Жексенбі, 08 желтоқсан, 10:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жыр – ұлттың үні

01.03.2022

967 0

Тәңірі топырағына тектілік дарытып, тамыры өлең болып соғып тұрған Сыр бойы – күллі алаш баласына ортақ жер. Осы өнер қонған ордалы мекеннің шағыл құмы да жыр болып төгіліп жатады. Тарихтан тін тарқатсақ, өнер көшіне ұласқан дәуір тынысы сол заманғы сүлейлер шығармашылығына арқау болған. Ол бертін келе өміршеңдігін дәлелдеп ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ санасында серпін алып келеді.

Осы орайда жыраулық өнердің кешегісі мен бүгіні турасында Сыр сүлейлерінің даңқты ізбасары, жырау Жұмабек Аққұловпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жұмабек Жарылқасынұлы, халқымыздың жыраулық өнерінің тарихы тым тереңде жатыр. Ілгері заманнан бері жыраулардың шоқтығы биік болған. Ал бүгінде бұл өнердің хал-ахуалы қалай?

– Жырдың, жыршылық өнердің тарихнамасын кеңес одағы орнағанға дейінгі, кеңес одағы орнағаннан кейінгі және тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттардағы деп қарастыруға болады. Өткен ғасырда Кеңестер одағы орнағанға дейін қазақ сахарасында жыраулық-жыршылық өнер өзінің табиғи дәстүрі бойынша жетіліп, тарих сахнасында өзінің еншілі орнын иемденді. Жыршылар ел арасында үлкен беделге ие болды. Дегенмен, орыс орамға алып, патшалы Ресей ішкі және сыртқы саясатқа өз ықпалын жүргізіп тұрды. Міне, сол өзгенің ықпалы әсерінен бұрынғы қарқыны бәсеңдей берді. Ал Кеңес одағы орнай салысымен ел арасындағы ақыл иелері мен ишан-ахундардың, молдалардың және жыраулардың соңына шырақ алып түсті. Содан барып бүкіл өнер атаулының атасындай болған жыраулық өнердің алтын арқауы сетіней бастады. Бұл қыспақ өз кезегінде жырды, жырды мұрат тұтқан аталы өнер иелерін тұншықтырып кетті. Кешегі алпысыншы жылдарға дейін сонау оғыз заманынан келе жатқан ордалы өнерді біржола өшіруге құрылған шырмауықтан ажырамай, руханият айдынындағы шырағын жандырмады.

Осы өнердің жолында шаһид кеткен күміс көмей Көшеней ініміз бабадан жалғасқан ұлы өнерге соны серпін жасады. Қазіргі кезге дейін жыр-ошақтың оты сөнбей, осы кезеңдерге жалғасуына үлкен еңбек сіңірген тұлғаның өмірі қысқа болды. Ал еліміз егемендікке иек артып, өзіміздің тәуелсіз отанымыздың шаңырағын көтергеннен кейін жырдың да, жыршылардың да маңдайлары жарқырай бастады. Телеарналардағы жырды насихаттайтын әртүрлі хабарлар, фестивальдар мен түрлі байқаулар жыраулық өнердің көсегесінің көгеруіне қызмет ете бастады.

Қазіргі заман – жырдың жаңаша өріс алып, жаңа дәуірмен астасып бара жатқан кезі. Баянды өнердің бақытты өкілдерін көріп, риза болып отырған қариямын.

– Жырдың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы қандай?

– Жырдың ұрпақ тәрбиесіне әсері туралы көп нәрсе айтуға болады. «Жыр» деген тұнып тұрған тәлім, оның әрбір жолы түсінген жанға үлкен мәнге ие. Қазіргі тілмен айтсам идеологияның да өткір құралы.

Кешегі Абылай ханның тұсындағы Бұқар жыраудан бастап, Балқы Базар жырауға дейінгі аралықты жыраулық өнердің дәуірлеген шағы деп айтуға болады. Сол кездерде ел арасында «Есің болса, жыр тыңда!» деген тәмсіл болған. Демек, жырдың өн бойында ақылды тәрбиелейтін ерекше қасиет бар деген сөз. Еліміз дербестікке жеткеніне отыз жыл болды. Көп нәрсе ескерілмей қалып жатуы да заңдылық. Сол ескерілмей келе жатқан жәйттің бірі жырдың ұрпақ тәрбиесіне әсері десем, қателесе қоймаспын. Біз сахнадағы жыршылықпен және оның насихатымен айналысып кеттік те, жырдың қасиетін ұрпаққа сіңіру жолдарын ұмыт қалдырдық. Ерте ме, кеш пе бұл олқылықтың орны толарына сенімдімін. Сол кезде жырды да, жыршыларды да құрметтеудің классикалық жолы қалыптасады. Балабақшадан бастап, естияр адамдарға дейін, өмірге рухани азық болатын жырдан тәлім мен өнеге алады. Біз осыны ғылыми айналымға қосып, оқулықтарға ендіруіміз керек. Ұлттық құндылықтарымызға бет бұрып жатқан уақытта жырдың тәрбиесін ұрпаққа сіңіру кезек күттірмейтін мәселе деп ойлаймын.

