Жолда жүрген жолаушының мұңы көп. Қайсыбір жылдары Қызылорда-Жезқазған жолының бойында белуардан батпаққа батып, не көмек шақыра алмай, бағзы заманның әдісіндей «елге сәлем» айтқан сәттерін талай көріп едік. Одан бөлек те, алыс жолға шыққандардың жол азабын тартқан кездері жетерлік. Жаңа технологиялар дәуірінің өрістеген тұсында осы кемшін тұс талайдың шымбайына батып жүрген-ді. Енді осындай түйткілдің тарқайтын уақыты жеткен тәрізді.
Таяуда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикалық маңызы бар жолдарды интернетпен қамтамасыз ету және көлік саласындағы инновациялық жобаларды іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды. Бірнеше министрліктің басын қосқан бұл жиында жолда болуға қажетті қызметтердің жай-күйі, бүгіні мен ертеңі талқыланды.
Жиында сөз алған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бүгінгі таңда Қазақстандағы жол саласының цифрлық трансформациясы азаматтар үшін неғұрлым қауіпсіз әрі жайлы көлік ортасын құруға бағытталғанын атап өтті. Бүгінде елдегі жолдарда интернетті енгізу, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, «Astana Hub» арқылы инновациялық жобаларды іске асыру бағыты жүргізіліп жатқан көрінеді. Жұмыстың I кезеңінде республикалық жолдар бойында 243 антенна-діңгек құрылысы орнатылады. Бұл бағытта 104 антенна-діңгек құрылыстары бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып үлгерген. Ал 2027 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық және облыстық жолдардың толық мобильді интернетпен қамту межесі тұр.
– Қазірдің өзінде жасанды интеллектінің салаларға еніп жатқанын атап өткім келеді. Мысалы, жасанды интеллект көмегімен автожолдарды диагностикалау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. «Smart Road Diagnostic System» жүйесі арқылы автожолдардың тегістілігі мен табандылығына 2024 жылы 15 мың шақырым жол диагностикаланды. Автожол саласында үш мемлекеттік қызмет түрі толығымен электрондық форматта көрсетіледі, – деді министр.
Айтпақшы, Мәдиевтің мәлімдеуінше, пилотсыз көлік нарығы 2035 жылға дейін 3 трлн АҚШ долларын құрайтынын айтты. Бұл дегеніңіз бүгінгімен салыстырғанда 100 есе өсімге жуықтайды. Ал көлік министрі Марат Қарабаев елімізде жолдарды басқаруға арналған «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылатынын айтты. Оның мәліметінше, өткен жылы рекордтты көлемде 12 мың шақырым жол жөнделді. Оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталған. Жобаларды жүзеге асыру шеңберінде 10 мыңнан астам құрылыс техникасы және 25 мың адам жұмылдырылыпты. Ал сапаға келсек, республикалық және жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 93% және 89% деңгейіне жетті. Жол саласында көптен күткен ұлы той болғаны да рас. Мәселен, Алматы мен Қарағандының, Талдықорған мен Өскеменнің және Ақтөбе – Атырау – Астрахан араларындағы жолдар ашылып, қолданысқа берілді. Бұл біраздан бері елдің күтіп жүрген жаңалығы еді. Оған қоса, көптен бері қол жеткен «Қалбатау – Майқапшағай», «Қызылорда – Ұлытау облысының шекарасы», «Подстепное – Федоровка» және «Өнеге – Бейсен – Сайқын» сияқты жобаларда жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталды.
– Қазір министрліктің алдына 10 мың шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу міндеті қойылған. Өткен жылы оның 5 мың шақырымында жұмыстар басталып, мың шақырымы іске қосылды. Биыл қалған 4 мың және жаңа 2 мың 600 шақырымда орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы орташа жөндеумен қамту 6,6 мың шақырымды құрайды. Бұл әдіс жобаларды жүзеге асыру мерзімін 3 есе қысқартып, шығындарды 7 есе азайтуға мүмкіндік берді. Аталған жолдар – өңіраралық аудан мен ауданның арасын қосатын, халықтың тікелей игілігіне бағытталған жобалар, – деді министр.
Алда меже көп, оған жету де көп маңдай терді қажет етеді. Үкімет басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы айтқан межелі міндеттерді тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Автожол жобаларын уақытылы қаржыландырудың және осы мақсаттарға арналған жер учаскелерін резервке қоюдың маңызы осы жиында ерекше аталып өті. Премьер-министр өңір әкімдіктерінің алдына тиісті міндет қойды. Резервке қойылған жерлерді беруге мораторий енгізу, олардың нысаналы мақсатын өзгерту тапсырылды. Өнеркәсіп министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автожол жобаларына тартылған карьерлердің құжаттарын рәсімдеуі қажет. Көлік министрлігі жол салуға қажетті жерлерді мемлекет қажеттілігі үшін жедел сатып алуды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтауы тиіс. Бектеновтің айтуынша, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз. Демек, өңірлердің әкімдеріне құрылыс және реконструкциялау технологияларын сақтау, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімдері мәселелерін бақылауға алу басты орында тұрады. Қалай болғанда да, Үкіметтен басталған жұмыс аймақтарда да қарқын алуы керек.
Жоғарыда бюджеттің бүйірін түрткенмен нәтиже шықпайтын бірнеше облысты Премьер-министрдің өзі ерекше атап өтті. Бұл қатарда Қызылорда өңірінің болмау себебі, әуелі жолдағы күрделі мәселелердің шешілгенінен болса керек. Осы жиыннан соң аймақ басшысы қала, аудан әкімдері мен сала жетекшілерінің басын қосып, тапсырма берді.
– Биылғы меже – жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу. Өткен жылы жөндеуден өткен жолдардан анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіріп, қаржының толық игерілуін қамтамасыз етіңіздер. Автомобиль жолдары мен көшелерді салу, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Жобалардың мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстаңыздар, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, облыс аумағынан 3545 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары өтеді. Оның 1024,5 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965,5 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға 44 млрд 700 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан асатын автомобиль жолдары, елді мекен көшелері мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Бұл арқылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.
Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 33 млрд 500 млн теңге бөлінді. Оған 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткіш 95 пайызға жеткізілмек.
Айтпақшы, Бектенов ауыр жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеу процесін жеделдетуді тапсырды. Бұл мәселе біздің өңірде де өзекті.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!