Адам баласына талант әртүрлі жаста беріледі. Бірі тума талант болса, енді бірінің бала кезде немесе жастық шақта таланты ашыла түседі. Біздің кейіпкеріміздің суретке деген ынтасы, қызығушылығы небәрі төрт жасында ояна бастаған. Содан бері ол қылқаламын қолынан тастамады.
«Қолтаңба» айдарының бұл жолғы кейіпкері – Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, белгілі суретші, Сыр елінің тумасы – Қайырбай Зәкіров. Биыл ағамыз 76 жасқа толды. Жалпы сурет салу өнердің ұлысы. Оны түсіне білу – ұлылық, түсіндіре білу – даналық. Ұлылық та, даналық та біздің кейіпкеріміздің бойында бар.
Орайы келгенде туған өлкесі Қызылорда облысына келген Қайырбай ағамызбен біз де тілдесіп қалғанды жөн көрдік. Сол кезде ағамыздың жүзі жарқын, өзі ерекше қуанып отырғанын байқадық. Ол қуаныштың да себебін жасырмады.
– Облыс әкімінің қабылдауында болдым. Жақсы қарсы алды. Бұйыртса, биыл берекелі күз мезгілінде Сыр елінде көрме ұйымдастыратын болдым. Енді соған дайындалуым керек. Дайындықты ойша бастап та кеттім. Керемет дүниелерді салып бітіруім қажет, – деп жағымды жаңалығымен бөлісті қылқалам иесі. Бір қызығы, кейіпкеріміз бізге, яғни «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымына өте жақын. Неге дейсіз бе?
1994 жылы газеттің алғашқы саны шығар кезде негізін қалаған Әділхан Бәймен Қайырбай Зәкіровке «Ақмешіт апталығы» газетінің логотипін жасап беруін сұрайды. Содан суретші дереу іске кірісіп, 2-3 күнде екі нұсқасын ұсынады. Шығармашылық ұжым біреуін таңдап алып, күні бүгінге дейін газет бетінен түспеген еді. «Сол кезде «Ақмешіт апталығының» алғашқы сандарының бірінде бірінші бетке мені шығарған болатын. Содан бері журналистер маған өте ыстық. Өз ортамдай көремін» дейді ағамыз. Әрине, бізге де ыстық!
Бір адамның бойына соншама өнерді сіңіре салған Алланың құдіретінде шек жоқ қой. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей, Қайырбай ағамыз – суретші, ақын, әнші, сөз зергері, мүсінші. Алтындай Арал толқындарының сәулесінен өміріне қуат алып, сұлу Сырдың сағасынан мейір қандырғаннан шығар, әз ағада адамды жатсыну деген мүлдем жоқ. Керісінше, ол айналасына өзі секілді жақсыларды жинаған ізгі жан. Тағы бір қасиеті – адамгершілігі, қарапайымдылығы, қазақылығы. Өмірде сыйластықтың құнын біледі. Еңбекті, адалдықты, еркіндікті сүйеді. Жанының тазалығы кәусар бұлақтың суындай ғой, шіркін!
Алғашқы суреті – пойыз
Кейіпкеріміз Қайырбай Зәкіров 1945 жылы 25 ақпанда Арал ауданында туған. Кездесу барысында ағамыз алдымен әңгімесін кішкентай кезінен бастады.
– Мен теміржолдың бойында Шалқар жақта тұрдым. Әкем де, оның әкесі де теміржолшы болған. Бала кезден пойыздың сартылы, паравоздың арқыраған дауысын естіп өстім. Солар маған керемет әсер ететін. Ес білгеннен пойыздардың суретін сала бастадым. Салған суреттерімді әкем көріп: «Оу, менің балам суретші болады екен» дейтін. Өзімнің онсыз да ықыласым бар. Бір жағынан әкемнің жаңағыдай сөзі мені суретшілікке әкелген болуы керек. Мектепте де сурет салумен айналыстым. Кейіннен Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдадым. Оқу орнындағы достарым да мықты болды, – деген суретші ағамыз балалық, жастық шаққа шолу жасады.
Шабытқа толы – шығармашылық жолы
Адамның жүрегінде жақсылық та, ізгілік те, шапағат та, шаттық та бар. Кез келген іс адамның жүрек қалауы бойынша басталып, жүрек қалауы бойынша бітеді. Бұл тек суретшілерге қатысты мәселе емес. Барлық адамның ішкі энергиясы оның қалай жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.
– Бізде де солай. Ойыңа алған картинаның жұмысы біткенше оның бірнеше тарихы мен нұсқасы болады. Қаламмен жұмыс істеп отырғанда ойыңнан шықпаса, ашуға булығасың, керемет болса, жайдарлы қалыпқа енесің, әйтеуір қиындық пен төзімділіктің арқасында бір картина салынып бітеді. Барлығы бітіп, көрмеге қойылғанда көрермен мен сурет арасындағы байланыс әлемін көру – біз үшін бөлек бақыт. Жалпы суретшілер қауымында күннің жарқырап шығып тұруы сирек кездесетін жайт. Бір картина бітемін дегенше көңіл-күйің алай-дүлей күйге түседі, – деді қылқалам иесі.
Суретші өз шығармашылық жолын графикадан бастады. Алғашқы литографиялық жұмыстары – «Диолог» топтамасы (1980), «Ұлбаланың бақыты» триптихы (1980), «Теңіз туралы толғау» (1982) ұлттың рухани және әдептік негіздеріне ықпал еткен көшпенділер өміріндегі әлеуметтік өзгерістер жайлы ой толғайды.
Жарық пен көлеңкенің дірілін пайдаланып, алапат қуатты тыныс беретін кеңістіктің үлгісі – «Базар жырау» (1983), «Естің жаңғыруы» (1985), «Шыңғыс әлемі» (1986), жыл топтамалары – «Желдірме топтамасы» (1990), «Көкжиек» топтамасы (1986) линогравюра тәсілімен жасалған. Сонымен қатар 1991 жылы елдегі болған өзгерістер суретшінің шығармасынан орын алды. Ол офорт, акватинга, құрғақ ине мен резерваждың бәрін пайдаланып «Құс жолы» топтамасын дүниеге әкелді.
«Құс жолы» деп аталуының себебі, өнер адамының кеңістігі – аспан, жұлдыздар. Бұл альбомның ішінде «Жент кенішінің құпиясы» деп аталатын жұмысы бар.
– Осы жұмысты ертеректе бастап едім. Сыр бойындағы Жент қаласы кезінде Оғыз-Қыпшақтың астанасы болған екен. Бір кезде астана болған қала қазір бір төбе ғана. Сол кездегі сан мың ат тұяғының дүбірі, құжынаған халық, басы мен аяғына көз жеткізгісіз керуен қазір жоқ, тып-тыныш, тек селдіреген сексеуіл, сораң ғана қалды. Содан қайнаған тіршілік болған-ау деп, әрине, шынайы түрде емес, өз санамның сүзгісінен өткізіп, жануарларды, ол жылқы, түйе, құс бола ма, солардың барлығы жердің астында сияқты. Иррационалдық кеңістіктегі өзімнің ойымдағы дүниелерді салғым келді, – деп түсіндірді шығармашылығын суретші.
Қылқалам иесінің қолданып отырған көркемдік тәсілдер ойдағы әлемді, бар әлемді, мейірім мен ақиқатты көрсетеді. Оның шығармашылығында зерде-парасат және фәлсапа жағы басым, тақырыбы – уақыт байланысы, сабақтастық, бабалардың рухани мұрасы, экология проблемалары. Оған қоса суретші туындыларында еңбек ерлері Ыбырай Жақаевтың, Ұлбала Алтайбаеваның көркем образдары жасалған.
1974 жылдан бастап халықаралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелерге қатысып келеді. 1992-1995 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Туындылары Қытай, Жапония, Франция, Америка, Португалия, Морокко, Йемендегі өнер мұражайларына қойылған. Сондай-ақ Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, Ресей Федерациясы Мәдениет Министрлігінің қорында, шетелдік дербес коллекционерлердің қолында сақтаулы.
– Өнердің арқасында шетелге де шығып, өлкемізді әлемге де танытып жүрміз. 2013 жылы Түркияның Ескишеһир қаласында өткен «Ескишеһир – түркі әлемінің мәдени астанасы – 2013» жылының аясында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының XVI суретшілер көрмесінде «Қайнақ» туындысын салып, бір жарым жылдан кейін «Түрксой» мемлекеттік сыйлығын иелендім, – деді суретші. Негізі Қайырбай ағамыздың өнер жолында жеткен жетістігі өте көп. Оның өзі – тақырып.
– Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында жас суретшілердің көрмесі өтті. Сол көрмеге «Қызыл құм туралы өлеңдер» атты серияларымды қойдым. Алты-жеті шағын лист жасағанмын. Өзім байқаған жоқпын. Бір күні газетті ашып отырып қарасам, осы жұмысымды жақсы бағалап, БЛКЖО-ның грамотасын 4-5 адамға беріпті. Соның ішінде мен де бар екенмін. Бұл – ол кезде үлкен нәрсе. Қатты толқығаным әлі есімде. Осыдан құлшыныс пайда болды. Жалпы өнер – азарт қой, – деді кейіпкеріміз. Иә, оның әрбір әңгімесінен суретке деген махаббатты байқауға болады.
– Мына қоғамның өзі түрлі-түсті бояулардан тұрады. Әр түс әртүрлі жағдайларды баяндап тұрғандай әсер қалдырады. Демек, қоғам мен бояу үндестігі бір-біріне сәйкес. Ал сурет салып отырғандағы ләззатты ешнәрсеге айырбастай алмаймын. Өзімді өнерде де, өмірде де бірдей бақытты сезінемін. Қылқалам – менің өмірім, өнерім, осы құдіретті қылқаламның арқасында барлығы болып жатыр. Шүкіршілік дейміз, себебі бақыт дегенің – жүректің тыныштығы. Яғни оны сурет өнерімен таптым.
Негіз мен өзімнің бейнелеу өнеріне келгеніме ризамын. Адаспаған екенмін деп ойлаймын. Өнерді ақын-жазушы, театр, бейнелеу, басқа деп сала-салаға бөлмеймін. Марқұм Қадыр Мырза Әлі ағам айтатын: «Мен егер ақын болмағанда суретші болар едім» деп. Шынында, бұл қызық… Қадекең солай армандады. Ал оның немересі Мұхит суретші болып шықты. Әрине, ақын деген ат мен үшін үлкен. Аздап ұйқастыратыным бар – деді Қайырбек аға күлімдеп.
Әңгімеміздің басында айтып өткендей, жақсының жолында үнемі жақсылар кездесті. Ол да адамның ниетіне байланысты. Міне, кейіпкеріміздің ақ жүректі, дархан пейілді екенін осыдан біле беріңіз.
– Біздің кезімізде Қазақстандағы жас суретшілерді аға буын жаңа бағытқа икемдеп, әлемдік деңгейге көтеріп жіберді. Салихитдин Айтбаев, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Кисамединов, Әділ Рахманов деген суретшілердің есімі тарихта алтын әріппен қалды. Осы кісілердің қасында жүргеніміздің өзі үлкен мәртебе еді. Сурет салып жатқанда қасында тұрып, үйренгеніміз көп болды. Шымкент, Қызылорда, Алматы, Целиноград қалалары көркемсурет саласында алдыңғы шептен көрінді. Сыр бойында суретшілер ортасын жасаған олардың шеберлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Этюд жазу, сурет салу көп болды. Бірде бір көрмеге барғанмызда Сабыр Мамбиев деген халық суретшісі «Кызылорда – это маленький Париж» деп баға берген болатын. Осындай қызыққа толы 60-жылдарды «Суретшілердің алтын дәуірі» десек те болады. Өйткені дәл сол кезде Қызылордадан басқа қалаларда қылқалам шеберлеріне айтарлықтай жағдай жасалмаған болатын. Менің осындай бақытқа ие болуыма жақсы кісілердің игіліктері септігін тигізді. Өмірде де, өнерде де шығармашылық ортам жақсы болды. Шүкір, – деді кейіпкеріміз.
Бүгінде біздің кейіпкеріміз, өнер майталманы Алатау бөктеріндегі Алматы қаласында отбасымен тұрады. Құдай қосқан қосағы екеуі ұл-қыз сүйіп, одан немере қызығын көруде. Үлкен ұлы зергер болса, одан кейінгі ұлы – суретші. Оның еңбегіне әкесі жақсы бағасын беріп отырады. Ал қыздары ағылшын тілін меңгерген мамандар. Міне, Аллаға шүкір, ұрпағының да, ұлтының да алдында абыройлы адам.
Тілші түйіні:
Қылқалам шеберінің ғажап болмысын тамаша суреттеген көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран Ғайып: «Қайырбайды ақын деп, суретші деп бөле жарып қарауға болмайды. Бұл – оның Құдай берген тұтас, кемел дарыны. Сегіз қырымен, бір сырымен туған адам. Ақындығын «Шалқасынан туған ай» кітабынан, суретшілігін «Құс жолы» альбомынан көргенбіз. Айтқанда мұның жыраулығын айту керек. Мұнша өнер бойына тұйықталған адам тегіннен болмаса керек. Сурет те – ақын, өлең де – суретші, елге салсаң – термеші, өзіне салсаң – қарапайым ғана қазақ. Бұл қазақтың мықтылығы да осында» деген болатын.
Міне, киелі өнердің сан түрін бойына тұмарлаған текті ағаның шығармашылығы ұлттық құндылықтарға тұнып тұр. Жүз жасаңыз, өнер адамы, дара тұлғасы!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!