– Сыр бойы жыраулық өнерінің қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқаныңыз әмбеге аян. Жалпы осы өнерге деген қызығушылығыңыз неден бастау алды?

– Ата-тегімізде жырдан мұнара тұрғызған жандар аз болмаған. Атақты Сүйкімбай мен Сүйіндіктен бастап, кешегі Ақдос ағамызға дейін жыр-керуеннің көшін жөндескен адамдар. Сосын менің тегімдегі Аққұлы деген кісі – менің түп нағашымның аты. Әкемнің туған нағашысы Аққұлы заманында айтулы жырау болған. Сондықтан қанда бар өнер қамсыз пендені тыныш қоймайды. Жастайымнан өнерге құштар болдым. Бір жерде жырау жырлап жатыр десе, арнайы іздеп барып тыңдайтын бала болдық. Музыкалық аспаптың біршамасын меңгердім әрі кәсіби түрде игергенімді кейінгі толқын іні-қарындастарым жақсы біледі. Есейе келе өнердің ізіне түсіп, музыка мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірдім. Сол кезден бастап, ұрпақ тәрбиесімен кешегі күнге дейін айналыстым. Осы екі жылдың бедері болды, үлкендікті күтіп үйде жатқаныма. Оған дейін өнер үшін қажырымды да, қуатымды да аяған емеспін. Жақында айдынды Арал мен қарт Қаратауға дейінгі аралықтағы жыршы-термеші, ақын-шайырлардың өмірбаяндық деректерін топтас-тырған «Жұртымнан жүрмін жыр жинап..» деген еңбегім жарық көрді. Ол үшін облыстық мәдениет басқармасына алғысымды айтамын.

– Жөн екен. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» – деген сөз бар. Өзіңізден тәлім алған шәкірттеріңіз қазірде осы өнер жолында қандай да бір жетістіктерге жетіп жүр ме және кімдерді айта аласыз?

– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап бала тәрбиесімен айналысқанымды алдыңғы сөзімде айтып өттім. Оның ішінде музыка мамандары, теоретиктер және жыршылар бар. Оның бәрін тізбелеп отырудың қажеті де бола қоймас. Дегенмен, әңгіме жыраулық өнер тұрғысында болғандықтан жыршы шәкірттерімді айтып өткенім дұрыс болар. Жалағашта жүргенде Берік Жүсіпов пен Берік Саймағанбетовке ұстаздық жол көрсеттім. Екеуі де елге белгілі өнерпаздар. Жыраулықтарымен қоса жырдың тарихына ғылыми тұжырымдар жасап жүрген азаматтар. 1994 жылдан бастап, зейнетке шыққанша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Халық әні» кафедрасында ұстаздық еттім. Ол жерде бірыңғай шәкірт тәрбиелеп, солардың азғантай жетістігіне қуанып, ұстаздық борышымды орындадым. Сол шәкірттерімнің ішінде Руслан Ахметов, Айдос Рахметовтерді ерекше атар едім. Бірі сол оқу орнында, бірі «Қазанғап» атындағы музыка колледжінде оқытушылық қызмет атқарады. Бүгінде өздері де шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаздар. Атадан балаға мұра болып келе жатқан өнердің жолы осылай болды.

– Қолға домбыра алып, терме орындағанымен, оны көрермен көңіліне қонымды етіп жеткізе білу бөлек әңгіме. Жаңадан шығып келе жатқан жас жыршылардың өнеріне деген көзқарасыңыз қандай?

– Ертеде суды арыққа салып тұратын «Шығыр» деген құрылғы болатын. Шығырдың қызметі қолдан жасалған айдында жиналған суды арыққа шығару. Тоқтаусыз айналып тұрады, сол арқылы бақша суғарылатын. Жыраулық өнердің бүгіні мен ертеңін салыстырып отырып, сол шығыр есіме түседі. Әрбір атадан мирас болған құндылықтарымыз өшіп кетпейді, оған көзім анық жетеді. Себебі ол өнердің ұясы біздің өн бойымызда қалыптасып дамыды. Кейінгі толқын балаларымыздың ішінде талабы тәуір балалар көп, ол біздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Талапкер жастардың бірінен-бірін бөліп алып, есім сойын атамай-ақ қояйын, бәрі мықты. Өнердің де, елдің де ертеңі солардың қолында. Сондықтан олардың амандықтарына, өнерлерінің өрісті болуына шын жүректен тілектестігімді білдіріп, ықыласты батамды беремін.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Динар РАХМАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: