Сенбі, 04 мамыр, 02:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Бақытбек Алпысбаев, мемлекеттік сыйлықтың иегері: Бақытымды театрдан таптым

03.02.2024

160 0

Бүгінгі біздің жүрекжарды сұхбаттың қонағы – Нартай Бекежанов атындағы  облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы»  Бақытбек Алпысбаев.  Еңбегімен ел құрметіне бөленген танымал өнер тарланына жақында ҚР Президентінің өкімімен мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендия табысталды. Бұл жаңалық күллі Сыр бойының өнеріне деген жоғары құрмет деп білдік.  Жоғары марапатқа ие болып  алты алаштың мақтанына айналған Сырдың даңқын асқақтатқан  өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Өзіңіз өмірге келген Сыр өңірі жұртшылығын ақжолтай жаңалы­ғыңызбен қуантып жатсыз. Жоғары марапатты алып жатқанда қандай көңіл-күйде болдыңыз?

– Әрине, үлкен толғаныста, тебіреністе болдым. Биыл Құдайға шүкір, ұжымның ұсынысы бойынша мемлекеттік стипен­дияны алып жатырмыз. Сонда да корифейлердің ортасында, ақын-жазушылар, суретшілер, Асанәлі ағамыз, Сәбит Оразбаев бастаған мықты өнер тарландарымен бірге мемлекеттік сыйлық­ты алу үлкен қуаныш, зор мәртебе. Бұл 55 жылдай театр сахнасында жүрген ең­бегімнің жемісі деп ойлаймын. Әлі де Құдай қаласа жүрегіміз соғып тұрса бойымыздағы өнерімізді халыққа беріп, талай кейіпкерді сомдаймыз деген үміт бар. Көрерменсіз театр тұл дегендей көрер­меннің көңілінен шықсақ  сол біз үшін үлкен бақыт. 

– Балалық  шаққа саяхат жасасақ. Бала Бақытбек қан­дай болды?

– Балалық шақ деп айтып қалдыңыз. Менің шығармашылығым тақпақ оқудан басталған. 1961 жылы Ю. Гагарин атын­дағы мектеп интернатқа қабылданып, 7-сыныптан бастап конферанс болып жүр­дім. Сосын мұғаліміміз марқұм Қырғызбай Алпысбаев пьесалар қойып, сонда ойна­дық. Үнемі тақпақ жаттап жүрдім. Актер болуды 6-7 кластан бастап арман­даған­мын. Мектеп бітіргеннен кейін әкеміз қайтыс болды да, әртүрлі жұмыс істеп, отбасына, анамызға қарау керек болды. Екі жыл жұмыс істегеннен кейін барып 1968 жылы М.Әуезов атындағы театрдың жанындағы екі жылдық студияға түсіп, соны жақсы бағамен бітіріп шығып, бірден Қызылордадағы театрға жұмысқа келдім.

– Жүрек толқытқан алғашқы қойы­лымыңыз жайлы айтсаңыз…

– Келген бойда бізге алғашқы рөл берді. Марқұм Тынымбек Пірімжанов деген ағамыз ауырып қалып, түсірілім тоқтап тұр екен.  Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектакліндегі Арыстанның рөлін маған берді. Сонымен біз гастрольге шығып келдік.  «Бажалар мен балдыздар» деген спектакльдегі Шәріп Мәрленов деген ақсақалға дублер ғып берген. Премьераға 2-3 күн қалған кезде ол кісі жақын інілері қайтыс болып, рөлін мен ойнадым. Жұбайым боп менен 30 жас үлкен Шолпан Бакирова апамыз ойнады. Ол менің театрдағы дебютім болды.

– Өзіңізге бекітілген рөлді сом­дап болғанша тыным таппайтын боларсыз?

– «Өнер адамының көңілі қай кезде болсын көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Актер кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын кейде тұйық, кейде мұңды» деген екен театр сыншысы Әшірбек Сығай. Әр рөлді ойнағанда көңілімнен шыққанша дамыл таппаймын. Үйге келгенде де ойымнан шықпай толғатып жүремін.

– «Біз періштеміз бе?» пьесасында­ғы Табан атты тергеушінің рөлін сомдап­сыз.  Мінез құлқыңызға сай келмейтін рөлді ойнағанда қиналмайсыз ба?

– Осы уақытқа дейін 230-дай рөл ойнадым. Мінез құлқымызға сай келетін кейіпкер іздемейміз. Әр рөл өзіңнің ішіңнен шыққан бала сияқты. Бірақ оның етене жақын болатындары бар ғой. Мысалы, «Біз періштеміз бе?» қойылымындағы Табан рөлін ойнадым. Ол – тергеуші. Кейін сол Сәкен Сейфуллиндер ақталған кезде  1953 жылы өзін-өзі атып өлтірген адам. Ол тарихта болған адам. Соның рөлін ойнағанымда театр  сыншылары  да, Мәскеуден келген Михайл Мишаков деген орыс сыншысы да менің осы Табан рөлімді мақтады.  Оған да риза боп, төбем көкке жетті. Осындай тарихи образдарды дайындаған кезде көз майын тауысып, кітап ақтарудан жалыққан емеспін. Қандай құрмет те ерен еңбекпен келеді. Әрине, театр актерлері  жан-тәнімен образға кіріп, тер төгіп ойнамаса  шебер қойылым болмайды.

– Осындай танымал дәрежеге жеткенше сізді өнерге баулыған ұстаз­дарыңыз көп болар…

– Сахна саңлағы Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Оралбек Әбдімомынов, Тұрысжан Айнақұлов, Қазақстанның халық әртістері Шолпан Бәкірова, Серік Шотықов, Жібек Бағысова секілді майтал­мандардан көп нәрсе үйрендім. Олардан бөлек, Есмұхан Обаев, Төреш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев, Павел Ширшов, Жақып Әбілтаев, Жақып Омаров, Мұрат Ахманов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Маман Байсеркеновтермен қызметтес болдым. Актер ретінде өсіп-жетілуіме, әсіресе, Қазақстанның халық әртісі, марқұм Ерғали Оразымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жеткшісі, режиссер Хұсейн Әмір-Темір өлшеусіз үлес қосты.

– Көңіліңізден шыққан рөлдер туралы айта кетсеңіз…

– Ең мықты рөлдің бірі өзімнің жа­ныма жақын Иран Ғайыптың  «Күшігінен та­ланған» спектакліндегі Ақсақ Темірдің рөлі, Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы бойынша жазылған пьесасындағы  Әбди Каллистратовтың рөлі, «Еңлік Кебектегі» Жапалдың рөлі. 14 жасар Жапалдың   рөлін  кішкентай кезімнен 50 жасыма дейін ойнадым. Тағы бір жақсы көріп ойнаған рөлім Кәмиланың 60 жылдығына арнап қойылған Егембер­диеваның «Көресіңді көрмей» деген спектаклі әлі сахнадан түспей келе жатыр. Сонда басты рөлде Кәмила екеуміз ойнаймыз. Кәмила Ақдидардың, мен Өмірсеріктің образын сомдадық.

– Жан жарыңыз Кәмила апай екеуіңіз өнер айдынында қатар жүзіп келесіздер. Бақыттысыздар ма?

– Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеу керек. Бірі – жар, екіншісі – ма­мандық таңдаудан. Осы тұрғыдан алғанда мен өзімді  бақытты санаймын. Өйткені мамандығым арқылы өмірлік серігімді таптым. Кәмила екеуіміз бүгінде немере сүйіп, отбасы бақытына бөленіп жүрміз.  Жұбайымыз екеуміз бақытымызды театр­дан тапқанымызға Аллаға шүкіршілік етеміз.

– Шығармашылық еңбегіңіз қанша­лықты бағаланып жүр?

– Төккен тердің өтеуі бағаланып жүр.  Қалың көрермен де біздің сыншымыз.  Олар ылғи өнерімізді қолдап, алғысын жаудырудан жалыққан емес.  1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1998 жылы үздік актер атандым. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері театрдың қоғамдық жұмысынан қол үзген емеспін. Он бес жылдай кәсіподақ ұйымын басқардым. 2004-2006 жылдар аралығында театрды басқардым. Осы кезде біздің өнер ұжы­мы Қостанай, Астана, Қазан, Алматы қалаларындағы театр фестивальдеріне қаты­сып, олжалы оралдық. Адал қызметім үшін 2005 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін иелендім. Еңбегімді елеп жатқан халқыма ризамын.  Еліміздің жоғарғы марапатына лайық болып танылып, Сыр елінің мәртебесін көтерсем арманым жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбатты жүргізген 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: