Жексенбі, 24 қараша, 18:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жүрек бәрін сезеді

06.07.2024

456 0

6 шілде – дүниежүзілік кардиологтар күні.
Бұл маңызды күн 2000 жылы жүрек федерациясының бастамасымен пайда болды. Бұл күннің мақсаты – жүрек ауруының қауіпті факторлары және алдын алу туралы пайдалы ақпаратпен халықты ақпараттандыру. Жүрек ауруы әлемдегі ең көп таралған ауру екенін еске салады және кардиология саласындағы зерттеулер мен дамуды жалғастыру қажеттілігін көрсетеді. Кардиологтар жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауда, емдеуде және алдын алуда, миллиондаған адамның өмірін сақтауда және жақсартуда басты рөл атқарады. Бұл күні біз жүрегіміздің тоқтаусыз соғуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген кардиолог дәрігерлерге құрмет көрсетеміз. Осы ретте кардиолог-дәрігер Ұлбике Бекетовамен сұхбаттасқан едік.

– Дәрігер болу – абыройлы міндет. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– 2009 жылы дәрігер мамандығы бойынша оқу орнын бітіріп, №1 емханада аймақтық дәрігер болып жұмыс істедім. 2012 жылдан бастап кардиолог дәрігер болып жұмыс істей бастадым. Жүрекке қамқорлық жасау қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Жүрек ауруын диагностикалау мен емдеуде кардиолог басты рөл атқарады. Жүрек жай ғана ағза мүшесі емес, ол өмірдің қозғалтқышы, жүрек дұрыс жұмыс істемесе, бүкіл денеге әсер етеді. Сондықтан мен өз жұмысымды кәсіп ретінде емес, жүректің дұрыс соғуына көмектесуді миссиям деп санаймын. Өйткені жүрек саулығы тек физикалық жағдай емес, ол толыққанды өмір сүру, қорқыныш пен шектеусіз әр сәттен ләззат алу мүмкіндігі. Әрине, кардиологтың жұмысы үлкен жауапкершілікті және үнемі өзін-өзі жетілдіруді талап етеді. Дертіне шипа тапқандардың қуанышы мен үшін үлкен бақыт. Бұл күн сайын жұмысқа қуанып келуге лайық марапат. Ал маған кардиолог болу мүмкіндігін беріп, адамдарға көмектескенім үшін тағдырға ризамын. Бұл менің өмірімді мағыналы және қызықты етеді. Менің тәжірибем мен білімім көптеген адамға ең үлкен байлық – денсаулығы мен өмірін сақтауға және жақсартуға көмектеседі деп сенемін. Кардиолог болу – жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және жанашырлықты қажет ететін мамандық десем де артық болмас.
– Жиі кездесетін жүрек аурулары қандай?
Жүрек сыңары жоқ ағза қатарына жатады. Жүрек тәулігіне 8460 литр қан айдайтын күрделі насос десе де болады. Жүрек өмір бойы тынбастан жұмыс істейтін орган. Оның бұлшықеті үздіксіз ырғақпен жиырылады. Ересек адам ағзасындағы қанның мөлшері шамамен 5-6 литрге дейін, бұл дене салмағының он үштен бір бөлігі, қан тамырлары арқылы түрлі шапшаңдықпен, әртүрлі қысымымен ағады. Дені сау адамның жүрегі минутына 60-80 рет, жас балалардыкі 110-120 рет жиырылады.
Жүрек-тамыр аурулары – бұл жүрек пен қан тамырларына қатысты. Жүрек-қан тамырлары ауруларының тобына артериялық гипертензия, атеросклероз, аритмия, жүректің ишемиялық ауруы, инсульт, миокард инфарктісі, коронарлық тромбоз және тағы да басқа түрлері жатады. Кардиологтың назар аударуын қажет ететін ең жиі кездесетін ауру – жүректің ишемиялық аурулары.
Жүректің ишемиялық ауруы 90 пайыз жағдайда жүректің бұлшық еті қанмен, яғни, оттегімен қамтитін артерияның зақымдануынан болады. Атеросклероз жағдайда артериялардың ішкі қабырғасын май басады, олар ары қарай қатайып артерияны тарылтады, жүректің бұлшық етіне баратын қан азаяды. Сол себептен эмоциялық немесе денеге түсетін ауырлықтан науқастың жүрегі мазалап ауыра бастайды. Стенокардия немесе жүрек қыспасы төс түйсігінің қысымымен сипатталады. Сол жақ иық, қол немесе екі қол, мойын, жақ және тіс ауыра бастайды. Бұл мезетте науқастардың тынысы тарылып, қорқыныш сезінеді, ұстама тоқтағанша қозғала алмай қатып қалады. Атап айтар кетер жайт, бұл аурудың ауыртпалықсыз өтетін түрлері болады, олар өте қауіпті, өйткені аурудың соңғы кезеңінде анықталады. Бұл аурудың қауіпті нәтижесі – жүрек ұстамасының пайда болуы. Бұл – жүректің бұлшық еттерінің біразы өледі немесе миокард инфаркт болады. Осы аурудың кесірінен жүрек жетіспеушілігінен өлім-жітім дүние жүзінде алдыңғы қатарда тұр.
– Егер жүрек ауруларының белгілері сезілетін болса, қандай тексерулерден өту қажет?
– Тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген емхананың кардиолог маманына көрінуіңіз қажет. Жалпы жүрек қызметінің бұзылуын растайтын бірқатар зерттеулер жүргізіледі. Пациентке электрокадиограмма жасайды, қан қысымын өлшейді. Егер де зерттеулердің бірі пациенттің жүрек жұмысындағы ауытқуын көрсетсе, бұл жүрек жұмысының бұзылуы бар екенін растайды.
– Жүрек ишемиясы ауруына шалдығудың басты факторлары қандай?
– Шылым шегу, денедегі май алмасу процесінің бұзылуы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті және т.б. жайт жүректің ишемиялық ауруының дамуына әсер ететін негізгі фактор болып саналады. Шылым шегу – өте зиян әдет. Шылым шегуді тоқтату миокард инфарктісіне ұшырау қаупін 20-50 пайызға кемітеді. Адамның шектен тыс семіруі, аз қозғалуы, эмоциялық стресстер де осы аурудың дамуын тездетеді. Кейде бір мезгілде қауіпті факторлардың бірнешеуі қосылса жүректің ишемиялық ауруының туындау қаупі жоғарылай түседі. Жүректің ишемиялық ауруының қауіпті факторлары бар адамдар аурудың алдын-алу жөніндегі дәрігерлік кеңестерді орындап, жыл сайын денсаулығын түзету үшін емханаға барып, тексеріліп отырғаны абзал. Қорыта айтқанда, денсаулыққа зиян факторлардан сақтану әрбір адамның өз қолында. «Жаны саудың – тәні сау» деген қағиданы естен шығармайық.
– Жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу үшін қандай кеңес айтасыз?
– Жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу шаралары үнемі жүргізіліп отыру қажет. Жүрек қан тамырлары ауруларын алдын алу бойынша негізгі профилактикалық шараларды сақтауды талап етеді. Ең бастысы – дұрыс тамақтану. Яғни тұзды, майлы және қуырылған тағамдарды, қантты және қою шайды, кофені, шоколадтты көп тұтынбау керек. Қан қысымын, дене салмағын бақылау, спортпен айналысу, жалпы салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Жаман әдеттерден бас тарту керек.Темекі шегу қан тамырларының арнасының тарылуына әкеледі, ал алкогольді тұтыну жүрек, бауыр, ми және басқа да органдардың ауруларының даму қаупін бірнеше есе арттырады. Стресс пен ашу-ыза, жанжалдардан аулақ болған жөн, жағымды эмоциялар адам денсаулығы мен жүрек жұмысына өте пайдалы. Сонымен қатар ауруды алдын алуда тұрақты медициналық тексеру маңызды рөл атқарады. Қан қысымын, холестеринді және қандағы қант деңгейін бақылау проблемаларды ерте анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға көмектеседі. Жүректің және қан тамырларының ультрадыбыстық зерттеуі, ЭКГ және холтерлік тәуліктік мониторлау сияқты заманауи диагностикалық әдістер жүрек-қан тамырлары жүйесінің жағдайын дәл бағалауға мүмкіндік береді. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – дұрыс тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, зиянды әдеттерден аулақ болу және жүйелі түрде медициналық тексеруден өтуді қамтитын кешенді әдіс. Осы қарапайым ережелерді сақтау жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін айтарлықтай азайтады және өмір сүру сапасын жақсартады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: