Кейде тарихтың тылсым үні алыстан естілген күй сияқты, тұла бойың шымырлап, жүрек түбінде бір сағыныш ойнайды. Қызылорда – сондай сағынышты, сырлы үнді бойына жиып алған мекен. Мыңжылдық тарихтың жүгін арқалаған, жүз жылдық рухты бойына сіңірген осы шаһар бүгінде жаңғыру мен жаңарудың жаңа белесінде. Биыл Сыр өңірі ғана емес, күллі қазақ халқы үшін маңызды жыл. Өйткені Қызылорда қаласының Қазақ АКСР–інің астанасы болғанына және қазақ атауының тарих төріне қайта оралғанына тура жүз жыл толып отыр.
Ұлт рухын ұлықтайтын мәдени, танымдық, тәрбиелік шаралар осы мақсатты дәріптейді. Қала күнтізбесі биылғы жылы бұрынғыдан өзгеше леппен өріліп, ай сайын әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі – Сыр елінің сахнасын жаңғыртқан, ұлттық өнердің алтын арқауына айналған Қызылорда қаласы әкімдігі мен Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы басталды.
Қай кезде де өнер халықтың рухани тірегі, елдің елдігін дәріптейтін асыл қазынасы. Бүгінгі өнер додасы соның бір көрінісі. Бұл бастама тек сахналық қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ғана емес, сонымен қатар ұмыт бола бастаған дәстүрлі өнерді қайта түлетіп, ұлт жадына сәуле түсіретін игі іс. Орталық алаңда бастау алған бұл өнер керуені облыстың әр ауданынан келген өнерпаздарды тоғыстырып, көрерменге рухани серпін сыйлары сөзсіз. Солардың алғашқысы – қарт Қаратаудың етегінен келген Жаңақорғанның өнерпаздар қауымы болды.
Алашқы астана болған Қызылорданың төрінде ұйымдастырылған бұл шара тек концерттік бағдарлама ғана емес, тұтас бір ұлттың өнерін ұлықтауға арналған. Орталық алаң мерекелік көңіл-күйге толы болды. Өнер байқауының шымылдығын Жаңақорған ауданының өнерпаздары ашты. Күймен көмкерілген кеш, жырмен жарасым тапқан сахна. Жаңақорған елінің өнерпаз ұжымы көрерменге алғашқылардың бірі болып сәлем жолдады. Әр қойылым жүректен туған өнер туындысы, әр үн баба үнімен ұштасқан сырлы әуен.
– Бұл іс-шара биылғы жылдың басты рухани жобаларының бірі. «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты өнер байқауы 3 шілдеге дейін жалғасын тауып, облыстағы барлық 7 аудан мен Қызылорда қаласының өнерпаздарын қамтиды. Бұл – тек мәдени көрініс емес, шалғайдағы өнер иелерінің елге танылуына, таланттардың сахнаға шығуына берілген зор мүмкіндік, – деді Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжімаханов.
Расында да, руханиятқа тұғыр болған Жаңақорған ауданы қашанда өнердің туын биік ұстап келеді. Манап ақынның мекені, Әлшекей күйші мен Құлан ақынның ізі қалған қасиетті өлкеден шыққан өнерлі буын бүгінде өнер көшін жалғап келеді.
– Жаңақорған тарихы терең, өнерімен өрлеген мекен. Бұл өлкенің әр тасы мен топырағында тектіліктің ізі жатыр. Аудандық мәдениет үйінің төңірегіне жиналған таланттар осы киелі топырақтың жемісі. Іргесі 1982 жылы қаланған Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде бүгінде 2 шығармашылық мектеп, 3 мәдени демалыс кешені, 9 халықтық ұжым және 28 ауылдық клуб жұмыс істейді. Бұл ұжым қазақ өнерін дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген жанашыр жандардың ордасы. Бүгінгі іс-шара сол еңбектің жемісі, – дейді Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің директоры Уәлихан Ибрагимов.
Кеш барысы ұлттық нақышқа, дәстүрлі болмысқа толы болды. Ән айтылды, күй төгілді, мың бұралған бишілер сахнаны сәнге бөлесе, алаң шетінде қаз қатар қойылған көрме ұлттық мұрамызды жаңғыртып, қонақтар назарына ұсынылды.
Ұлттың рухы – оның өнерінде. Ал өнердің өрісі кең болса, руханияттың тамыры тереңдей түседі. Қызылорда төрінде бастау алған «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты өнер керуені сол рухани тамырдың бір сабағы. Бұл – елдік пен бірлікті, ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған тағылымды тағзым.
Жаңақорған өнерпаздары сахна шымылдығын түрсе, алда тағы алты аудан мен Қызылорда қаласының таланттары өз өнерлерін ортаға салады. Бұл тек өнер сайысы емес, бұл ұрпаққа рух беретін іс-шара. Халықты тәрбиелейтін, ел ішіндегі елеусіз талантты ел алдына шығаратын, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыратын үлкен сахна.
Бүгінгі көрермен – ертеңгі естелік иесі. Ал сол естеліктің төрінде ұлттық өнер тұрса, бұл ұлт үшін ұлы жетістік. Сондықтан Қызылорданың төрінде тербелген күй, шалқыған ән, тебіренген жүрек, барлығы да қазақ руханиятының алтын көмбесіне қосылған қазына.
Рухтың ордасы болған Қызылорда енді өнердің де ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!