Ұзақ ғұмырдың, мықты денсаулықтың кепілі салауатты өмір салты екендігін білсек те, ұмытып кете береміз. Ал денсаулықты сақтаудың алғашқы қадамы – жаяу жүру екен. Жақында мынадай мәліметті оқыдым. Адам күніне 9000-10000 қадам жаяу жүру арқылы өлім қаупін үштен бірге азайта алады екен. Аустралиядағы Сидней университетінің зертеушілері осындай дерек келтірген. Зерттеу бойынша жаяу жүру арқылы денсаулықты жақсарту ісін зерттеп жүрген эпидемиолог Мэтью Ахмади күнделікті жүру жүрек-қан тамыры ауруларының қаупін кем дегенде 20 пайызға төмендететінін айтқан. Олар жүргізген зерттеуге 72 000 адам қатысқан. Осы тәжірибені жүзеге асырушылардың бірі – Нью-Йорк штаты Манхассеттегі Фейнштейн медициналық зерттеулер институтының физикалық жаттығулар жөніндегі маманы Эшли Гудвин 2 мың қадамнан жедел 10 мың қадам жасаудың қажеті жоқ екендігін айтып өткен. Яғни, ол өзінің зерттеуінде қатысушыларды күнделікті орташа қадам санын 1000 қадамнан көбейтуге шақырған. Бұл тәсіл тиімділігін 2020 жылы жүргізілген 17 зерттеуде де дәлелденген. 1000 қадамнан үздіксіз қосып отыру жүрек аурулары мен өлім қаупін келесі 4-6 жыл ішінде азайтуға септескен.
Статистикаға жүгінсек, қазіргі уақытта жүрек-қан тамырлары сияқты дерттен болатын өлім-жітім өсіп келе жатыр. Демек, салауатты өмір салтын ұстану – кез келген аурудың алдын алуға кепіл. Мұны кез келген дәрігер айтады. Ал салауатты өмір салтын ұстануға дұрыс тамақтанудан бастап, физикалық белсенділік, күйзелісті жеңу, күн тәртібін сақтау сынды қарапайым қағидалар жатады. Дене белсенділігі – денсаулықтың кілті. Жаяу жүру, тұрақты физикалық жаттығу жасау, артық салмақтан арылуға септігін тигізетін жаттығулар денсаулығымызды нығайтады.
Технология дамыған заманда қимыл қозғалысы азайып бара жатқаны белгілі.
Жапондықтар күніне кем дегенде 3 шақырым жаяу жүру керек десе, орыстар тәулігіне 10 мың қадам жаяу жүруді міндетті дейді.
Кем дегенде бір күнде 30 минут, аптасына бес күн жаяу жүру жүректің ишемиялық ауру қаупін 19 пайызға азайтады екен.
Сонымен қатар зерттеушілер жаяу жүру адамның психикалық сау болуына көмектесетінін де айтады. Мәселен, зерттеулер ол мазасыздықты, депрессияны және жағымсыз көңіл-күйді азайтуға көмектесетінін көрсеткен. Тіпті жаяу серуендеу түрлі идея ойлап, шығармашылықты арттырудың қарапайым тәсілі екен. Өз денсаулығымыз өзіміздің қолымызда екенін ұмытпайық. Сіз жаяу жүресіз бе?
Айтолқын Батырбайқызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!