Жексенбі, 24 қараша, 17:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Асыл қазына

16.10.2023

496 0

Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы.

Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар.

Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Домбыра атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, домбыра сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты шыққан. Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі дөп бұра, дәл бұра, дем бұра деген сөздердің тізбегінен жасалған. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады. Алматы облысында «Майтөбе» жайлауынан жоғары тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.

Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.  Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан  құралып немесе ойылып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады. Басы, құлағы, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Қақпақ бетқақпақ деп те аталады.

Сондай ақ оның көптеген қосымша бөлшегі бар, тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік. Домбыра тиегі үш түрлі болады: шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек.

Домбыраның жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайлы дерек:  Жаумен шайқасып, алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр «ее, бұл сайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Бәлкім, содан болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін «шайтан тиек» деп атайды.

Домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған. Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен.  Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты.  Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге жалбарынып, қос қанат беруін сұрайды. «Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер» деп Тәңір ой салады. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет жұптасып ұшуды ойлайды. Бірінде оң қанат, бірінде сол қанат екеуі қанаттарын кере серпіді.  Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұша жөнелді. Көңілдері шаттанған олар Тәңірге ризашылығын білді­ріпті. Кейін бұлардан туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы «қос қанат бірігіп ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай болады екен» деп екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбыраны тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды.  Риза болғаны сонша, алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. «Ақсақ құлан» туралы аңызды бәріміз жақсы білеміз.

Күйлер негізінен үш аспапта, домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері.

Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің құрылымына бай­ланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді.

XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» дейді.

Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт домбыра, тәжік домбурак, бурят домбро, монғол-домбор, түрік-томбра, қырғыз-қомуз, алтай-топшур, түрікмен, қарақалпақ, ұйғыр дутар деп атайды. Кей деректерге сүйенсек, домбыра сөзі көне шумерден аударғанда кішкене садақ деген мағынаны білдіреді.

Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді.

Қазақ халқы домбыраның үнімен халқы­мыздың тарихын, салт-дәстүрін, мыз­ғымас құндылықтарын жеткізген. Ал дом­бырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпақ­қа аманат болып жалғасып отырған.

Абай мен Жамбылдан домбырамен шер­тілген қоңыр ән қалды, Құрманғазыдан дом­бырамен толғанған дауылды күй қалды, ал Әуезовтен: «Музыка атаулы елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген қасиетті сөз қалды.

Қазақстанда 2018 жылдың шілдесінен бері ұлттық домбыра күні тойланады.

Мереке жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл күні күмбірлеген күйден шашу шашылып, ән шырқалады.

Домбыраға деген қызығушылық әрі музы­калық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл – қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру өз қолымызда.

Нұргүл Шорабаева

М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебінің домбыра класының мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: