Дүйсенбі, 06 мамыр, 06:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Келер жылдан үміттіміз

30.12.2023

710 0

Әкім қаралардың жұрт үшін істейтін тірлігін айтып, елге уәде беріп жататыны жасырын емес. Сол сияқты Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың орындаймын деп уәде беріп, алдағы жылдардың еншісіне қалдырған қыруар тірлігі бар.

Бірінші уәде

Аймақ басшысы берген уәденің бірі – жол мәселесі. Жол болғанда да анау-мынау көше емес, Қызылордадан батысқа қарай облыстың бес ауданын басып өтіп, Ақтөбеге қарай тартатын үлкен жол. Бәріміз білетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны. Бұл жолдың машақаты белгілі. Қызылордаға дейін бірінші санатты да Қызылордадан кейін екінші санатты жол. Екінші санатты болғандықтан жол да екі жолақты. Кезінде жүретін көлік ағынының аздығына байланысты екі жолақты етіп салынған. Мамандар осылай дейді. Нәлібаев көп адамның бас ауруына айналған осы жолдың төрт жолақты болатынын айтты. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп жүрген, бірақ Мемлекет басшысы Қызылордаға келгенде түбегейлі шешілетін болыпты.

Екінші уәде

Облыс әкімі Қызылордада жылу электр орталығы салынатынын, тіпті 2025 жылдың тамызында аяқталатынын айтты. Өткен жылы орталық капсуласы салынғанын көпшілік жақсы біледі. Биыл құрылысы басталды. Республика күні қарсаңында «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясы 76 млрд теңгеден астам инвестиция салып, қазақстандық «ИНТЕРТАСКО» компаниясын бас мердігер ретінде таңдаған. Тіпті түркиялық компания Америка мен Еуропаның General Electric, Siemens және басқа да ірі компанияларына соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды дайындауға алдын ала төлем жасаған деген де ақпарат бар.

Үшінші уәде

Нәлібаев берген уәденің бірі – Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту. Ыстық су жайын түйіні тарқамаған үлкен проблема деуге болады. Президент Қызылорда облысына келгенде аймақ басшысы қала тұрғындарының өтінішін жеткізіп, ыстық судың жайын сөз еткен. Үлкендердің айтуы бойынша Қызылорда қала болғалы ыстық су жоқ. Мемлекет басшысы Үкіметке әкімшілікпен бірлесіп, тездетіп жоба жасауға тапсырма берді. Нәтижесінде келесі жылға 11,5 млрд, 2025 жылға 11,45 млрд теңге бөлінейін деп жатыр. Нәлібаевтың өз сөзімен айтсақ «екі жылдың ішінде Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз етеміз. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдаған үлкен тарихи шешім болды».
Біз аймақ басшысының ел алдындағы уәдесі ретінде осы үш мәселені ғана алға тартып отырмыз. Әйтпесе, халықты тұрғын үймен қамту, жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысанын салу сынды басқа да мәселелер жетіп артылады. Нәлібаев уәдесінде тұрып, осы айтқандарын орындай ма? Ол жағы бізге де, сізге де белгісіз. Бәрін уақыт көрсетеді. Сондықтан сабырмен күтіп, алдағы күннің еншісіне қалдырайық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: