12 тамыз – халықаралық жастар күні. Бұл мереке 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабонда өткен Жастар ісі жөніндегі министрлерінің дүниежүзілік конференциясының ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясымен 1999 жылы 17 желтоқсанда бекітілді. Халықаралық жастар күні алғаш рет 2000 жылы 12 тамызда атап өтілді. БҰҰ болжауына сәйкес, 2030 жылға қарай әлем жастарының саны 78 миллионнан асады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашу, білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жастардың баспана мәселесін шешу сияқты қоғамға күрделі міндеттер қойып отыр. Қазіргі уақытта елімізде жастарды қолдауға арналған көптеген бағдарлама мен жоба жүзеге асуда. Еліміздің әрбір аймағында жастарды жұмыспен қамтуға, білім алуына, бастамаларын қолдауға арналған арнайы жобалар мен бағдарламалар бар.
Атап айтсақ, «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар практикасы» бағдарламалары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бар. Қызылорда қаласының «Мансап орталығы» филиалының директоры Жақсылық Тулегенов «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты бойынша жастар тәжірибесіне 328 жас маман, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 26 жас маман жұмысқа жолданса, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 5 адамға жолдама берілетінін атап өтті.
Еңбек етсең ерінбей…
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы елі¬мізде 15 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін несиенің ең жоғары сомасы 1500 айлық есептік көрсеткіш (5,5 миллион теңге) болса, биылдан бастап оның мөлшері 2000 айлық есептік көресткішке (7 миллион 384 мың теңгеге) дейін өсті. Ал аудан орталығына барған мамандар 2 500 АЕК (9,2 млн теңге) несие рәсімдей алады. Ақша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға ғана беріледі.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасына ауыл¬дық жерлерге енді келген немесе бұрыннан тұрып жатқан, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады. Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қала әкімдіктері жыл сайын өз елді мекеніне көрсетілген салалар бойынша қажетті мамандардың тізбесін жасап отырады. Осы тізім негізінде жұмысқа келген жас мамандарға жеңілдетілген несие мен жәдем¬ақы беріледі. Несие шарты бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең. Жылдық тиімді сыйақы мөл¬шерлемесі – жылдық 0,01%-дан басталса, несие мерзімі – 15 жыл. Негізгі талабы – осы бағдарламаға қатысушы адам ауылдық жерде мамандығы бойынша кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Бағдарламаға қатысушыларға берілетін көтерме жәрдемақыны ұлғайту тура¬лы былтыр Ұлттық экономика министрлігі бұй¬рық шығарған еді. Нәтижесінде, жәрдемақы көлемі 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін арттыру жоспарланған. Айта кетейік, 2009-2022 жылдар аралығында 95 мыңнан астам маман 17 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы алған. 45 мыңнан аса маманға баспана сатып алу үшін 142,5 млрд теңге көлемінде несие берілді делінген.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының бас ма¬маны Зухра Арыновның айтуынша, 2022 жылдың қаңтар айынан 2023 жылдың желтоқсан айының аралығында ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу үшін Қызылорда қаласы – 220, Қазалы ауданы – 306, Сырдария ауданы – 199 маманға кө¬терме жәрдемақы берілген. Тұрғын үйді сатып алу мақсатында Қазалы ауданында – 377, Шиелі ауданында – 177, Жаңақорған ауданында – 135 және Қармақшы ауданында – 115 маманға несие берілген.
«Серпіннің» сыйы
«Серпін» бағдарламасының басты мақса¬ты – еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқы¬тып, білікті мамандар даярлау. «Серпін» бағдарламасына Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлегі қатыса алады. Бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған. Гранттар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан ЖОО-ларға бөлінген және IT және техникалық, педагогикалық, ауылшаруашылық мамандықтарына беріледі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі кеңесшісі Руслан Тоқтарбекұлының айтуынша, биыл «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 3903 грант бөлінген. Оның 65 пайызы, яғни 2513 грант педагогикалық бағытқа бөлініп отыр. 700-ге жуығы инженерия, өңдеу және құрылыс саласына, ал 300-ге жуығы IT саласына, 70-ке жуық грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағыты бойынша бөлінген. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау. «Серпін» бағ¬дарламасы бойынша грантқа түскен түлектер жатақхана және шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Айта кетсек, «Серпін» бағдарламасы түлектері оқу бітірген соң грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайды.
«Жастар практикасы» – жұмыс табуға мүмкіндік
Елімізде «Жастар практикасы» жас мамандар үшін өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға, біліктіліктерін шыңдауға және табысты мансаптың негізін қалауға бірегей мүмкіндік. «Жастар практикасы» аясында оқу бітіргеннен кейін 5 жыл ішінде 35 жасқа дейінгі тіркелген жұмыссыз жастарды әр түрлі мекемелерге тәжірибеден өтуге жібереді, онда олар алған білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, нақты маман болып қалыптасады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Жастар практикасына» еліміз бойынша 33984 адам жіберіліп, жұмысқа орналасқан. Бағдарлама бойынша жұмыспен қамтылғандар Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент қаласында басым. Жастар практика-сының жалақы мөлшері айына кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құраса, ұзақтығы 12 айдан аспайды. «Жастар практикасына» жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгіну қажет.
Алғашқы жұмыс орны
«Алғашқы жұмыс орны» – жұмыс іздеп жүрген жастарға алғашқы жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған арнайы жоба. Жобаға жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жастар қатыса алады. Жобаға қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды. Жоба аяқталған соң жұмыс беруші кемінде бір жыл тұрақты жұмыспен қамтуы қажет. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекет есебінен төленеді. 18 ай аяқталғаннан кейін қалған 12 айда төленетін жалақыны жұмыс беруші белгілейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, 2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 9 970 адам жұмысқа орналасқан.
Ұрпақтар келісімшарты
2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы еліміздің барлық өңірлерінде 493 адам жұмысқа орналасқан. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында зейнеткерлік жасқа таяған мекеме қызметкерлері жастарға үйретеді. Жалақы мөлшері 30 АЕК құрайды және мемлекеттік бюджеттен төленеді. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны тұрақты жұмысқа алады немесе ол зейнет жасына толған қызметкерді алмастырады.
Баспанаң бар ма, жас маман?
2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет аймақта жас отбасыларды қолдау мақсатында жеңілдетілген ипотекалық несие беру «Сыр жастары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданған болатын. «Сыр жастары» – аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында қолға алынған тың жоба. «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысында айтылған ақпарат бойынша облыс көлемінде бекітілген квота саны 1 871 жас болса, Қызылорда қаласына бөлінген квота саны 280 жасты құрады. Бағдарлама аясында 2024 жылдың мамыр айында 60 жас отбасы баспаналы болды.
Бай болу үшін кәсіп керек…
Кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау жыл сайын артып келеді. Кәсіпке ұмтылған жастар түрлі бағдарламалардың игілігін көруде. Соның бірі – мемлекеттік грант. Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Қаламызда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар жыл сайын беріліп келеді. Бұл жұмыстар жергілікті Мансап орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Мамандардың сөзінше, грант алушының барлығына мониторинг жұмыстары жүргізілді. «Мансап» орталығы Қызылорда филиалының директоры Жақсылық Төлегеновтің айтуынша, биыл 484 адамға бағдарлама аясында қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Оған бөлінетін қаражат көлемі – 747 771 200 теңге. Олар «Бастау бизнес» жобасының арнайы курсынан өтіп, өз кәсіптерін комиссияға ұсынуы керек. Жалпы жылдан-жылға қайтарымсыз грант алушылар қатары көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуде.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – Қазақстандағы жас таланттарды қолдауға бағытталған үлкен бастама. Бұл грант жастар арасында инновациялық идеялар мен жобаларды дамытуды ынталандыру мақсатында тағайындалған. Мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау. Байқауға Қазақстанда тұратын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Гранттар ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттары бойынша беріледі.
«Zhas Project» жобасы
«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтарды, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды өз қоғамының әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі. «Zhas project» грант бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ал 2022 жылдан бастап, «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Еліміздің үш қаласы мен 17 облысын қамтитын жоба NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға бағытталған. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Байқауға 18 жастан 34 жасқа дейінгі ресми түрде уақытша жұмыссыз жастар тек 1 әлеуметтік жобасын ұсына алады. Айта кетерлігі, 2023 жылы жоба бойынша шағын грант ұтқан жастар қайта қатыса алмайды. «Zhas project» жобасына қатысуға жергілікті жердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобалар жіберіледі. Жеңімпаздар 4 ай ішінде жобаларын іске асыруы тиіс.
Білімді жас – ел болашағы
Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы 1993 жылдан бері жүзеге асып келеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында күндізгі бөлімде магистратура, докторантура (PhD), медициналық ғылым кандидаты, клиникалық ординатурада оқу, резидентура білімін шыңдауға немесе шетелдік мекемелерде іс-тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттыруға мол мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері Президент аппаратынан бастап, барлық маңызды мекемелер мен ұлттық компанияларда Қазақстанды заман талабына сай дамытуға табысты қызмет етіп жүр. Жарияланған ақпаратқа сүйенсек, «Болашақ» бағдарламасымен 1994-2020 жылдар аралы¬ғында 14156 стипендия берілсе, оның 785-і 1994-2004 жылдар аралығында, ал 2005-2020 жылдарда 13371 стипендия тағайындалған. Сол 13371 стипендияның 3379-ы – бакалавриат, 7379 – магистратура, 35 – аспирантура, 87 – клиникалық ординатура, 366 – докторантура, 2125 – тағылымдама бағдарламасы бойынша білім алуға бөлінген. Атап айтарлығы, білім алушылар оқуын аяқтағаннан кейін елге қайтып, белгілі бір мерзімге ел игілігі үшін жұмыс істеу міндетті.
Жас ғалымдарды қолдау
Бұл байқау жыл сайын білікті және бәсекеге қабілетті зерттеушілерді қалыптастыру, ғылымға дарынды жастарды тарту және жас зерттеушілердің үлесін арттыру үшін өтеді. «Egemen.kz» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, жас ғалымдардың бастамаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурс бойынша барлығы 541 конкурстық өтінім келіп түскен. Оның ішінде 260 өтінім шекті балл жинап, Ұлттық ғылыми кеңесте қаралды. Нәтижесінде, жалпы сомасы 8,78 млрд теңгеге 103 жоба 2024–2026 жылдарға арналған қаржыландыруға мақұлданды. Ғылым және жоғары білім министрлігі ақпараты бойынша 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсы бойынша 746 өтінім берілген. Сараптама қорытындысында 343 өтінім шекті деңгейге көтеріліп, Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына жіберілді. Нәтижесінде, жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге 225 жоба постдокторанттар үшін қаржыландырылады.
Жоғарыда білім беру бастамалары, бизнесті дамытуға арналған гранттар және арнайы ипотекалық бағдарламалар сияқты көптеген жоба мен бағдарламаның кейбірін атап өттік. Аймақтарда жастарды жұмысқа орналастыру мен білім алуына бағытталған бірегей бағдарламалары бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, өз идеялары мен жобаларын жүзеге асырғысы келетін жас кәсіпкерлерге аймақтық гранттар да қаржылай қолдау көрсетеді.
Дегенмен осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жастар бастамашылдық пен белсенділік танытуы қажет. Бұл білім мен жаңа кәсіпті меңгеруге деген ұмтылысы ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі дамытуға және жаңашылдыққа дайын болуды білдіреді. Жастар жаңа идеяларға ашық, қоғамдық өмірге белсенді қатысу, оқу мен дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу, сондай-ақ бизнес үшін жеке инновациялық жобаларды әзірлеу – мұның барлығы жеке табысқа ғана емес, жалпы қоғамның ілгерілеуіне де ықпал етеді. Өз болашағына жауапкершілікпен қарап, оны қалыптастыру жолында белсене жұмыс істейтін жастар биіктерді бағындырып, өз аймағының, елінің дамуына үлес қоса алады деп сенеміз.
София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!