Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жасыл қалаға қашан айналамыз?

04.05.2024

2980 0

Сурет: www.gov.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап, өңірлерде экологиялық акциялар мен сенбіліктер жүйелі жүруде. Мың жылдығын ойлағанның тал егетінін еске салар болсақ, әрбір сенбіліктің аясында саябақтар мен аллеяларда ағаш егу қарқын алды. Бір ғана «Таза Қазақстан – таза аймақ» республикалық экологиялық акциясы аясында да мыңдаған түп ағаш егілді.

Бұған дейін облыс орталығында ағаш егілгенмен аяқсудың уақытылы берілмеуі салдарынан егілген көшет көктемейтін. Өйткені бұл бағытта нақты жоспарды алдына мақсат етіп алып, соған сай түбегейлі әрекет ететін мекеме жоқ еді. Тіпті өткен жылы мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз болған мекемелердің жауапсыздығы да қанша еңбекті еш етті. Енді мұндай жағдай болмайды. Өйткені қалалық әкімдікке қарасты «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылып, ағаш егу, оны күтіп-баптау жұмыстарына белсене кірісіп кетті.

– Қала бойынша 35 мыңдай көшет егеміз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, қазір саяжай көп, саяжайларда түрлі жеміс ағашының көшеттері бар. Саяжай иелерімен келісе отырып, сондай көшеттерді жинастырып, әрбір көшеге түрлі жеміс ағашын егу жоспарда бар. Мәселен, бір көшеде өрік, келесі көшеде шие, арғысында алма деген тәрізді. Су жүретін арық жүйелерін де ретке келтіріп, бұрын-соңды су бармаған жерлердің де көзін ашып отырмыз. Алдағы уақытта бұл жұмыстың жемісті нәтижелерін көреміз, – дейді «Жасыл Қызылорда» мекемесінің директоры Әжібек Мампаев.

Мұнан бөлек, «Таза Қазақстан – таза аймақ» республикалық акциясының «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ»  апталарында да өңірде іргелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте қызылордалықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келеді.

– Бір-бірімізді қолдап, қаламыздың сани­тарлық тазалығы мен көркейту-көгалданды­ру жұмыстарына жұмыла білдік. Оның нәтижесін әрбір аптаның қорытындысы сараптап отыр. Науқан басталғалы 10 мыңнан аса адам қатысты. Қала аумағына 6 мыңға жуық көшет отырғызылды. Көше, аулалар­дан шыққан 2000 текше метрге жуық қоқыс полигонға тасымалданды.  Ағаштарды әктеу және абаттандыру жұмыстары жанданып, ескі арықтардың көздері аршылды. Қазір қоғамдық тазалыққа, тазалық мәдениетіне деген көпшіліктің көзқарасы өзгерді. Үлгілі үрдіс қалыптасты. Осындай серпіліспен алдағы «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апта­лығын да ауызбіршілікпен атқарамыз деген сенімдемін. Бүгінгі мерекеге ұласқан «Жасыл аймақ» апталығында саябақтардың аумағын тазалап, тағылымды акцияны кеңінен насихаттаймыз, – деді әкімі Серік Қожаниязов.

Мемлекет басшысы бұған дейін об­лыстар мен қалаларды абаттандыру және көгалдандыру жөнінде науқанды бастауды тапсырған болатын. Айта кетейік, облыс бойынша орман және жергілікті жердегі көгалдандыру жұмыстарына қажетті көшет­термен қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруа­шылығы мекемелерінде 158 гектар уақытша тұқымбақтар орналасқан, барлығы 17,5 млн дана әртүрлі жергілікті жерге жерсіндірілген үйеңкі, шаған, қаратал, айлант, катальпа, сыр талы, терек, жиде, легиструм тәрізді саялы ағаштар мен сексеуіл көшеті өсірілуде. Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбағында өсірілген терек, қаратал, үйеңкі, айлант, катальпа секілді облыс бойынша 28 мыңнан астам ағаш көшеті тара­тылып, егілді. Бұдан бөлек, Қызылорда – Жезқазған бағытындағы автожолының бойында 3000 гектар алаңда жасыл аймақ құру жұмыстары жүргізілді.

Осыдан біршама уақыт бұрын қала іргесіндегі Ақсуат ауылдық округінің халқы аяқсуға байланысты мәселе көтер­ген болатын. Бүгінде ауыл әкімінің бас­тамасымен аяқсу мәселесі де шешіліп, Наурыз елді мекенінің күре жол бойындағы бөлігіне ағаш егілді. Жол бойын жайқалған аймақ етуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген ел арасынан шыққан әкім қолдан келгенін аянбайтынын жеткізуде.

– Ауылда қандай жұмыс қолға алынса да, соның барлығы халықтың күшімен бітеді. Елдің бірлігі қай кезде де маңызға ие. Сондықтан, ауылға ағаш егуде жергілікті халықтың берген көмегі мол. Біз біріксек, алынбас асу, берілмес қамал болмайды. Ауыл халқына осындай игі істің басы-қасынан табылып, бастамаларды қолдайтыны үшін айтар алғысым мол, – дейді Нұрболат Бақытұлы.

Саусақпен санамаласақ, жылдар бойы егіл­ген ағаштың жағдайын жасап, күтіп-баптасақ, ну орманға айналар едік. Бұл пікірді айтып жүргендер жетерлік. Ал қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев тек айтумен шектелмей, іспен дәлелдеп келеді. «Қызылорданы 5-6 жылда жасыл қала етуге болады» деген ұстаныммен жүр­ген азамат өзі тұратын аумақтың айналасын гүл­дендіріп үлгерген. Тіпті өзі тал көшеттерін тұқымнан көбейтіп, ынталы азаматтарға да үлестіріп жүр.

Қызылордаға қоныс аударғаныма 20 жыл­ға жақын уақыт болды. Біздің қала 1980 жыл­дары жап-жасыл еді, кейіннен жасыл желегі азая түсті. Біз 2009 жылы Иппродром шағын ауданының тұрғындары жиналып, аяқ­суды құбырмен жүргізуді бастадық.  Менің бай­қағаным, «жалғыз өзім не өзгертемін» деген түсініктен аулақ болу керек. Бір адам тал ексе, басқаларына үлгі болады. Қазір сол мекендегі Қорасан ата көшесі шаһардың жап-жасыл көшелерінің қатарында. Мұнан кейін біз Ақирек көшесінде де осы тәжірибені бастадық. Құбыр тартып, суардық. Бірнеше жылдан бері осы әдісті дағдыға айналдырған біз енді Баймаханов көшесін де көгалдандыруға кірісіп кеткенімізге көп болды, – дейді Болат Нұрқожаев.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде елді мекендерге 15 млн түп ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Бұл бағытта Сыр өңірінде де 2021-2025 жылдарға арналған өңіраралық жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес 2024 жылы елді мекендер аумағында 100,1 мың көшет, жасыл аймақ құру бойынша 108,6 мың ағаш егу жоспарланып отыр. Жемісті нәтиже жалғасын таба бермек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: