Сенбі, 20 сәуiр, 15:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Баталы ер арымас

10.01.2023

680 0

1988 жыл. Шілде. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында қызметтегі уақытым. Жаз айларында экспедициялық сапарларға шығамын. Ақтөбеден мінген пойыздан, Жосалыға түстім (Қармақшы ауд. оталығы). Аспан айналып жерге түскендей ыстық, сағат түскі – 14.30. Жүргінші де көп емес секілді. Әркім өз бетіне тарап жатыр. Вокзалдың қала бетіне шыққанымда талдың көлеңкесінде тұрған екі-үш адамның ішінен жігіт ағасы бір кісі:

– Оу, Алмасжан жол болсын! – деп амандасты. Бұрылып қарасам, өзімнің нағашым Тынымбек ағамыз екен. Бұл кісі кәсібі мол, аңшы, балықшы сал-сері кісі еді. Ер көңіл, меймандос жан. Шырын жеңгемізбен екеуі «әу» дейтін өнер адамы, жазушы, ақын болса үйіне қонаққа шақырмай жібермейді. Өзім де ол кісілердің үйіне барсам марқайып, жәйсын тынығамын. Қыр мұрынды, қой көзді, шашы шаншылып тіке өскен индияның киносындағы әртістерге ұқсайтын. Сөзге бай, әзілге жүйрік Тынекең көлігіне отырғызып алып, қуланып күліп қояды… Олжасына қасқыр соққандай көңілді.

– Ал Қожеке, үйге барамыз – деді. Оған:

– Тынеке, бір жұмыспен келе жатырмын. Арнай сәлем беретін екі-үш адамым бар. Білсеңіз, Сабыт ағамыздың үйіне апарыңыз. Екі-үш күн осындамын. Қалғанын сөйлесе жатармыз деп, тоқтаттым.

– Сабыт-Сәкеңді бұрын білетін бе едің? Келе жатқаныңнан хабары бар ма?- деп, бүге-шігесіне дейін сұрап жатыр.

– Арнайы сәлем беріп, бірінші келе жатырмын. Маған, Кете-Шөмекейдің әр үйі өзімдікі емес пе!?:

«Екі енені тел емген,

Күпшек санды күреңмін,

Төсінен тартса жетпейтін,

Жуандықтан айылы», – деп Базар жырау айтқандай, екеуі де нағашы жұртым, тәуекел бара көрермін деп жатырмын.

– Онда мен өзіңді сол үйден қалдырып, Шырынды жұмыстан алып үйге дайындық жасайын, Сәкеңді сонда алдырамыз деп, жоспарды құрып жіберді. Әне-міне дегенде ағаш дарбазалы, үлкен үйдің алдына тоқтадық.

– Ал нағашыңның үйі осы. Мен жаңағы жұмыстарды ұйымдастырып қайтып келемін, – деп жасыл жигулидің шаңын бұрқ еткізіп кете барды. Алшағыр күннің ыстығы адам шыдататын емес. Қолымдағы жол жүк, керек заттарымды алып аулаға ендім. Көзге бірден шалынғаны ауланың төрінде ұзыннан салынған мал қора. Ішінде жаңа қырқылған фермадан келген семіз қара қой, маңырап зарлап жүр. Қораның іші-сыртында жем-шөп қарасы көрінбейді. Күн ыстық, шөлдеген болар деп қойдым. Үйге кіріп-шыққан адам қарасы көрінбеген соң кіреберіс кең дәлізге өтіп, заттарымды қойып жөткірініп белгі беріп едім, еш дыбыс болмады.

«Кім бар-ау?», – деп дауыстадым. Тым-тырыс. Бөлмелердің бәрі тас қараңғы. Түскі шайды ішіп, салқын бөлмеге тас болып ұйықтайтын мезгіл екенін біліп тұрмын.

