Бейсенбі, 02 мамыр, 06:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

44 жыл трактор тізгіндеген

16.04.2024

298 0

Қазір қара жұмыс істеп, маңдайы терлей­тіндер қатары кеміп келеді. Жеңілдің асты­мен, ауырдың үстімен жүргенді қалайтындар көп.  Сондықтан алақаны  бейнетпен ысталған замандастарымыз тура­лы жазу – ел Президенті де қолға алып жатқаны құптарлық дү­ние.  Шы­­нында, осын­дай дәре­жеге жетіп, елі­міз­­дің өсіп-өркен­деуін­де қарапайым жұ­мысшы­лардың қолтаңбасы басым.  Жұмысшы мамандығын ата-ана үлгісімен жалғастырған еңбек адамы, механизатор  Сәбит Қаратаев біздің әңгімеміздің арқауы болмақ. Кезінде плотинаның алып құрылысы салынғанда әкесі Дәуіт, анасы Қағаз – сол құрылыста белсенді еңбек еткен елге сыйлы жандар. Сәбит Қаратаев  1961 жылы Тасбөгет қыстағында дүниеге келген. 1979 жылы  ГПТУ-152 училищесінде меха­низатор мамандығын бітіріп, сол жылы ПМК-29 меке­месінде алғашқы еңбек жолын бастаған. «Социалистік Еңбек Ері» Б.Серімбетов ұстаздық етіп, С-100, Т-130 маркалы тракторының жұмыс тәсілдерін меңгерген.

Сырдария ауданының күріш алқабында жерді дайындау, тегістеу, пайдалану жұмысымен айналысқан. Абыройлы еңбегінің арқасында 2 мәрте «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгісімен марапатталған. Кезінде  еңбек озаты жайлы баспасөз  беттерінде мақала жарияланып, ел құрметіне бөленген.

Сондай-ақ еңбекпен есейген жан «ҚазСу шаруашылығы» Қызылорда облыстық филиалының «РемВод Проект» мекемесінде механизатор болған. Бұл мекемеде еңбек еткенде Арал мен Шардара ауданы аралығындағы су бөгетін, арналарын әр шаруашылыққа баратын су жолын, табан топырағын аршу, сыртқа шығару, арна жиегін көтеру жұмысын бульдозер, алып экскаватормен атқарған. Сырдария өзенін 10 рет байлап бөгеп, Көктөбе үрмелі плотинасының, Төменарық су тоспасының күрделі жұмысында тынбай еңбек еткен.

Арал, Қармақшы, Жалағаш,Тереңөзек, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданындағы су қашыртқы арнасын топырақтан аршу, тазарту жұмысын  жыл сайын атқарған.

Жемісті еңбектері еленіп, мекеме басшылығы атынан ақшалай сыйақымен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Механизатор, тракторист деп ауызбен ғана айтуға оңай болар. Бірақ механизмнің әр тетігін тексеру, қалпына келтіру, ауа райының қолайсыз жағдайына қарамай оның сақадай сай тұруын қамтамасыз ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр жұмыс.

Ашық аспан астында мұздай құрсанған тракторды от алдыру – нағыз ерлікке пара пар. Тіпті су тасқыны қаупі туындағанда елдің осы азаматтарға сенім артары  анық.

Бейбіт заманның нағыз ерлері – трактористер деп ауыз толтырып айтуға болады. Сәбит Дәуітұлы темір тұлпарды тізгіндегелі де арада 44 жыл өтіпті. Бұл – қиындыққа қасқайып қарсы тұрған еңбек адамының жарқын бейнесі.  Бүгінде өмірлік жары, ағайын-туыстың ұйытқысы Бақдәулетпен екеуі отбасының алтын діңгегіндей болып 6 пер­зент және немерелер  тәрбиелеп отыр. Бақыт бесі­гіндегі жандарға біз де бақ тіледік.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: