Қазіргі таңда білім беру жүйесінде тек академиялық біліммен шектеліп қалмай, оқушыларды әлеуметтік жауапкершілікке баулу, табиғатты аялауға тәрбиелеу – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі – экологиялық білім беру. Табиғатқа жанашырлықпен қарауға, қоғам үшін пайдалы іс жасауға бағытталған бұл бастама бүгінде еліміздің көптеген білім ұясында табысты жүзеге асуда.
Солардың бірі – Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп. Мұнда экологиялық жобалар жүйелі түрде жүргізіліп, оқушылардың экосана мен көшбасшылық дағдыларын дамытуға айрықша мән беріледі. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы жайлы мектеп мұғалімі, экологиялық бастамалардың белсенді үйлестірушісі Жәмилә Қайратқызымен сұхбаттасқан едік.
– Мектептегі эковолонтерлік бастамалар туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– Бүгінде Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектепте ерекше әрі маңызды бастама – экологиялық еріктілік белсенді түрде жүзеге асып келеді. Бұл жоба тек мектеп ішінде ғана емес, қоғам үшін де өзекті әрі пайдалы қадам деп санаймыз.
Эковолонтерлік бағытындағы жұмыстар еліміздегі «Youth Vector» республикалық еріктілер қозғалысының аясында жүзеге асуда. Бұл ұйым Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейді, құрамында 700-ден астам белсенді жас бар. Біздің мектепте 300-ден астам оқушы осы қозғалысқа мүше. Эковолонтерлікке 7-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысады. Бұл жас ерекшелігіне сай үйлесімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Аға толқын мен жас буын бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, ортақ жобаларға бірге атсалысады.
– Эковолонтерлік қозғалыстың құрылымы қандай? Оқушылар қалай жұмыс істейді?
– Эковолонтерлік жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі үшін оқушылар 6 түрлі топқа бөлініп, әрқайсының өз бағыттары мен үйлестірушілері белгіленген. «ЭкоБілім» тобының мақсаты – мектеп оқушылары мен ата-аналар арасында экологиялық сауатты арттыру. Олар түрлі танымдық шаралар, ақпараттық парақшалар, сынып сағаттары мен презентациялар ұйымдастырады. «ЭкоStep» – бұл бағыт жерді қалпына келтіру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Топ мүшелері сексеуіл мен жоңышқа секілді өсімдіктерді отырғызып, эрозияға ұшыраған аумақтарды қалпына келтіру бойынша жобалар жүргізуде. «ЭкоБизнес» (ЭкоСтартап) – бұл топ экологиялық идеяларды экономикалық бағытта дамытып, жәрмеңкелер ұйымдастырады. Қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдарды сату арқылы түскен қаражатты мектептің экологиялық жобаларына жұмсайды.
«ЭкоПатруль» (ЭкоАудит) – мектеп аумағындағы тазалықты бақылап, қалдықтарды сұрыптау, жарық пен суды үнемдеу бойынша бақылау жұмысын жүргізеді. Олар тұрақты түрде аудит жүргізіп, нәтижелерін есепке алып отырады. «ЭкоБлогер» – бұл топ мектептегі экологиялық жобалар туралы ақпаратты Instagram, TikTok, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде кеңінен таратады. Жобалар туралы бейнероликтер дайындап, көпшілікке ой тастайды. «ЭкоҚоғамдастық» – бұл топ өзге мектептермен, ұйымдармен бірлескен жобалар ұйымдастырады, тәжірибе алмасады және серіктестік орнатады. Бұл бағыттардың барлығы оқушылардың бастамасымен жүзеге асып келеді. Эковолонтерлік оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығын, жауапкершілігін арттырып, шығармашылық және көшбасшылық қабілетін дамытуға зор үлес қосуда. Ең бастысы, мұндай жобалар арқылы жастар табиғатты аялап, қоғамға пайда келтіру жолында нақты іс-әрекет жасай алатынын дәлелдеуде.
– Қазір қандай жобалар жүзеге асуда?
