Жұма, 11 қазан, 06:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Ғанибек Қазантаев, Қызылорда қаласының әкімі: «Бассыздықтардың артында арнайы бүлікші топтардың тұрғаны білінді»

19.01.2022

2242 0

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Шаһар басшысы облыс орталығында болған оқиға мен қазіргі ахуал туралы сұрақтарға жауап берді.

– Ғанибек Қонысбекұлы, мәселенің ушығуына не себеп? Шыныменде ереуілге шыққандардың талабы сұйытылған газға қатысты болды ма?

Бұған дейін де өзім және орынбасарларым апта сайын тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, елді мекендерді аралап, халықпен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін, талап-тілектерін қаперге алдық. Дегенмен, жағдайдың осыншалықты ушығып кететінін ешкім де білген жоқ, әңгімені осыдан бастайық. Жаңаөзен қаласынан бастау алған дүмпу біздің де өңірде жалғасты. Өкінішке орай, топтасудың негізгі ошағы «Арай СИТИ Молл» ойын сауық, сауда орталығы жанында болды. Баршаға белгілі, 2020 жылы 25 мамырда Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес Қызылорда қаласы бойынша бейбіт митингілер өткізуге арналған арнайы орындар бекітілген. Ал, кешегі өткен митингте бұл талаптар сақталмады. Сауда орнына келушілердің қауіпсіздігі ескерілмеді. Өз құқықтарын айта келген көпшілік ортақ мүддені ойламады, бір-бірінің құқықтарын шектеді. Осылайша тәртіп бұзылды. 

– Сонда наразы топтың талап еткені не? Нақты не сұрады?

Жиналғандар нақты талап қоя алмады. Әрқайсысы әртүрлі бағытта мәселе көтеріп, біздің жауабымызды тыңдағысы келмей даурығып, мәселені күрделендірді. Өзіңіз білесіз, бұл жиынның басы батыстағы ағайынның газ бағасын төмендетуді талап етуінен басталған болатын. Ол бойынша мен жиналғандарға мұнай саласының маманы ретінде тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Сұрақтарына жауап бердім. Алайда, жиналғандар арасындағы белсенділер көтерген талаптар жүйесіз әрі заң нормаларына сәйкес келмеді.

Одан кейін топтасқандар аймақ басшысының келуін талап етті. Бұл талаптары орындалып, Гүлшара Наушақызы жиналғандардың ортасынан табылды. Дегенмен, облыс әкімінің сөзіне құлақ аспай, тәртіпсіздіктер орын ала бастады. Мысалы, аймақ басшысының қызметтік көлігінің қозғалысына кедергі жасалып, шөлмектер лақтырылды.

Айта кету керек, біз бұған дейін пәтер кезегінде тұрған азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алатын жандарға заң аясында мүмкіндігінше көмек беріп келдік. «Мейірім Қызылорда» қайырымдылық қоры арқылы 8 айдың ішінде жүзден астам отбасыға түрлі деңгейдегі көмектер көрсетілді. Дегенмен, олар кезектен тыс пәтер берілуін сұрады, жер телімдерін табыстауды талап етті, басқа да қаржылай қолдауларды қалады. Оларға заң тұрғысында түсіндірілсе де көпбалалы, жалғыз басты аналар күнделікті әкімдік ғимаратының алдын торуылдап, түрлі сипаттағы дөрекілік, бейәдеп қылықтарымен қызметкерлерге қоқан-лоққы жасады.   

Азық-түлік бағасына қатысты проблеманың бары рас. Қала әкімдігі тарапынан осы баға тұрақтылығына байланысты рейдтік шаралар ұйымдастырып, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Халыққа қолайлы болсын деген ниетте 34 әлеуметтік дүкен ашып, арзандатылған 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтыдық.

– Сол күні фейсбук әлеуметтік желісі арқылы болып жатқан оқиғаларды қарап отырдым. Жиналушылар қатары сәт сайын артып отырды десем болады. Осы ретте, әлеуметтік желілердің әсері де болған секілді. Қалай ойлайсыз?

Дұрыс айтасыз. Өкінішке орай жиналушылар қатары артпаса кемімеді. Белсенділік танытып жүрген әлеуметтік желінің қолданушылары оқиғаны тікелей эфир арқылы көрсетіп, наразы топ қатарының артуына сеп болды. Кейбір жерлестеріміз жиынға тек қызық көру үшін келді. Нәтижесінде, дүрбелең үдей түсті. Осы тұста арандатушылық әрекеттер басталып кетті. Салдарынан жиналғандармен диалогқа бару мүмкін болмай қалды.

– Басқа өңірлерде жиналғандар арасында лаңкестердің болғандығы айтылады. Бізде қалай болды?

Құзырлы органдардан келген ақпарат бойынша заңсыз митингіге шыққан халықтың арасына бүлікшілер мен арандатушылар қосылып үлгергені айтылды. Кейіннен біз шұғыл штабтың отырысын өткіздік. Қоғамдық тәртіп сақтау үшін жедел іс-әрекеттер ұйымдастырылды. Өкінішке орай, күш құрылымдарының тез әрекет етуіне жиналған халықтың арасындағы арандатушылық әрекеттер кедергі келтірді. Қалалық әкімдік бұл кезеңде қоғам өкілдерін, зиялы қауымды, ардагерлерді, мәслихат хатшысын жинап, ереуілге шыққан халықпен диалог құруға шақырды. Өзім де жиналғандар арасына 3 рет бардым. Мыңға жуық адамның алдында барлық жағдайды түсіндіріп, халыққа басу айттым. Шынын айтқанда, жиналғандар өздеріне не керек екенін де білмеді. Әр нәрсені бір айтып, үлкен дау бастағылары келіп тұрды. Қанша тырыссақ та, құлақ аспады, сөзімізді тыңдағысы да келмеді. Ең өкініштісі, жиналған адамдардың көбі жастар еді және басым көпшілігінің масаң күйде жүргендігі байқалды. Оларды құқық қорғау қызметкерлері ұстап, арнайы медициналық сараптамалық орталыққа апарды. Ол жерде олардың спирттік ішімдік ішкендігі анықталды. Ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіп бұзғаны үшін 3 сағатқа дейін профилактикалық шаралар жүргізілді. Алайда, осы жағдайлардан кейін ұсталғандар, яғни 5 қаңтар күні №3 емхана алдына қайта жиналды. Бұл жолғы жиналғандардың біразы агрессивтік көңіл-күйде болды. 

 Бір байқағаным, мұндай бассыздықтардың артында арнайы бүлікші топтардың тұрғаны білінді.  

– Оны неден байқадыңыз?

Олай дейтінім, бұлардың әрекет етуі әркелкі болды. Нақты талаптар қойылмады, құқық қорғау қызметкерлеріне өршігіп тұрды. Арасында тұрғындарды арандатып, айдап салып, өздері бой тасалап, сырттай қарап тұрғандары да болды. Жаппай тәртіпсіздіктер әкімшілік ғимараттар орналасқан аумақтарда жалғасын тауып, нысандар мен қызметтік көліктерге от қойылды. Қолды болған үлкен көлемдегі автокөліктермен полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметінің қоршауын бұзып, басып алмақшы болды. Шерудің алдыңғы шебінде мемлкеттік нөмірі алып тасталынған бір-екі машина жолды жауып отырды. Мұның барлығы қаладағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Бұл жөнінде құқық қорғау органдары тарапынан Заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі. 

– Жиналғандар алдына шыққан кезде алаңдаушылық болмады ма?

Менің өз халқымның алдына шығып, басу айтуым азаматтық парызым, әрі қала басшысы ретінде қызметтік міндетім деп есептеймін. Сондықтан асқан бір үрейлену болған жоқ.

Ал енді қазір кейбір әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан «Қазантаев өз орынбасарларымен жиналғандар арасында болды, неге оларға да әкімшілік шара қолданбайды?!» деген пікірлер айтылуда.

Мен тағы да айтамын, мен тек өз парызым мен міндетімді орындадым. Сондықтан бұндай дақпырттарға жол бермеген дұрыс болар деп есептеймін.

– Қазіргі уақытта ахуал тұрақталды деп айта аласыз ба?

Халыққа қолайлы жағдай жасау ең бірінші міндетім. Қазіргі таңда қала бойынша жағдай тұрақталды деп айтуға болады. Қалада 5 блок бекет орналасты.

Күнделікті қаланы бақылап жүрмін. Коммуналдық мекемелер, мемлекеттік органдар, қоғамдық көліктер, сауда үйлері және басқа да нысандар қалыпты жұмыс режиміне көшті. Мәселелер ретімен шешімін тауып келеді.

– Қаладағы бүлінген ғимараттар саны қанша? Шығын есептелді ме?

Бүгінде қалада зақым келген 9 ғимарат бар. Жалпы болжамды
шығын – 6 миллиард теңге деп отырмыз. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

– Әлеуметтік желіге шолу жасап отырасыз ба? Дүрбелеңнен кейінгі қала халқының көңіл-күйі қалай?

Әрине, әлеуметтік желіні үнемі бақылап отырамын. Дей тұрғанмен ресми ақпараттарға шолу жасап, сараптағанды жөн көремін. Әлеуметтік желілерде түрлі алып-қашпа әңгімелер бар.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы өз Үндеуінде ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге екпін берді. Бұл дегеніміз ақпараттық қауіпсіздікке ерекше ден қоюымызды талап етеді. Ол ішкі саяси бірлігіміз бен тұтастығымыздың кепілі болмақ. Сондықтан барша жерлестерімді әлеуметтік желілердегі орынсыз пікірлерге қосылмауын, елді дүрліктірер жазбалардың жетегінде кетпеуін, тек ресми ақпараттарға жүгінулерін сұраймын.

Өткен күндер еліміз үшін ауыр кезеңдер болды. Дей тұрғанмен Президент берген тапсырмаларды орындап, келешегімізге үлкен сеніммен қадам басамыз. Осы ретте, жерлестерім де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің қарқынды дамуына күш біріктіретіндігіне сенемін. 

Ішкі бірлігі болмаған талай құдіретті империялар мен мемлекеттердің өзі тарихтың алмағайып тұстарында құрдымға кеткен. Біздің қазақ «ырыс түбі-ынтымақ» деп те, «ауыл болсаң,қауым бол» деп те айтады. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміздің ертеңі жарқын болсын десек, бірлігімізді күшейтейік!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: