Гүлмира Жұмаділова – «TOO NOMADAS» акционерлік қоғамының «Көкшетау-Қызылорда» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының жолсерігі. Бір сөзбен айтқанда, кәдімгі пойыздағы жолсерік. Бұл салада жүргеніне 10 жыл болыпты. Мереке қарсаңында Гүлмира Самсатқызына арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік. Тақырып атауын да кейіпкер сөзінен алып отырмыз.
– Гүлмира Самсатқызы, жолсерік мамандығы қыз-келіншектер үшін оңай жұмыс емес. Әңгімемізді мамандық таңдаудан бастасақ. Бала арманы кей адамды дәрігер, мұғалім болуға жетелейтіні рас. Сіздің жолсерік мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Адамның қиялы деген жүйрік қой. Менің де балалық шақта арманым әр тарапқа кетіп, әрқилы маман иесі болуды армандадым. Бірде дәрігер болуды қаласам, бірде мұғалімдікті жақын тұттым. Техникаға жақын болғандықтан, осы салада қызмет етуді жөн көрдім. Өзім «Аграрлық техникалық жоғары колледжінің» түлегімін. 5 жыл теміржол саласының қыр-сырын танып, бұл саланың маңызын меңгердім. Бүгінде «Көкшетау-Қызылорда» бағыты бойынша қатынайтын №55/56 жолаушылар пойызында еңбек етемін.
– Теміржол саласының өзіндік қиындығы бары белгілі. Жұмыстың қызығы мен қиындығын атап өтсеңіз…
– Жолсерікке басты жүктелетін жүк – жауапкершілік. Ұйқыдан мезгілсіз ояна білу, ауыртпалыққа шыдай алудан бөлек, жолаушылардың қауіпсіздігін қадағалау, вагон ішіндегі техникалық базаның мүлтіксіз істеуін үнемі қадағалап отырамыз. Сонымен қатар вагонның тазалығы, аптап ыстықта да, ызғарлы аязда да ыстық судың қайнап тұруы, төсек-жабдықтың уақытылы таратылып, қайта табысталуы тағы бар. Күні-түні бекеттерден жолаушыларды түсіріпмінгізу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Түннің бір уағында, беймезгіл уақытта тоқтайтын аялдамалар бар. Сондай сәтте уақытылы ояту, стансадан түсіру сынды жұмыстар болады. Кейбір жолаушылар өздері ұйықтамай күтіп жүрсе, кейбірі келіп оятқанша ұйықтап жатады. Күндіз бәрі басқаша. Көбімен бір отбасының баласындай сөйлесіп те кетесің, кейбір кісінің тілін табу қиын. Бұл өзі бір қызық жұмыс.
– Уақытпен санаспай қызмет етесіз. Жалпы айлығыңыз еңбегіңізге тати ма?
– Дұрыс айтасыз. Біздің жұмысымыз мереке мен мейрамға бағынбайды. Тіпті жаңа жылды шойын жолда қарсы алып жатамыз. Негізгінен сегіз күн жұмыс істеп, сегіз күн демаламыз. Осылайша жол мен жол жалғасып, темір жолда шыңдалып келеміз. Осындай кезде мамандығымызды сүйетініміз көмекке келіп, армандаған саламыздан алыстамаймыз. Егжей-тегжейлі айтпайақ қояйын, айлығымыз қажеттілігімізді жеткілікті өтей алмайды.
– Қызылорда мен Көкшетаудың арасына қатынайсыз. Жалпы екі аймақ тұрғындарының арасында айырмашылық бар ма?
– Негізі қай аймақты алсақ та өзіміздің халық қой. Пәлендай айырмашылық жоқ дер едім. Бірақ географиялық бөлікке байланысты адамдардың мінез-құлқында, сөйлеу мәнерінде өзгерістер кездеседі. Қызылордалықтардың басым көпшілігі қазақ тілінде өзара байланыс құрса, Көкшетау жұрты өз ойын орысша жеткізуге тырысады. Тіпті ойлау қабілеттері мен өмір сүру дағдылары да екі түрлі. Сонымен қатар тоғысқан тағдырға куәгер болып, науқастарға да алғашқы көмек көрсетіп тұрамыз. Егер жолаушының денсаулығы күрт нашарласа, келесі аялдайтын бекетке жедел жәрдем шақырамыз.
– Кейде жолаушылардың пойыздарға көңілі толмай жатады. Осы салада жүрген маман ретінде жолаушылар тасымалына қандай баға берер едіңіз?
– Кезінде вагондардың сапасы сын көтермейтін. Тіпті аязды күні вагонды жылыта алмаған кезіміз де болған. «Жаңа Қазақстанмен» бірге темір жол да дамып келе жатыр. Әрине, кез келген салада кемшіліктер болады. Дегенмен вагондар жыл сайын жаңарып, сервистер даму үстінде. Талаптілекті тыңдап, темір жолдар да жөндеуден өтіп, жол а у ш ы л а р д ы ң қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бәлкім, қазір жұрттың бәрінің бірдей көңілінен шықпасақ та, болашақта халықтың қалауын қанағаттандыратын дәрежеге жетерміз деп ойлаймын.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен
Марина САҒИДАТБЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!