– Қазіргі таңда бізде бірнеше ауқымды жоба жүйелі түрде жүзеге асуда. Мысалы, «Жасыл бұрыштар», қалдықтарды сұрыптау жәшіктері, үнемдеуші құрылғылар, экопостерлер – бәрі нақты нәтижеге бағытталған. Жақында «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САНА – ТАБИҒАТПЕН ҮЙЛЕСІМ» атты ғылыми-танымдық шара ұйымдастырылды. Шараға қазақстандық жасыл құрылыс кеңесінің (KazGBC) атқарушы директоры Александр Белый, техникалық директор Айман Шопаева және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Рахат Құрманбаев арнайы келіп, оқушылармен бірге ағаш отырғызды. Бұл шара ынтымақтастық туралы меморандуммен аяқталып, жаңа жобаларға жол ашты. Осындай ауқымды жобалар мен серіктестіктердің арқасында мектеп қабырғасында экологиялық сананы қалыптастыру мен жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыс жаңа деңгейге көтеріліп отыр.
– Эковолонтерлік үйірмеге қанша оқушы қатысады? Олар қандай сыныпта оқиды?
– Бүгінде мектебіміздегі эковолонтерлік қозғалысқа 300-ден астам оқушы белсене қатысады. Бұл – үлкен көрсеткіш және оқушылардың табиғатты қорғауға деген қызығушылығы мен жауапкершілік деңгейінің артып келе жатқанын білдіреді. Эковолонтерлар ұйымына 7-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқушылар мүше бола алады. Әр топ жас ерекшелігі мен қабілетіне қарай түрлі бағытта жұмыс атқарады. Мысалы, кіші сынып оқушылары көбіне ағаш отырғызу, мектеп ауласын көгалдандыру, қалдықтарды сұрыптау сияқты практикалық жұмыстарға белсене араласса, жоғарғы сынып оқушылары ақпараттық-танымдық шаралар ұйымдастыру, экоаудит жүргізу, экостартап идеяларын әзірлеу сияқты көшбасшылық бағыттарда жұмыс істейді.
Экоүйірме құрамындағы барлық оқушылар 6 бағытқа бөлінген және әр бағыттың жеке координаторы мен жауапты жетекшісі бар. Бұл құрылым оқушылар арасында тәртіп пен жүйелілікті қамтамасыз етіп, әр бағыттың мақсатты әрі нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Аға буын мен жастар арасында өзара тәлімгерлік пен қолдау орнаған. Үлкендер тәжірибесімен бөліссе, кішілер жаңашылдық пен шынайы ықыласымен ерекшеленеді. Бұл – командалық рух пен экологиялық мәдениетті бірге қалыптастыратын маңызды фактор.
– Экологиялық жобаларды жүзеге асыру кезінде қандай қиындықтарды жеңу үшін қандай қолдау тетіктері мен ынтымақтастық үлгілері тиімді деп есептейсіз?
– Бірінші кезекте, материалдық ресурстардың жетіспеушілігі – бұл жиі кездесетін мәселе. Әсіресе экологиялық стартаптар мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде арнайы құралдар мен материалдар қажет. Мысалы, ағаш отырғызу немесе топырақты қалпына келтіру үшін белгілі бір экологиялық тыңайтқыштар мен жабдықтар керек. Осыған байланысты кейде қаржылық қолдаудың болмауы қиындық тудырады. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы бұл мәселені едәуір жеңілдетеді. Қазіргі уақытта экологиялық жобаларымызды жүзеге асыруда оқушылардың белсенділігі маңызды рөл атқарады және отбасылардың қолдауы ықпал етеді.
Үш жақты байланыс – мектеп, оқушы және ата-ана – экологиялық жобалардың тиімділігін арттыруда басты фактор. Мектеп оқушыларға экологиялық білім беріп, оларды жобаларға қатысуға шақырса, отбасы тарапынан да бұл жобаларға қызығушылық пен қолдау көрсетіледі. Ата-аналар оқушылардың экологиялық білім алуына көмектесіп, олардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырады. Мысалы, мектептегі ағаш отырғызу немесе көгалдандыру жобаларына ата-аналардың қатысуы маңызды. Олар өз балаларына қолдау көрсетіп, бірге жұмыс істейді, бұл жұмысқа деген жауапкершілікті одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар экологиялық тұрғыда мектепке көмек көрсету, қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін ата-аналардың қолдауы өте маңызды. Біз үшін үлкен қолдау көрсету – бұл оқушылардың сабақтан тыс уақытта экологиялық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беру, сонымен қатар өз тәжірибелерімен бөлісу. Мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланыс жобаларды жүзеге асырудың табысты болуына ықпал етеді.
– Үйірмеде қандай материалдар мен ресурстарды қолданасыздар?
– Экологиялық жобаларды жүзеге асыру барысында біз әртүрлі материалдар мен ресурстарды қолданамыз, олардың арасында табиғи ресурстарды үнемдеуге және қайта өңдеуге бағытталған құралдар бар. Ең алдымен, біз қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге басымдық береміз. Мектепте арнайы контейнерлер орнатылып, пластик, қағаз, әйнек пен металл жеке-жеке жиналады. Сонымен қатар топырақтың құнарлылығын арттыру үшін органикалық тыңайтқыштар мен сүйек ұнтағы қолданылады.
Энергия тиімділігі бағытында жарықдиодты шамдар мен су үнемдейтін құрылғылар орнатылған. Жерді қалпына келтіру мақсатында жоңышқа мен сексеуіл отырғызу жобасы жүзеге асуда.
Экостартаптарға қажет ресурстарды жәрмеңкелер арқылы жиналған қаражат есебінен және қоғамдық ұйымдармен серіктестік негізінде қамтамасыз етеміз. Барлық қолданылатын материалдар экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай таңдалады.
– Жобалар қандай байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды?
– Біздің мектептегі экологиялық жобалар көптеген байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, экологиялық стартаптарды қолдау бағытындағы жобаларымыз «Эко-бизнес» байқауына қатысып, бірінші орын алды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өткен түрлі экологиялық шаралардан да жүлделі орындармен оралдық. Әрбір жоба өз деңгейінде ерекше, әрі маңызды. Оқушыларымыздың шығармашылық ойлау қабілетін арттырып, экологиялық мәселелерге деген жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Мектебіміздің эковолонтерлері жергілікті және республикалық деңгейдегі экологиялық байқауларда тұрақты түрде жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
– Мектептегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бұл жобалар қалай әсер етті?
– Экологиялық жобалар мектебіміздің экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Бұл жобалар арқылы оқушыларымыз табиғатты қорғау мен оны аялаудың маңызын түсінуге, экологиялық мәдениетке ие болуға бастады.
Сондай-ақ эковолонтерлік үйірмесі арқылы оқушылар арасында экологиялық білімге деген сұраныс артты. Олар тек мектеп ауласындағы тазалықты сақтап қана қоймай, күнделікті өмірлерінде табиғатты қорғауды үйренуде. Бұл біздің мектепте жас ұрпақтың экологиялық тұрғыдан саналы болуына ықпал етті.
– Алдағы уақытта қандай экологиялық жобаларды жүзеге асыру жоспарларыңызда бар?
– Алдағы уақытта эковолонтерлеріміз бірнеше жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Солардың ішінде экологиялық стартаптарды дамыту, жасыл қала жобаларын қолдау, экологиялық білім беру мен экологиялық патрульдер ұйымдастыру ерекше назарда.
Сонымен қатар оқушылардың қатысуымен өтетін «Эко-қалашық» жобасы аясында қалдықтарды қайта өңдеу және энергия үнемдеу мәселелері талқыланып, іске аспақ. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары мен табиғатты қорғауға арналған жаңа бастамалар енгізу жоспарымызда бар.
– Эковолонтерлік оқушыларға қандай өмірлік құндылықтарды үйретеді деп ойлайсыз?
– Эковолонтерлік қызмет оқушыға жауапкершілік, еңбекқорлық, топтық жұмыс және табиғатқа деген құрмет сияқты маңызды өмірлік құндылықтарды үйретеді. Олар тек өз мектептерінде ғана емес, өздерінің туған жерінде де экологиялық мәселелерге бейжай қарамауды үйренеді. Бұл олардың көшбасшылық дағдыларын дамытуға, тұрақты дамуды қолдауға бағытталған шешімдер қабылдауға көмектеседі. Сондай-ақ, эковолонтерлік жұмыс жастар арасында достық, адалдық, бірлескен іс-қимыл арқылы қоғамдастық құруға ықпал етеді. Оқушылар осы қызмет арқылы болашақта экология мен тұрақты даму саласында өз үлестерін қосуға дайын болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!