Жеңістің 80 жылдығы жақындап келеді. Қазақ елі екінші дүниежүзілік соғыста қаншама боздағынан айрылып, талай отбасы қара жамылды. Майдангер Сарман Әбдіхалықовтың атасы Нұрбек қарияның да шаңырағынан алты арыс соғысқа аттанып, бесеуі қаза болып, 1945 жылдың қараша айында Сарман Әбдіхалықұлы аман-есен елге оралды.
Қарт майдангердің балалық шағы қиын-қыстау ашаршылық жылымен қатар келді. Әкесі Әбдіхалық диқаншылықпен айналысқан қарапайым шаруа адамы екен. Ол екі жасында дүниеден өтіп, анасы Базаркүл, апасы Дариха екеуін қанаттыға қақтырмай өсіреді. Ұлы Сарманды 15 жасынан оқытады. Мектеп бітірген соң бір жылдық педагогикалық курста оқып, бастауыш кластарға сабақ береді. Сөйтіп жүргенде мамыражай күннің шырқын бұзған сұрапыл соғыс басталып кетеді. Жүрегінде жауға деген өшпенділік оянған жауынгер соғысқа өзі сұранып, 1942 жылы алғашқылардың бірі болып, майданға аттанады. Соғысқа дейін білім алған сауатты жігітті басшылық әскери-топограф курсынан өткізіп, шекараға жібереді. 1942-1945 жылдар аралығында әскерлерді топографиялық мәліметпен қамтамасыз етіп, бірнеше тәулік бойы демалмастан окопта жатып, шекарашыларға бағыт-бағдар беріп отырған.
Соғыстан оралған соң майдангер Шымкент қаласындағы педагогикалық институтты бітіреді. Туған ауылы «Қызылту» жетіжылдық мектебінде бастауыш және жоғары кластарға тарих, география пәнінен сабақ береді.
Ұлы Отан соғысы ардагері Сарман Әбдіхалықұлы саналы ғұмырын ұстаздықтың ұлы жолына арнаған. Туған ауылында мұғалім, бастауыш партия ұйымының хатшысы болған. Майдандағы ерлігі үшін «За победу над Германией», «Жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медалімен наградталған. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ғой дана халқымыз. Сарман ата топограф-жауынгер, санитар-жауынгер, әмбебап-мұғалім ғана емес, «сырнайшы Сарман» деген атақты да иеленген. Ауылдастары оның бұл өнері үлкен ұлы Маратқа, домбыра, гитарада ойнау Иса мен Ғайни атты ұл-қыздарына дарығанын айтады.
Сарман ақсақалдың көзін көрген көршісі Жақаев ауылының тұрғыны Өтеген Жұмабеков қарт ұстаздың еңбегін ерекше бағалайды.
– Ол кезде бозбала едім, көрші тұрдық. Ол кісі мектептен келеді. Керуетіне қисайып газет, кітап оқып жатады. Өзі сабырлы жан еді. Ауылдың үлкен-кішісі келіп сәлем беріп, әрі ақыл-кеңесін тыңдайтын. Жұбайы еңбек ардагері, күміс алқалы Бибігүл Баймағамбетқызымен екеуі дүниеге 6 ұл, үш қыз әкелді. Перзенттері жоғары білім алып, ұрпақ өсіруде. Қан майданда ерлікпен шайқасқан ерлер жайлы қанша айтсақ та, қанша жазсақ та – бұл мәңгі өшпейтін тақырып. Ұрпақтар әрқашан олардың алдында қарыздар. Сондықтан Сарман ақсақалдың есімін мәңгі есте қалдыру үшін атына көше берілсе, құба-құп болар еді, – дейді ол.
Әкеге деген сағыныш бүгінде зейнет жасына жетсе де Сағат ақсақалды өткен өмір белестеріне жетелейді. Дана халқымыз «Бір әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» демей ме? Әкесінен алған өнеге өміріне азық болғаны рас. Қанша жылдар өтсе де, сұм соғыстың жарасы жазыла қойған жоқ. Десе де қария әкесінің қанды жорықтан елге аман жеткенін көңілге медет етеді. Әкесінен көз жазып қалған қаралы күн ойына түссе, бір сәт мұңайып қалады.
– Әлі есімде сол күнгі хабар төбемнен жай түсіргендей әсер етті. Мен ол кезде Ресейдің Капустин Яр деген қаласында әскери міндетімді атқарып жүрдім. Әскери шеруге дайындық кезінде командир шақырды. Барсам әкемнің қайтыс болғанын естіртіп, қолыма телеграмманы ұстата салды. Мен жеткенше әкемді жерлеп қойыпты. Әскери міндетімді атқарған соң колхозда еңбек еттім. Әкемнің жолын қуып кейін менде орта мектепте мұғалім болып зейнетке шықтым.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы болған соң, әрі ұрпағы білсін деген оймен әкем жайлы естелік айтқым келді. Отанымызды жаудан қорғаймын, шекара сызығын аттатпаймын деп менің әкем де отты өткелден өткен.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген, әкеммен қоштасқалы елу жылдай уақыт өтіпті. Мен де зейнетке шығып ата атанып отырмын. Алайда әкеге деген сағыныш мәңгі жүректе. Әкеміз әскердің көзіндей болып жауынгерлік жолдан өтсе, артында көзіндей болып ұрпағы қалды, – дейді майдангердің ұлы Сағат Сарманұлы.
«Ер бақыты ел қолында,
Ел бақыты ерлер қолында» депті даңқты батыр Бауыржан Момышұлы.
Ұлы Отан соғысында қан кешкен майдангерлердің есімі, өшпес ерлігі тарихта алтын әріппен жазылып, ел есінде мәңгілік сақталады.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!