Біздің үлкен анамыз Сара – Құлыс Кетенің қызы. Бұл үй сол нағашыларым. Өзімнің анам Төлеу – Шөмекей Қаратамырдың қызы, жаңағы Тынымбектің апалары. Бұл үйге хабарласпай келіп тұрғаным мынау. Тынымбектің желі оңынан тұрып, әңгімеге өзек болатын түріміз бар. Дәліздің оң қапталындағы ас үйден пышақ пен үлкен кесе алып, қораға кірдім. Қуалап жүріп қойды ұстап алып төрт аяғын буып, пышақты кесеге жанып-жанып жіберіп, іске кірістім. Бағанға іліп, терісіне қойдың қарнын түсіріп жатқанымда үйден бір әйел шығып, аң-таң болып қайта кіріп кетті. Қабырғасын сөгіп жатқанда дарбазаның алдына «ЗиЛ» машинасы келіп тоқтады. Байқаймын, Сәкең сол машинадан түсіп жатыр. Құдайдың аптап шілдесінде басында құлақшын, үстінде қаракөл жаға палто, оны алқымына дейін түймелеген, қолында таяғы бар толық денелі, төртпақ ақсары адам бұрыштан есікке қарай бұрыла түсіп қорадағы оқиғаға қарап, аңтарылып тұрып қалды. Сол кезде:

– Ассалаумағалеикум! Үйлеріңізге қожа шақырып па едіңіздер? – деп сәлем бердім де, пышағымды терінің үстіне тастап қорадан шыға бердім.

Қайран аға сол кезде:

«Алмасжансың ба?» – деп бөліп-бөліп айтып, қасына барған өзімді құшағына алды. Бұл кісі Сыр сүлейі Ешнияз сал, одан Кете Жүсіп, одан туған Мұзарап жырау, сол кісінің баласы – Сабыт жырау еді. (1922ж). Атақты Нартайдың концерттік бригадасының жырау, әнші, ақыны, заманының дүлдүл өнерпазы болған жан:

Ешнияз, Жүсіп – арғы атам,

Мұзарапұлы Сабытпын.

Жыр жырлап, жастай ән шырқап,

Алғысын алдым халықтың.

Нартай, Рүстембектен,

Үлгі – нұсқа алыппын.

Бір жүріп өнер сапынан

Талай жерге барыппын.

Өлең мен өнер төрінен,

Өзімді көпке таныттым.

Кезінде ән мен жырыма,

Көрген жоқ ешкім тағып мін.

Той – думанда жырлаудан,

Демеуші едім «жалықтым».

Орда бұзар – отыз жас,

Шалқыған шағы ед шабыттың.

Осылай ойын – күлкімен,

Сауық-сайран салыппын.

Тосыннан тамақ қарлығып,

Тағдыр-ай, қатал налыттың.

Ақындық аздап болмаса,

Басқа өнерден арылттың.

Кеселге келген ем іздеп,

Өзімді қанша сабылттым.

Аяқтан қалған жүйріктей,

Қайғырдым, қанша қамықтым.

Өткен күн қайтып оралмас,

Десемде қанша сағынттың.

Көрмегенге белгісіз,

Сөзіңе сенер нанып кім?

Себеппенен сөз бастап,

Іштегі сырды ағыттым.

Белгісіз өткен өмір-ай,

Алпыстан да асып қалыппын!?

Қамын ойлап кемді- күн,

Алдағы тірлік бағыттың.

Бір жылдай оқып бугалтер,

Мамандығын алыппын.

Отыз жылда оның да,

Қыр-сырына қанықтым.

Бақытты мынау заманда,

Демеймін күшті сарықтым.

Ұрпақтар өссе денім сау,

Демеспін шаршап, шалықтым.

Қанша екенін кім білсін,

Алдағы көрер жарықтың?

Өткен шағы осындай,

«Қырылдауық Сабыттың»! – деген толғауы өзінің бүкіл өмір жолы.

Сонымен амандық-саулық сұрасып қорадағы ісімді қайта жалғастырдым. Сәкең қасыма келіп отырды. Моншаға барып келе жатқан беті екен. Жеңгей зыр жүгіріп ыдыс әкеліп, қойдың етін жіліктеп, тамыр-бездерін алып қазанға сала беретін етіп, қалғанын терінің үстінен қақтап бердім. Сәкең сүйсініп басын шайқаумен отыр:

– Ай, айналайын-ай! – деп басын шайқап бүкіл денесімен бүлкілдеп, сылқ-сылқ күліп қояды. Дауыстың қарлыққаны сондай, сөзін мұқият тыңдамаса бірден түсіну де қиын екен. Айтқаны:

– Бес күн болды. Әйел екеуміздің ұрысымыз – осы қой. Жем, шөп дейді. Әркімге тапсырамын. Ой, Аллай! Қожаға бұйырғанын қара?! – деп қалтасынан орамалын алып бүлкілдеп күліп отырып, көзінің жасын сүртіп қояды. Жан жүрегімен шын қуанған жанды көрдім.

Үлкен кісілер: «Біз көрген жыраулардың ішінде Сабыттан ән оздырған жан болған жоқ», – деп атағы шыққан Сәкең бұл. Ертеректегі дыбыс жазбаларынан тыңдағанымда дауысы ашық, шырқау биікке шығып қайыратын қайырымдары шынында, екінің-бірінің қолынан келмейтіндей еді.

Әкесі, атақты «Балымша», «Жастармыз» т.б. әндері елге тараған Мұзарап жырауды (1902-1972) 1970 жылы «Қызылқұмда» ағайынды Иса мен Күзембай деген кісілер «Қыз ұзатар» той жасап, арнайы алдырып Иса ақсақалдың үйінде жаз айында от жақтырып, пештің түбіне үстіне тон жауып жырлатқанын көрген едім. Себебі ол кісі де тамақтан қалып тура осы кісі секілді сөйлейтін. Ақ сары, апайтөс, ат жақты келген қалың ақ мұрты екі ұртынан сынық сүйем салбырап отыратын кісі екен. Ел ішінде әкелі-балалы бұл кісілердің тамақтан қалуы туралы алып-қашпа әңгімелер көп-ақ. «Бұларға жырлаған жерінен сый алған жақпайды екен», «Өздері белгілі жасқа дейін жырлайды екен» т.б. Ендігі ойым ыңғайы келсе, осы сұрақтарға өз аузынан жауап алу еді. Әкелі-балалы болып Отан соғысында (1941-1945) қан кешіп оралған майдангерлер. «Шораяқ» болған тұлпардай отыз жасында дауыстан қалып, өнер өлкесінен біржола шылбыр үзгеннен кейін, көптің бірі, қарапайым еңбек демалысындағы қарт кісі болып өмір сүріп жатыр. Көз көрген жандардың жадынан да шығып кеткен. Замандастары сиреп, нардай шөгіп үйде отырып қалған уақыты екен. Ел арасы шалғай, ағайын-тума болып араласпасақ та, көңілімде: «Ойпырмай сол кісіге сәлем беріп баруым керек еді?!», – деген ой мазалап жүретін. Халыққа атымыз шығып, «пәли-пәли»- деп жатқанда бізден де бұрын бұл өнердің қосын жеккен жандарға ілтипат-ізет көрсетіп жатсақ өмірге сабақ, кейінгіге өнеге болары анық-ау деп ойлайтынмын. Жеті атасынан ақындық, жыраулық өнерді мұрат тұтқан қарапайым «қоңырбөрік» күй кешетін, «кедей-жомарт» жан екенін көзім көріп, көңілім орнықты. Өзімнің істеп жатқаным мынау.

Жеңгей бойжеткен қарындасымыз ас қамына кірісіп кетті.

Ол кісі де өзінен-өзі күліп қояды:

– Айналайын-ау, талтүсте малымызды сойып жатқанға ұры-қары ма? – деп, қызымыз екеуміз терезеден қарап, не істерімізді білмей тұрғанбыз. Ағаң келгесін барып шыққанымыз сол. Өзіңе бұйырған мал екен. «Жаны құдайы» айналайын! – деп жатыр. Өткен-кеткенді сұрасып далада едәуір отырдық. Үйден шыққан жеңгейдің: «Шайға кіріңіздер!» деген шақыруынан соң орнынан ошарыла көтерілген Сәкең:

– Алмасжан, үйге кірейік. Ойыңдағы азаматтарға хабар сал. Өзімнің айналамда Тұрар қожа ағаң бастаған төрт-бес шалым бар. Жақсы болды, мерекелеп қалсын – деп, үйге беттедік. Кіреберіс асүйден жас малдың қуырдағының иісі көмейді қытықтап, еріксіз жұтқыншақты жұтындырып тұр. Кең бөлмеге жайылған дастархан, салынған көрпеше, жастықтар көңілге тоқтық, кеудеге шабыт шақырардай екен. Сәкең үстіндегі сауыт киімдерін шешіп, үйдегі бар жылы киімдерді қайта киіп алып диванның үстіне жайғасты:

– Айналайын, Алмасжан! Сәлем беріп келгеніңе төбем көкке жетіп отырмын. Сыртыңнан концерттерде алыстан дауысыңды естіп, бір-екі көргенім бар еді. Нұрекең қожаны (біздің әкеміз) жездең Еділдің үйінде көріп, әңгімесін тыңдадым. Апаң Зибаш мені «Менің таңдап алған нағашым» деп еркелейтін. Жарықтық қожекең 1928 жылы кәмпескеге түсіп айдалып кеткен ағамыз, Құлыс Кетенің Мырза аталығындағы Серікбайдың қызы Сара апамызды алған жездеміз екен. Туыстықтан кеміміз жоқ, ат басын бұрып сәлем бергеніңе рахмет! Болмаса өлең айтып жүрген адам көп қой, – деп тоқтады. Жеңгеміз ақ самаурынды кіргізіп, қою шай, ыстық бауырсақ пен табақ толы қуырдақты ортаға өңгере отырғанымыз сол еді, сырттан Тынымбектің дауысы шықты:

– Асалаумағалейкум, Сәке! Мына қожа мені қатырды. Сізбен хабарласпай келе жатырмын деп. Алдынан мал сойып қойыпсыз ғой. Нағашы болсаң осындай бол! –деп қолын жуып, сөзін де айтып төрге орнықты. Сонда Сәкең өзіне тән дауысымен:

– Қожаның малы алдынан маңырап тұрады екен ғой. Құдай жеткерді – деп күліп жатыр. Сонымен түс қайта Тұрар Біләлов, Тұраш Тобжанов бастаған ақсақалдарды Тұрсекең көлігімен жеткізіп, әңгіме, жырдың додасы басталды. Сабыт – Сәкең қызыл шабаданды ашып, бума-бума тасқа басылған өлеңдерінің ішінен алып, маған оқытып отыр. Өлеңдері сан алуан тақырыпта. Сөз құрауының міні жоқ. Әлден уақытта Сабыт аға:

– Алмасжан, қолыңа домбыраны ал. Мына халық сусындасын. Ендігі сөз өзіңде айналайын – деп, жол берді. Өзімнің де күтіп отырғаным сол еді, қолыма домбыраны алып құлақ күйін келтіріп, сөз бастадым:

– Сабыт аға өзіңіздің алдыңызға салуға алып келген «Қазына» деген дастаным бар еді, соны жырлайын, артық-кемін айтарсыз – деп, бастап кеттім:

Тіл – зергер, сөзің – өрнек, ойың – алтын,

Білім – шам, дарын сұлтан, сыншы халқың.

Ақыл кен, кеудең көрік жастық отың,

Болғай де, енді текке талап қамшың.

Тастап сөз тағлым қылып талапты ерге,

Ел берген елге қорған ердің нарқын.

Кемітпес керек сөзді қыштай қалап.

Қайымды қара өлеңнің білсең салтын.

Талантты күйме қылып мақсатқа жек,

Кер құнан жүйрік көңілім сен де талпын, – деп, бос тастап қайырған уақытта сөздің мәйегін айыратын Сәкеңнің көзінен жас кете берді. Орамалын алып үнсіз сүртіп отыр. Кешегі Қадір жырау, Рүстембек, Дастанбек, Ібаштардың көзін көрген Тұраш ақсақалдар ой үстінде. Таң да білінді, біз де аяқтадық. Бағана қызып айтып келе жатқанда құйрығыммен жорғалап, астымдағы көпшікті ат қылып мініп Сәкеңнің алдына барып-ақ қалғанмын. Жерде қос көрпешенің үстінде отырған ол кісі, әуен мен жыр үзілмесін деп өзінің денесі мен жасына келмейтін жылдамдықпен диванның үстіне секіріп мінген. Жас күніндегі өзінің шабытты шағын көргендей болып отырған ағаның екі беті нарттай қызарып, ырғалып отырды. Ол кісі сол диванда отыр. Сөзді көпті көрген, білімдар Тұраш аға алды:

– Ойпырмай, Алмасжан! Ел ішіндегі әңгімелерді естіп жүрміз ғой. Мына шығармаң бүтін бір заманның тарихын қамтыған, тілі бай, мазмұны мен оқиғалары шиеленісті көркем дүние болған екен. Ақсақалдарды көп тыңдадың. Қожекең әулие кісі еді. Айналайын, талап оң болсын! – деп батасын берді. Сөзді Сәкең жалғап:

– Айналайын Алмасжан! Арқаң бар екен. Киесімен қонған екен. Бір жағың Ешнияз, Жүсіп,Тұрмағамбет өз нағашың, Оңғар мен Тұрымбет жыраулар оған қожалығың қосылып жошыңа келіп тұрған уақытың екен. Бірыңғай қожа болсаң бала пішіп кетер едің, – деп шаттанып күліп жатыр. Тер жон арқамнан құйылып, бұлауға түскендей болып отырғанмын. Келесі бөлмеден киім ауыстырып, аяқ жазып кешікпей таңғы шайға отырдық. Тынымбек нағашым дастанның әсерінен аң-таң. Содан соң:

– Ал, Қожеке «Қазынаны» осы уақытқа дейін бізге неге жырламадың? Дау осыдан шығады, – деп келе жатыр еді Тұраш ақсақал (қайын атасы):

– Алмасжан, Сәкең секілді ағаларының алдынан өткізіп, сынға салып сосын барып елге таратайын деп жүрген ғой. Онысы дұрыс, – деп толықтырды.

Содан соң Сабыт – Сәкеңе бұрылып:

– Алмасжан өзіміздің баламыздай болған азамат. Өнерін тыңдадыңыз. Ешнияздың қарашаңырағы осы үй. Сәке, қолыңды жайып, енді Алмасқа бата

бер?! – деді. Сәкең екі жағына кезек ырғалып, алақанын жайып білегін

көтерді:

– Аумин десең маған, бата берейін саған, – деп бастап, тілек сөзін қоса

айтты. Ақынжанды аға, арасында көңлі босап тебіреніп отыр. «Алмасжан, халықтың баласы бол! Өнерің – өрге өрлесін!» – деп батасын берді. Палуан денелі, тұтас мойын, дөңгелек жүзді, сауыт қабақ, қиық көзді, жомарт жүрек, бекзат жан жүрегімнің түкпірінде күні бүгінге дейін сайрап тұр. Енді сәлем беруге, әкемнің досы Қожакелді Жүніс Молланың үйіне қарай көлікке отырдық. «Қыран құстың баласы ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі», – деген бұл кісі «халық» деп сөйледі – ау?! Ойланып қалдым.

Алашқа мәлім Нартай Бекежанов пен Мұзарап Жүсіповтен тәлім алған шәкірттің тұлғасы, адами болмысы біз ойлағаннан әлдеқайда биік жан еді.

Әкеміздің «Қадірін білген жанға – адам қымбат-ау!» – деп отыратын әпсанасы тағы да есіме түсті.

Қайран, Сабыт аға 1991 жылы дүниеден озды. Болашақта жыр мұрасын жинап, халыққа насихаттайтын  асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы осы кісі. Қармақшы ауданы әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарына ұсыныс Сыр сүлейі, Соғыс және Еңбек ардагері Сабыт Жүсіповке аудан орталығынан көшенің атын беріп ардақтаса ұрпаққа үлгі азаматтық іс болар еді.

Алмас АЛМАТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жырау

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: