек нарығына сай маман даярлап жатыр деген сөз.

Жалпы қазақ жастарының шетелде білім алуы, сонда қалып жұмыс істеуі қалыпты құбылыс екенін айтады сарапшылар. Мемлекет басшысы да шетелге кеткен жастар үшін алаңдаудың қажеті жоқ екенін өзінің мақаласына арқау еткен еді. Дарынды жастар туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай деген еді: «Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды.Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін. Халқымыз «Атың барда жер таны, желіп жүріп» дейді. Мен де білім қуып Мәскеуге сапар шектім, өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру», – дейді ел Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлемнің ең дамыған елдерінде өз кәсіптерін бастаған және алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың осындағы заман­дастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағдай жасау керектігін айтты.

Қалай айтсақ та, шетелге білім алғысы келетін, тіпті жұмыс істегісі келетін жастар қатары аз емес. «Курсив» өткен жылы Қазақстаннан кеткеткендер де келгендер де аз емес екенін жазыпты. Келгендерді емес, кеткендер туралы айтсақ, 2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Шетелде есімі әлемге танылып жүрген дарынды жастар аз емес. Әрине, барлық ұлтта да дарындылар бар. Дегенмен қазақтардың ілім-білім үйренуде кейбір өзге ұлттармен салыстырғанда сергек те зерек екенін АҚШ-та білім алып жүрген ғалым, жазушы Лира Қоныс өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазыпты. Оның айтуынша, кейбір ұлт өкілдерінің тіл үйренуге келгенде қабылдауы баяу, 5 сағатта үйренетін нәрсені бір айда зорға қабылдайды екен. АҚШ-тағы ғалымдармен әңгімелесе келе мұның себебін де тапқан сияқты. Яғни адамның қабілетіне елінің әлеуметтік жағдайы мен  ауа райы әсер етеді екен. Үзінді келтірсек: «Қазақтың баласын ақылды, алғыр қылып тұрған қазақ даласының қытымыр ауа райы екен. Желді, боранды, жауынды не ыстық күндерде қазақ ғасырлар бойы ауа райына тез бейімделіп, аман қалуды, қиын жағдайдан тез шығып кетуді үйренген. Қазақ сол далада бес мың жыл өмір сүрді, көшіп қонды, өліп қалмауды, қандай тығырықтан болсын аман шығуды үйренді. Енді сол әдет қанға сіңді, генетикадан өтіп интеллектуалды генетикаға ұласты. Бүгінгі қазақтың қанында бар зеректік, қай тосын жағдайға да дайын отыру, жеңіп шығу, қандай ауыр нәрсе болса да аман қалуға ұмтылыс – бәрі сол ұлт тәжірибесіндегі интеллектуалды генетикадан шыққан», – деп жазады.

Әрине, бұл ғылыми тұжырым болмаса да, шындыққа жанасатын сияқты. Бұған әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген талай білімді қазақты үлгі етуге болады. Бір ғана мысал, жақында әріптестеріміз жарыса жазған Қазақстандағы тұңғыш кванттық офтальмолог Сыр өңірінің тумасы Мұхит Құлмағамбетов қазір Ұлыбританиядағы Кардиф уни­верситетінде  PhD докторантурада оқиды. Еуропа университеттерінде лекция оқи­ды. Сондай-ақ жас ғалымға Канадағы Уатерлоу университетіне баруыма немесе Гонконгта енді құрыла бастаған кванттық офтальмология бойынша зертханаға жетекшілік етуге ұсыныс түскен. Қазір қазақтың қара баласы Гонконг зерт­ханасында да жұмыс істейді. Жас ғалым мүмкіндік болса, сыртта жүрген жас ғалымдарды елге шақырып, оларға қолайлы жағдай жасау керек екенін жасырмапты. Бұл – бір мысал ғана. Ендігі мәселе  – бізге зеректігімізді, ақылдылығымызды айтып, мақтанып отыра беру емес, ғылымның дамуына жағдай жасау. Әйтпесе, қазақтың миы көшіп барады…

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: