Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 14:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Өнермен өрлеген, жеңіспен төрлеген – Қызылорда

08.08.2023

798 0

Сыр елінің бас қаласы Қызылорда – өнер мен мәдениеттің алтын бесігі. Екі ғасырдан астам тарихы бар шаһар жезтаңдай жырауы   мен бұлбұл үнді әншісімен мақтаулы өнерге бай өлке.  Тарлан тарих таспаларын ақтарсақ сан ғасырға жеткен өнерпаздары мен спорт саңлақтары бар  Сыр бойының өнері мен мәдениеті жылдан-жылға дамып келе жатқанын көріп, ел сүйсініп, таңдай қағады.

Осындай шұғылалы руханият ордасында мәдениет пен өнер, бұқаралық спорт жылдан-жылға қарыштап дамуда. Ең бастысы, тек қала ғана емес, ауылдық округтерде зәулім клуб ғимараттары мен заманауи спорт нысандары көптеп салынуда.  Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы  спорт алаңдары мен жаттығу құралдары өскелең ұрпақтың саламатты өмір сүруіне, спортқа алғашқы қадам жасауына таптырмайтын мүмкіндік береді. Ал өнер ошақтары талантты жастардың өнер шыңына самғауына қолдау көрсетеді. Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөлімі» болып қайта құрылған мемлекеттік мекеме қалаға қарасты ауылдық округтер пен кенттердегі  өнер мен спорт саңлақтарын тәрбиелеп, бәйгеге қосуға материалдық және рухани қолдау білдіреді.

Қалалық мәдениет және спорт бөлімінің қалалық деңгейде мәдениет, өнер, кітапхана, бұқаралық спортты, тарихи-мәдени мұра нысан­дарын  қорғау және пайдалану, мем­лекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған іс-шараларды жүргізіп, қалың бұқараға халқымыздың өнерпаздары мен спортшыларын паш етуде еңбегі зор.  

Бөлімге қарасты «Қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіп­орны, «Қалалық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі, шаруа­шылық жүргізу құқығындағы «Қала­лық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сол жағалауда ор­наласқан «Қызылорда қаласының тарихи музейі» коммуналдық қазыналық мемлекеттік кәсіпорын және «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесі жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмахановтың айтуын­ша, биылғы жылдың 7 айында 594 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 97124 көрермен тартылған.

– Ауылдық жерлердегі клуб үйлерінің мәселесі шешілуде қиындықтар болғаны рас.  Осы орайда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы көмекке келді. Қалаға  қарасты Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округінде осы бағ­дарлама аясында 150 орындық ауылдық клуб   құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда клуб ғимаратының екінші қабатының  төбесін  жабу жұмыстары және бірінші, екінші қабатындағы ішкі қабырғасы сыланып, шатыры жабылуда. Осындай клуб ғимараты Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округінде де салынуда, – деді бөлім басшысы.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту бөлімнің күн тәр­тібінен түспейтін негізгі міндетінің бірі екен. Бөлім тарапынан қала әкімдігіне қа­расты мемлекеттік мекемелердің құжат айналымының мемлекеттік тілде жүргізілуіне тұрақты мониторинг жүргізу дәстүрге ай­налған. Жүйелі жұмыстың арқасында құжат айналымы толығымен қазақ тіліне аударылған.

Бөлім қызметінің бір саласы – онамастика. Қызылорда қаласы әкімдігінің жанынан құрылған қалалық ономастика жұмысшы тобымен қала аумағында комиссия шешімімен нақтыланған 1157 көше бар. Оның  760-ы қалада, 397-сі ауылдық округте. Қаладағы 760 көшенің 430-ы кісі есімімен, 223-і тарихи жер-су атауымен аталған, 107-не шартты атау берілген.

2022 жылы көшелер мен құрамдас бөліктерге атау беру туралы ұсыныс тұр­ғындардан көп түскен. Алайда бірінші кезекте кент және ауылдық округтен түскен өтініштер қаралған.  Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының және еңбек ардагерлеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ауыл­шаруашылығы саласының ардагерлеріне бар­лығы 56 көшеге жаңа атау беру мәселесі қаралып, 55 ұсыныс қолдау тапқан.

2022-2023 жыл аралығында қалалық оно­­мастика жұмысшы тобына Қызылорда қала­сындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөлігін қайта атау және атау беру туралы келіп түскен 19 ұсынысты,  Арай-Шұғыла шағын ауданындағы шартты атаудағы 5 көше қалалық ономастика жұмысшы тобы­ның күн тәртібінде қаралып, 11 көше  қолдау тапқан.

Бөлім басшысының айтуынша, бөлім қыз­метіне қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат бойынша «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 және «Жарнама туралы» 2003 жылғы 19 жел­тоқсандағы заңдарының сақталуына зерделеу жұмысын жүргізіп келеді.

Шынында, тілге жанашырлық – елге жана­шырлық. Бір өкініштісі, көшелердегі көрнекі ақпарат құралдарында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабының және «Жарнама туралы» Заңының 6-бабының сақталмауы жиі кездеседі. Бөлім тарапынан мекемелерге, кәсіп иелеріне жазбаша ескерту хат пен маңдайша жазу, басқа да көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі таратылуда.

2023 жылдың қаңтар айында «ҚР Тіл туралы Заңының» 21-тармағының талабына сәйкестігін зерделеу мақсатында қала орта­лығындағы  206 нысанға түсіндірме жұмысы және ескертпе буклет таратылған.

Сонымен қатар қала аумағында орналас­қан мейрамхана мен жылдам әзірленетін дәмхананың ас мәзірін қазақ тілінде жазуға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 72 пайызы қазақ тіліне көшірілген.

2021 жылдың 15 шілдесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғам­дық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы мен «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ара­сындағы мемлекеттік тілді кеңінен қол­данудағы өзара іс-қимыл мен әріптестік жайлы үш жылдық меморандумға қол қойылған.

Меморандум жобасында қалаішілік қо­ғамдық көлік қызметкерлерінің аялдама атауын қазақша  айтуға, тәрбиелік мәні бар нақыл сөздер ілінуіне, қоғамдық көлікте ұлттық нақыштағы ән мен күй және «Қазақ» радиосы» арнасынан берілетін хабар қойылуы  бекітілген. Бүгінде меморандум талабы орындалуы үшін қадағалау жұмысы жүргізілуде.

Қалалық мәдениет және спорт бөлімінің жұмысына тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жұмысы да  жатады. Қай кезде де тарихи-мәдени мұра қалың бұқараның назарында.  Бүгінде қалада  84 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Олардың 4-і республикалық, 34-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. 46-сы тарихи-мәдени мұра тізіміне енгізілген.

2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы аясында қасиетті орындарды сандық форматқа көшіру және олар туралы қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 2 жоба жүзеге асырылған. Оның бірі Қызылорда облысы бойынша тарихи-мәдени мұралардың 3D форматтағы интерактивті картасы енгі­зілген сайт жұмыс жасауда. Тарихи және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнатылып, қонақтар мен туристердің тарихи орын туралы толық ақпарат алуына мүмкіндік жасалған.

Кітапхана – мәдени, рухани саланың ажырамас бөлшегі. Қалалық орталықтан­дырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана қала тұрғындарына кітапхана­лық-ақпараттық қызмет көрсетуде. Рухани бай­лықтың мол қазынасы кітапта. Білім көк­жие­гін кеңітемін деген адам кітапты көп оқиды. Тіпті оны ұялы байланыс арқылы да пайдала­ну қарастырылған. Қазір қоғамдық көлікте де кітап оқуға мүмкіндік бар.  Кітапқұмарларға  оқу залдарына келіп, керекті кітабын алуға мүмкіндік жасалған. Жалпы кітап  қоры – 646085 болса,  қазақ тіліндегісі – 263830.

Биылғы жылдың өзінде 401 жаңа әдебиет алынған. Оқырмандар саны – 11402-ді құ­райды. 21 кітапхана интернет желісімен қамтамасыз етіліп, оны қызметін 1075 оқыр­ман тұрақты пайдаланған.

Халыққа рухани демалыс сыйлайтын орын – музей. Мұнда ерте ғасырдан бүгінге жеткен ескі жәдігерлер келушілерге қызығушылық тудырады. Қазіргі таңда музей қорында – 1130 экспонат бар, оның негізгісі – 524, көмекшісі – 606. Экспозицияда орналасқан – 796 экспонат, оның  287-і негізгі қор, 509-ы көмекші қор. Бұл қасиетті орынға қала қонақтары, шетелдік туристер көп келеді.

– Мәдениет қашанда қоғамның айнасы, негізгі қозғаушы күші болып табылады. Осы орайда, қала халқына мәдени-рухани, эстетикалық азық сыйлау мақсатында биыл 1000-ға жуық іс-шара өткізу жоспарымызда бар. Соның ішінде негізгілеріне тоқталсам, айтулы жыл ерекшелігі мен даталы күндерден бөлек, Қала күні және жоспарға сәйкес мәдени-спортты іс-шараны өз дәрежесінде ұйымдастыру секілді үлкен міндет пен жүйелі жоспар бар. Сонымен қатар биылғы жылға ақжолтай жаңалықпен де бөлісе кеткенді жөн көрдік.Қалалық мәдени және демалыс паркі бөлімнің балансына қосыл­са, өткен жылы құры­лысы басталған «Анаға тағзым» орта­лығы да халыққа қыз­мет көрсетуін бас­тайды. Сондай-ақ  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ая­сында Қарауылтөбе және Талсуат ауыл­дық округтерінде ха­лықтың ұзақ жыл күт­кен жаңа мәдениет ошақтары ел игілігіне бе­рілетін болады.  Сонымен қа­тар 2023 жыл­ға 10560 мың теңге бөлініп, халықтың әлеу­мет­тік әлсіз тобы қатарындағы қала тұр­ғындарын қолдау мақсатында әр ай сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасын­дағы балаларға және қала жастарын қол жетімді спорт инфра­құрылымымен қамту бойынша қаражат бөлініп «Евразия» спорт кешеніндегі жүзу бассейні және «Мұз айдынына» барлығы  19200 жолдама бір реттік талон беріледі.  Осы уақытқа дейін аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы балаларға 4000 және қала жастарын қол жетімді спорт инфра­құрылымымен қамту бойынша 2400 жолдама берілген болатын, – дейді бөлім басшысы.

Мәдениет және спорт бөлімінің фейсбук парақшасын ашсақ,  қала аумағында өткізілген қаншама мәдени спорттық шараны тіпті онлайн үлгіде көруге мүмкіндік бар. Ұлттық домбыра күніне орай қалалық мәдени және демалыс паркінде «Ұлттың үні – домбыра!» атты мерекелік шара өткен.

Бүкіл әлем мойындаған мәдени құн­дылыққа айналған ұлттық аспапты на­сихаттау – кейінгі ұрпақтың басты па­рызы.  Мұндай шаралар  қалаға қарасты  кент және ауылдық округтегі мәдени ошақтар­дың бәсекелестігін арт­­ты­рып, ел ішінен та­лант­тыларды та­бу­­ға көмектеседі. Мә­се­лен  «Ел іші – өнер кеніші» байқауы­на қатысып, жүлдегер атанған мәдениет үйі, жекелеген өнер­паздар  қала әкімінің арнайы алғыс хаты мен естелік сый­лығын алған.

Әсіресе қаладағы, қала­ға қарасты кітап­ханаларда өткі­зілетін ме­рекелік салта­натты шараға куә болып жүрміз. Тіпті алыс шетелдерден келген қонақтар да қала музейіндегі мәдени мұраларды көріп, ерекше әсер алғанын айтуда.

Бір қызығы, жақында Селжүк мем­лекетінің негізін қалаушы, оғыз бойынан тараған «Анадолу» есіктерін ашқан (26 тамыз, 1071 жыл) алғашқы түрік қолбасшы Алпарслан ұрпақтары, адвокат, саясаткер, МХП партиясының Стамбул филиалының хатшысы – Фетих Ахмет Алпарслан от­басымен Қызылорда қаласының тарихи музейінде қонақта болыпты. Тарихы терең, шежіресі бай өлкеміздің өткені мен бүгіні қызықтырған қала қонақтары танымды экскурсияға ризашылық танытып, өз алғысын білдірген.

Өнер мен мәдениет, спорт пен әдебиет қоғамды тәрбиелеп, өркениетке бастайтын басты құндылықтар. Халқының басым бөлігі төл тілімізді меңгерген, ел тарихында өнер көшін бастайтын, ұлттық құндылыққа бай  Сыр өңірінің өнері, тілі, спорттық жетістіктері жаңа биіктерді бағындырып келеді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: