Дүйсенбі, 25 қараша, 04:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жалдамалы пәтер жанға сая бола ма?

24.08.2024

585 0

«Ақынның көнбей асау ойлары,
Асудан асқар аса қоймады.
Бауыр етіңді қатыгез қала,
Бауырына бірден баса қоймады», – деген жас ақын Айдар Сайлауовтың өлеңін оқып, қалаға келген талай бала осылай ата-анасына мұң шағып жүргендей көрінді. Тірліктің қамытын киіп, күнделікті күйбеңнен аса алмай жүрген қанша жан бәзбіреудің босағасын сығалап, пәтер жалдап күн кешуде. Қайбір жылы естеріңізде ме, елге босқындар келгенде пәтер иелері әлгілердің бес тиынына алданып, өзіміздің қаракөздерімізді бостырып жіберіп еді ғой… Босқын өзге емес, өзіміз болдық.

Мұндайда «Жаманмен дос болуға қорқасың, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп» дегенді ойға алып, үнсіз мұңайып қаласың… Талай жәудіреген жанарлар осы баспананы бас ауруына айналдырып, өмірден де баз кешті ғой…
Бір жылда мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды,
бірақ пәтерге мұқтаждар неге азаймайды?

Қызылорданың қай түкпіріне барсаңыз да, салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйді көзіңіз шалады. Барып та жүрміз, жазып та жүрміз. Жолы болып, кезегі келгендер үй алып жатыр. Қоныс тойын тойлап, «Өз үйім, қайран боз үйім» деп, Жиренше секілді лашығын хан сарайына балап, бақытты күй кешіп жүргендер көп. Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, өткен жылы кезекте тұрған осал топтағы және көпбалалы отбасыларына арнап, 872 пәтер сатып алынған. Ал биыл осы кезге дейін 703 отбасы қоныс тойын тойлапты. Мұнан бөлек, жалпы есеп бойынша осы жылғы жоспар бойынша 1240 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тобына және 135 пәтер апатты үйдің тұрғындарына беріледі деп межеленген.
Әйткенмен бұл жұмыс тұрғын үй кезегінде тұрғандардың санын азайтуға анау айтқандай үлес қоса алмай тұр. Осы күні арнаулы 5 санат бойынша барлығы 25 344 отбасы кезекте тұр. Мойнын соза-соза «түйеге айналғандар» да көп.
Әлеуметтік желіде сауалнама жүргізген едік. Ондағылардың дені кезекке көңілі толмайтын сияқты.

Сұлушаш Қожанова,
қала тұрғыны:
– Бұл үлкен бизнес болып тұр. Бір әйелдің басында 8 пәтер барын естіп, таңқалдым. Бәрін де жалға береді. Пәтерақысы деген қымбат. Үйлердің ең көнесін, яғни, түсқағаздары жыртылып, ызаның иісі мүңкіген пәтерін айына 150 мың теңгеге беріп отыр. Салық төлемейді. Салыққа да, халыққа да пайдасы жоқ. Ешкім бақыламайды. Ал біздің балаларымыз бір пәтерге қол жеткізе алмай жүр.

Ақшолпан Битұрсынқызы,
қала тұрғыны:

– Мен де 8 жыл пәтерде тұрдым. Бірақ қалтаға салмақ салмасын деп, қала шетіндегі жатақхананың бір бұрышын жалдап тұрдым. Толыққанды пәтер жалдап көрмеппін. Бірақ баспана мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғаны рас.

Зинаида Жакудева,
қала тұрғыны:

– Тұрғын үй кезегіне 2010 жылы тіркелгенмін. Әлі алған жоқпын. Бірақ менен кейін тұрғандар алып жатыр. Бір кем дүние.

Ботакөз Жеңісқызы,
қала тұрғыны:
– Өзім көп жылдан бері пәтер жалдап тұрамын. Үй иесі өте жақсы адам. Оған қоса, 2012 жылдан бастап үй кезегіндемін. Биыл тіл-көзім тасқа, жылдам жылжып жатыр. Мені де сол берілген үйлерде кімдер тұрады деген сауал қызықтырады. Өйткені жаңа үйлерде жалдамалы пәтерлер аз емес. Сонда не үшін берген, өздері қайда тұрады? Кезегім келіп, маған үй берсе, өзім тұрамын. Себебі басқа тұратын жерім жоқ.

Әрекетке – берекет

Білім саласының қызметкері Әзімхан Ермашов ойда жоқта баспаналы болды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін ол жалақыдан ауысқан аз-маз қаражатты «Отбасы банкінен» шот ашып, сонда аударып отырған. Банк талабына сай пәтер таңдауға мүмкіндігі туған ол сол күні бөркін аспанға атып қуанды.

– Пәтер жалдап, жолдасым екеуміз амалдап жүргенбіз. Бір күні «Отбасы банкінен» хабарласып, талап бойынша межеге жеткенімді айтты. Дереу барып, конкурсқа қатысып, жаңа жыл мерекесі қарсаңында ойда жоқта баспаналы болдық. Әрине, «маған тегін үй бер» деген масыл көзқараспен телміріп отыра беруге болмайды. Әрекет еттің бе, берекетін көресің. Қазір шүкір, жолдасым да, мен де – мұғалімбіз. Жалақыдан біреудің қалтасына қаражат құйғанша, өз үйіңнің несиесін жабасың. Сол емес пе маңыздысы, – дейді Әзімхан Оразұлы.

Қазір басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізіп жүргендер де жетерлік. Міне, Әзімхан бірнеше жылғы еңбегінің нәтижесінде пәтер жалдап тұратын бір отбасының санын азайтты.


Балаларың болса, пәтер жалдау
қиынға соғады

Серікбол Ыбырай жары Назым екеуі 12 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Құдай берген төрт баласы бар. Пәтер іздегенде оның алдынан «Неше балаң бар?» деген сұрақ жиі қойылады.

– Пәтер жалдағанның қиындығы көп. Қашан келіп «босат» деп бұйрық береді деп алаңдап жүресің. Өз үйің болмаған соң, жалтақтаумен күн кешесің. Балаларың үйді тоздырады, қиратады деп қашады. Пәтерден-пәтерге ауысып жүргенде балаларыңның мектебін де жақын аймаққа ауыстырасың. Олардың да үйреніп қалған ұстаздары мен достарынан ажырауы қиын. Өз үйің болғанға не жетсін?! Қазір «Отбасы банкіне» қаражат құйып жатырмыз. Жақын арада үй бұйырып қалар. Әйтеуір, қолдан келсе, әрекет етіп, алғымыз келеді. Пәтер жалдап тұру кімге ұнайды дейсіз?! Жұмыстан шығып қалмасам екен, пәтерақыны кешіктірмеуім керек деп, үнемі сарыуайымға салынып жүресің, – дейді С.Ыбырай.

Халықтан алған ақшаны
салыққа бере ме?

Қызылорда қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласқан едік. Ол жақтағылардан мәлімет алу қиынға соқты. Әйтпесе, осыдан бірер жыл бұрын аталған орган қызметкерлерімен бірлесе бірнеше мәрте рейдке шыққан едік. Тәуліктеп пәтер беретіндер де тұрған орындарынан табандарын жалтыратып тайып тұрған. Өйткені олардың тірлігі – жабайы кәсіп. Сондықтан халықтан алған ақшаны салыққа бере ме деген сауалдың төңірегінде тікелей жауап беру қиын. Әрине, тіркеліп, жұмыс істеп жүргендері жоқ емес. Бірақ дені – есігінің алдындағы бос тұрған қосалқы үйін, қала орталығындағы қосымша пәтерін тек тұрмай, табыс тапсын деп, беріп отырғандар. Хабарландырулар сайты арқылы бірнеше жерге хабарластық. Біздегі баға Астана мен Алматыға жете қоймайды, бірақ осындағы айлық жалақыға шаққанда әжептәуір қаражат.
– Сәлеметсіз бе? Пәтер алсақ деп едік… Ұзақ уақытқа.
– Жақсы. Келіп, көріңіз. Универсам, южный, управление аумақтарында бар. Екі бөлмелі. Жүз мыңнан басталады. Қымбаты – 220 мың теңге.
Барып көрдік. Журналиспін демедік. Бірақ орташа жағдайда. Ал сол жағалаудағы жаңа үйлерді де пәтерге беріп тастағандар көп екен. Бірақ олар есімдерін атаудан бас тартты. Үй иесінің талабы сондай екен. Сонда пәтерге жасырын бергендегі мақсаты қандай? Бәлкім, біріншісі салықтан жалтару. Ал екіншісі – … Кім білсін?! Әйтеуір, мұндағы баға қарсы беттен әлдеқайда қымбатырақ екенін білдік…

Пәтершілердің саудасын студенттер қыздырады

Тамыз да тәмам болуға таяды. Енді күз жақындаған сайын ауылдардан ат арытып, арқаланып, студенттер келе бастайды. Көпшілігінің қалада күтіп отырған ата-анасы немесе ет жақыны жоқ. Сондықтан олардың ішінде жолы болғандары жатақхана тұрғыны атанып жатса, тағы бірі жеке пәтер жалдап күн кешеді. Ал пәтер іздеп, біреудің босағасынан сығалап, оның қас-қабағына қарап өмір сүру дегеніңіз қандай екені айтпаса да түсінікті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен студенттердің жатақхана мәселесін сұрастырдық. Ондағылар межені тіпті артығымен орындап отырғанын айтады.

«Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің балансында 2 студенттік жатақхана (260 орындық №3 жатақхана мен 400 орындық №5 жатақхана) және сонымен қатар әріптестік негізінде келісімшарт арқылы «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын жеке жатақханалардан 680 орын пайдалануға келісім жасалған. Ашып айтатын болсақ, 2024-2025 оқу жылында «ДилМаш» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт негізінде 350 орындық, «Өркениет» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт негізінде 150 орындық және «Инкар 7» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт негізінде 180 орындық жатақханалар пайдалануға берілді. Университеттің №3 және 5 жатақханаларында жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған жатақханалардағы орын саны – 1340. Ал жатақханаға жолдама алған білім алғандар саны – 936. Жатақханада орын жеткілікті», – делінген ақпаратта.

Қаладағы жоғары оқу орындарының біріне қабылданған Айдос ауылдасы екеуі бір мамандықта оқиды. Олар осы кезде буынып-түйініп, керек-жарағын дайындап жатыр. Ата-анасы жатақханаға бағыттап еді, олар балалармен бірігіп, пәтерде тұратынын айтты.

– Маңдайға жазғаны сол шығар, ақылы бөлімге оқуға түстім. Мемлекеттік грант бұйырмады. Менің ізімнен ерген төрт бауырым бар. Ата-анам оларды мектепке дайындай ма, әлде мені оқыта ма? Оларға салмақ салғым келмейді. Сондықтан пәтер жалдап тұрамын, қосымша жұмыс істеймін. Жатақханада бәрі уақытымен ғой. Жұмыс пен оқуды қатар алып, үйлестіре жүру үшін уақыттың шектелмегені жақсы, – дейді ол.

Әрине, пәтершілердің саудасын олар қыздырмағанда, кім қыздырсын?!
«Жалдамалы пәтер жанға сая бола ма?» деп сөз басында сауал тастадық, қадірлі оқырман. Әлбетте, құрқылтайдың ұясындай болса да өз үйіңе жетпес. Қай күні кім келіп қуып шығады деген қорқыныштың өзі жүрекке салмақ емес пе?!

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: